• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2012

Жылы жүзді жүздесулер

430 рет
көрсетілді

Жылы жүзді жүздесулер

Өткен жылдың аяғында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Кавказ мұсылман­дарының бас мүфтиі Алла Шүкір Паша-Заде мен бүкіл армян католикосы ІІ Гарегиннен шақыру келді. Онда олар Ереванда өтетін ТМД елдері діндераралық кеңесі төралқасының конференциясына шақырыпты. Сонымен, Мәскеу­ге ұштық. Домодедово әуежайынан бізді Ре­сейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Се­­рікқали Байменше мен Мәскеу қазақтарының има­мы атанған Марат Аршабаев пен кәсіпкер Жә­нібек ініміз қарсы алды. Амандық-сау­лық­тан соң көлік­­­терге бөліне отырып, үлкен ша­һарға бет алдық. Түн. Қыс толық түсе қоймаса да салқындау. Қыс дегеннен шығады, мен Мәс­кеуде оқып жүрген 1970-1975 жылдары мұнда қыркүйек аяғында-ақ қар жауып, қарашада қаһарлы қыс білгенін істеп жататын. Қазір ауа райы өзгерген. Қардың өзі жуырда ғана түсіп­ті. Оның өзінде де ол еріп жатқан көрінеді.

 

Өткен жылдың аяғында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Кавказ мұсылман­дарының бас мүфтиі Алла Шүкір Паша-Заде мен бүкіл армян католикосы ІІ Гарегиннен шақыру келді. Онда олар Ереванда өтетін ТМД елдері діндераралық кеңесі төралқасының конференциясына шақырыпты. Сонымен, Мәскеу­ге ұштық. Домодедово әуежайынан бізді Ре­сейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Се­­рікқали Байменше мен Мәскеу қазақтарының има­мы атанған Марат Аршабаев пен кәсіпкер Жә­нібек ініміз қарсы алды. Амандық-сау­лық­тан соң көлік­­­терге бөліне отырып, үлкен ша­һарға бет алдық. Түн. Қыс толық түсе қоймаса да салқындау. Қыс дегеннен шығады, мен Мәс­кеуде оқып жүрген 1970-1975 жылдары мұнда қыркүйек аяғында-ақ қар жауып, қарашада қаһарлы қыс білгенін істеп жататын. Қазір ауа райы өзгерген. Қардың өзі жуырда ғана түсіп­ті. Оның өзінде де ол еріп жатқан көрінеді.

Ертесіне Домодедово әуежайынан Арме­нияға «Боинг-737-ге» отырып ұшып шықтық. Ұшақ толы армяндар. Өзге ұлттан көмекшім Нұржан Маханов екеуміз ғана. Айтпақшы, осы сапарға Алматыдан Қазақстандағы православ шіркеуінің митрополиті Александр да бірге шыққан екен. 2 сағат 15 минуттан соң күн бата Ереванның Звартноц әуежайына қондық. Жолбасшылыққа Маркус деген поп бө­лініпті. Құрақ ұшып жүр. Астанада әрбір 3 жыл сайын өткізілетін Әлемдік дәстүрлі діндер жетек­шілері хатшылығының мүшесі және Қазақ­станның Армениядағы елшілігімен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтады.Маркус бізді ел астанасының сәулетімен таныс­тырып: «Мынау оң жақтағы ұзыннан ұзақ созылған Ереван көлі. Атақты Арарат тауы күннің ашығында көрінеді», – деді. Әйтсе де Арарат Армения емес Түркия жағында. Шекара Ереваннан 15 шақырым жердей қашық­тықта. Екі мемлекет арасында қатынас жоқ.