• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2012

Емі табылмаған дерт

413 рет
көрсетілді

Емі табылмаған дерт

Жұма, 17 ақпан 2012 8:01

Оны асқындырмаудың қазақстандық сценарийлері әзірлену үстінде

Қазіргі күні күллі әлемді толғандырып тұрған аса күрделі мәселелердің бірі – әлемдік экономикалық дағдарыс. Ол уақыт өткен сайын жаһандық сипат алып, жеті басты айдаһардай Жер шарын уысына қыса түсті. Әзірге бұл дерттің басты емі ешбір елде табылған емес. Өйткені, онымен күрес те жеке мемлекеттің ауқымынан шығып, адамзаттың бәріне ортақ өткір проблемаға айналды.

Жұма, 17 ақпан 2012 8:01

Оны асқындырмаудың қазақстандық сценарийлері әзірлену үстінде

Қазіргі күні күллі әлемді толғандырып тұрған аса күрделі мәселелердің бірі – әлемдік экономикалық дағдарыс. Ол уақыт өткен сайын жаһандық сипат алып, жеті басты айдаһардай Жер шарын уысына қыса түсті. Әзірге бұл дерттің басты емі ешбір елде табылған емес. Өйткені, онымен күрес те жеке мемлекеттің ауқымынан шығып, адамзаттың бәріне ортақ өткір проблемаға айналды. Демек, бұл жағдайдың әлемдік экономикаға интеграцияланған, халықаралық рыноктарға мұнай мен газ, қара және түсті металл, астық, басқа да шикізат көздерін шығаратын ел ретінде Қазақстанға да әсер етпей қалмайтыны шындық. Осыған орай газетімізде бүгіннен бастап «Дүние және дағдарыс» атты жеке айдар ашылса, ол арқылы осы проблема төңірегінде болып жатқан оқиғалармен халықты құлағдар етіп отыру көзделген.

Бұрынырақ уақыттарда экономика­лық дағдарыс жекелеген елдер айна­ласында өріс алып, әрі кеткенде белгілі бір өңірлерді қамтитын. Қазір бұл құбылыстың бір өңірді шарпып барып екінші бір өңірге ауысуы, сөйтіп, бүкіл әлемді кезе бастауы байқалады. Осы тұрғыдан алғанда адамзат соңғы 10-15 жылдан бері дағдарыс қаупінен көз ашпай келеді десе де болады. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экономикасын тұралатып кеткен осы дерт 2008-2009 жылдары АҚШ-та жаңа тегеурінді екпінмен бас көтерген еді. Оның қызуы сәл салқындай түскен сәтте, енді міне, Еуроаймақ елдерін өрттей шарпи бас­та­ды. Оның екпіні де аса қатты. «Еуро­аймақ ортақ валютаға біріккен ел ретінде өмір сүріп қала ала ма, қала алмай ма?» деген сұрақ күн тәртібіне шығып отыр. Оның үстіне қазіргі күні осы өңір елдерінде болып жатқан жағдайдың басқа өңірлердің де тізесін дірілдете бастағандығы сезіледі. Мә­селен, осы уақытқа дейін сыр бермей келген, даму қарқыны 10 пайыздық деңгейден төмендемеген Қытай эконо­микасының таяу болашағы туралы сарапшылар болжамы да жақсы болмай тұр. Осы елдің Мемлекеттік ақпа­раттық орталығы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Қытай ішкі жалпы өнімінің өсімі 8,5 пайызды құрайды деп мәлімдесе, әлем елдері экономи­каларының дамуына ауық-ауық білікті баға беріп, болжам жасап отыратын Халықаралық валюта қоры үстіміздегі жылы бұл елдің даму деңгейі 8,2 пайыздан аспайды деген қорытынды түйді. Ал басқа да кейбір халықаралық сарапшылар Қытайдың биылғы жылы даму көрсеткіші 7-7,5 пайыздық дамумен тұйықталады деген де күдік айтты. Осы уақытқа дейін сыр бермей келе жатқан алып экономика туралы болжам осылай болғанда, дағдарыс өртіне жиі шарпылып тұрған батыстық алдыңғы қатарлы экономикалар ту­ралы қауіп-қатер бұдан да күштірек.

