• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Наурыз, 2019

Фотограф сыйлаған мәңгілік ғұмыр

2440 рет
көрсетілді

Біз үнемі айта беріп жауыр қылған кие мен қасиет, обал мен сауап, мейірім мен махаббат бір ғана суреттің өн бойынан саулай төгіліпті. Құралайдың момақан ғана қалпына қараңызшы... өзін көктің де, жердің де иесі сезініп алшаңдай басқан адамзатқа қанағат пен рақымды ұқтырғысы келгендей жәудірей қарап қалыпты. Адам мен табиғаттың егіз ұғым екенін аңғартар осы бір тамылжыған замат Әлібек Ибраевтың объективіне ілінген сәт: киіктің лағын қос қолдай көтеріп тұрған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің портреті жүректерді жылытқан картинаға айналды.

Көпшілікке Оспан Әли есімімен танылған Әлібек Ибраевпен бүгінгі әңгімеміз кадр сыртындағы фотограф кәсібінің қиындығы мен қызығы төңірегінде өрбіді. Ең әуелі адам мен табиғат үндестігі салтанат құрған осы бір суреттің сырын сұрауға асықтық.  

– Сол уақыттарда елімізде киіктердің қырылып жатқан кезі еді. Өзім Қы­зылорда жақтан болғандықтан, киіктің киесі туралы әңгіме көңіл түкпірімізде айрықша қатталып қалған-ды. Осы тақырыпта бірнеше жұмыстарым болуы тиіс деп, Орман шаруа­шылығы комитетіне хабарлассам, Қорғалжын мемлекеттік қоры­ғы­на пресс-тур ұйым­дастырып жатыр екен. Көп ойланбастан мен де ілестім. Бізді «Охот­зоопром» мекемесінің жануарлар дүние­сін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев қара кешке дейін ертіп жүрді. Жүзі ерекше жылы адам көрінді. Әңгіме арасында, киіктің неге киелі аң саналатынын сұрадым. «Киіктердің бір ерекшелігі, ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Далада келе жатқан кез келген киік жалғыз-жарым құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, ертіп әкетеді. «Жетімін жылатпаған» қазақ киікті осы себепті кие тұтса керек», деді.  «Аға, олай болса өз балаңыздай көтеріп түсі­ңізші» деп сол сәтті түсіріп алдым, – деп еске алды ол.

Одан бөлек, қорықшы үдеп тұрған браконьерлік шабуыл туралы да мұңын шағып, көп айтса керек, фотоға түсірудің нағыз қызығына батқан Әлібек бұған аса мән бере де қоймаған. Ал тұп-тура бір жылдан соң борышын адал атқарған табиғат жанашыры туралы суыт хабар еститінін, әйткенмен өзі түсірген суретімен-ақ мәңгілік ғұмыр сыйлайтынын ол кезде білген жоқ. 

– Өзім түсірген фотоны жан-жақтан жіберіп, Ерлан ағамыздың қазасын естіртеді деген ой басыма кіріп шыққан емес. Браконьерлер аңға ғана емес, адамға да шабуыл жасайды деп ойламаған едім. Бұл фотосурет адам мен табиғаттың етене жақындығын көрсететін жаныма жақын туындыларымның бірі болып қалды, – дейді өткен күндерге ой жүгірткен Әлібек.

Әлібек Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туып-өскен. Тоқ­саныншы жылдардағы ата-аналар балаларының қаржыгер, спортшы сияқты сәнді маман иесі болғанын қалай­тын еді ғой. Ол да үйдегі үлкен­дердің сөзін жерге тастамай, ҚазҰУ-да әуелі «Қаржы» мамандығы бойын­ша білім алып, кейін «Маркетинг» мамандығымен магистратура бітірген. Осының барлығын ысырып қойып, оның фотоөнерге қаймықпай қадам басуы әсте кездейсоқтық емес. Бала кезінен-ақ іште маздай жанған әдемілікке деген құштарлығы, жылдар бойғы ұқыпты дайындығы жатыр.

– Қайда жүрсем де өзіммен бірге камераны алып жүремін. Камераның сиқыры бірінші адаммен жолықтырады, екінші өмірде болып жатқан дүниеге көзқарасың өзгере бастайды. Ешкім сені елемейді, ал сен уақытты тоқтатып қойып, өмірдің әр сәтін тамашалайсың. Фотосуретке әуестенгенге дейін жас­тар саясатымен айналыстым, ұзақ уақыт бойы продюсерлік орталықтарда, сондай-ақ телеарналарда жұмыс істедім. Мұның бәрі мен үшін пайдалы тәжірибе болды. Фотосурет өнері бұрынғы қызығушылығым мен тәжірибемді бір арнаға тоғыстырды, – деген Әлібек фотоөнердің Қазақстан туралы әлем­ге айтуға мүмкіндік бергеніне дән разы. Уақыт пен өлшемді қа­рапайым адамдардың бойынан, шат-шадыман күлкісінен, көңіл еле­гінен өтіп, жатталып қалған сонау шақтардан іздейді. Әсіре ұраннан, даңғаза мақтаннан ада:

«Фото әлеміне қанша жерден қызықсам да, фотограф боламын деп әсте ойлаған емеспін. Үшінші сыныпқа дейін ауылда тұрдым, ауылдан қалаға, одан мегаполиске көштік. Сол аралықта көз алдымда түрлі бейнелер қалды. Әжем бұрынғы қазақтар көк көзді, сарғыш келеді деп отыратын. «Этникалық қазақ» портреті әжемнің айтуымен туған сурет. «Керуен» сауда үйінің қасында түсірдім десем ешкім сенбейді. Бала кезімізден «Әр нәрсенің қайыры бар», «Бұйырғаны болар» деген сөзбен ер жеттік» дейді ол.

Содан да болар, Әлібектің туындыларынан құшақ-құшақ жылуды, жүзіне мейір тұнған аналарды, қанағатшыл бейнелерді жиі кездестіресіз.

Оспан Әлидің алғашқы қадамы Миландағы ЭКСПО-2015 Қазақстанның ұлттық павильонындағы халықаралық көрмеге туындысы қойылудан бас­талған еді. Артынша бір жылдан соң Әлібектің 500 фотографтың ара­сынан іріктелген жұмыстары Париж­дегі «Карусель дю Лувр» сауда ор­талығында таныстырылды. Одан кейінгі жылдардағы Астанада өткен «Тәуелсіздіктің 25 ма­ма­ны», «Мен қазақ даласының қызы­мын» ат­ты фо­токөрмелері ұлттық рең­кі­мен ерекшеленеді. Ал 2018 жылы Фран­циядағы Лувр музейінің атақты Париж алаңында өткен «Қазақстан ыр­ғағы» атты автордың жеке көрмесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты деу­ге болады. Сол сапарда шетелдік за­манауи өнер орталықтарының бағыт-бағдарымен та­нысқан ол, енді тұрақты байланыс орнатуды мақсат етіп отыр. Әлі­бек қазір Астанада «Ospan Ali productions» креативті агенттігіне же­тек­­шілік етеді. Айтпақшы, оның көп­ші­лікке танымал Оспан Әли есімін таңдауының, осы атаумен таны­луы­ның өзіндік сыры бар. 

– Мені анам жалғыз өсірді. Кө­бінде нағашыларымның қолында тәр­биелендім. Есейе келе тегімді нағашы атамның атына «Оспанов» деп ауыс­тырғым келген. Мектепте оқып жүрген кезіміз ғой, сыныптасым Нұрбек «ов» жұрнағын алып тастасаң қайтеді деді. Сол кезде арамыздағы біреу «Оспан Әли десең тіпті қатып кетеді» деп қалды. Осылайша әлеуметтік желілерге Оспан Әли атауымен тіркеліп, сыныптастарым қойып берген есіммен танылып кеттім, – деп жымиды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»