Таңертең Ереванның үлкен мәдениет сарайына бет алдық. Қаптаған поптар мен имамдар болып Ка­рен Демирчян атындағы мәдениет кешенінің үл­кен орталық залына жайғастық. Конференцияға Қа­зақ­станнан мен, Тәжікстан, Әзербайжанның мұ­сы­л­ман дінбасылары және Ресейдің Еуропа бөлігі мұ­сыл­мандары діни басқармасының төрағасы Равиль Ғайнутдин, Татарстан мұсылмандары діни басқар­ма­сының төрағасы Илдус Файзиев, Башқұр­т­стан­да­ғы Ресейдің орталық бөлігі мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы Талғат Таджуддин, христиан дінінен Ресейдің Кирилл бастаған дінба­сы­лары, Ас­тана және Қазақстан митро­по­литі Александр, Ар­ме­нияның католикосы ІІ Гарегин, еврейлерден Украи­наның бас раввині Яков Блайх, Ресей еврейлерінің бас раввині Зиновий Коган, Ресей буддистерінен Хамбо Лама Дамба Аюшеевтің өкілдері Дид хамбо лама Дагба Очаров пен Санжей Лама қатысты.Конференция басталды. Оған Армения Пре­­зи­денті Серж Азатович Саргсян қатысты. Жиынды Кирилл ашқан соң сөзді осы ел Президентіне берді. Ол дін қайраткерлерін құттықтай келе, Таулы Қарабақ мәселесіне де тоқтамай кеткен жоқ. Католикос ІІ Гарегин де екі елдің жарасына айналған мәселені қамти өтті. Әзербайжан бас мүфтиі Алла Шүкір бұл бір қиын мәселе деп жанамалай сөз етті.Ресей Президенті Д.А.Медведевтің құттық­тау­ын Армениядағы Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі В.Е.Коваленко оқыды. Одан соң пленарлық мәжіліс басталды. Әуелгі сөз маған тиді, яғни ислам діні басшылары арасынан бірінші сөз берілді. Бірақ, мұнда келер алдында, бірнеше кісі ғана сөйлейді, сіздер тек конференцияға қатысасыздар делінген-ді. Ереванға келген соң 2 минуттай сөй­лесеңіз дұрыс болар еді деген өтініш жасалды. Содан соң таң намазынан кейін отырып мәтін дайын­дағанмын. Соны асықпай оқып бердім. Байқаймын, сөзім елге ұнаған сияқты.Оны мәжілісті жүргізіп отырған Кирилл­дің: «Грех не жизнеспособен, не объязательно для наказания человечества с неба низводить огонь, так как человек сам разрушает себя», деп мені құптаған сөзінен аңғардым.Бұдан кейін Равиль Ғайнутдин және тағы да барлығы 12-13 кісі сөз сөйледі. Жиын соңында делегаттар қарар қабылдады.– Сіздердің елдің орталығында үш рет әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің құ­рыл­тайы өтті. Астана Президенттеріңіз Н.Ә. На­зар­баевтың арқа­сын­да тыныштық, ынтымақ пен бірлік, діндер­ара­лық түсіністік пен достық қаласы атанды. Сондай-ақ ынтымағы жарасқан ел мен оның орталығын бір көру – бізге арман», – деді жиналыстан соң дін өкілдері.Көмекшім Нұржан Маханов Армениядағы Қа­зақ­стан елшілігіне телефон соғып, Бас мүфтидің ос­ында іссапармен келгенін айтыпты. Елші Айымдос Бозжігітов: «Неге сапар алдында телефон соқ­па­ды­ңыздар, күтіп алатын едік қой», – деп рен­жіп­ті. Айымдос бауырымызды бұрыннан білетінмін. Ол Сырт­қы істер министрлігінің Алматыдағы бө­лім­шесін бас­қар­ған. Соңғы кездері осы Арменияда елші.