Жуықта ғана болып өткен Давос­та­ғы басқосу әлемдік деңгейде сөз сөй­лейтін саяси қайраткерлер мен эконо­мист ғалымдардың, сарапшылардың кө­ңіліне қатты алаң кіріп отырған­дығын тағы бір дәлелдеп берді. Олар «дағдарыстың ұлы көші», яғни бұл дерттің бір кезеңнен екінші кезеңге кедергісіз өтіп, бүкіл әлемді шарлай бастауы туралы айтуға кірісті. Осы форумның атқарушы директоры Клаус Швабтың өзі болашаққа қара бұлт төндіре сөйледі. «2012 жыл – біз үшін аса маңызды. Біз дәл осы жылы еу­роаймақта дағдарыстың бұдан әрі өршуіне жол бермеуге тиістіміз. Осы ретте мен біздің болашағымыздың күрескерлері жас ұрпақтың дауысын естігім келер еді. Ал олардың өзін қазіргі күні қалың, күрделі проблемалар шырмай бастады. Оның ең қауіптісі – жұмыссыздық. Бізге кем дегенде 6 миллион жұмыс орнын құру қажет. Бұл – әрі әлеуметтік, әрі саяси мәселе», деді.

Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Кристин Лагард­тың айтуынша, Еуроаймақтағы жағдай жақсарар емес. Осы өңірдегі көптеген дамыған елдердің жиынтық қарызы шамадан тым асып кетті. Осыған орай Халықаралық валюта қоры қарыз дағ­дарысының екпінін басып, Еуроодақ­тағы жағдайды ретке келтіру үшін әлемнің үлкен елдерінен 500 миллиард долларды қосымша бөлуді сұраған. Алайда, АҚШ, Қытай, Жапония сияқ­ты әлеуетті елдер өздерінің мұндай қадамға әлі дайын емес екендігін сездірді. Осыған орай Кристин Лагард Давос форумындағы өз сөзінде егер әлемдік қауымдастық рецессияның алдын алу үшін тиімді әрекет етпейтін болса, онда бүкіләлемдік экономика дағ­дарыс тұңғиығына бататындығын, ал оның әсері АҚШ-тағы 30-жылдар­дағы «ұлы күйзелістен» кем бол­майтын­дығын» мәлімдеді. «Бізге дәл қазіргі сәттің айқындаушы сәт екендігін ұғудың маңызы өте зор. Бұл жерде әңгіме жекелеген елді немесе өңірді аман сақтап қалу туралы болып отыр­ған жоқ. Бүкіл әлемді экономикалық тұңғиықтан аман сақтап қалу туралы болып отыр. АҚШ-та 30-жылдардың ба­сындағы әрекет­сіздік пен оралым­сыздық және қатаң идеологиялық ұстаным ақыр аяғында осы елге ұлы күйзелістің дендей енуіне жол ашқан болатын. Бұл жолғы жағдай да дәл сондай», деді.

Халықаралық валюта қоры Еуро­падағы басталу үстіндегі рецессияның дүние дидарына тигізетін ықпалын өзінің бұрынғы болжамынан қарағанда неғұрлым салмақтырақ бағалап, әлем­дік экономиканың үстіміздегі жылғы дамуы жөніндегі болжамды көрсет­кіш­терін төмендете түсті. Оның бұ­рын­ғы, яғни өткен жылдың қыркүйек айындағы болжамы бойынша, әлемдік экономиканың 2012 жылғы даму дең­гейі 4 пайызды құрайды деп есептелсе, енді ол 3,3 пайызға төмендетіліп отыр. Сол сияқты бұрын Еуроодақтың даму деңгейі 1,1 пайыз болады деп есептелсе, енді ол, керісінше, өткен жылғы көрсеткішіне қарағанда 0,5 пайызға құлдырайды деп болжануда. Еуропада жағдайы төмендей түсетін елдер қатарында Грекия, Италия, Испания және тағы басқа да бірқатар елдер бар.

