• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2012

Қазақстан-Германия: 20 жылдағы өзара тиімді қарым-қатынас

2038 рет
көрсетілді

Қазақстан-Германия: 20 жылдағы өзара тиімді қарым-қатынас

Сенбі, 18 ақпан 2012 8:08

2012 жылдың 11 ақпанында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы мен Германия Федеративтік Республикасы ара­сын­дағы диплома­тия­лық қарым-қатынас орнағанына жиырма жыл толды. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін айтулы оқиға. Оның салмағы Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ГФР-ға ресми сапа­рының жоғары деңгейде табысты өтуінен де анық көрінді. Сапар барысында Қазақстан-Германия қаты­нас­тары ұзақ мерзімді және биік деңгейді қамтитын серпінді жоба екені айқын аңғарылды.

 

Сенбі, 18 ақпан 2012 8:08

2012 жылдың 11 ақпанында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы мен Германия Федеративтік Республикасы ара­сын­дағы диплома­тия­лық қарым-қатынас орнағанына жиырма жыл толды. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін айтулы оқиға. Оның салмағы Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ГФР-ға ресми сапа­рының жоғары деңгейде табысты өтуінен де анық көрінді. Сапар барысында Қазақстан-Германия қаты­нас­тары ұзақ мерзімді және биік деңгейді қамтитын серпінді жоба екені айқын аңғарылды.

Елбасы Берлинде өткен ресми келіс­сөз­дерде биылғы өзінің шет елдерге ал­ғашқы сапарын Германиядан бастағанын атап өтті. Бiз Германия Федеративтік Республикасын Қазақ­стан Республикасының дос­тық пен сенімге негізделген интенсивті сая­си, экономикалық және мәдени-гума­ни­тар­лық байланысы қалыптасқан Еуро­падағы негізгі серіктесі ретінде қа­рас­тырамыз. Осы орайда тараптар халық­аралық саясаттың жаһандық мә­селелерін шешу жөніндегі көпжақты ынтымақ­тас­тықты жандандыру қажет­тігіне баса назар аударды.

Бұл тәуелсіз Қазақстан басшысы­ның Гер­манияға жетінші сапары болатын. Са­пары барысында Мемлекет басшысы Федералдық канцлер Ангела Меркель,  Федералдық президент Кристиан Вульфф, Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле, атақты неміс саясаткерлері мен іскер азамат­тары Хорст Кёллер, Ганс-Дитрих Геншер, Герхард Шредер, Франк-Вальтер Штайнмайер, сондай-ақ немістің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізді.

Әңгiме барысында қазақ-герман өзара ықпалдастығы бүгiнгi таңда бұ­ған дейінгі қарым-қатынаспен салыс­тыр­ғанда ең биік деңгейге көтерілгені атап өтілді. Өзара сауда-саттық көле­мі өсіп, бiрлескен кәсiпорындар мен коммерциялық жобалар бойынша ке­лiсiмдер жүзеге асырылуда. Екi мемлекет арасындағы мүдделестік халық­аралық iстерде әрiптестiктің ұзақ мерзімді болуына ықпал етеді. Қазақстан мен Германия бейбіт мәселелер және диплома­тиялық талас-тартысты реттеуде де бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.

Қазақстан басшысы Берлин еур­азия­лық клубының (БЕК) ашылуына қатысты. Атал­ған клуб екіжақты іс-қимылдар, өңір­лік қауіпсіздік, еур­азия­лық ықпалдастық үдерістері, энер­гетикалық және шикізаттық ын­тымақтастық сынды өзекті мәселе­лер­ді талқылау үшін Қазақстанның Еуро­падағы алғашқы үнқатысу алаңына айналатын болады. Осыған байла­ныс­ты Мемлекет басшысы Берлин еур­азиялық клубының ашылуы және жұмыс істеуі екі мем­лекеттің әлемдік саясаттың жаһандық жүйе­сінде алға қойған міндеттерге қол жет­кізуге мүмкіндіктер беретінін атап айтты.

Елбасының Германияға сапары бары­сында екі ел арасындағы сауда-саттық ынтымақтастығы да маңызды мәселелердің бірі ретінде қарас­ты­рылды. Неміс деректеріне сүйенсек, 2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Германия арасындағы сауда айналымы 6 млрд. еуроны (20%) құраса, бұл – ГФР-дың Орталық Азия мемлекеттерімен бүкіл сыртқы сауда көлемінің 85 пайызы деген сөз. Елімізде неміс капиталының қаты­суымен 1200-ден астам кәсіпорын тіркелген. Сонымен қатар, Германияның ин­вес­ти­циялық, технологиялық және интел­лектуал­дық үлестері елімізді жаңғырту бой­ын­ша сапалы секіріс жасауда аса негізгі бағыттардың бірі болып табылады.