Сөйтіп, көп ұзамай онымен «Golden pala­сета» қо­нақ үйінде кездестік. Амандық-саулықтан соң ол Ере­ванның бір мейрамханасына барып, түстенейік деді.Ел астанасында 1 миллиондай халық тұрады де­седі. Бас даңғылмен жүріп келеміз. Бұрын ол Ленин көшесі деп аталған. Қазір бұған мың жылдай бұрын армян жазуын ойлап тапқан Месроп Маштоц аты беріліпті. Ереванда жаңадан, яғни тәуелсіздіктен соң салынған үйлер аз сияқты. Барлығы кеңестік дәуір­де­гі ғимараттар. Көшеден де Алматыдағыдай қым­бат көліктерді аз кездестіресіз. Жиі-жиі «Жигули» мен «Москвич», «Волга» ұшырасады. Ағаш, талдар да мұнда аздау көрінді. Үйлер де, жұрттың киімдері де жұпыны ма деп қал­дым. Бюджеттің басым көп­шілігі қорғанысқа жұмсалатыны белгілі. Өйткені олар таулы Қарабақ үшін Әзербайжанмен дауласуда. Әзер­байжанда мұнай көп. Қуаттанып келеді.Ереванның орталық алаңына келдік. Шы­ғыс сәулет өнерінің ізі байқалады. Жаяу бір­не­ше көше­лер­ді араладық. Ескі үйлер мен ХХ ғасыр ғимарат­тары аралас ұшырасады. Кейбі­рі­нен Иран сәулет өнері менмұндалайтын сияқты. Оны жоққа шығару қиын. Иранда, көптеген араб елдерінде һәм Түркия­да, Еуропада және АҚШ-та да армяндар тұратыны белгілі. Байқағаным, бұл елге шетелдерден, әсіресе, Еуропа мен АҚШ-та тұратын армяндардан қаржы­лай көмек келеді екен. Оны Арменияның өзі де жоққа шығармайды.Айымдос бауырымызбен ертеңгі сапарымыз туралы да ақылдастық. Конференция біт­кен соң Киевке жаңа мешіттің ашылу салтанатына да ша­қы­рылғанбыз. Егер қайтадан Алма­тыға ұшып, сол жақ­тан Киевке барсақ, жол ұзақ, әрі шаршатады. Сол себепті, көрші Гру­зияға барып, Тбилисиге зияраттан соң Украина астанасына ұшайық деп шеш­тік. Айымдос Ерсайынұлы бізге көлік бөлетін болды.Конференция аяқталғаннан кейін Ереванмен қоштасып, Тбилисиді бетке алдық. Екі мем­лекет арасын таулы қыраттар бөліп жатыр. Қашықтық ша­мамен 280 шақырым. Ереванда қар жоқ болға­ны­мен, шаһар шетіне шығы­сы­мен жол жөнекей қыр­бық қарлар ұшыраса бастады. Алдымыз да, солтүс­тік те, батысымыз да жоталар мен қырқалар. Сол­түс­тікті бетке алып келеміз. Анда-санда қарсы­мыз­дан жеңіл және жүк көліктері ұшырасады. Қара суық ұрып тұр.Раздан деген елді мекеннен өттік. «Алда оң жа­ғы­мызда Севан көлі», – дейді Гагик. Сәлден соң оған да жеттік. Севан көлі батыстан шы­ғысқа қарай созылып жатыр. Жағасы мейрамханалар. Жол ше­тін­де балық алуды ұсынған қыз-келіншектер көрінді.– Әне біреулер неге құлаштарын жайып, бірдеңені көрсетіп тұр, – дейміз Гагиккке.– Олар балық сатушылар. Құлаштарын жайғаны Севанда осындай балықтар бар дегенді білдіре­тін­дері. Ал шын мәнінде көлде ондай балықтар жоқ. Бары шабақтар. Бұлардікі күн көру амалы ғой.Көл демекші, Арменияда көлдер көп. Бұл ел суға бай. Севан деген село өзімен аттас көлдің батыс жағында қалып барады. Сол жерде жүр­гі­зушіміз тоқтап, машинасын газға толтырып алды. Армения көліктерінің жартысы газбен жүреді. Бұл әрі арзан. Литрі 1 долларға жетіп қалған бензин Армения тұрғындары үшін өте қымбат секілді. Көл жағасына біраз коттедждер салыныпты. Жұрт жазда осында келіп демалып кетеді екен.