Енді осы елдердің жағдайына жекелей тоқтала кетейік.

 

Грекия – дағдарыстың басты ошағы

Грекияның дағдарысқа ұрынуына басты себеп болып отырған жағдай­лар­дың бірі, халықаралық сарапшы­лар­дың пайымдауынша, бұл елдің шет мемлекеттер мен халықаралық қорлар алдындағы қарызының шектен тыс артуы болып отыр. Өткен 2009 жыл­дың өзінде ғана бұл ел жағдайының ауырлығына байланысты 80 миллиард еуроға жуық қарыз алған. Бұл қарыздың өзі оның ішкі жалпы өні­мі­нің 30 пайызын құрайды. Жуықта ел­дің жалпы қарызы 360 миллиард еуро­ға жеткендігі мәлім болды. Екінші жақ­тан бюджет тапшылығының мәсе­ле­сі де ел еңсесін түсіріп барады. Ол еуроаймақ бойынша рекордтық көр­сет­кішке жетіп, елдің ішкі жалпы өні­мінің 13 пайызын құрап отыр.

Қайтадан қарыз алмаса, Грекияның өзін өзі сақтап қалуға ешбір мүмкіндігі жоқ. Бірақ бұл жолы еуроаймақ елде­рінің басшылары қарыз берер алдында Грекияға бірқатар ауыр шарттар қой­ды. Енді бұл ел жалақы мен зейнет­ақыны, жәрдемақыны барынша қыс­қар­тып, аздан да, көптен де үнемдеуге кірісуі керек. Бірақ бұған халық на­разылық танытып, жиі-жиі ереуілдерге шығуда. Ереуілге шыққанымен, одан ешқандай пайда жоқтығы, жағдай бұлай созыла берсе, кезіндегі гүлден­ген мемлекеттің бір-ақ сәттің ішінде құрдымның құрығына түсетіндігі мә­лім. Осыны ұққан ереуіл ұйымдас­ты­рушы Грекияның кәсіподақтар одағы үкіметпен келісімге келіп, Германия, Франция мен Халықаралық валюта қоры басшыларының қойған шарт­тарын орындауға мәжбүр болды.

Қазіргі күні Грекияға 130 миллиард еуроның қарызын беру мәселесі тал­қы­лану үстінде. Еуроаймақ комис­сиясы мен ел үкіметінің кездесіп, келіссөз жүргізуі 20 ақпанда өтеді деп белгіленіп отыр. Жалпы, осы кездесу Грекияның бұдан кейінгі тағдырын айқындайтын болады. Немесе келіссөз кейінге сырғытылуы да мүмкін. Бірақ қалай алып қарағанда да, Грекияға қазіргі қысылтаяң жағдайдан шығу үшін қаржы алу мәселесін көп кешіктірмеу қажет. Сондықтан бұл ел Парламентте бұрынғы заңдардың бәріне өзгерістер енгізіп, әлеуметтік шығын­дарды шектеу мәселесіндегі Еуроаймақ өкілдері қойып отырған шарттарды орындауға белсенді түрде кірісіп кетті.

 

Испанияны жұмыссыздық басып барады

Испаниядағы қазіргі жұмыссыздар саны 5 миллион адамнан асқан. Мұ­ның өзі әрбір 4 адамның бірі жұмыс­сыз екендігін көрсетеді. Мұндағы неғұрлым зардап шеккен салалардың бірі – қызмет көрсету саласы. Елдегі туризм жақсы жетілген өңірлердің бірі – Андалусияда жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін көтерілген. Ката­ло­ния­дағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл өңірлер бұрын Испаниядағы неғұрлым халық тұрмысы жақсы өңірлер қата­рын­да аталатын. Тіпті осы жағдайға байланысты Испаниядан бөлек кетіп, автономия құрмақ ойлары да болған. Ал қазіргі жағдай тек туризм саласына ғана сүйеніп, өмір сүру мүмкін еместігін, бұл саланың дағдарыс шырмауына түсуге неғұрлым бейім екендігін көрсетіп берді.

