Терең тамырлы, сан сипатты өркениетіміздің мемлекет тарихындағы тамаша көріністерінің таңғажайып бір қыры – Ұлы Жібек жолы дер едік. Әлем өркениетінің алтын бесігі – Шығыс, нақтылы айтқанда, Жерорта теңізі мен Гималай тауының аралығы. Нағыз ғажайыпстан.
Бұл жерлерде сәулетті шаһарлар, геометриялық өрнектерге бай асқақ ғимараттар, көк пен жерді тілдестіретін киелі күмбезді храмдар, мешіт-медреселер, керуен-сарайлар бой түзеген. Осы орайда бес мың жылдық тарихы бар Хараппа, Месопотамиядағы Вавилон, Ниневия, Солтүстік Ауғанстан жеріндегі Бактрияның астанасы «Қала біткеннің әулиесі» Балх, Мохенджо-Даро, Каспий теңізі маңындағы Дербент, араб жиһанкездерінің картасында көрсетілген Баласағұн (Құз Орда), Бұқара, Самарқанд немесе Алтын Орда мемлекетінің астаналары... Ибн Баттума Сарайшықты көргенде Бағдадқа ұқсастығын айтқаны бар. Иә болмаса іргетасы 762 жылы қаланған Бағдад шаһарында ІХ-ХІІ ғасырларда атақты араб географтары шоғырланған. Бұл оқымыстылар көне Грекия, Үндістан және Персияның бірегей шығармаларын аударған. Олар мәдени және сауда-саттық байланыстар арқылы Ұлы даланың шартарабына тарап отырған.
Ибн Фадлан 921 жылы осы шаһардан Маңғыстау Үстіртін көктеп өтіп, Еділ бойындағы Бұлғарияға жетіп, Дала көшпенділері жайында бағалы мәліметтер қалдырған.
Бағдад шаһарында VІІІ-ХІ ғасырларда отырарлық Абу-Ғаббас әл-Жауһари, Исхақ әл-Фараби, Абу-Насыр Исмайл әл-Жауһари, Әбу Насыр әл-Фараби, самарқандтық Абу Исқақ ибн Қухий әл-Хурайми, ферғаналық Ахмед ибн Мұхаммед Ферғанауи, мервтік Ахмед ибн Абдулла Маруази және Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми уә Мәжуси дейтін түрік ғалымдары еңбектенген. (Эберман В.А. Записки коллегии востоковедов. Т. V. Москва, 1930. С. 437-438).
Б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда Еуразия кеңістігінде трансқұрлық желісіне құрылған Ұлы Жібек жолы Хань әулетінен шыққан У Ди императордың билігі тұсында Чжан Цян бастамашылдығымен ұйымдастырылған-ды. ХІХ ғасырдың аяғында неміс геологы Фердинанд фон Рихтгарен «Жібек жолы» деген атау берген.
Мәдени және сауда қарым-қатынастары, керуен жолдары Рим, Шығыс Азия, әлемнің бел омыртқасы Персия, Үндістан, Гималай, Йемен, Эфиопия, Египет, Орталық Азия, Қытай, Солтүстік Үндістан мен Орталық Азияның көпшілік аумағын қамтитын Құшан патшалығы, Жерорта мен Каспий теңіздерін толық қамтыған еді. Осынау территорияда ислам, иудаизм, христиан, индуизм діндері, үндіеуропалық, семит, син-тибет тілдері, алуан түрлі көзқарастар, инновациялар, символдар, ғылым салалары өркендеді. Мысалы, грек тілінің құндылықтарын Орталық Азия мен Инд жазығынан естуге болатын-ды. Қазақ тілі құрамындағы араб, парсы, грек, шумер, аккад тілдерінен енген сөздер Ұлы Жібек жолы бойындағы рухани байланыстардың, қарым-қатынастардың нәтижесі, мәдени-экономикалық жаһанданудың жемісі.
