• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2012

30 үйлі ауылдан шыққан 2 Еңбек Ері

314 рет
көрсетілді

30 үйлі ауылдан шыққан 2 Еңбек Ері

Мен, Жамбыл бабамыз айтпақшы, осы күні «көпті көрген көненің» бірімін. Қолыма қалам алып, ағайынға айтқым келгені Есләм Бәукенов деген ағамыздың өнегелі тағдыры еді. Осындай азамат­тардың арқасында елдің іргесі берік болып, шаңы­рағы шайқалмай тұрды. Сондықтан, қай кез болса да, олардың өмірі мен ісі жастарға орасан үлгі.

Есләм ағаны жастайынан білемін. Ол Солтүс­тік Қазақстан облысындағы қазіргі Есіл ауданы Қараағаш ауылдық округының аумағында болған Алыбай елді мекенінде туып-өскен. 1936 жылы осы маңда «1 Май» колхозы құрылғанда 21 жас­та­ғы Есләмді ауылдастары оның төрағасы етіп сайлайды. Қызылжардағы 10 жылдық қазақ мек­те­бінің 7 класын ғана бітірген жас сөйтіп 30 үйлі ауылдың ағасы болып, еңбек етуге кіріседі.

Мен, Жамбыл бабамыз айтпақшы, осы күні «көпті көрген көненің» бірімін. Қолыма қалам алып, ағайынға айтқым келгені Есләм Бәукенов деген ағамыздың өнегелі тағдыры еді. Осындай азамат­тардың арқасында елдің іргесі берік болып, шаңы­рағы шайқалмай тұрды. Сондықтан, қай кез болса да, олардың өмірі мен ісі жастарға орасан үлгі.

Есләм ағаны жастайынан білемін. Ол Солтүс­тік Қазақстан облысындағы қазіргі Есіл ауданы Қараағаш ауылдық округының аумағында болған Алыбай елді мекенінде туып-өскен. 1936 жылы осы маңда «1 Май» колхозы құрылғанда 21 жас­та­ғы Есләмді ауылдастары оның төрағасы етіп сайлайды. Қызылжардағы 10 жылдық қазақ мек­те­бінің 7 класын ғана бітірген жас сөйтіп 30 үйлі ауылдың ағасы болып, еңбек етуге кіріседі.

Ауылдастары оның жас та болса бас болуға лайық байсалды, кісілік пен кішілікті қатар ұстаған ұс­там­ды да табанды мінезін бағалап, өздеріне басшы еткен еді. Көпті көрген жерлестері қателеспепті, Есләм көп ұзамай колхоздың жұмысын ұршықша үйіріп, ал ағайынды татулық пен бірлікке жұмыл­дырып, жалындап жүре береді.

Бұл ауылдың тұрған жері көкорай шалғынды, ақ қайыңды орманы сыңсып тұрған тамаша таби­ғат аясында болды. Жері түгін тартса майы шыға­тын құнарлы, қара топырақты болатын. Суы мөп-мөлдір Жартыбай көлі де ауылдың іргесінде толқып жататын.

Ауыл адамдарының бірлігі, ұйымшылдығы да керемет еді. Еңбекте талмай, бірін-бірі қолдап, аян­бай­тын. Соның арқасында шығар, осынау шағын ауылдан артынан екі бірдей Еңбек Ері шықты. Оның бірі Есләм Бәукенов ағамыздың өзі болса, екіншісі оның тәрбиелеп, еңбекке баулыған інісі Молдай Байтөсев. Олармен тізе қосып, еңбектің қандайынан болса да бас тартпай, күн­діз-түні та­бан­­дылықпен еңбек еткендердің қата­рында Ғ.Бәу­кенов, М.Көпеев, А.Сауытбаев, Қ.Мұс­­тафин,  Б.Шәй­­­менов, Қ.Ысқақов, Б.Телтаев, М.Айтуаров болған еді. Ауылда ел бірлігін ту еткен осы ал­дыңғы толқын ағалар талай ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды еңбекке баулып, адам­гер­шіліктің, қазақы салтымыздың өнегелі жолын қалдырды. Жастар діннен хабарсыз болып қалмасын деп оны астыртын насихаттайтын Ағай Әубәкіров, Жүсіп­бек Қуанышбаев секілді діндарлар да бар еді.

