• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2012

Армиядағы арулар

417 рет
көрсетілді

Армиядағы арулар

Сейсенбі, 3 сәуір 2012 8:01

«Отан отбасынан басталады», десек, сол отбасының ортаймас ырысқа, ша­па­ғат-шуақ­қа бөленуіне бүкіл ғұмырын сарп ететін жал­ғыз ғана жан бар. Ол – әрине, Ана. «Жәннат – әйелдің аяғының астында», депті Қасиетті кітабымыз. Отанына, отбасына, аналық міндетіне адал әйел затының ұлы­лығына бұдан артық балама табу мүмкін бе! Егер ұлттың рухани деңгейі оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді десек, үнемі Ананы ардақтап, қызды қастерлеп, аруды аялап өскен біздің халқымыздың даналығына бас игендейсің.

 

Сейсенбі, 3 сәуір 2012 8:01

«Отан отбасынан басталады», десек, сол отбасының ортаймас ырысқа, ша­па­ғат-шуақ­қа бөленуіне бүкіл ғұмырын сарп ететін жал­ғыз ғана жан бар. Ол – әрине, Ана. «Жәннат – әйелдің аяғының астында», депті Қасиетті кітабымыз. Отанына, отбасына, аналық міндетіне адал әйел затының ұлы­лығына бұдан артық балама табу мүмкін бе! Егер ұлттың рухани деңгейі оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді десек, үнемі Ананы ардақтап, қызды қастерлеп, аруды аялап өскен біздің халқымыздың даналығына бас игендейсің.

Қазақ халқы қыз баланы әрқашан әлпештеп өсірген. Төріне отырғызып, төбесіне көтерген. Анаға, әйелге ерекше құрмет көрсеткен. Біз жаһандану за­ма­нында осынау жақсы салт-дәстүрімізден тамырымызды үзіп, ажырап қал­мауы­мыз керек.

Тарихқа көз жіберсек, ел бастаған кө­сем де, сөз бастаған шешен де ақ жаулықты аналарымыздың арасынан шыққан. Ел басына күн туғанда қос бұрымын дулығаның астына жасырып, ақша жүзін күн қақтырып, атқа қонған аруларымыз аз емес.

Ежелгі түркі дүниесінде дүйім елге бес ана билік айтқан кездер де болған. Біздің қазіргі тілімізде қалыптасқан «Бесенеден белгілі» деген тіркес сол бір ықылым замандардан қалған.

Біздің Отанымыз қиын-қыстау сәт­тер­де ел үшін ер-азаматтармен бір қа­тар­да тұруға қашанда әзір нәзік жан­ды­лар алдында тағзым етеді. Мыңдаған қыз-келін­шек­тер Ұлы Отан соғы­сын­дағы майдан даласында батылдық пен батырлық та­ны­тып, жаумен арпалысты. Тылда мил­лиондаған әйелдер, соның ішінде Қа­зақ­стан арулары елімізді қор­ғауда жүрек жылулары, сенімдері мен махаббаттары арқылы сарбаздардың жауынгерлік ру­хын көтеріп, Ұлы Же­ңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ерлік дәс­түрі Ұлы Отан со­ғы­сы жылдарында да елдің рухын көтерді. Екінші дүние­жүзілік соғыс тари­хын­да­ғы жарық жұлдыздар – Шығыстың қос шы­нары – Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз Доспанова ерлермен тізе қосып, қаһар­мандық көрсетті. Отандастарымыз олар­дың есімдерін ешқашанда ұмытпақ емес.

Алдыңғы буынның асыл қасиеттерін бүгінгі аруларымыз өз бойларына сіңі­ріп, жүзеге асырып жүргендігі белгілі. Жоғары азаматтық пен патриоттық эс­та­фетасын лайықты жалғастырушы за­ман­дастарымыз еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мем­ле­кетіміздің қорғаныс қабілетін қамта­ма­сыз ету ісіне қомақты үлестерін қосуда. Погон таққан қыз-келіншектеріміздің қай­­сарлығы, жоғары жауапкершілігі мен кәсібилігі арқасында қазіргі әскери құ­­рылыстың маңызды да күрделі тап­сыр­малары ойдағыдай жүзеге асы­рылуда.

Талай ғасырлардан бері әйелдер сезімталдықтың, нәзіктік пен мейірім­діліктің таңғаларлық қайталанбас бейнесіне айналды. Отбасының жылуы мен жарасымы, туған үйдің тыныштығы, махаббат пен сенім сияқты баға жетпес құндылықтар Ана есімімен тығыз байланысты.

Соңғы жылдары елімізде «гендерлік саясат» ұғымы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде қалыптасып отыр. 2000 жылғы қыркүйек айында өткен Мыңжылдық саммитiнде әлемнiң көп­те­ген елдерiнiң лидерлepi Бiрiккен Ұлт­тар Ұйымының Мыңжылдық деклара­ция­сын қабылдаған болатын. Осы құ­жаттағы негізгі сегiз мақсаттың бiрi ретінде гендерлiк теңдiктi қолдау айқын­дал­ды. Сонымен қатар, бұл мәселеге Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы өзінің ХХІІІ сессиясын арнады. Осы жиынға қатысушы мемлекеттерге әйел­дер­дiң өмiрдiң барлық салалары мен барлық деңгейлерiне тең қол жеткiзуiн және толық ауқымда қатысуын қамта­ма­сыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды ұсынды. Осы мақсатта Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен бекітілген «Қа­зақстан Республикасындағы гендер­лiк саясат тұжырымдамасы» қабыл­дан­ды. Бұл құжат Қазақстандағы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттарын, басым­дық­тары мен мiндеттерiн айқындап берді. Осындай ізгі қадамға бару арқылы Қазақстан әлемдегі гендерлік теңдікті мұрат тұтқан мемлекеттердің біріне айналды.