Ұлы Жібек жолының күретамырында орналасқан Ұлы дала елі араб, үнді, парсы, Орталық Азия халықтарының аңыз-ертегілерінің қызықты оқиғаларына құрылған жүздеген қисса-дастандарды жатқа айтып таратты. Солардың ішінде «Мың бір түн», «Ләйлі-Мәжнүн», «Сейіт-Баттал», «Тотынама», «Кербаланың шөлі» және т.с.с. адамзат тарихындағы рухани игіліктердің бірегейі Үндістан патшасы Дәпшәлімге арнаған данышпан Бейдауаның «Кәлилә мен Димнә» (мұның екі мың жылдық тарихы бар) «Панчатантра» («Бес бәйіт») дейтін атаумен ІІІ ғасырда таңдаулы мысал-ертегілерден құрастырылған. Бұл VІ ғасырда Персияның данагөй патшасы Хұсрау Анушированың бұйрығымен санскрит тілінен пехлеви тіліне тәржімаланған. Сонан Византияға, оңтүстік славяндарға, ХVІІІ ғасырда Еуропаға тараған. Әлішер Науаи «Шығыс пен Батыс табысып, екі сәулетті әлем құшақтасты» деуінде Шығыс өркениетінің рухани сұлулыққа, кәусар бұлағының жәннатына ие жауһарлары қандай қасиетті екендігін жеткізген. Ұлы даланың ойшылдары, білгірлері, шайырлары Шығыстың классикалық әдебиетін (дастандарын, қиссаларын, аңыздарын, ертегілерін, мысалдарын, тәмсілдерін) терең қызығушылықпен, өнерпаздықпен айрықша зерде-қабілетпен оқып-тоқып, жадына мінсіз тұтып, ұлттық ой-санасын, көркемдік-философиялық көзқарасын, тілін, даналық өнегесін, танымын, пайымын жетілдірудің мықты құралы етті. Және де олар бірнеше тілдерді де жетік, толық меңгерді де.
Ұлт суреткері М.О.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Құнанбай қажылыққа аттанар алдында Абай араб, парсы, шағатай, орыс тіліндегі алуан түрлі шығармаларды қалайша ішек-қарнын ақтарып тексергенін былайша суреттейді: «Парсы, түркі кітаптары бұны біресе Шираздың гүлзарына әкетеді. Самарқанның мазар ғимараттарына қадалтады. Мәру, Мешһедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселеріне, кітапханаларына тартады. Осылардан бір ауық орысша кітапқа түскенде Орталық Азия, Иран, Араб жер-суы, шөл-құмы, қала-сауда тірлігін айқын тани түскендей болады». Бұл дегенің Ұлы Жібек жолы бойындағы ғылымның, білімнің, өркениеттің, озық өнердің, алтын бесігі болған ұлы шаһарлардың сыр-сипатын әйгілейді. Ұлы Жібек жолы Ұлы дала елінің рухани кеңістігіне орасан зор жаңалықтар әкелді. Мұның бір дәлелін халық жырларынан тануға болады.
Оң жақтан үнді, парсы, араб келген, Сол жақтан шүршіт, моңғол, қалмақ келген. Батыстан Балқан елі қатынасса, Шығыстан қытай, қашқар шай әкелген. (Зейнолла Сәнік. Шығармалар. т.11. Алматы, 2017. 20-бет)
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» дейтін дәуірнамалық еңбегінде (416-417-беттер): «Тілдік және мәдени байланыстар қазынасы бізді бауырластарымызбен – Солтүстік мұзды мұхиттан Жерорта теңізіне дейінгі кең-байтақ кеңістікті мекендейтін түркі халықтарымен байланыстырады. Ұлы түркі елі – бұл біздің ата-бабаларымыз және батырларымыз, ортақ рухани құндылықтарымыз. Бұл – біздің ортақ ұлы мұрамыз» деп жазады.