Сарапшылар Испаниядағы эконо­ми­каны инвестициялау деңгейінің де құлдырағандығын айтып отыр. Ха­лық­аралық валюта қорының болжамы бой­ынша, бұл көрсеткіш биылғы жылы 10,3 пайызға дейін төмендей түс­пек. 2013 жылы да осы жағдай жалғасуы мүмкін.

Сарапшылардың атап көрсетке­нін­дей, бұл елдің де түбіне жетіп отырған мәселе жақсы өмірдің қызығын мейлінше қызықтау, бар мен жоқтың ара­сын екшемей, қарызбен күн кешу бо­лып отыр. Мұнда мемлекеттік қарыз­дың көлемі ішкі жалпы өнімнің 67 пайызына дейін жеткен. Бюджет тап­шылығы 8 пайыздан асып түскен. Ел үкіметінің басшылығы енді оны 2012 жылы 4,3 пайызға дейін шектеп, 2013 жылы жалпы еуропалық стандарт 3 пайыздық шамаға жеткізу жөнінде уәде беріп отыр.

Қиындықтан шығудың шарасы ретінде ел басшылығы мемлекеттік ап­па­ратты барынша қысқартып, жалақыны шектеу мәселесін қарастыруда. Бірақ бірқатар сарапшылардың атап көр­сет­кеніндей, елдің дағдарысты еңсеру шараларының ішінде жаңа жұмыс орын­дарын құру мәселесі мейлінше күмәнді болып отыр. Өйткені, дәл қа­зіргі сәтте Испания үшін бұған негіз бо­латындай сенімді алғышарттар қа­лыптаса қойған жоқ.

 

Португалияда саяси кикілжің көп

Мамандардың айтуына қарағанда, Португалиядағы дағдарыстың алғаш­қы шеті 2009 жылы осы елдегі троц­кийшіл-маошыл блоктың парламент сайлауында 10 пайыздық дауысқа ие болуынан басталған. Бұл елдің басты заң шығарушы органындағы саяси ки­кілжіңді күшейтіп, елге келіп жатқан инвестиция көлемінің азаюына ықпал етті. Инвесторлар 2009 жылғы ел бюд­жетіндегі шығындардың артуына өз наразылықтарын білдірді. Бюджет тап­шылығы ішкі жалпы өнімнің 9,3 пайызын құрады.

Жағдайдың нашарлағандығы елдегі бағалы қағаздар сату жөніндегі өткізі­летін аукциондардан көрініс берді. Мем­лекеттік облигациялар мен елдегі ірі компаниялардың бағалы қағаз­дары­ның құны құлдырай бастады. Елдегі  экономикалық жағдайға жауап беретін министр Хорхе Лакаоның айтуынша, парламентте басталып кеткен саяси дау-дамай ақыр аяғында  үкіметтің елді басқару қабілетінің төмендеуіне алып келді. «Қазір күн тәртібіне Пор­тугалияның мемлекет ретіндегі өмір сүруіне сенім білдіру мәселесін қою ғана қалып отыр», деді ол парламенттегі сөзінде.

Португалияның мемлекеттік қа­ры­зы жөнінде тәуекелді білдіретін несие­лік-дефолттық көрсеткіші 2 ақпан күні 28 базистік пунктке көтеріліп, ре­кордтық жағдай – 222 деңгейлік көрсеткішке дейін жетті. Осыған орай, ел премьер-министрі Жозе Сократес өзінің отставкаға кету ниеті бар екенін білдіріп те қалды. Мұның негізгі себебі ретінде ол өзінің парламентте елді басқаруға, қатаң жағдайдағы эконо­микалық шараларды енгізуге жеткілікті дәрежеде құқыққа ие бола алма­ғандығымен түсіндірген.