Гендерлiк саясаттың негiзгi қағи­дат­тары мемлекеттің Ата Заңымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құ­қы­ғы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Қазақ­стандағы гендерлiк саясаттың мiн­дет­те­рiне әйелдер мен ерлердiң би­лiк құры­лым­дарында тең қол жеткiзуі, эконо­микалық тәуелсiздiктiң барлық тең мүм­кiндiктерiн қамтамасыз ету, өз биз­не­сiн дамыту және қызмет бабында iл­герiлеу, отбасылық құқықтар мен мiн­дет­тердi тең жүзеге асыру үшiн жағ­дайлар жасау жатқызылатыны белгілі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президен­тi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құ­рыл­ды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылғы 5 наурызда Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өткені мәлім. Съезге қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сол жиында Мемлекет басшысы әйелдер­дің өмірлік маңыз­ды салаларда жұмыс істей алатын­дықтарына кеңінен тоқталды.

Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік тең­дік стратегиясында мемлекеттік бас­қару органдары арасындағы әйел­дердің өкі­лет­тілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті қойылды. Осы мақ­сатта бүгінде орталық мемлекеттік органдарда нақты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қазақстанның Қарулы Күштері де қоғамның ажырамас бөлігі. Мемлекетте болып жатқан саяси-экономикалық іс-шаралар армияны айналып өтпейді. Ер адамдармен қатар әскери қызметші әйел­дерге мамандық таңдау, қызметі бой­ынша жоғарылау, қызметтік өсуін қам­тамасыз ету кезінде азаматтық құ­қықтары мен бостандықтарын іске асыруда үлкен мүмкіндіктер берілген. Әйелдерді әлеу­меттік қорғау, олардың өмірін сақтау, ана мен баланы қорғау жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. 2011 жылы басшылық лауа­зымдардағы әскери қызметші қыз-келіншектердің саны 11%-ға өсті.

Жыл басынан бастап шешімдер қа­былдау деңгейіндегі мемлекеттік әкім­ші­лік лауазымдарды атқаратын әйел­дердің үлесі 18%-ға артты.

Барлық әкімшілік мемлекеттік қыз­ме­тшілер тұрақты негізде тең дәрежеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бекіткен кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспар-кестесіне сәйкес біліктілігін артты­ру семинарларынан, қайта даярлау курстарынан өтеді.

2011 жылы заңгер әйелдерді тарта отырып, 15-тен астам нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізілді.

Қазіргі уақытта Қарулы Күштер қатарында ерлермен бірге әйелдер де қызмет атқарып жүр. Олар үлгілі әскери қыз­меттерімен еліміздің қорғаныс қабі­ле­тін күшейтуге өз үлестерін қосып келеді.

Бұрымдылар өз міндеттерін медицина қызметкері, әскери бөлімдер мен мекемелердің психологі, қаржы ма­маны, байланысшы, парашюттен секіруші, тіпті мерген лауазымдарында абыроймен атқарып жүр.

Қазақстан армиясындағы қыз-ке­лін­шектер негізінен келісім-шарт бой­ынша қызмет атқарады. Шалғайдағы гарнизондарда ерлермен бірге тізе қоса жү­ріп, офицерге сүйген жар бола білген бұрымдыларымыз да жетіп артылады.

Әскери қызметші қыз-келіншектер өздеріне жүктелген жұмыстарды ат­қа­ру­да кәсібиліктері мен тиянақты­лық­та­рын көрсетіп, өз қызметтік міндеттеріне адалдықтарын танытып, әріп­тестеріне үлгі болып жүр. Бөлімдер мен меке­ме­лер­дің қоғамдық өміріне, мәдени-де­м­алыс шараларына, жеке құрамның оқу-тәрбиелік үдерісіне бел­сене араласып келеді. Мысалы, жас жауынгердің бейімделу кезеңінде әрбір әскери қыз­мет­ші әйел жас сарбаздың қасынан табы­лып, оның қаз тұрып, қадам басуына көмек көр­сетеді. Әскери қызметші әйелдердің арасында полковник, подполковник, майор сынды аға офицерлер де бар. Сондай-ақ, олар – жеке құрам ара­сын­дағы әскери тәртіпті күшейтудегі командирлер мен бастықтардың сенімді серігі.

Қорғаныс министрлігінің бас­шы­лы­ғы әйелдерді әлеуметтік жағынан қор­ғауға, олардың өмірін сақтауға, ана мен бала денсаулығын қорғауға барынша көңіл аударып келеді. Әс­кери қыз­мет­ші­лер мен қызмет­керлердің бұл кате­гориясы Қазақстан Республикасы­ның заң актілерінде қарастырылған же­ңіл­діктердің барлық түрімен қамтамасыз етілген. Ал, гендерлiк саясат қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге ба­ғытталған мемлекеттiк және қоғам­дық қызмет.

Бағдат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс  министрінің орынбасары.