Ол жерден де өте шықтық. Жол ирелеңдеп сол­түстік батысты бетке алды. Біраз жүрген соң шатқалға қарай төмен түсе бастадық. Алдымыздан жерасты жолы көрінді. Оның са­лынғанына 10 жылға жуықтапты. Одан да өт­тік. Бұралаңдаған жол төмен жетектеп келеді. Севанға дейінгі сұрық­сыз көрініс артта қалды да шатқалға жетісімен төбе беткейлерінің жасыл ағаштармен көмкерілгенін көрдік. Біраз­дан кейін сайдан Дилижан деген село ұшырасты. Шамалы халық тұрады екен. Одан да өтіп біраз жүрген соң алдымыздан Иджеван қаласы кесе-көлденеңдеді.Армения бітіп, Грузия басталған соң таби­ғат та өзгеріп сала берді. Күн де жылы. Үйлер де еңселі. Ағаштар да көбейді. Жол шетінде апельсин, мандарин сатып отырған жұрт. Оң­түстік Қа­­­­­­зақстан об­лы­сының Түлкібас ауданында да жұрт дәл осылай жол шетінде жеміс сатып отырады. Мұнда да сол сияқты екен. Енді бірде жол­­­­дың солтүстік жағынан Марнеули селосы мен оның батыс тұсынан мешіт көрінді. Шиит­тердікі сияқ­ты. Хусейннің аты жазылған қаралы тулар ілі­ніп қойылыпты. Мұнда азерилер тұрады деседі.– Арменияда да апельсин, мандариндер өсе ме, – деп сұрадық жүргізушімізден.– Өсетіні өседі ғой. Бірақ, грузиндердің жеміс­те­рі сапалырақ және әлдеқайда арзандау. Сіздерді Тби­лисиге апарып тастаған соң, қайтарда осы ман­да­риндердің бірнеше жәшігін ала кетемін, – дейді ол.Грузияның жолдары жақсы. Сапалы екені бай­қалады. Елі де Арменияға қарағанда ба­қуат­тылау ма деп қалдық. Үйлері де әсем, еңселі. Барлық жерлердегі елді мекендердің аттары грузинше және ағылшынша жазылыпты.*  *  *Көп ұзамай Тбилисиге де жеттік. Шығыста 10 шақырымдай жерде Рустави қаласы қалып барады. Тбилисиге сөйтіп, оның шығыс жа­ғынан келіп кірдік. Тбилиси шығыстан батыс­қа қарай сай бойында ұзыннан ұзаққа созылып жатқан қала. Оны екі бөліп, батыстан шығысқа қарай Кура өзені ағып жатыр. Қаланың солтүстік және оңтүстік, сондай-ақ батыс жағы да жоталар. Төбелерінде қар жатыр.Қалада әдемі де сәнді үйлер көп. Армения астанасынан Грузияға қарай жол тартқанда елшіміз Айымдос Бозжігітов бізді Тбилисидің кіре берісінен Қазақстан елшілігінің консулы Марат Асқаровтың күтіп алатынын айтқан.Марат ініміздің осындағы елшілігімізде қыз­мет етіп жатқанына 5 жыл болыпты. Әңгі­мелесіп отырып бір алаңға жеттік те «Holiday Inn» атты мейман­ханасы алдына келіп тоқтадық. Бұрын ол «Adja­ra» деп аталған екен. Жөндеуден өткізіліпті. Жайғастық.Жалпы, орта ғасырлардағы араб тілді жазба деректерде Грузия астанасы Тбилиси емес Тифлис деп аталған. Сол себепті де Тифлиси атты мұсыл­ман қайраткерлерінің атын жазба әдебиеттерден талай рет ұшыратқанмын.Тбилисиді аралауды тарихи жерлерін көру­ден бастадық. Грузия астанасында ежелгі ескерткіштер баршылық екен. Қаланың кейбір тұс­тарында V-VI ғасырлардан жеткен ғибадат­ха­налар ұшырасты. Бізді қызықтырғаны, әри­не, мешіттер мен медреселер, ислам жәдігер­лік­тері. Мұнда 360 православ шіркеуі бар болса, ал ислам ғибадатханаларынан бары жал­ғыз-ақ мешіт боп шықты.Жалпы, Грузияда біраз әзербайжандар, тү­ріктер тұрады. Кураның оңтүстік бетіндегі әлгі мешітті кө­­­ру­ге бардық. Имам орнында екен. Мешітте басқа ешкім жоқ. Біз барған кез бірақ сағат 11 шамасы еді.Қызыл кірпішті Аллатағала үйі 1811 жылы салыныпты, яғни 2011 жылы оған 200 жыл тол­ған. Жа­мағаты әзербайжандық шииттер, қал­ғандары түр­лі сүннит мұсылмандар. Мешіт шамамен 250-дей кісі­лік. Екі михрабы бар. Біріншісі – шииттер, екіншісі – сүнниттер үшін деседі. Өзін имам деп таныстырған әлгі кісі бұл Тбилисидегі жалғыз мешіт болған­дықтан, мұнда шиит те, сүннит те келіп намаз оқиды деді. Жуырда өткен құрбан айтты да Тбилисиде тұратын барлық мұсылмандар бірі­гіп оқыпты.Мешіт жанында қыздар медресесі тұр. Бі­­рақ, онда ешкім жоқ. Мешітте азанды дауыстап ша­қырт­пайды екен. Осыдан біраз бұрын азанды микрофонмен айтқан кезде грузиндер жиылып демонстрация жасап, шаһарды у-шу еткен. Тбилисиде мешіт те салдырылмайды. Әрине, Гру­зияның батысында, Түр­киямен шекаралас Аджарияда 300 мыңға жуық мұсыл­мандар тұра­ты­ны белгілі. Онда мешіттер де бар. Бірақ, соңғы жылдары Батыс Еуропа мен АҚШ-тың протестанттары онда да жетіп, жергі­лік­ті халықтың балалары мен қыздарын христиан ді­ні­нің протестант тармағына кіргі­зіп жатқан көрінеді.Мешіт маңында әлі күнге дейін жұмыс істеп жатқан ортағасырлық шығыс моншасы бар екен. Ол Түркістандағы шығыс моншасын еске салды.Төбе басына шықтық. Қала бұл жерден жақсы кө­рініп тұр. Тбилиси алақандағыдай. Ша­һардағы ғи­­ма­­рат­тардың кейбірінен мұсыл­ман сәулетінің әсерін, бай­қауға болады. Ескі қаладағы ежелгі үй­лер негі­зі­нен XVIII-XIX ғасырға жатады. Көпшілігі 2 – 3 қабатты.Грузияны ХІІ ғасырдың алғашқы шире­гінде IV Давид Құрылысшы (1089-1125) билеген кезде бұл елге түрік-селжұқтар шабуылдапты. Давид әскері және сарайында 20 мың қыпшақ болған дегенді грузин ғалымдары айтып та, жазып та жүр.Грузияға Әмір Темір де ат басын бұрған. ХVІ-ХVІІ ғасырларда Грузия үшін Иран мен Түркия таласып қырық пышақ болыпты. Әсіресе, ХVІІ ғасыр басында Иран билеушісі Аббас шаһтың Грузияға жа­саған жорықтары бұл елге көп ауыртпалықтар түсірген.Орта ғасырларда ислам діні Грузияға да та­ра­ған. Тбилисиде мешіт көп болған. Бірақ, онда күні бүгін­дері жалғыз ғана мешіт қалғанын жоғарыда айттым.Михаил Саакашвили президенттің күмбезді сарай­ын салдырыпты. Оны тамашалаған соң түсте Ма­рат Асқаров ініміз Кура өзенінің солтүстік жа­ға­лауының жарқабағындағы мейрамханада қонақасы берді.– Жалпы, грузин халқы бос уақыттарын үйле­рінен гөрі көбірек мейрамханаларда өткіз­генді жөн көреді. Қонақты үйлеріне шақыру әдеті бұларда жоқ. Мейрамханаға ғана шақырып сый-сияпат жасайды, – дейді ол.