Бір заманда әр алуан халықтардың мәдени жаһандануының көріністерін сол бір ұлттың фразеологизмдерінен, афоризмдерінен, мақал-мәтелдерінен, сөз-ұғымдар жүйесінен байқаймыз. Айталық, «керемет» сөзі қазақ, марий, удмурт, мордва тілдерінде бар. Арабта «қарамат», парсыша «карамат» делінеді. Арамей тілінде «дин», «алам» сөзі бар. Қазақша «дін», «әлем» ғой. Немесе қазақ тіліндегі «Рас сөз жағымды болмайды, жағымды сөз рас болмайды» мәтелі даосизмнен ауысқан. Сондай-ақ «көңілім Нілдей бұзылды» дейтін тіркес Ніл өзені мен Еділ-Жайық арасындағы өзара қарым-қатынасты танытады.
Көк түріктер VІ-VІІ ғғ. Парсы мен Византия мемлекеттеріне жорық жасап, олардан орасан мол алым-салық алып отырған. Айбаты мен айбары асқандықтан болса керек, хадисте: «Алла тағала түріктерді ашуландырма, олар ашуланса өте қауіпті» делінген. Түркілер Х-ХІ ғғ. Азияда Ислам өркениетін жандандырды. ІХ ғасырда Араб халифаты әлсірей бастағанда, заты түркі Мұхаммед 930-969 жылдарда Сирия мен Мысырдың билеушісі болған деген болжам бар. (Елторы Жалғабаев. Гүрхан, Хорезм-шах және Шыңғыс хан. «Жұлдыз», 2006, №2. 139-156-беттер).
ХІІ-ХVІ ғасырлар – түркілердің жарқын заманы «Шам шәһәрінің (Дамаск-Дамшык) маңында Желли (Желді), Алп-арсын атты түркі қыстақтары бар екен. Халифа әскерінде түркістандық әскерлер көп-ақ еді, деседі («Сафар-наме»).
«...Сол ерте кезде-ақ Бағдадта түрікше сөйлесетіндер жиі кездескен» (Талжанов С. Шығармалар жинағы. Т.2. Астана, «Ер-Дәулет», 2007, 83-бет). Сыр бойы әдебиетінің көрнекті өкілдері, әйгілі шайырлар шығыстық-түркілік әрі ислами сипаттағы әдеби дәстүрдің қалыптасуы мен дамуына жойқын әсер, тегеурінді сипат дарытты.
Ақ Орданың байтағы Сығанақта жазылған Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» атты даңқты поэмасы ұлт әдебиетінің дамуына тегеурінді қуат қосқанын, көркемдік дүниетанымымызды, ойлау жүйемізді керемет байытқанын қадап айтуға хақымыз бар.
«Хұсрау мен Шырын» поэмасы 4700 бәйіттен түзілген. Осынау қымбат жәдігердің лексикалық-фразеологиялық сипаты мейлінше сан алуан. Алтын Орданың қыпшақ тілді жазба ескерткішінде 1811 түркі, 790 араб, 424 парсы сөзі бар екен. Құтып Алтын Орда мемлекетінің ішкі және сыртқы қоғамдық-әлеуметтік ахуалын асқан шеберлікпен суреттеген. Бұл түркі поэзиясының, нақтылы айтқанда, байырғы қазақ әдебиеті тарихындағы дара мұра. Ауқымдылығы жағынан Таяу Шығыс, Орталық Азия, Үндістан, Қап тауына дейін тараған таңғажайып аңыз. Бір ғана қырын айтсақ, осында афористік поэзияның қаншама озық үлгілері шоғырланған. Бұл сарын кейінде Сыр бойының шайырларында әдемі өрістетілген. Құтыптың ақындық сыр-лебізі Мысыр мен Алтын Орда арасына таныс болған секілді. Бұған «Сіздің жарлығыңыз Мысыр мен Шамда жүрсін» деген сөзі дәйекті дәлел. Алтын Орда заманының миуа-жемісі іспетті Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дейтін поэмасы 1353 жылы Сыр елінде туған. Ол Ақ Орданың әмірі Мұхаммед Хожа бектің сарайында қызмет етіп жүргенде жазған. Тап-таза көркемдік сұлулықтың, телегей сыр мен сезімнің үлгілері, гүлді сөздің дүкені десек артық айтқандық емес. Мысалы:
1. Екі жарық гауһарды ғаламға берген, Махаббат кенішін адамға берген. 2. Аспан дәптерінен түнді боятып қойған, Жаһан жаратылысын сөзге ұстатып қойған. 3. Пілдей жүрген күркіреп бұлттар ауар, Тәңір қайда бұйырса сонда жауар. 4. О, күн секілді әлем шырағы, Нұр шашқан жүзіңіз – жұмақ бағы. 5. Барлық әсемдік әлемінің құдайысың, Мәсіх лепті, Жүсіп сынды шырайлысың. 6. Ашылса ерніңіз, шекер шашылар, Сені көріп, гүл түйнегі ашылар. 7. Жүзіңнен білінер ізгілік демі, Басқан жерің – бақыттың кені. 8. Жаһан сенің жамалыңнан нұрланса, Неткен көрік, неткен шырай, о Алла! 9. Мың жан сенің сымбатыңның пидасы, Көзімнің қарашығы – бір қалыңның пидасы. 10. Қос бұрымың – көңілімнің панасы,
Есігіңнің топырағы – жан садағасы.
Құтып поэмасындағы тас-түйін сөз тіркестері «көңіл құсы», «сынық көңіл» Абай поэзиясына жарық сәуле түсірген.
Сонымен қатар Алтын Орда мен Мысыр аймағында мекендеген түркі шайырларының зердесінен құйылып төгілген «Қисас-ул-әнбия», «Наһж-ул-фарадис», «Гулстан би-т-түрки», «Шаһнама» шығармаларының қуат-құдіреті, даналық сабағы қандай десеңізші! Расында, Шығыс әдебиеті – түркі мәдениетінің құрамдас бір бөлігі. Бұған айғақ ретінде 55 патшалықты жырлаған Фирдоусидің «Шаһнамесін» Ораз Молда парсы тілінен тікелей тәржімалады. Оның арабша төгілдірген каллиграфиялық тұрғыдан сұлу қолжазбасы ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы (№1187).
Ұлы Жібек жолының қазақ руханиятына көркемдік әсерлерін баяндағанда, ұлттық поэзия тарихында Шығыстың классикалық әдебиеті мен мәдениетінің яки оның стиліндегі мектептің негізін салушылар ХІХ ғ. Ораз Молда, Мәделі, Майлықожа, Молда Мұса сынды шайырлар болса, осы бір мәдени дәстүрді ХХ ғ. басында «Көкілташ» медресесінің түлегі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (1882-1939), Кете Жүсіп Ешниязұлы (1871-1927), Мансұр Бекежанұлы (1875-1933), Жүсіп Таубайұлы (1882-1916), Қарасақал Ерімбет, Базар жырау, Оңғар жырау, Нұртуған Шыршығұлұлы, Бұдабай Қабылов, Қуаныш Баймағамбетовтер сәтті сабақтастырып ілгері дамытты.
Таным-пайымы, ой-парасаты биік, рухани, шешендік, шеберлік қабілет-қарымы жоғары олар араб, парсы және түркі тілдерін жетік меңгерді. Шығыстық аңыз-әңгімелер негізінде желілес дастандар туындатты, халық қазынасын байытты. Араб-парсы поэтикасынан үйренді.
Ұлы Жібек жолының қазақтың тұтастай ой-санасына, көзқарасына, тіліне, дәстүріне, интеллектуалдық-шығармашылық қабілет-қарымына тигізген жойқын көркемдік қуатын зерделеу – Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты әйгілі мақаласындағы «Ұлы Жібек жолы» жобасының басты бағыты болса керек-ті.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор