Көрермендер сілтідей тынып қалған. «Сахна мен залды көзге көрінбейтін бір құдіретті тарту күші байланыстырып тұрғандай. Театрда отырған ел сахнаға елеңдесіп, соған еріксіз елтіп, еріп отыр. Әсіресе, сойқан соғыс лаңынан соқыр соқпаққа түсіп, тағдыр тауқыметін тартқан бас кейіпкердің жан дүниесі, сыртқы қиналыс, ішкі күйзелісі, тіпті театрда отырғандарын да ұмытып, спектакльдегі орталық кейіпкер тағдырын дәл қазір өз бастарынан кешкендей халде...
Міне, спектакль де аяқталды. Сарт-сұрт соғылған алақандар көрермендердің ыстық ықыласын паш етеді. Біреулер сахнаға шығып, актерлерге гүл шоқтарын сыйлап жатыр. Сахнаны гүл көмкеріп тастады. Гүл шоқтары бас кейіпкерді ойнаған орта бойлы, қоңыр өңді, ойлы, мұңлы жанарымен көрермендерге көз тіккен танымал актерге, әсіресе көбірек ұсынылды. Бұл орынды да еді. Өйткені бүгінгі спектакльдің ең ауыр жүгін арқалаған да, шағала шабыттың ақ қанатын ақ алмастай сермеп, шеберлік танытқан да, әріптестерінің ажарын ашып, абыройын асырған да – сол. Иә, жүректің отын сөндірмей, өнерімен жан-жағына жарық сәуле шашқан да – сол.
Бұл М.Әуезов театрының сахнасында режиссер А.Өтегенов қойған «Белгісіз батыр» спектаклі еді. Ал бас кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып жайып салған алымды актер, сахнаның белгілі суреткері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мүлік Сүртібаев болатын.
Оның өнердегі жемісті жолы сонау отызыншы жылдардан басталады. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ сахнаға шығып, өнерге қабілеті барлығын танытқан Мүлік арнаулы білім алып, туған халқына талмай қызмет етуді қалады. Сол ойы 1933 жылы Қарағандыдағы жаңадан ашылған театр студиясына алып келді. Оны 1936 жылы тәмамдаған ол сол сәтте ашылған Қарағанды облыстық драма театрына жұмысқа орналасты.
Театрдың тұңғыш режиссері Рақым Ильматов жас актерге Қозы, Төлеген тәрізді жүрегі дерт, жаны өрт, ғазиз ғашықтардың рөлін жүктеді. Осынау ардақтардың ақ алмастай өткір, таңғы шықтай таза сезімдерін бейнелеу үшін Мүлік өзінің барлық жастық жалынын жұмсады. Содан да бұл бейнелер актердің жастығына, тәжірибесінің аздығына қарамастан, сәтті шықты. Қарағанды театры 1943 жылы К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» пьесасы бойынша спектакль қойып, Труфальдино рөлі Мүлікке тапсырылған-ды. Бұл Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіне орай, Киевтің Леся Украинка атындағы драма театрының Қарағандыға келіп, жұмыс істеп жатқан кезі еді. Киев театрында Труфальдиноны ойнаумен аты шыққан Украин халық әртісі Лаврор Мүлікке қол ұшын созды. Екеуі талай мәрте театрда оңаша қалып, образ кілтін табу үшін аянбай тер төкті. Спектакль сахнаға шыққанда, табанды актердің талантты ойынынан ізденістің жемісті іздері айқын танылды.
1951 жылы Мүлік Сүртібаевтың шығармашылық өміріндегі елеулі бір кезең болды. Сол жылы Мүлік еңбек ететін Қарағанды театры ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абайын» сахнаға шығарды. Абай рөлінде – Мүлік. Бұл өсу үстіндегі, ізденіс жолындағы актер үшін аса қиын асу еді. Тағы да талант пен табандылық көмекке келді. Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндерден кейін өмірге келген ұлы ақын Абайдың сахналық бейнесі халықтың қамын ойлаған, әділдікті, махаббатты қорғаған күрескер ақын болып көрермен көкейіне ұялады. Сүртібаев ойшыл ақын Абайдың «мыңмен жалғыз алысқан» қараңғы түнектегі жалқы жарық тұлғасын да көрермен көңілін сендіре бейнеледі.
Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаков образын шебер бейнелеп, ерекше көзге түскен Мүлік Сүртібаев таланты кино режиссерлердің де назарын аударды. 1955 жылы «Қазақфильм» киностудиясын одақтық экранға шығарған П.П.Боголюбовтың «Өжет қыз» фильмінде Аңғарбай рөлінде Мүлік ойнады. Өңі де, өзі де ойнақы машина рүліндегі Аңғарбай – Мүлік көрерменнің көз алдында қалып қойды.
1958 жылдың қуанышы ерекше. Бұл жылы Мүлік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрға шақырылды. Оның астана театрының сахнасында алғаш кездескені Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» тентек деуге қимайтын, текті деуге сыймайтын Бақтияр еді. Содан бері ол осы театр сахнасында талай тартымды рөлдерді ойнады. Солардың ішінен, әсіресе сәтті шыққандары «Қарагөздегі» Нарша, «Еңлік-Кебектегі» Кебек, «Айман-Шолпандағы» Әлібек, «Үйленудегі» Подколесин, «Асауға тұсаудағы» Слай, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» Жалмұқан, «Той болардағы» Байбол, «Ақын жүрегіндегі» Нәби, «Бөлтірік бөрік астындағы» Сапар, «Құдағи келіптідегі» Сұңғат, «Қызғаныштан махаббаттағы» Тристан, «Жат елдегі» Жұман, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Қараман, «Күннен туғандардағы» Протасов, «Сөнбейтін оттағы» Тайман. Бұлар, бір сөзбен айтқанда, бір-біріне ұқсамайтын көп қырлы, алуан сырлы бейнелер.
Мүлік Сүртібаевтың өнердегі өмірі жайлы ойлағанда ағылшын актері Джон Гилгуд ойға оралады. Осы үлкен екі актердің бір-біріне ұқсамайтын өзгеше тағдыры, өзіндік таланттарымен бірге, зер салып қарасаңыз, кейбір ұқсас жайлар да бар. Ол екі таланттың да жетпіс дейтін жеті белге өнердің ауыр жүгін, қымбат қазынасын әкелгендігіне, біраз жасқа келгеніне қарамастан, өз дарындарының жаңа бір қырларын танытып, жетпістен асқанда да сахнада жай оғындай жарқылдауында ғана емес, әр рөл сайын өршелене алға ұмтылып, үнемі өсіп отыратын актерлік шеберліктерінде, ойындарындағы актерлік алғырлық пен ауқымдылықтың тұтастығы мен туыстығында.
«Жол анасы – із» дейді халық даналығы. Бүгінде ап-айқын болып сайрап жатқан Сүртібаевтың өнерге келу жолы сонау отызыншы жылдары Қарағанды театрының студиясында оқып жүрген шағындағы І.Жансүгіровтің «Кек» пьесасында қойшы Тастабан рөлін ойнаған алғашқы, әлі айқын болмаса да, соны ізінен басталып еді. Кейін Мүлік сол ізбен Төлеген, Сойдо, Қозы, Темірлерді адастырмай алып жүрді де, келе-келе халыққа айқын танылған өзінің өнердегі даңғайыр жолына Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатындағы» шын сүйіспеншілік құрбаны Фердинандты, Н.В.Гогольдің «Ревизорындағы» даңғой Хлестаковты, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесіндегі» айлакер, тапқыр Алдарды, М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсариніндегі» ғұлама ағартушы Ыбырайды, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» батыр Қобылдандыны, осылар сынды тағы да басқа алуан түрлі, сан қырлы саңлақ бейнелерді алып шықты.
Мүлік Сүртібаевтың өнер өлкесін өзгелер өсірмеген өзгеше гүлмен көмкерген жарты ғасырдан астам қиын да қастерлі еңбегінің алғашқы жиырма жылы Қарағанды драма театрымен, соңғы қырық жылы М.Әуезов театрымен тығыз байланысты. Осы екі сахнада ол жасаған ұзын саны екі жүзден астам көркем образдардың бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін де, қажет те емес. Солардың тағы бірі деп, біз биязы Әлібек, қасарма Құдайберген, ойлы, мұңлы Жансүгір, айлакер Әбілқайыр, мансапқор Саттар, сырты бүтін, іші түтін Керімбай сияқты бір-біріне сырт тұлғасымен де, ішкі жан дүниесімен де мүлдем ұқсамайтын, сонысымен қиын да қызықты көптеген көркем бейнені айтар едік. Аударма деп аталатын асыл қазынаға М.Сүртібаев қосқан үлестің қомақтылығына «Отеллодағы» жалғыз Родригоның өзі-ақ айқын айғақ бола алады.