Бізге Тбилисиді аралатып жүрген грузин жігіті: «Одақ тараған соң Грузия өте қиын халді бастан кешті. Кезінде жүздеген халық тұрған үйдің жұрт­шылығы далаға жиналып, бі­рігіп ошақ қазып, тамақ пісіретін. Өйткені, газ да, жарық та жоқ еді», – дейді. Соңғы жиырма жыл ішінде бұл ел 4 рет соғысты бастан кешіпті. Сол себепті жолбасшымыз Тбилиси көшелерінен оққа ұшқан адамдар жатқа­нын да көрген. «Сон­дықтан да, – дейді ол. – Бізге тыныштық, бей­­біт­­­шілік өте қымбат. М.Саакашвили президент­тікке жас ілікті. Жастығына байланысты біраз қателіктер де жіберді. Бірақ, ол халқын жақсы көретін, еліне, оның ертеңіне қызмет еткісі келетін азамат. Ол әрқашан Нұрсұлтан Әбіш­ұлын менің ұстазым деп жүреді. Қазақстан Президентін ақыл­шым деп есептейді», – дейді.Ұлттық мемлекеттік мұражайға келдік. Үш қабатты үлкен ғимарат мұражайдың екі-ақ қаба­­ты ғана жұмыс істейтін болып шықты. Бірін­шісінде, біздің дәуірімізге дейінгі Грузия, әсі­ре­се, оның ішінде осы мемлекеттен табыл­ған алтын әшекейлі заттар қойылса, тағы бір залында 1921-1950 жылдар арасындағы Грузия тарихы көрсетіліпті. Ста­лин­нің жазу үстелі тұр. Оның үстінде Л.Берияның жеке іс-пара­ғының көшір­ме­сі жатыр. Сталин Грузияның Гори деген қала­сында туған. Ол Тбилисидің солтүстік жағында.Бізді Тбилисимен таныстырып жүрген грузин досымыз астанасының батыс шығысын­дағы Грузия патшалығының ескі қонысына апарды. Ол Тбилисиден 20 шақырымдай жердегі Мцхета деген қала. Төбеге шықтық. Онда ескі қамал тұр. VI ғасырда са­лынған. Төбеден төмен қара­ғаны­мызда, әлгі төбе­нің батыс жағында Түркиядан бастау алып, Тбили­си­ді қақ жарып өтетін Кура өзеніне Мцхета қала­сы­ның солтүстігіндегі таудан ағып келетін Арагви өзені ке­ліп қосылуда. Осы Мцхетада Лермонтов болған кө­­­­­рінеді. Соған байланысты өлең де жазып қалдырған.Тбилиси көшелерінде орысша жазулар жоқ. Грузия тәуелсіздік алғалы бері орыс тілін білмейтін жастар өсіп келеді. Барлық жерлерде тек грузинше немесе ағылшынша ғана жазуларды көрдік. Бұл мемлекеттік саясат.Арменияға, Ереванға қарағанда Тбилисиден бір жылылық сезіледі. Табиғатынан да, қаласынан да, көшелерінен де, халық арасынан да қаншама эконо­микалық қиыншылық болса да, жаңа зәулім үйлер салынуда. Көшелері таза. Астанасынан қымбат бағалы Жапонияның, Англия, Францияның жеңіл көліктері де ұшырасады. Дүкендері заттарға, азық-түлік­терге толы. Халық көңілді. Жадыраңқы. Осылардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.Кешке қонақүйге бізді екі қазақ жігіті іздеп келіпті. Бөлмеге телефон шалынды. Төменге түс­­­­тік. Олар қазақстандық «Тұран Әлем Бан­кінің» Гру­зиядағы өкілдігінің төрағасы Қайрат Кенже­ғарин болса, екіншісі «Қазтрансгаздың» осын­да­ғы өкілі Санжар Дәмірұлы болып шықты. Менің Тбилисиге келгенімді естіп, асқа шақыра келіпті. Тбилисидің әдемі бір мейманханасында әңгімелесіп, ел жаңа­лы­ғын жеткізіп, мәре-сәре бо­лып қалдық. Қайрат Ақмола облысының Зе­рен­ді ауылынан болса, Санжар ініміз алматылық.