• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2012

Ералы ТОҒЖАНОВ: Ассамблея ұлттың ұпайын да, мемлекеттің мүддесін де түгендейді

395 рет
көрсетілді

Ералы ТОҒЖАНОВ: Ассамблея ұлттың ұпайын да, мемлекеттің мүддесін де түгендейді

Жұма, 17 ақпан 2012 8:05

Алдыңғы күні қазақ баспа­сө­зі­нің қара шаңырағына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары, Хатшылық мең­геру­шісі, сая­­си ғылымдар докторы Ера­лы Тоғ­жанов келіп, басылым жур­налис­тері­мен емен-жарқын әң­гі­ме түріндегі ашық кездесу өткізді. Кез­­десуді газет басшысы Сауытбек Абдрахманов ашып, жүргізіп отырды.

 

Жұма, 17 ақпан 2012 8:05

Алдыңғы күні қазақ баспа­сө­зі­нің қара шаңырағына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары, Хатшылық мең­геру­шісі, сая­­си ғылымдар докторы Ера­лы Тоғ­жанов келіп, басылым жур­налис­тері­мен емен-жарқын әң­гі­ме түріндегі ашық кездесу өткізді. Кез­­десуді газет басшысы Сауытбек Абдрахманов ашып, жүргізіп отырды.

– Ассамблея – Елбасының ұлт саясатын әзірлеу мен оны жүргізуге ықпал ететін, этносаралық келісім мен жарасымдылықты қамтамасыз ету бағы­тын ұстанған, бүкіл әлемде бірегей институт болып танылған мемлекеттік құры­лым. Көпұлтты, көпэтносты талай елдер, соның ішінде Ресей Федерациясы да біздегі осы құрылымның тәжіри­бе­сіне назар аударып отыр. Ассамблеяның қалай өмір­ге келгені сол кездегі қыз­метіме бай­ла­нысты менің көз алдымда. 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайынан кейін Қазақстан ха­лық­тарының форумы өткізілді. Осыдан кейін Президент Н.Назарбаев Ассамблея құру туралы идеяны тұңғыш рет көтер­ді. 1994 жыл бойы бұл идея әбден пісіп-жетіліп, таразыланып, жан-жақты са­рап­талып, ақыры 1995 жылы Ассамблея құрылды. Қазақстан этнос пен этностың, дін мен діннің, тіл мен тілдің арасын қалай жымдастырып отыр деген сауалдар өте көп. Ералы Лұқ­панұлы осы тақырыпта атқарып жат­қан істері туралы бір­талай әңгіме айтып берер деген үміт­теміз, – деп ба­сы­лым басшысы сөзді қонаққа берді.

Мен Ассамблея Төр­­ағасының орын­ба­сарлығы қызметіне 2008 жылы келдім, деп бастады Е.Тоғ­жанов өзінің сө­зін. Бұл уақытта Ассамб­лея­ның өмірге келгеніне біраз уақыт бо­лып қалса да, кейде өзіміздің қандас­тары­мыздың ара­сында бұл қандай мекеме, ол қа­зақтың мүддесін жоқ­тай ма, осының керегі бар ма деген тұ­жырымдар да кездесіп жүр­генін байқадық.

Әңгімесін одан әрі жалғастырған Е.Тоғжанов қандастарымыздың ара­сын­да туып қалып жүрген осындай дүдәмал сұрақтарға жауап бергенде Ассам­б­лея­ның Қазақ еліндегі ұлтаралық келісімді үйлестіруге ықпал ететініне байланысты ең алдымен ол қазақтың мүддесін қор­ғайтындығын айтатынын жеткізді. Со­ны­мен бірге, бүгінгі күні оның сапын­дағы қазақ ұлтының өкіл­де­рі 34 пайыз екенін атап өтті. Одан әрі қонақ Ассамб­лея­ның қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқ­тал­ды. Өткен жылы ғана бізге 14 мем­лекеттің өкілдері келіп, іс-тәжіри­бе­міз­бен танысты. Оның ішінде амери­ка­лық­тар, испаниялықтар, герма­ния­лықтар, ағылшындар, түркиялықтар, қытайлар және т.б. болды. Соның ішінде мультикультурализмді (бұл – кез келген жеке мемлекетте және бүкіл әлемде мәдени ерекшеліктерді сақтауды және оны дамыту саясатын негіздейтін теория) қатаң ұстанып жүрген елдер де бар. Олардың кейбірі қазір мультикультурализмнен бас тартып та жатыр. Міне, сөйтіп бұрын ел ішінде қоғамдық келісімді сақтау үшін оның әдісін біз барып олардан үйренетін болсақ, енді бізге келіп үйренушілер қатары көбеюде. Ма­ған ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жө­нін­дегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебек мырза Голландияның ұлттық азшы­лық­қа ұшырап қалған фриз этносын қолдау тәжірибесін үйренуді ұсынды. Біз – Ассамблея қызметкерлері және депу­тат­тарымызды алып барып, ол тәжі­ри­бені қарап көрдік. Содан кейін К.Воллебекке ұлттық азшылықтардың проб­ле­масын шешуде Голландияның бізден 20 жылға артта қалғанын айттық. Өйткені, елде фриз тілі 3-тен 11 жасқа дейінгі балалар арасында ғана үйретіледі екен де, одан әрі голланд, ағылшын тілдері оқы­ты­лып, кейін тіпті ауызға да алынбайды екен. Ал біздегі ұлттық азшылықтар үнемі қамқорлықта, дедік біз. Содан кейін К.Воллебек пен оның 7 адамдық командасы бізге келіп, үш күн бойы біздің тәжірибені зерттеді. Соның нәти­же­сінде Жоғарғы комиссар біздің «Н.Назарбаев моделі» деп аталған үлгімізді ЕҚЫҰ-ның 56 мемлекетінің өкілдері қатысқан жиынға өзі алып барып, тұсаукесерін жасады. Женева қаласында да осындай тұсаукесер болды. Бүгінгі күні Мәскеу мемлекеттік университетінде 36 сағаттық арнайы маманданды­рыл­ған курста біздің моделіміз оқып, үй­ре­тіледі. Ол жерде біздің профессор­ла­ры­мыз лекция оқиды. Әлемнің басқа оқу орындарынан да өкілдер келіп, өздеріне осындай курс енгізуге көмектесуді сұрап жатыр.

Еуропалық көптеген мемлекеттердің мультикультурализмнен бас тартуына негіз бар. Өйткені, оларға келіп, қоныс теуіп жатқан мигранттар топтасып, өз мәдениеттерін сақтайды. Мәселен, Еу­ро­падағы қытайлар, орыстар, тү­рік­тер жаңа қоныстанған елінің мәде­ниетіне кіріге алмай, өз ерекшеліктерін сақтап, дамытуға тырысады. Сөйтіп, өздерімен өздері қалған соң олардың мәдениет­терінің арасында қайшылық жағдайлар­дың да болып қалатынын көріп жүрміз. Ал біздің жағдайымыз мүл­де басқа. Бізде сырттан келіп, түпкілікті орнығып жатқан мигранттар жоқ, осында туып-өсіп, ұзақ уақыттан бері қалыптасқан Қазақстан халқы ғана бар. Сондықтан біз Қазақстанда тұра­тын барлық этнос өкілдері мемлекет құраушы қазақ хал­қы­ның төңірегіне, оның тілі мен мәде­ниетінің айналасына топтасулары жөн болатынын айтамыз. Осы қызметке енді кірісіп, Ассам­блея­ның тыныс-тіршілі­гі­мен жақын таныс­қан кезде оның аясында аймақтардағы этностық-мәдени бірлестіктердің шы­ға­ра­тын газеттері және басқа да шығар­машылық өнімдері Қазақстанның емес, өздерінің тарихи отандарының рә­міз­дерін көрсетіп басы­латынын байқадық. Осы мәселелерді мен Ассамблея мүше­ле­рінің алдына қо­йып, Қазақстан азама­тының қолынан шыққан барлық шы­ғармашылық өнім­дер Қазақстан мем­ле­кетінің рәміздері аясында жарық көруі керектігін талап еттім. Қазақстанда бір ғана мемлекеттік ту бар. 2008 жылы қабылданған заңда да осы мәселелер шешімін тауып, бұ­рынғы ұлттық-мәдени орталықтар эт­но­мәдени бірлестіктер деген атау алды және бәрі де қайтадан тіркеуден өтті.

Осы арада сөзге «Егеменнің» бас­шы­сы араласып, газет бетінде этно­сара­лық келісім мәселесі ұдайы қозғалып отыратынын, бас басылым бұл істі еліміздің кемел келешегінің бір кепілі ретінде қарастыратынын айтты. Мы­салы, бізде қазақтан өзге этностардың бәрі тарихи отандары өзге елдердегі диаспора өкілдері дегендей тұжырымдарға орын жоқ. Егер мұндағы орыстар, украиндар, өзбектер, басқа да этнос өкілдері өздерін тек диаспора деп сезінер болса, онда ешқандай да қазақстандық патриотизм идеясының барша отандастары­мыздың ойына орнығуын арман ету де қиындыққа түсер еді, деді С.Абдрахманов.