М.Сүртібаев жасаған «Өжет қыздағы» Аңғарбай, «Біздің сүйікті дәрігердегі» Мұрат, «Ботагөздегі» Мадияр тәрізді экрандық бейнелер В.Г.Белинскийдің: «Өнер дегеніміз – көркем образ арқылы ойлау» деген анықтамасына лайық еңбек.
Біз Сүртібаев жасаған рөлдердің отыздан бірін ғана еске алдық. Соның өзінен-ақ актер ерекшелігін аңғару қиын емес. Ең алдымен, Сүртібаевтың актерлік ауқымының кеңдігі, алғырлығы, алымды таланты көрермен көпті өзіне тәнті етпей қоймайды. Пластикалық қозғалыс, кейіпкердің жан дүниесіне үңіле алатын, сахнаның саңлақ суреткеріне тән сұңғылалық, қазақ сөзінің қаймағын бұзбай жеткізетін құлаққа жағымды қоңыр үн, айтар ойын еркін жеткізе алатын ұтымды трактовка. Міне, сахнаның майталман шеберінің өзіндік ерекшелігі де, сан мінезді мінсіз мүсіндейтін айрықша ажарлы зергерлігі де осындай сан тәсіл, алуан түрлі әсем бояулардан нәр алған.
Талантты өнерпаз Мүлік Сүртібаевтың актерлік талантын әдебиет пен өнердің аса көрнекті өкілдері де өте жоғары бағалады. Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Сүртібаев –көзінің бір ғана қырымен көпті аңғартатын үлкен шебер актер», деп бағалайды. Театр өнерінің қыры мен сырына жетік, қыран жанары қиядағыны шалатын Ғабит Мүсірепов сонау 1951 жылдың өзінде-ақ былай деп жазыпты: «Сүртібаев жасаған Абай образына қалтқысыз сеніп отырасың... Біздіңше, Абай рөлінде ойнаған қазақ әртістерінің ішінде ең ұнамды образ жасағаны, осы Сүртібаев жолдас».
Әдебиетіміздің алыптары айтқан осы үзік пікір көп сырды аңғартса керек.
Сүртібаев комедиялық рөлдерден трагедиялық рөлдерге дейін ойнай алатын ауқымды актер десек те, біздіңше, оның сан қырлы талантының барынша жарқырап ашылатын кезі күрделі психологиялық пландағы кейіпкерлер мен трагедиялық классикаларды ойнаған сәт. М.Сүртібаевтың актерлік ерекшеліктері мен шығармашылық табыстары жайлы орталық «Правда» газетінен бастап, одақтық, республикалық, облыстық кейде тіпті аудандық газеттерде де көп жазылды. Театрдың белгілі сыншылары Н.И.Львов, О.Н.Қайдалова Мәскеуде жарық көрген кітаптарында, Н.Абалкин, Е.Д.Сурков одақтық БАҚ-та Сүртібаев талантын жоғары бағалады.
Есімі елге әйгілі болған Мүлік Сүртібаевты осынау биікке жеткізген бір ғана табиғи талант десек, ағат айтқан болар едік. Рас, өнерде табиғи таланттың ең басты, шешуші маңызы бар. Әйтсе де, жан қинап, азапқа салатын ауыр еңбексіз қандай құдіретті таланттың өзі де тұл. Ендеше, М.Сүртібаевтың жастар үлгі алар ерекше қасиетінің бірі – өзгеше еңбекқорлығында, ізденімпаздығында дер едік. Актер М.Сүртібаев өзінің өнердегі, өмірдегі серігі, Қазақстанның халық әртісі Әйкен Мұсабекова екеуі төрт бірдей перзент тәрбиелеп өсірген ардагер әке де. «Құрмет Белгісі» орденінің кавалері Әйкен Мұсабекова 1956 жылдан бері М.Әуезов театрында өнер көрсетті. Әйкен жасаған сан алуан сахналық образдар сапында өз бақыты мен махаббаты үшін күрескен Еңлік пен Баян («Еңлік-Кебек» пен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), ойнақы Айман мен ойлы Зәуре («Айман-Шолпан мен «Майдан»), аяулы Әйгерім, ажарлы Айбарша («Абай» мен «Майра»), күтуші әйел («Фархат-Шырын») және басқа да біраз бейнелер бар.
