• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Ақпан, 2019

Семейде азық-түлік бағасының қымбаттап кеткендігі сынға алынды

751 рет
көрсетілді

Семей қаласының әкім Ермак Сәлімов халыққа аса қажетті азық-түлік өнімдерінің бағасы қолжетімді ме соны білу үшін сауда орталықтары мен дүкендерді, тіпті базарларды аралап шықты. Сөйтсе, базардағы көкөністер бағасы тұрақтандыру қорының бағасынан әлдеқайда қымбат екен. Қала әкімінің тексеруінше, супермаркеттер өнімдерді кейде өзімізде болса да,  басқа қаладан сатып алады да, бұл жеткізілгенше оның қымбаттауына әкеп соқтырады. Сөйтіп, халықтың қалтасынан қағылуына апарады.

Ермак Сәлімов өндірістен шыққан тауардың дүкен сөресіне жеткенде тым қымбаттап кететіндігіне назар аударды. Сондықтан да қала басшысы сауда орындарынан баға тұрақтылығы мен қолжетімдігі туралы ресми құжаттар, есептер алуға тапсырма берді.

- Бағаны аққұла тым шарықтатудың қажеті жоқ,-деді әкім Ермак Сәлімов,-күн сайын тауар бағасының мониторингін жасап отырыңыздар.

Семей қаласының ақпараттық орталығының мамандары хабарлағандай, кәсіпкерлік бөлімі басшысының есебін тыңдаған Ермак Сәлімов ренішін жасырмай отыр екен.

- Сіздердің жұмыстарыңызға көңілім толмайды. Кейбір азық-түліктерге баға қымбаттатылып қойылған. Өздеріңіз дүкенге барасыздар ма? Қарапайым халық қалай күн көріп отыр деп ойлайсыздар? Жүріңіздер, дүкенге бірге барайық. Неге ұялы телефондарыңызға түсіріп, бірден қымбат баға ұстап отырған сауда дүкендерінің иелеріне жіберіп, тәртіпке шақырмайсыздар? Бір тауардың бағасы екі дүкенде екі түрлі, бұл қалай?

Алдағы уақытта Ермак Сәлімовтың тапсырмасымен  сауда орындары мен базарларда күн сайын тауар бағасына мониторинг жүргізетін жұмыс тобы құрылатын болды.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