Сапар барысында екі ел үкіметтері ара­сында шикі­заттық, өндірістік және тех­но­логиялық салалардағы әріп­тес­тік туралы келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар отан­дық шикізат қорын, атап айтқанда, елімізде сирек кездесетін металдарды Гер­ма­ния­ның алдың­ғы қатарлы тех­но­ло­гия­ларына айыр­бас­­та­у­ға мүмкіндік береді. Осы­лай­ша, Қазақстан «ресурстарды технологиялар мен инвес­ти­ция­ға алмас­ты­ратын» фор­мулаға сүйеніп, Германиямен іс жү­зінде қарым-қатынас ор­натқан алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр.

Мұндай келісімдер тек еліміз үшін ғана емес, неміс экономикасына да ай­тар­лықтай тиімділіктер әкелетін бола­ды. Статис­ти­каға сүйенсек, бүгінгі таңда ГФР сирек кездесетін қазба байлықтары эле­менттерін импорттайды. Ал мұнай им­порты – 98, газ – 87, көмір 77 пайыз­ды құ­райды. Осы орайда, Қа­зақстан Германия үшін алдыңғы қатарлы өнім ұсы­нушы мемлекеттердің бірі болып табы­лады (2011 жылы 7,3 млн. тон­на мұнай жіберілді, яғни Ресей, Ұлы­британия және Норвегиядан кейін төртінші орын­ды иеленіп отыр). Сондықтан да неміс компаниялары ресми келісім күшіне енбей тұрып, былтырдың өзінде Қазақ­станның жер ресурстарын зерттеп игеруге белсенді кірісті.

Берлинде инновация, инвестиция, энер­гия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және қуат көздерін жаңғырту, білім беру мен медицина салаларындағы қарым-қа­тынасқа арналған үкіметара­лық және ве­домствоаралық 6 келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысының ай­туын­ша, Қазақ­стан мен Германия тұң­ғыш рет осындай екі тарапқа бірдей пай­далы әрі ауқымды уағдаластықтарға қол жеткізіп отыр. Құжат қорытын­дылары бойынша елімізге құйы­латын қар­жылай, технологиялық және зият­керлік неміс инвестициялары арта түседі.

Сапар нәтижесінде шамамен 4 млрд. еуроға жуық 50 коммерциялық келісімге қол қойылды. Барлық дерлік жобалар Қазақстан аумағында оннан астам ал­дың­ғы қатарлы неміс технологиялары қолданыл­ған жаңа өндіріс орындарын ашуға мүм­кіндік береді. Осылайша, темір жол вагон­дарын және дөңге­лек­терін, ауыл шаруа­шылығы техника­ларын шы­ғаратын зауыт­тар, крандар, темір марганецтерін, модульді құры­лымдар, темір құбырларын, қуат үнемдейтін және жылу сақтайтын шыны­лар, шар кран­да­рын, топырақты ылғал­дан­дыратын құ­быр­лар, салалы ПВХ лентала­ры, кешенді балқытулар, техникалық газдар, бо­лат­тың ұсақталған қалдықтары, химикаттар, тау-кен өндірісі және т.б. өнім­дерді шығаратын өндірістер ашылады деп күтілуде.

Жоғарыда келтірілген деректер не­міс­тің іскер азаматтарының Қазақстан рыногына белсендірек кіруіне қатысты өсіп келе жатқан ынтасын көрсетеді. Ал онда, әсіре­се, Қазақстан экономикасын индустрия­лан­дыруға байланысты ау­қым­­ды жоспарлар мен шетелдік инвестициялар жағдайын жақсартуға қатысты үкімет жасап жатқан шаралар ескерілген.

Немістер өздерінің мінездік сипат­тарына сай Қазақстанда жүргізіліп жат­қан реформалардан жақсы хабардар және олар бұл үдерістердің дұрыс ба­ғыт­та екендігіне бек сенімді. Екі ел ара­сындағы қарым-қатынастың тари­хын­да тұңғыш рет Германияда кеңінен тараған «Дуалды» жүйе негізінде Қазақстанда бірігіп кәсіби-тех­ни­калық кадр дайын­дау бастамасы көтерілді. «Дуалды» жүйе деп жастардың таң­даған кәсібі бойынша екі білім оша­ғында өтетін дәрістер жүйесін айтады, яғни бір жағынан бұл – кәсіби мектеп, екінші жағынан үй­рететін кәсіпорын. Қуан­та­ты­ны, Германия тарабы алғаш­қы келіс­сөз­­дерде-ақ Қазақстан ұсыны­сын қабыл­дап, ресми және іскер құ­ры­лымдардың қатысуымен «Дуалды» бағдарламаға серіктес болуға дайын екендіктерін білдірді.

Білім беру саласы туралы сөз қоз­ғағанда, белгілі жоба – Алматы қала­сын­дағы Қазақ-неміс университетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бер­линде қол қойылған бірлескен мә­лім­деге сәйкес, бұл жоба дамытыла бермек.

Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республи­ка­сының басшылары екі ел арасындағы байланыстың маңыз­ды дәнекері ретінде Қа­зақ­стандағы неміс этносын (200 мың адам), сондай-ақ бұрын Қазақ­станда тұрған қазіргі Германия аза­маттарын (900 мың­нан аса адам) риза­шы­лықпен мәлімдеді. Со­ны­мен қатар, Қазақстан Республика­сында тұра­тын этнос­тық немістер­дің мәсе­лелері бойын­ша Қазақ­стан-Германия Үкімет­ара­лық комис­сия­ның жұмысы нәти­желі екені аталды.

Президент Н.На­зар­баев сапарының нәти­жесі көрсеткендей, Қа­зақстан мен Германия өзара байланыстарын нығайта беруге, тиімді қарым-қаты­настардың жаңа ба­ғыт­тарын іздеуге және проблемалық мәсе­лелерді  шешуге ұмтылыс таны­тады. Берлин бұрынғысынша Қазақ­стандағы демо­кратияландыру үдеріс­те­ріне, Астана­ның ай­мақ­тағы және халықаралық деңгейдегі іс-әрекет­теріне, жалпы елі­міздің түрлі деңг­ей­дегі ұсыныстары мен баста­маларына үлкен қызуғы­шылық білдіріп келеді. Өз кезегінде Қазақстанға да саяси және эконо­микалық уағда­ластықтар негізінде пайдаға шығатын маңызды тұстар жет­кілікті. Егер келісімдер табысты жүзеге асса, онда Қа­зақстан Германиямен әріптестіктің стра­тегиялық дең­гейіне нақты шы­ғуға мүм­кіндік алады.

Қазақстан мен Германия арасын­дағы 20 жылдық байланыстарда елдердің игілігіне қызмет етіп келе жатқан басқа да мағы­налы оқиғалар мен жобалар аз емес. Саяси салаға қатысты айтатын болсақ, 2010 жыл­ғы шілдеде Қазақстанға Федералды канцлер А.Меркельдің бірінші сапары жүзеге асқанын атап өту керек. Оның өзі бұл сапарды тарихи деп атағаны мәлім. 2010 жылғы қазанда Астанаға Бундестаг Президенті Н.Ламмерттің келуін де айтулы оқи­ғалар санатына жатқызған жөн. Бұл да Германия Парламенті төменгі палатасы жетек­ші­сінің елімізге тұңғыш сапары бо­латын.

Еуроодаққа 2007 жылы төрағалық еткен Германияның бастамасымен Еуропа және Орталық Азия елдеріне қатысты «Жаңа стра­тегиялық әріп­тестік» құжаты қабыл­дан­са, онда өңір бойынша басты орын Қазақстанға берілгені де ұмытылған жоқ. Өз кезегінде Қазақстан Германияны «Еуро­паға жол» мемлекеттік бағдарламасын жү­зе­ге асырудағы маңызды әріптесі санап келеді.

Біздің халықтарымыздың жақын­дасуы­на Германияда 2009 жылы Қазақстан жы­лының табысты өтуі оң әсер етті. Бұл Қа­зақстанның Еуропа елдерінде ұйымдасты­рыл­ған алғашқы ауқымды жобасы бо­латын. Ал 2010 жылы біз Германияның Қазақстанда­ғы жылын өткіздік. 2009 жылы Германияда қазақстандық студенттер саны­ның өсуіне байланысты «Болашақ» халық­ара­лық бағдарламасы орталы­ғының өкілдігі ашылды. 2010 жылдың қазанында Гумбольд атындағы Берлин университетінде «Қазақстан және қазақ тілі» лектораты ашылса, бұл да алыс шет елдердегі Қазақстанның алғашқы жобасы еді.

Осылайша, бүгінгі табыстар мен келешекке жоспарланған бірлескен жобалар және түрлі салалар бойынша екі жақты қарым-қаты­настың тереңдеуі екі  ел халықтарының ық­палдасуы жолында таңдалған бағыт­тар­дың дұрыстығын көрсетіп беріп отыр.

Нұрлан ОНЖАНОВ, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі.