• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2012

«Қазағымызға жеткенше асықтық» – дейді Германиядан туған ауылына қайтып оралған Виктория мен Сергей Костенколар

541 рет
көрсетілді

«Қазағымызға жеткенше асықтық» – дейді Германиядан туған ауылына қайтып оралған Виктория мен Сергей Костенколар

Дүйсенбі, 12 наурыз 2012 8:22

90-жылдары  тарихи отанына кеткісі келгендерді ешкім  сөк­кен жоқ. Қарасу ауданындағы  Люб­линка ауылында тұратын Шнейдерлер  әулеті Германияға жиналып жүретін. Олармен бір­ге Виктория мен  Сергей Костенколар да жиналды. Вика – неміс қызы, ал Сережаның ұлты – украин. Вика төркінінен қал­ғы­сы келме­ді,  әйе­лі­­нің шеші­мі­не Сергей де қарсы болмады. Олар бір ауылда қатар өсті,  бірін бірі сүйіп қо­сыл­ды.   2000 жыл­дардың басында Қара­су­да  ауыл шаруа­шы­л­ығы да, ауыл да 90 жылдардағы  дағ­да­рыс­тан ке­йін әлі  есін жинай қой­маған еді.

Дүйсенбі, 12 наурыз 2012 8:22

90-жылдары  тарихи отанына кеткісі келгендерді ешкім  сөк­кен жоқ. Қарасу ауданындағы  Люб­линка ауылында тұратын Шнейдерлер  әулеті Германияға жиналып жүретін. Олармен бір­ге Виктория мен  Сергей Костенколар да жиналды. Вика – неміс қызы, ал Сережаның ұлты – украин. Вика төркінінен қал­ғы­сы келме­ді,  әйе­лі­­нің шеші­мі­не Сергей де қарсы болмады. Олар бір ауылда қатар өсті,  бірін бірі сүйіп қо­сыл­ды.   2000 жыл­дардың басында Қара­су­да  ауыл шаруа­шы­л­ығы да, ауыл да 90 жылдардағы  дағ­да­рыс­тан ке­йін әлі  есін жинай қой­маған еді.

Жұрт ауылдың бола­ша­ғына сенбей қалған. Бұ­рынғы  үйірлеп айдаған жылқы, отар-отар қой, табынды сиыр,   ұшы қиырсыз  астық алқабы көз­ден  бұл-бұл ұшқан кез. «Балық  су­дың тереңін, адам  жердің жән­на­тын  іздейді» деген орыс ма­қа­лы адамның сана-түйсігінің бә­рін билеп тұрған кез. Герма­ния­ға көше­тін рұқсат құжаттардың бар­лығы дайын болды да, олар ештеңе ойламастан Виктория­ның  ағасы,  апа-сіңлісі, анасымен бір­ге  Еуропаның төрінен бір-ақ шық­ты. Өмірдің бар жұ­мағы  сонда деп ойлаған. Ол кезде  Виктория мен Сергейдің жиыр­ма бестегі жап-жас кезі. Қо­лындағы  тұңғышы Антоны бес жасқа енді толған болатын.  Сергейдің ата-анасы немере­лерін қимай жылап қоштасып қалды.

Жас отбасы Шнейдерлер әу­ле­тімен бірге Германияның Люк­кенвальд  қаласына қоныс тепті. Қала тұрғындарының барлығы да неміс тілінде сөйлейді. Люб­линка сияқты емес, онда  бар­лық жағдай бар. Даладан, даладан болғанда  да  әбден берекесі кеткен ауылдан барған оларға Германияның қаласы алғаш­қы­да нағыз  ертегідегідей көрінді. Серге­й мен  Виктория  неміс тілін білмейтін.  Сергейге өзіне лайықты жұмыс  табылған жоқ, ал Виктория  тіл үйрететін  топ­қа барып жүрді. Бірте-бірте Гер­манияның қаласы оларға сұр­ғылт­танып, ертегісі мәнсіз өмір­ге айнала бастады. Біріншіден, тіл білмеген соң олар керең адамның күйін кешті. Айна­ла­ның  барлығы тас қоршау сияқ­ты, көше де тар, үйдің ауасы да тар, қапас көрінді. Сөйтсе, ол сағыныштың дерті екен. Ауыл­дың маңынан ағып жататын Қа­расу өзеніне шомылып,  күнге қыз­ды­рынған сәттерін сағынды. Шіркін, ұшы-қиырсыз Қарасу­дың даласы-ай,  бозқарағанның  иісі мұрныңды жарған Люблин­каның ауасы-ай!

– Біз Германияда жыл тәулігі ғана тұрдық. Материалдық тұр­ғы­дан қарағанда, біздің  Қазақ­станға қайтатындай  себеп жоқ еді. Бірақ бір жылға  әзер шыда­дық. Еш жұмыс жоқ, істейтін іс жоқ, үйде қарап отырғаннан ауыр ештеңе жоқ екен. Алдымен  қарап отырғанның азабына Сергей шыдамады. Өйткені, ол жас та болса отбасының иесі, асырау­шымыз емес пе? Тамағымызға, киімімізге  жәрдем ақша жетіп тұрса да, біз Қарасуымызға, Люб­лин­камызға жеткенше асықтық, – дейді Виктория Костенко ағынан жарылып.

Ата-бабасының тарихы отаны болғанымен Германия  Виктория үшін бөтен жер ғана емес, ол кезде бөтен қоғам еді  ғой. Оның тілі орысша шықты, қазақшаға құ­лағы қанып өсті, бала кезінде Шнейдерлер отбасының достарымен, көршілерімен ыдыс-таба­ғы араласып жатты. Сондықтан барған жерінде ешкіммен аралас­пау, Люблинкадағыдай бір күн көрмесе сағынатын достарынан жым-жырт қалу  Костенколарға  те­ңіздегі жалғыз қайықтың үстін­де ескексіз қалғандай сезім ұялатты.

– «Вика, елге қайтамыз. Аманымызда өз қазағымызға жетіп алайық.  Не көрсем де  туған жер­ге барып, достарыммен бірге кө­ре­мін. Мұнда  төрт қабырғаға қа­рап отыр­ғанша елге барып, шаршап жұмыс істегенім  он есе ар­тық», деген ше­шімге келді кү­йеуім  Сергей. Міне, қазір сол арманына жетті. Сергей жыл тәулі­гінде бір күн қарап  бос отырмайды  ғой. Алты ай жаз  ша­руа­шы­лықта жұмыс істейді, ал егін-тегін, жем-шөп жиылып бол­ған соң, қысымен ауылдастарды ша­ғын автобусымызбен Қоста­най­ға тасиды. Өзім Люблинка орта мек­тебіндегі шағын топта  тәр­биешімін, – дейді Виктория.

Бір қызығы – Германияны Кос­тен­колардың  бес жасар ұлы Антон да жер­сінбепті. Бүлдіршін  ата­сы мен әжесін сағынып жылай бе­ріпті. Қазір Костенколар отбасы  Сер­гейдің ата-анасымен бір үйде тұрып жатыр.  Антон се­гізінші сы­ныпта оқиды. Жастар Люб­линкаға  келген соң  қызды болады. Қазір Кира да  өсіп қалды, шауып жүр. Виктория мен Сергей  қа­­ра­ша айында кө­­шіп келеді, бір­неше айдан кейін, яғни 2004 жылы наурыз айында олар­­дың ар­тынан Виканың ана­­­сы да Герма­ния­дан Люб­лин­ка­ға қай­тып ора­­лады. Ке­йінгі жыл­дары Викто­рия­ның бір сіңлісі де қайта қоныс аударды.

Біз Қостанайдан шалғайдағы Қарасу ауданының Люблинка ауылында тұра­тын Виктория  және Сергеймен телефон арқылы  ха­барласқанбыз.

–Тазалықтан шыбын тайып жы­ғылатын Гер­ма­ния­ның  қала­сы­нан өзіміздің қы­сы­мен  от жа­ғатын кішкен­тай үйі­мізге  жетіп, кө­ңі­ліміз орнына түсті («Өз үйім–өлең тө­се­гім» – авт). Ауылда мал­сыз кү­нің жоқ, қора толған мал, бақ­ша­мыз бар. Дастар­қа­ны­мыздан нан да,  ет те, көкөніс те, қай­мақ, май да арыл­­ған емес. Тамағымыз тоқ, уайы­­мымыз жоқ.  Сергей екеуміз де даланы жақсы көреміз. Біз Германия түгіл мүмкіндік болғанда Қоста­най қаласында тұрғымыз келмеген, Люблинкадан шыққы­мыз жоқ, әйтеуір. Өткен жылы көк­тем­де даланы қызғалдық жауып қалды. Жаз­дағы түймедағы гүлін көрсеңіз. Біз арнайы далаға шы­ғып, гүлдің арасында балаларды суретке тү­сір­дік. Өзіңіз де келсе­ңізші, қазір сиыр бұзаулап жатыр, ауылдың дәмін татып кеті­ңіз, – дейді аңқылдаған Вика.

Біз Викториямен телефон ар­қы­лы болса да,  көптен білетін кісілерше емін-еркін әңгіме­лес­тік. «Ол жақтағы немістерден  бізден діліміз бөлек. Біз ара­ла­сып-құраласпасақ тұра алмаймыз, доссыз, жолдастарсыз өмір сүре алмаймыз. Ауылда біреу­дің үйінде той болса, бар адамды сол үйден көресіз, біреу қи­сайып қалса, бүкіл ауыл­дық­тар­дың жанына батады, қайғысына ортақтасады. Бұл біздің өмірі­міз­дің мәні шығар», дейді В.Костенко. Ол бізбен қоштасарда:

– Осыдан төрт жыл бұрын біз­дің мектебімізді жөндеуден өткізген болатын. Керемет жақ­сы болып қалды. Айтпақшы,  ауданда  мұндай мектеп жоқ. Сіз Қарасуға келіп жүресіз ғой, аудан орталығындағы мектеп­тер­ді көрген боларсыз. Оларды Люблинканың мектебімен са­лыс­тыруға келмейді, біздің мек­тептің ауласының өзі қандай, гүлге орап тастаймыз! – деді. Ары қарай мектептегі,  шағын ор­талықтағы балалар санын, өзінің тәрбиешілік жұмысының қызықты екенін де айтып үл­ге­р­ді. Неміс әйелдің дауыс екпіні­нен, сөзінің ыңғайынан «Аудан орталығындағы мектептер Люблинка мектебінің қасында жіп те есе алмайды, оның қолына су құя алмайды» деп тастырып жіберетін қазақы мақтанды бай­қап қалдым. Несі бар, қазақтың  нанын жеп, суын ішіп  өскен соң,  жұғысты болмасын ба, жа­ра­сымды-ақ. Виканың әңгімесі – еліміз дамуының  шынайы шын­дығының  суреті десек болар.  Шалғайдағы кішкентай Люб­­линка ауылы мен ондағы орта мектеп – Қазақстанның, бүгін­гі ауылдың қаншалықты көте­ріл­генінің айғағы. Бәрінен бұрын  Викторияның  сөзінен қазақ­стан­дық патриотизм лебі есіп тұрды.

Германиядан оралған неміс­тер жөнінде ақпарат алу мақ­сатымен немістердің «Возрождение» қоғамының төрағасы Виктор Мартынович Ульрихпен де хабарласқанбыз. Қазір  Қос­та­най облысында 28 680 неміс  тұрады.  О баста   жұмысын ком­мер­ция­лық сипатта құрған бұл ұйым  Гер­манияға кеткісі келетін неміс­тердің құжатын толтыруға көмек бергенмен,  ол жақтан Қа­зақ­стан­ға қайтып оралған­дар­дың  есебін  жүргізбейтін кө­рінеді. Облыс  өңірінде тұра­тын неміс этносына тіл үй­ре­теді, мәдениет, дәстүр-салтын сақтауға бағытталған шаралар жүргізеді.

– Әлеуметтік-тұрмыстық жа­ғы­нан,  әрине, немістердің Гер­ма­ниядағы жағдайлары өте жақ­сы. Бірақ  олардың  көзіндегі  тұн­ған сағыныш  Қазақ­стан­да­ғы  адамгершілікке, ұлттық ын­тымаққа, бірлікке  негізделген бейбіт өмірге ешнәрсенің  тура келмейтіндігін айтып тұрады. Адамдар арасындағы мейірім-шапағат, бір-біріне деген  ниет-ықылас, адамгершілік  бізде әлі жақсы  сақталған. Түптеп келгенде, адамға керегі де осы екен ғой. Ал материалдық жағын айтсақ, қазір Қазақ­стан­дағы әлеу­меттік жағдай  кем емес, жыл­дан жыл­ға жақсарып келеді. 90 жылдары қиындық болғанда кеткендер, Қазақ­стан­ның қазіргі дамуын естіп-біліп отыр, – дейді Виктор Мартынович.

Виктор Мартыновичтің өзі– Қостанайдың тумасы. Әкесі Мартын Иванович 1941 жылы  күзде азып-тозып келгенде өз­дері­не қазақтардың қалай көмек­тескенін, үйлеріне кіргізіп алға­нын, талқанын бөліп жегенін ғұ­мыр бойы айтып отырыпты.

– Әкемнің ең жақын достары, сыйластары қазақтар болды. «Аш-жалаңаш келіп, қазақ­тар­дың арқасында  ілеске  ілі­ніп кет­тік,  мұндай мейірімді ха­лық  бар ма екен? Олар бізге көмек беруді міндеті сияқты қабылдаған еді» деп айтушы еді әкем, – дейді Виктор Мартынович. – Әр неміс отбасы үшін, әркімнің өз шешімі үшін біздің  қоғамдық ұйым жауап бере алмайды. Ал менің өзім Қазақ­станнан басқа жерді елестете алмаймын.

Виктор Мартынович сөзінің арасында  немерелерінің мектепте, балабақшада қазақ тілін оқи­ты­­нын, өзіндей емес, олар ке­ле­шек­те қазақ тілін бәрібір мең­ге­ретінін айтты. Мұны  не­міс ұлты өкілінің шынайы лебізіне балайық.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

Қостанай облысы.