 

Италия Олимпиададан бас тартты

Дефолт қарсаңында тұрған, міне, осындай елдер қатарына Италияны да қосуға болады. Бұл елдің басқалардан бір ерекшелігі – оның алыптығы. Экономикалық қуаты жөнінен Италия Еуропада Германия мен Франциядан кейінгі үшінші орын алады. Сондық­тан оның экономикасын, егер алда-жалда дефолт жағдайы орнығатын болса, құтқарып қалу тіптен қиын­дыққа түспек. Осы жағдайды ескере отырып, Италия дағдарыспен күрес шараларын күшейтіп жатқанымен, әзір­ге олардың тиімділігі байқалмай отыр.

Мәселен, бұл ел  2020 жылы Римде өтуге тиіс Олимпиададан бас тартты. Бұл жайында Италияның премьер-министрі Марио Монти мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндағы негізгі себеп елдегі қаржы жағдайының  нашарлауына байланысты болып отыр. «Өткір қар­жы дағдарысының қарсаңында үкімет салық төлеушілердің ақшасын мұндай жобаларға шаша алмайды», деп мәлімдеді ол. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Римде өтуге тиіс Олим­пиаданы ұйымдастыру үшін 12,5 миллиард долларға жуық мемлекеттік инвестиция қажет болады екен. Өзінің басқа жыртықтарын бүтіндей алмай отырған Италия үшін мұндай қаржы табу тым қиынға түспек. Осы ретте 2020 жылғы Олимпиаданы өткізуге Италиямен қатар Әзербайжан, Түркия, Испания, Жапония, Катар елдерінің де үміткер ретінде тіркелгендігі белгілі. Олимпиада өткізу құқы енді осы елдердің қайсысына бұйырмақ? Оны Халықаралық олимпиялық комитет 2013 жылы нақты айқындайтын бола­ды. Ал Италия туралы айтарымыз, бұл елдің дағдарысқа қарсы ұйымдас­ты­рып жатқан шараларының тиімсіз бо­латын себебі, мемлекеттің мойнына алып отырған әлеуметтік  шығын­дары­ның тым көлемді екендігі. Салыс­тырмалы түрде алатын болсақ, мұн­дағы парламент депутаттары мен пре­мьер-министрдің алып отырған жал­ақы­­лары басқа Еуропа елдерімен са­лыс­тырғанда әлдеқайда артық кө­рінеді.

Сонымен, қазіргі күні Еуропа елдерін, әсіресе, Еуроаймақты дағдарыс бұл­ты кернеп тұр. Соның ішінде жұ­мыссыздық проблемасы алдыңғы қа­тарда тұр. Ал жұмыссыз адам – қауіпті адам. Ол кез келген елдегі әлеуметтік сілкіністің белсенді қатысушысына айналады.

Мәселен, Еуропада соңғы кездері адамдардың көшеге шығуы белең алып отырғандығы белгілі. Осындай дерттен сақтану үшін бірінші кезекте бұрынғы жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу Еуропа үшін аса маңызды, күн тәрті­бінде тұрған бірінші міндет болып отыр. Бірақ, дәл қазіргі күні оның айқын тәсілдері мен амалдары табыла қойған жоқ. Еуропаның жекелеген елдерін барған сайын қаржы қарызы басып барады.