Ә.Мұсабекованың «Парторг» спектаклінде парторг Жамал бейнесін сәтті шығаруы – талантты актрисаның ірі творчестволық табысы болды.
Актриса «Егер біздің әрқайсымыз», «Ботагөз» кинофильмдеріне түсіп, есте қалар бейнелер жасады.
Мүліктің театрға жыл сайын келіп қосылып жатқан жаңа толқын жастарға деген қамқорлығы өзінше бір әңгіме. Бейнелеп айтсақ, ол шілденің аптабы мен аңызағында саясында сан адамды паналатқан өнер дейтін ғаламат әлемдегі ғажап бір бәйтерек. Театр табалдырығын жүрексіне аттаған талай жасқа сол бәйтерек өзінің ыстық, қамқор құшағын жайып жүрді. Ол өнердің бұрылысы көп қиын жолына түскен барлық жастың, барша таланттың қамқоры. Әйтсе де, сол махаббат оны өнердегі принципті әңгімелерді, ащы шындықтарды ашып айтуына ешқандай кедергі келтіріп көрген емес. Мүлік Сүртібаевтың жанына, әсіресе, жақын екі досы бар. Оның алғашқысы – талант, екіншісі – шындық. Адамның әу бастағы, жаратылысындағы, бітім-болмысындағы қасиеттер, тіпті кейінгі тәрбие жемісі де оның өнеріне әсер етпей қоймайды, қашан қандай талант болмасын, өз туындысында аз да болса өз ой сезімін көрсетпей қала алмайды. Бұл оның стихиясы. Олай болса, өмірдегі тазалықтың өнерге де әбден қатысы бар. Бұл тұрғыдан алғанда да М.Сүртібаев өзінің жалтаңы жоқ, пайымы көп парасатты өз талантына дарыта алған сұңғыла суреткер. Халқымыз қадірлеп, еңбегін лайықтап бағалаған тарлан таланттар, бақытымызға орай ұлттық театр өнерімізде де баршылық. Тастың өзіне тіл бітіріп, ұяң жымиған уылжыған келіншектің сәл ғана езу тартқан жұмсақ та жұмбақ күлкісіне оның жан дүниесіндегі жасырын сырларды өре білген әлемге әйгілі «Джаконданың» авторы Леонардо да Винчи 1519 жылы екінші май күні: «Шаршағаннан өлген жақсы», депті де, алпыс жеті жасында көз жұмыпты. Бұл ұлы ма, кіші ме – бәрібір, барлық талант атаулының стихиясы, шығармашылық тоқырауды жүректің тоқтауымен бірдей көретін таланттардың бірі – үлкен іс тындырған қазақ сахна өнерінің сайыпқыраны, халқымыздың мақтанышы – Мүлік Сүртібаев, мұндай қайратты, парасатты азамат, үлкен талант иесі қай құрметке де лайық.
Әр актердің өзгеге ұқсамайтын өзгешеліктері болады. Біреулері комедиялық, екіншілері психологиялық, тағы біреулері трагедиялық рөлдерге бейім келеді. Мүліктің артықшылығы – актерлік ампуласы кең, сан қырлы талант еді.
Сұлулықтың, өнердің сұлулығын ешбір дауыл, ешқандай жауын сөндіре алмайды. Өнерімен, талантымен кең дүниеге танылған ұлы адамдарды уақыт та өлтіре алмайды. Сүртібаевтың өзі өлгенмен, аты өлген жоқ. Мүлік есімі – ел есінде, жүректе. Оның талантын келер ұрпақ, кемел тарих әлі талай танып алады. Иә, сұлулық сөнбейді, ұлылық өлмейді...
II
Қазақтың таулары қандай асу бермес асқар болса, оның талантты перзенттері де сондай асқақ. Қазақтың даласы қандай кең болса, сол даланы дүбірге бөлеп көсіле шапқан жүйріктері де сондай кең тынысты, кемел ойлы. Сол ұлан-ғайыр ұлы даланы ұйқысынан оятып көсіле шапқан тұлпарлар тұяғының дүрсілі құлақ құрышын қандырады. Мүлік Сүртібаев бізден алыстап бара жатса да, кең даланы көсіле шапқан дүбірі құлақ түбінен кетпейтін сондай қанатты тұлпарларымыздың бірі.
Халқының қасиетін жанымен ұққан өнерпазға өлім жоқ. Хас тұлпарлар қашанда халықтың көкірегінде!..
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