Бүгінгі күні қазақ тілін оқып-үй­ре­туге байланысты Ассамблеяның аясын­да арнайы лингоорталықтар ашылды, деп сөзін жалғастырды Ассамблея басшысы. Онда үш тіл оқытылғанымен, негізінен қазақ тілі үйретіледі. Оған барлық этнос өкілдері барады. Қазір осындай ақысыз курстарда қазақ тілін үйренетін 23 333 өзге ұлт өкілдері бар. Ассамблея мүшелерінің арасынан 1 942 адам қазақ тілін толығымен меңгерген. Барлық аймақтарды қоса алғанда, Ассамблея жұмысына тартылған жастар­дың арасынан қазақ тілін меңгергендер – 420 135 адам. Бұл – ең соңғы мони­то­рингтің деректері. Бүгінгі күні әрбір этномәдени бірлестікте қазақ тілін үйрететін бірнеше курстар ашылды. Тіпті заңға сәйкес этномәдени бірлес­тік­тердің алдына мемлекеттік тілді білу талабы қойылды. Қазір бұл істе үлкен ілгерілеушілік бар. Мәселен, Талдық­ор­ған қаласындағы неміс этномәдени бірлестігінде 300-ге жуық адамның қазақ тілін меңгергендігі туралы ақпарат түс­ті. Түрік ағайындар арасында да мемлекеттік тілді үйрену мәселесі жақсы жолға қойылған. Солтүстік аймақтарда да қазақ тілін үйрету мәселесін күн тәртібіне қойдық. Сонымен бірге, біз бірнеше жылдан бері өзге этностар арасында қазақ тілін жетік білу жөнінен фестивальдер өткізіп келеміз. Соның өткен жылғысына 300-дей адам қа­тыс­ты. Олардың арасынан финалға шыққан жүйріктерінің мемлекеттік тілдегі сөй­леу шеберлігіне талай қазақтың өзі қы­зыға қарайды. Абай, Шәкәрім, Мағжан­дардың сөздерін терең түсініспен оқып берген олардың өнерлеріне М.Жолдасбеков, Н.Айтұлы сияқты мүшелері бар қазылар алқасы да әбден риза болды. Әсіресе, бір өзбек баласы: «Қазақтың суы ұнағанда, қазақтың жері ұнағанда, қазақтың тілі неге ұнамайды?» деген ойларды өлең жолдарымен айтып бергенде тәнті болмаған жан жоқ шығар. Сол секілді Қостанайдан келген бір молдаван қызының өнері де таң-тамаша етті. Қазір жастардың арасында қазақ тілін меңгеруге деген өте қуатты серпіліс бар. Мәселен, корей қауымдастығының өткен жылғы қыркүйек айында Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығына арналған тілдер фестивалінде шетелдік студенттердің қазақ тілін меңгеруіндегі шеберліктеріне өзім таңқалдым. Айталық,  оңтүс­тік­кореялық студенттер біздің тілімізді 3-ақ айдың ішінде үйреніп алыпты. Мен басында оларды қазақтар екен деп қалған едім. Есімдерін де Шолпан, Айман деп қазақша айтып жатты, сөйтсем, бәрі де кәріс жастары екен. Мен Ассамблея мүшелерінің алдына осы мәсе­лелерді ашық айтып, Қазақстанда туып-өскен жандардың қазақ тілін меңгере алмауы ұят екенін жеткізіп отырамын.

Қазір Ассамблеяның аясында тіл үй­ретуге арналған шаралар шеңбері ұл­ғайып келеді. Өткен жылы методикалық «Тілдарын» атты орталық аштық.  Оған белгілі синхронист, әлемнің 30-ға жуық тілін білетін Дмитрий Петровты шақы­рып, сабақтарын өткіздік. Ол қазақ тілін тұрмыстық деңгейде екі аптаның ішінде үйренуге болатынын іс жүзінде көрсетіп берді. Кейбір аға-апаларымызға мұндай әдіс ұнамайтындығы да білініп қалды. Оларға бұл іс мүмкін еместей көрінген сияқты. Қазір қазақ тілін осындай озық әдістермен үйрете алатын үйретушілерді дайындау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Сол оқуға екі күннің ішінде 8 топ жиналды. Әрине, оның бәрін оқыту мүмкін емес, біз әзірге екі топты жарақтап, қазір олар оқытылып жатыр.

Одан әрі Е.Тоғ­­жанов 2009-2010 жылдардағы Ел бір­лігі доктрина­сы­ның жобасын талқылау кезіндегі мәселелер­ге де тоқ­талып өтті. Док­трина жобасы біздің барлық ішкі ұлттық мәселеле­рі­міз­бен қатар, ай­мақтық және әлем­дік гео­саяси ахуалды еске алып жасалған құ­жат бо­латын. Мен ұлт­жан­ды ағалары­мыз­ға бұл мәсе­ле­ні саяси ойын­дар­ға араластырмау қа­жеттігін ашық айт­тым. Әңгіме­ле­рі­міз барынша өт­кір пікірталас тү­рін­де болып отыр­ды, деді ол. Со­ны­мен бірге, Ералы Лұқпанұлы Ал­ма­ты облы­сындағы қазақ пен ұйғыр ағай­ын­дардың ара­­сында орын ал­ған кейбір шетін мәселелерді тал­қы­лау мен реттеу шараларына Ас­самб­леяның бел шеше араласқанын еске салды. Соның ішінде кез келген ұсақ нәрсенің бәріне ұлт­ара­лық кикілжің реңкін беріп жалаулатқан ағайын­дар­дың алысты болжамайтынын сынға алып өтті. Кез келген тұрмыстық кикіл­жің­нен, соның ішінде тіпті екі ұлтқа жататын екі көршінің жас баласы төбе­ле­сіп қалса да ұлтаралық араздық іздеуге ұмтылушылар біздің елдің ты­ныш­тығын емес, соны көсеу арқылы өз­дері­нің аттарын шығаруға ұмты­лу­шы­лар екенін дәлелдеген дәйектер, Алма­ты­дағы 150 адам келген жиналыста ашық айтылды. Сол жиналыста менің алдыма 37 сұрақ тартылды, соның бә­рі­не де елдік мүдде, Қазақстанның ішкі-сыртқы тыныштығын сақтау және ал­да­ғы уа­қыт­та да оны қамтамасыз ету тұр­ғы­сы­нан жауап бердік. Одан кейін қазақ пен ұйғырдың құда-жегжат болып, дос-жаран болып, әбден араласып кеткен талай адамдарын жинап, ұсақ кикілжіңдер туып жүрген ауыл-селоларды аралап, барлық халықпен ашық әңгімелестік. Халық бізді түсініп, Елбасымыздың тату­лықты ту еткен сарабдал саясатын бірауыздан қолдайтындарын білдірді.

Асссамблея басшысы өзінің сөзінде мекеменің халықаралық қатынастар мә­се­лелерін де қамтып өтті. Кейбір көр­шілес мемлекеттердің елшілерімен арасындағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа да тоқталды. Соның ішінде кейбірінің қайдағы бір қаңқу сөзге еріп, этносаралық проблема іздегенін, олардан нақты факт талап етіліп, ондай болмаған соң ақырында уақытты ысырап қылғаны үшін кешірім сұралып тарасқанына дейін айтылды. Сондай-ақ кейбір арандатушылық әрекеттердің де жоқ емес екенін жеткізді. Мәселен, өткен жолы Орынбор қаласынан Максимов деген біреу Интернетке арандату­шы бағыттағы мақалалар шығарды. Біз Ресейдің ресми адамдарынан ондай социологты ешкім білмейтіндігін анық­тадық, деді ол. Мұндай жағдайлар, өкі­нішке қарай, танымал тұлғалар тара­пынан да ұшырасып тұрады. Мысалы, өткенде белгілі кинорежиссер Станислав Говорухин Ресей телеарнасынан Қазақстанның бес облысы Хрущевтің кезінде Ресейден берілген еді деген шып-шылғи өтірікті беті бүлк етпей айта салды. Бұл бойынша дипломатиялық жолмен тиісті жұмыс жүргізілуде.

Ең бастысы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы ұлттың ұпайын да, мем­ле­кет­тің мүддесін де түгендейтін бірегей құры­лым, деді  Ералы Тоғжанов. Одан кейін журналистердің көптеген сұрақ­та­рына  жауап берді. Редакция ұжымына Ассамблея идеясын көркем шешіммен аша білген зергерлік кәдесый тарту етті.

Кездесуге Ералы Тоғжановпен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшы­лы­­ғының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи мен сарапшы Еділ Оспан қатысты.

Жақсыбай САМРАТ.