Бүкіл әлем бойынша жағдайдың күрделене түсуі Қазақстан үшін де кері ықпал ететіндігі айқын. Өйткені, біздің еліміз қазірдің өзінде бүкіл­әлем­дік қоғамдастықтың қай жағынан алып қарасақ та белсенді мүшесіне айнал­ған. Біз халықаралық рыноктарға кө­мір­сутегі шикізатын, металл мен ас­тық саудалау үстіндеміз. Әлемде дағ­дарыс белең алған жағдайда елдердің сатып алу қабілеті төмендеп, осыдан барып біздің стратегиялық тауарлары­мыздың бағасы да арзандай түсетіндігі белгілі. Демек, біздің еліміз үшін де дәл қазіргі уақытта жағдай біршама жақсы, экономикамыздың дамуы тұ­рақты болып отырғанымен, күллі әлемді шарпи бастаған дағдарысқа тыңғылықты әзірлік керек. Мұны өзінің жуықтағы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мықтап ескертті.

«Өткен 2011 жылы ел эконо­ми­касы 7,5 пайызға өсті. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар ма­ңызды бөлігі мемлекет меншігіне қай­тарылды. Енді «Богатырь», «Қа­рашығанақ», «Қашаған» кен орын­дары мен ЕNRC, «Қазақмыс» ком­па­нияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады. Кезінде мен мынадай жағдайларға байла­нысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялар пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз. Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айнал­ды. Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз. Болжанған жа­һан­дық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сарапшылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін. Біздің міндетіміз – экономиканы осы сы­нақ­қа дайындау, оны әртараптан­дыруды жалғастыру болып та­былады», деді.

Жалпы, Елбасының биылғы Жол­дауының бір ерекшелігі осы әлем­ді шарпып келе жатқан дағдарыспен күрестің басты бағыттары мен амал­дарын көрсетіп бергендігі болды. Жолдауда он міндетті алға тартқан Елбасы соның ең бірінші міндеті ретінде Үкіметке жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын биылғы жылдан бастап ел көлемінде жаппай жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Яғни, Жолдау қазіргі әлемді кернеп отырған күрделі проблеманы ел ішінде еңсеру мақ­сатын көздеп, бүкіләлемдік жағ­дайға орайлас жасалған. Біздің ойы­мызша, бұл Елбасының биылғы Жол­дауының басты сипаты болып та­былады.

Қазақстан экономикасының осы уақытқа дейінгі даму қарқыны, осы қарқындылықтан туындаған әлеумет­тік жағдайдың жылдан жылға жақсара түсуі адамдардың біраз бөлігін жол­дауларды оқыған кезде олардан өзде­рінің жеке басына жақсылық күтуге дағдыландырған еді. Қалыптасып қал­ған бұл құбылысты «Жолдаудан жыл­ма-жылғы дәмету» деп атасақ та артық емес. Бұл жолғы Жолдауда «ана әлеу­меттік топтың жалақысын ұлғайтайық, мына әлеуметтік топтың жәрдем­ақысын көбейтейік» дегендей, атаулы тапсырмалар болған жоқ. Оның есесіне бұл Жолдауда бүкіл қазақ­стан­дықтарға ортақ мәселелер қамтылған. Экономиканы нығайтудың, оның әлеуе­тін арттырудың басты жолдары көрсетілген. Ал мұның қайыры бұ­рынғы жолдаулардан ешбір кем болмайтындығы ақиқат.

Елбасы осыған орай Үкіметке дағ­дарыстың Қазақстанға тигізер әсерін елеп-екшей отырып, бірнеше нұсқалар бойынша жұмыс істеудің алдын ала сценарийлерін әзірлеуді тапсырды. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дағда­рыстың Қазақстанға қандай әсер ететіндігі бізге әзірге белгісіз. Мына аума­лы-төкпелі заманда, бүкіл дүние дүрбелеңге түсіп тұрған шақта алдағы уақыттан бәрін де күтуге болады. Соның тек жамандығы аз, жақсылығы мол болса екен. Әрине, ол үшін ең алдымен береке-бірілік, тәртіп пен өз мемлекетіңе деген сенім, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан», деп Абай атамыз айтқандай, жұртшылық болып қолға алып жатқан іске жақсы ниет қажет демекпіз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.