Бірер сағаттан соң бізге уақытша елші Бекмұрат Мұхаметұлы Юлдашев қосылды.Мейрамханада өткен-кеткеннен біраз әңгі­мелер айтылды. Інілеріміздің елді сағынып қал­ған­дық­тарын байқадым. Содан мейман­ха­наға оралып, жуырда жарық көрген «Ислам религия мира и созидания» және «Қазақстанның діни оқу орындары» атты кітаптарымды қол­таң­бамен сыйладым. Естелік үшін суретке түстік.*  *  *Ертеңіне консулымыз Марат Асқаров бізді Тбилиси әуежайынан Киевке шығарып салды. Әуежай шағын екен. Жаңадан салынған. Түр­­­кия кәсіпкер­ле­рі салдырып беріпті. Ішіне Грузия өмірін, тарихын, әдет-ғұрпын бейнелейтін әдемі суреттер ілініпті.Тбилисиден Киевке дейін Бразилияның «Эм­брайер» ұшағымен 2 сағат 20 минут ұш­тық. Аспан бұлтты. Бірақ қар жоқ. Әуежайдан бізді Украина мұсылмандары діни басқарма­сы­ның қызметкерлері күтіп алды. Ресмияттардан соң Киевті бетке алдық. Украинаның «Борисполь» әуежайы Киевтен алыс емес. Оқтай түзу жолмен зымырап келеміз. Жолдың екі шеті орман. Сәлден кейін Киевтің ықшамауд­а­ны басталды. Биік зәулім үйлер. Мен Киевте бұдан шамамен 30 жылға жуық бұрын болғанмын. Көп өзгерістер барын байқадым. Алдымыздан атақты Днепр өзені шықты.Келесі күні таңертең Киевтің Подольск ықшам ауданының биік жеріне салынған мешітке келдік. Халық көп жиналыпты.Киевте сөйтіп, тұңғыш салынған әдемі ме­шіт­тің ашылу салтанаты өтті. Оған Әзербай­жан, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Австралия, Татарстан, Ресей, Чешенстан мұ­сылман дінбасылары, Палестина дін істері ми­нистрі, мұсылман елдерінің Украинадағы ел­шілері қатысты. Жергілікті телеарналар тіке­лей репортаждар берді. Украина Прези­денті аппарат басшысының орынбасары Анна Герман, Украина мәдениет министрі Михайло Кулиняк бастаған ресми кісілер Украина Жо­ғар­ғы Рада төрағасының өкілі Юрий Мирошниченко және Ресей басшылығы атынан осын­дағы Ресейдің Төтен­ше және өкілетті елшісі Михаил Зурабов құттық­таулар айтты.Украина мүфтиі, шейх Ахмед Тамим сөз ал­ды. Ол орыс тілін жақсы біледі. Тегі жағы­нан ливандық араб, осында оқып, үйленіп, Украи­на азаматтығын алып Киевте қалып қой­ған. Ахмед Тамиммен Ыс­тамбұлда өткен Ислам конференциясында таныс­қан едім. Сыпа­йы, мәдениетті жігіт жақсы әсер қалдырған. Ол:«Тәуелсіз Украина астанасында тұңғыш мешіт­тің ашылу салтанатының қуанышын бө­лісуге алыс-жақыннан келген қонақтарға қош келіпсіздер дегім келеді. Бүгін Алла үйінің ашылуы көпұлтты және көпдінді Украина халықтарының ауызбірлігінің айқын дәлелі.Бұл елдің дұрыс жолмен дамуының бір дәлелі ретінде, оның мемлекет пен діндарлар арасындағы түсіністік негізіндегі құрылған ел қауіпсіздігі мен гүлденуі болып табылатынын айта кету керек. Біздің мақсат – әрқашан Украина мұсылмандары өздерін ұлы тәуелсіз мемлекеттің толық мүшесі ре­тінде сезінсе дейміз. Бүгін біз сол қажырлы еңбек­тің жемісін көріп отырмыз. Осында мешіт тұрғызу мәселесі Киев мұсылмандарының соңғы 100 жыл ішіндегі қол жетпес арманы еді. Міне бүгін аңсаған арманға да жеттік ағайын!Жаратушы Иемізден бұл ғибадатхананың Алланы танып, адамзатты ілім-білімге, ізгілік­ке шақы­ра­тын орын болсын деп тілеймін. Шынында да Алла Тағала Естуші және молынан Беруші. Исламда мешіт ерекше орынға ие. Ол асыл дініміздің тірегі әрі қоғамды зұлымдық пен күнәдан сақтайтын иман­дылық қамалы. Ол Жаратушы Иемізге табынатын қасиетті орын, жақсылық пен имандылықтың қайнар бұлағы. Мешіт іші ерекше рахмет пен қасиетке толы мекен. Онда аспаннан періштелер түсіп, мұсылман ішіне бойсұнып кіреді. Алақан­да­рын жайып шын ниетімен Аллаға жалбарынады, намаз оқып күнәларының кешіріліп, игі амалда­рының қабыл болуын тілейді.Біз мешітімізді «Рахма» деп атадық. Оның мағынасы – мейірім. Шынында да Алла үйі мейі­рім­ділік ордасы. Алла мейірімі осы қала мен барша украиндықтарға нәсіп болғай. Мешіт – ізгілік тарайтын мекен. Пайғам­бары­мыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өздерің үшін жақсы көрген нәрсені бауырларыңа тілемейінше, имандарың толық болмайды», – деген», – деп қуанышын жасыра алмады.Жұртшылық мешітке кірген соң, ашылу салтанаты жалғасып, онда алыс-жақыннан келген дін­басылар жылы лебіздерін білдіріп жатты. Мен де Ахмад ат-Тамимді «Рахма» мешітінің ашылуымен құттықтап, Астана символы – Бәйтеректі кәдесый ретінде тарту еттім. Одан кейін Алла үйінің жанынан Ислам университетінің қазығы қағылды.Жұма намазы алдында Ливаннан келген дін өкілдерінің бірі уағыз айтты. Өз сөзінде ол аттарын атап, түстерін түстемесе де, негізінен, салафилер мен уаһһабилерді біраз сілкіледі. Ахмад Тамимнің аталған ағымдарға қарсы еке­нін білетінмін. Уағыз­дың А. Тамимнің ықпа­лы, яғни тапсырысымен айтыл­ғанына күмән жоқ. Сонымен, жұма намазы оқылып, бата жасалды. Ғибадаттан соң, Австралия мүфтиі шейх Салим Алуан әл-Хусейни және өзге де бірқатар ислам дінбасыларымен сұхбаттасып, ислам, білім-ғылым хақында пікір алыстық.Сол күні Киевтің біраз көркем жерлерін тама­ша­ладық. 1930 жылғы ашаршылыққа ар­нал­ған мемо­риалды кешенді көріп, жәдігер­лік­термен таныстық.Жалпы, Армения, Грузия және Украинада болғанымызда, бұл елдердің халқы және дін­­дар­­лар қауымымен араласу, сұхбаттасу, пікір­ле­су барысында олардың Қазақстанға, қазақ хал­­­қы­­на, оның Президенті Н.Ә. Назарбаевқа, діні­міз исламға деген құрметін көріп риза болдық. Елі­міздің сара жолда, өркендеу, өрлеу жолында еке­ніне тағы бір көзіміз жетіп, марқайып оралдық.

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.

Алматы.–––––––––––––––Суреттерде: Қазақстанның Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Австра­­лия­­­ның мүфтиі шейх Салим Алуан әл-Ху­сейни; Тбилисидегі мешіт; Киевте жаңадан ашылған мұсылман ғибадатханасы.