Есләм Бәукенов колхозға төраға болып жүр­генде әскерге алынып, міндетті борышын да атқа­рып келді. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталғанда оны 1941 жылдың 15 шілдесінде алғашқылардың бірі етіп соғысқа әкетті. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар емес пе, Есләм ағамыз батыстағы соғысқа бастан-аяқ қатысқа­нымен қоймай, шығыстағы жапон милита­рис­терін де талқандап, 1946 жылы елге аман-есен кел­генде қуанбаған адам болмаған шығар.

Есекең елде көп жатпай, колхоз жұмысына қай­тадан білек сыбанып кірісіп кетті. 1950 жылы оны Бескөл ауданының «Луч Ленина» колхозына төраға етіп сайлады. Бұл «1 Майдан» гөрі ірі колхоз болатын. 1953-1954 жылдары тың игеру жұмысы бас­талғанда ол өңдейтін жер көлемін 700-ден 3795 гектарға дейін жеткізді. Еселі еңбек жыл өткен сайын арта түсіп, 1957 жылы колхоз­дың банктегі есеп­шотындағы қаражаты 4 млн. сомға дейін жет­ті. Сөйтіп, «Луч Ленина» біздің облыстағы алғаш­қы миллионер колхоздардың бірі болды. Осы жылы оның құрамына көршілес «1 Май», «Красный маяк», «Архангелка» колхоздарын қосып, ол тіпті ірі колхозға айналды. Есе­кеңнің беделі аудан, облыс көлемінен асып, республикаға белгілі болып жатты. 1957 жылы оған Еңбек Ері атағы берілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ІІІ, ІV, V шақыры­лымдарының депутаты болды.

Есекең адамгершіліктің ақ туын жықпай, атақ-абыройға ешқашан мастанып көрген емес. Кері­сінше ол өзімен бірге еңбек еткен жандардың еле­нуіне де үлкен көңіл бөлетін. Молдай Байтөсевтің Еңбек Ері, Тілембай Байбосыновтың Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту ордендерін және т.б. осындай үлкен марапаттарға бөленіп жатқандығы Есекеңнің кеңпейілдігінің, өзімен бірге өзгелердің өсуіне де үлкен көңіл бөлген­дігі­нің арқасында болған еді. Ол үлкен-кішіге бірдей қамқоршы, ақылшы болып жүретін. Барлық қа­уым оның алдынан кесе көлденең өтіп көрген емес. Ауылдастары оны күні бүгінге дейін пір тұт­қан­дай қадірлеп, жақсы қылықтары мен қайы­рымды істерін ауыздарынан тастамай айтып отырады. «Жақсының аты өлмейді», деген сол әне. Былтыр артында қалған ұрпақтары еске алып, ас бергенде қатысқан жұрт Есекеңнің өзіне жасаған жақсылықтарын күні кешегідей еске алып, желдей есіп айтып жатты. Халыққа жасаған қайы­рым­дылық осылай, өзіңе қайтпаса да ұрпағыңның алдынан шығады екен.

Есләм Бәукенов бәйбішесі Бәтес Нұрғали­қызымен екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпа­ғы жақсы атаның атына кір келтірмей, тәуелсіз еліміздің ертеңіне аянбай еңбек етуде.

Есекеңнің өзі 1981 жылы 67 жасында өмірден өтті. Ол – біздің ауданымыздың экономикасын, халықтың әл-ауқатын арттыруда жан аямай еңбек етіп, Еңбек Ері атағына қол жеткізген санаулы жандардың бірі. Сондықтан оның есімін жастарға үлгі қылып, өзі ұзақ жылдар кеңшарының төр­ағасы болған Архангелка селосының мектебіне берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Мағжан РАХИМОВ, зейнеткер.

Солтүстік Қазақстан облысы.