• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2012

Дендеген дерт

377 рет
көрсетілді

Дендеген дерт

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:12

Міне, бүкіл дүние жүзі, соның ішінде капиталистік өндіріс­тің алғашқы отаны болып табылатын Батыс елдері әлемді шарпып алған дағдарыс салдарынан тұйыққа тіреліп тұрған кезде, біздің Қазақстанымыз өзінің даму қарқынын жоғалтпай алға басып келеді. Қазір Қазақстанды өзінің алға қойған әлеуметтік бағдарламаларын толық орындап отырған бірден-бір ел деп айтуға болады.

 

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:12

Міне, бүкіл дүние жүзі, соның ішінде капиталистік өндіріс­тің алғашқы отаны болып табылатын Батыс елдері әлемді шарпып алған дағдарыс салдарынан тұйыққа тіреліп тұрған кезде, біздің Қазақстанымыз өзінің даму қарқынын жоғалтпай алға басып келеді. Қазір Қазақстанды өзінің алға қойған әлеуметтік бағдарламаларын толық орындап отырған бірден-бір ел деп айтуға болады.

Мұның сыры неде? Әрине, ол ұзақ әңгіме. Оның шет жағасын біз жазып та жатырмыз. Бірқатар сарапшылар қазіргі күні Батыс елдері­нің аяғына тұсау салып тұрған бұрыннан қа­лып­тасып қалған қарыз проблемалары десе, екінші бір сарапшылар одан да тереңірек кетіп, Батыс­тағы қазіргі дағдарысты қаржы капита­лизмі­нің күйреуінің басына, жалпы, осы жүйе­нің «аққу әніне», яғни соңғы әніне балап отыр. Мұның да себеп-салдары жоқ емес секілді.

Бұрынырақ уақыттарда экономикалық дағ­дарыс жекелеген елдер айналасында өріс алып, әрі кеткенде белгілі бір өңірлерді қамтитын. Қазір бұл құбылыстың бір өңірді шарпып барып екінші бір өңірге ауысуы, сөйтіп бүкіл әлемді кезе бастауы байқалады. Осы тұрғыдан алғанда адамзат соңғы 10-15 жылдан бері дағ­дарыс қаупінен көз ашпай келеді десе де болады. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдерінің экономикасын тұра­ла­тып кеткен осы дерт 2008-2009 жылдары АҚШ-та жаңа тегеурінді екпінмен бас көтерген еді. Оның қызуы сәл салқындай түскен сәтте, енді міне, еуроаймақ елдерін өрттей шарпи бас­тады. Оның екпіні де аса қатты. «Еуроаймақ ортақ валютаға біріккен ел ретінде өмір сүріп қала ала ма, қала алмай ма?» деген сұрақ күн тәртібіне шығып отыр. Оның үстіне қазіргі күні осы өңір елдерінде болып жатқан жағ­дай­дың басқа өңірлердің де тізесін дірілдете бас­та­ғандығы сезіледі. Мәселен, осы уақытқа дейін сыр бермей келген, даму қарқыны 10 пайыздық деңгейден төмендемеген Қытай экономика­сы­ның таяу болашағы туралы сарапшылар болжамы да жақсы болмай тұр. Осы елдің Мем­л­е­кет­тік ақпараттық орталығы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында Қытай ішкі жалпы өнімінің өсімі 8,5 пайызды құрайды деп мәлімдесе, әлем елдері экономикаларының дамуына ауық-ауық білікті баға беріп, болжам жасап отыратын Ха­лық­аралық валюта қоры үстіміздегі жылы бұл елдің даму деңгейі 8,2 пайыздан аспайды деген қорытынды түйді. Ал басқа да кейбір халық­ара­лық сарапшылар Қытайдың биылғы жылы даму көрсеткіші 7-7,5 пайыздық дамумен тұ­йық­талады деген де күдік айтты. Осы уақытқа дейін сыр бермей келе жатқан алып экономика туралы болжам осылай болғанда, дағдарыс өртіне жиі шарпылып тұрған батыстық алдың­ғы қатарлы экономикалар туралы қауіп-қатер бұдан да күштірек.

Жуықта ғана болып өткен Давостағы бас­қосу әлемдік деңгейде сөз сөйлейтін саяси қай­рат­керлер мен экономист ғалымдардың, сарап­шы­лардың көңіліне қатты алаң кіріп отыр­ған­дығын тағы бір дәлелдеп берді. Олар «дағ­да­рыс­тың ұлы көші», яғни бұл дерттің бір кезең­нен екінші кезеңге кедергісіз өтіп, бүкіл әлемді шарлай бас­тауы туралы айтуға кірісті. Осы форумның ат­қару­шы директоры Клаус Шваб­тың өзі бола­шақ­қа қара бұлт төндіре сөйледі. «2012 жыл – біз үшін аса маңызды. Біз дәл осы жылы еуроай­мақ­та дағдарыстың бұдан әрі өршуіне жол бермеуге тиістіміз. Осы ретте мен біздің болашағымыздың күрескерлері жас ұр­пақ­тың дауысын естігім келер еді. Ал олардың өзін қазіргі күні қалың, күрделі проблемалар шырмай бастады. Оның ең қауіптісі – жұ­мы­с­сыздық. Бізге кем дегенде 6 миллион жұмыс орнын құру қажет. Бұл – әрі әлеуметтік, әрі саяси мәселе», деді.

Халықаралық валюта қорының атқарушы директоры Кристин Лагардтың айтуынша, еу­ро­аймақтағы жағдай жақсарар емес. Осы өңір­дегі көптеген дамыған елдердің жиынтық қа­ры­зы шамадан тым асып кетті. Осыған орай Ха­лықаралық валюта қоры қарыз дағ­да­ры­сы­ның екпінін басып, Еуроодақтағы жағдайды ретке келтіру үшін әлемнің үлкен елдерінен 500 миллиард долларды қосымша бөлуді сұра­ған. Алайда, АҚШ, Қытай, Жапония сияқты әле­уетті елдер өздерінің мұндай қадамға әлі дайын емес екендігін сездірді. Осыған орай Кристин Лагард Давос форумындағы өз сөзін­де егер әлемдік қауымдастық рецессияның алдын алу үшін тиімді әрекет етпейтін болса, онда бүкіләлемдік экономика дағдарыс тұңғиы­ғы­на бататындығын, ал оның әсері АҚШ-тағы 30-жылдардағы «ұлы күйзелістен» кем болмай­тын­дығын» мәлімдеді. «Бізге дәл қазіргі сәттің айқындаушы сәт екендігін ұғудың маңызы өте зор. Бұл жерде әңгіме жекелеген елді немесе өңірді аман сақтап қалу туралы болып отырған жоқ. Бүкіл әлемді экономикалық тұңғиықтан аман сақтап қалу туралы болып отыр. АҚШ-та 30-жылдардың басындағы әрекетсіздік пен ора­лым­сыздық және қатаң идеологиялық ұстаным ақыр аяғында осы елге ұлы күйзелістің дендей енуіне жол ашқан болатын. Бұл жолғы жағдай да дәл сондай», деді.

Халықаралық валюта қоры Еуропадағы бас­талу үстіндегі рецессияның дүние дидарына тигізетін ықпалын өзінің бұрынғы болжамынан қарағанда неғұрлым салмақтырақ бағалап, әлем­дік экономиканың үстіміздегі жылғы дамуы жө­нін­дегі болжамды көрсеткіштерін төмендете түсті. Оның бұрынғы, яғни өткен жылдың қыр­күйек айындағы болжамы бойынша, әлемдік экономиканың 2012 жылғы даму деңгейі 4 па­йызды құрайды деп есептелсе, енді ол 3,3 па­йыз­ға төмендетіліп отыр. Сол сияқты бұрын Еу­роодақтың даму деңгейі 1,1 пайыз болады деп есептелсе, енді ол, керісінше, өткен жылғы көр­сеткішіне қарағанда 0,5 пайызға құлды­рай­ды деп болжануда. Еуропада жағдайы төмен­дей түсе­тін елдер қатарында Грекия, Италия, Испания және тағы басқа да бірқатар елдер бар.

Енді осы елдердің жағдайына жекелей тоқтала кетейік.

Еуроодақ дағдарысының Грекиядан басталып кеткендігі белгілі. Жалпы, Грекияны ба­тыс­тық демократия мен өркениеттің отаны деп айтуға әбден болады. Грекияның осыдан мың­даған жыл бұрынғы гүлденген дәуірі әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Алғашқы грек философтарының адамзатқа қалдырған асыл сөздері, ой-мұралары ғалымдардың зерттеу нысандарынан ешбір түскен емес. Міне, осындай елдің заман өте келе екінші бір қырынан бой көрсетіп, батыстық дағдарыстың басты ошағы­на айналуы ойлантпай тұрмайды. Кейбір сарап­шылардың пайымдауынша, Грекия әлемдегі алғашқы банкрот ел атануы да ғажап емес. Қазіргі оқиғалардың өрбу барысы қайда апарып соғатыны әлі де болса белгісіз жағдайда қалып келеді.

Грекияның дағдарысқа ұрынуына басты себеп болып отырған жағдайлардың бірі, халық­ара­лық сарапшылардың пайымдауынша, ол ел­дің шет мемлекеттер мен халықаралық қор­лар алдындағы қарызының шектен тыс артуы болып отыр. Өткен 2009 жылдың өзінде ғана бұл ел жағдайының ауырлығына байланысты 80 миллиард еуроға жуық қарыз алған. Бұл қарыз­дың өзі оның ішкі жалпы өнімінің 30 пайызын құрайды. Жуықта елдің жалпы қарызы 360 мил­лиард еуроға жеткендігі мәлім болды. Екін­ші жақтан бюджет тапшылығының мәселесі де ел еңсесін түсіріп барады. Ол еуроаймақ бо­йынша рекордтық көрсеткішке жетіп, елдің ішкі жалпы өнімінің 13 пайызын құрап отыр.

Еуроаймақ елдерінің басшылары қарыз берер алдында Грекияға бірқатар ауыр шарттар қойды. Енді бұл ел жалақы мен зейнетақыны, жәрдемақыны барынша қысқартып, аздан да, көптен де үнемдеуге кірісті. Бірақ бұған халық наразылық танытып, жиі-жиі ереуілдерге шығуда. Ереуілге шыққанымен, одан ешқандай пайда жоқтығы, жағдай бұлай созыла берсе, кезіндегі гүлденген мемлекеттің бір-ақ сәттің ішінде құрдымның құрығына түсетіндігі мәлім. Осыны ұққан ереуіл ұйымдастырушы Грекия­ның кәсіптік одағы үкіметпен келісімге келіп, Германия, Франция мен Халықаралық валюта қоры басшыларының қойған шарттарын орын­дауға мәжбүр болды.

Еуроодаққа мүше елдердің арасында жағ­дайы ауыр болып отырған тағы бір ел – Испания. Бұл елдегі қазіргі жұмыссыздар саны 5 миллион адамнан асқан. Мұның өзі әрбір 4 адам­ның бірі жұмыссыз екендігін көрсетеді. Мұндағы неғұрлым зардап шеккен салалардың бірі – қызмет көрсету саласы. Елдегі туризм жақ­сы жетілген өңірлердің бірі – Андалусияда жұ­мыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін көтеріл­ген. Каталониядағы жағдай да осыған ұқсас. Бұл өңірлер бұрын Испаниядағы неғұрлым халық тұрмысы жақсы өңірлер қатарында аталатын. Тіпті, осы жағдайға байланысты Испаниядан бөлек кетіп, автономия құрмақ ойлары да болған. Ал қазіргі жағдай тек туризм саласына ғана сүйеніп, өмір сүру мүмкін еместі­гін, бұл саланың дағдарыс шырмауына түсуге неғұрлым бейім екендігін көрсетіп берді.

Сарапшылар Испаниядағы экономиканы инвестициялау деңгейінің де құлдырағандығын айтып отыр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, бұл көрсеткіш биылғы жылы 10,3 пайызға дейін төмендей түспек. 2013 жылы да осы жағдай жалғасуы мүмкін.

Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, бұл елдің де түбіне жетіп отырған мәселе жақсы өмірдің қызығын мейлінше қызықтау, бар мен жоқтың арасын екшемей, қарызбен күн кешу болып отыр. Мұнда мемлекеттік қарыздың көлемі ішкі жалпы өнімнің 67 пайызына дейін жеткен. Бюджет тапшылығы 8 пайыздан асып түскен. Ел үкіметінің басшылығы енді оны 2012 жылы 4,3 пайызға дейін шектеп, 2013 жылы жалпыеуропалық стандарт 3 пайыздық шамаға жеткізу жөнінде уәде беріп отыр.

Әрине, Испания – күш-мүмкіндігі мол үл­кен ел. Еуропадағы байырғы тарихы бар, даму деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі. Сондық­тан бірқатар сарапшылар оның дағдарыс құры­ғынан сытылып шығатындығына көп күмән келтірмейді. Бәрін де Еуроодақтың жалпы жағдайымен байланыстырады.

Батыс әлемінде дағдарыс тұңғиығына мал­тық­қан елдердің алдыңғы қатарында Португалия тұр. Португалия халқының саны жөнінен шағын ел болғанымен, капиталистік қарым-қатынастар алғаш басталған тұста Еуропадағы теңіз державасы атанған тарихы мығым ел. ХV ғасыр­дан бастау алған осы тарих оның бүгінгі күніне де әсер етіп келе жатыр десек, артық айтқан­дық емес. Бар болғаны 10 миллион адамды құрайтын португал тілінде қазіргі күні әлем­дік үш құрлықтың – Еуразияның, Африканың, Оңтүстік Американың 200 миллионнан астам адамы сөйлейтіндігі соның бір жақсы дәлелі.

Мамандардың айтуына қарағанда, Португа­лия­дағы дағдарыстың алғашқы шеті 2009 жылы осы елдегі троцкийшіл-маошыл блоктың парламент сайлауында 10 пайыздық дауысқа ие болуынан басталған. Бұл елдің басты заң шығарушы органындағы саяси кикілжіңді кү­шей­тіп, елге келіп жатқан инвестиция көле­мі­нің азаюына ықпал етті. Инвесторлар 2009 жылғы ел бюджетіндегі шығындардың артуына өз наразылықтарын білдірді. Бюджет тап­шы­лы­ғы ішкі жалпы өнімнің 9,3 пайызын құрады.

Жағдайдың нашарлағандығы елдегі бағалы қағаздар сату жөніндегі өткізілетін аукциондардан көрініс берді. Мемлекеттік облигациялар мен елдегі ірі компаниялардың бағалы қағаздарының құны құлдырай бастады. Елдегі экономикалық жағдайға жауап беретін министр Хорхе Лакаоның айтуынша, парламентте басталып кеткен саяси дау-дамай ақыр аяғында үкіметтің елді басқару қабілетінің төмендеуіне алып келді. «Қазір күн тәртібіне Пор­тугалия­ның мемлекет ретіндегі өмір сүруіне сенім білдіру мәселесін қою ғана қалып отыр», деді ол парламенттегі сөзінде.

Португалияның мемлекеттік қарызы жөнін­де тәуекелді білдіретін несиелік-дефолттық көрсет­кіші 2 ақпан күні 28 базистік пунктке көтеріліп, рекордтық жағдай 222 деңгейлік көр­сеткішке дейін жетті. Осыған орай, ел премьер-министрі Жозе Сократес өзінің отс­тавкаға кету ниеті бар екенін білдіріп те қалды. Мұның негізгі себебі ретінде ол өзінің парламентте елді басқаруға, қатаң жағдайдағы эко­номикалық шараларды ен­гізуге жеткілікті дә­режеде құқыққа ие бола ал­мағандығымен түсіндірген.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Португалия Еуроодақ көмегіне сүйенбей, осындағы Халықаралық валюта қоры, Еуропалық орта­лық банк секілді ірі қаржы ұйымдарының несие­сін алмай, өз бетімен тығырықтан шыға алмайды. Сондықтан да мамандар халықара­лық ұйымдардың көмегіне жүгінетін келесі ел Португалия болады деп есептейді.

Еуропалық дағдарыстың ауыр соққысы Ир­ландияның жағдайын да күйзелтіп кеткен болатын. Ирландия дағдарысқа дейін Еуропа­дағы ең жақсы қарқынмен дамып келе жатқан ел еді. Мұнда Америкадан, Еуропаның бірқатар ал­дыңғы қатарлы елдерінен, кейіннен Қытайдан инвестицияның ағынды түрде құйылуына байланысты жұмыс орындары бірінен кейін бірі ашылып, халықтың әл-ауқаты тез көтерілді. Бұған шамасы, Ирландияның оңаша аралда орналасуы, экологиялық жағдайының әлем бо­йынша алғанда алдыңғы қатарда болуы көп әсер еткен. Сөйтіп, халықаралық инвестиция­ның нәти­жесінде тез көтерілген Ирландияның өз басы да халықаралық жағдайға барынша тәуел­ді бола түскен. Өйткені, экономикасының басым бөлігі шетелдік рыноктарға негізделген. Міне, осы жағдай, «түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, шағын елдің жағ­дайына бірден әсер етті. Халықаралық рынокта, соның ішін­де Ирландия­ның іргесінде тұр­ған Еуропа рыногында жағ­­дай нашарлап еді, Ирландия эко­но­микасы да бір­ден сылқ ете түсті. Жал­пы, қаржы капитализмі­нің қазіргі ауруы әбден меңдеп алған батыс­тық экономи­ка­ның ойнамалы сипатын, ең алдымен, осы Ирландия экономикасынан байқауға болатындай. Сондықтан да бірқатар сарапшылар бұл елдің қазіргі жағ­дайын жалпы капита­лизм­нің ортақ дағдарысына, соңғы жылдары тіптен жиі­леп кеткен дауасыз дертіне балап отыр.

Жалпы, батыстық мемлекеттердің қай-қай­сы­сын алып қарасақ та, тек Германия, Финляндия, Франция секілді қуатты экономикаларды қос­па­ған­да, басқаларының жағдайы мәз емес се­кілді. Мұ­ны Еуропада осы уақытқа дейін мығым эко­но­ми­калардың қа­та­рында аталып кел­ген елдердің бірі Италия жағ­­да­йы­­на қарап-ақ аңғаруға болатындай.

Бұл елдің басқалардан бір ерекшелігі – оның алыптығы. Экономикалық қуаты жөнінен Италия Еуропада Германия мен Франциядан кейінгі үшінші орын алады. Сондықтан оның экономикасын, егер алда-жалда дефолт жағ­дайы орнығатын болса, құтқарып қалу тіптен қиындыққа түспек. Осы жағдайды ескере отырып, Италия дағдарыспен күрес шараларын кү­шейтіп жатқанымен, әзірге олардың тиім­ділігі байқалмай отыр.

Мәселен, бұл ел 2020 жылы Римде өтуге тиіс Олимпиададан бас тартты. Бұл жайында Италияның премьер-министрі Марио Монти мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндағы негізгі себеп елдегі қаржы жағдайының нашарлауына байланысты болып отыр. «Өткір қаржы дағ­дарысының қарсаңында үкімет салық төлеу­шілердің ақшасын мұндай жобаларға шаша алмайды», деп мәлімдеді ол. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Римде өтуге тиіс Олимпиаданы ұйымдастыру үшін 12,5 миллиард дол­ларға жуық мемлекеттік инвестиция қажет болады екен. Өзінің басқа жыртықтарын бүтіндей алмай отырған Италия үшін мұндай қаржы табу тым қиынға түспек. Осы ретте 2020 жылғы Олимпиаданы өткізуге Италиямен қатар Әзер­байжан, Түркия, Испания, Жапония, Катар ел­дерінің де үміткер ретінде тіркелгендігі белгілі. Олимпиада өткізу құқы енді осы елдердің қай­сысына бұйырмақ? Оны Халықаралық олим­пиялық комитет 2013 жылы нақты айқын­дайтын болады. Ал Италия туралы айтарымыз, бұл елдің дағдарысқа қарсы ұйымдастырып жат­қан шараларының тиімсіз болатын себебі, мем­лекеттің мойнына алып отырған әлеуметтік шы­ғын­дарының тым көлемді екендігі. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мұндағы парламент депутаттары мен премьер-министрдің алып отыр­ған жалақылары басқа Еуропа ел­дерімен салыс­тырғанда әлдеқайда артық көрінеді.

Сонымен, қазіргі күні Еуропа елдерін, әсіресе, еуроаймақты дағдарыс бұлты кернеп тұр. Соның ішінде жұмыссыздық проблемасы алдыңғы қатарда тұр. Ал жұмыссыз адам – қауіпті адам. Ол кез келген елдегі әлеуметтік сілкіністің белсенді қатысушысына айналады.

Мәселен, Еуропада соңғы кездері адамдар­дың көшеге шығуы белең алып отырғандығы белгілі. Осындай дерттен сақтану үшін бірінші кезекте бұрынғы жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу Еуропа үшін аса маңызды, күн тәртібінде тұрған бірінші міндет болып отыр. Бірақ, дәл қазіргі күні оның айқын тәсілдері мен амалдары табыла қойған жоқ. Еуропаның жекелеген елдерін барған сайын қаржы қарызы басып барады.

Бүкіл әлем бойынша жағдайдың күрделене түсуі Қазақстан үшін де кері ықпал ететіндігі айқын. Өйткені, біздің еліміз қазірдің өзінде бүкіләлемдік қоғамдастықтың қай жағынан алып қарасақ та белсенді мүшесіне айналған. Біз халықаралық рыноктарға көмірсутегі ши­кі­затын, металл мен астық саудалау үстіндеміз. Әлемде дағдарыс белең алған жағдайда ел­дердің сатып алу қабілеті төмендеп, осыдан барып біздің стратегиялық тауарларымыздың баға­сы да арзандай түсетіндігі белгілі. Демек, біздің еліміз үшін де дәл қазіргі уақытта жағ­дай біршама жақсы, экономикамыздың дамуы тұрақты болып отырғанымен, күллі әлемді шарпи бастаған дағдарысқа тыңғылықты әзір­лік керек. Мұны өзінің жуықтағы Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мық­тап ескертті.

«Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайыз­ға өсті. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», «Қарашығанақ», «Қашаған» кен орындары мен ЕNRC, «Қазақмыс» компания­лары­ның басым активтері мемлекет иелігінде болады. Кезінде мен мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекеше­лен­діру керек, уақыты келгенде қайтарамыз деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Бар­лық акциялар пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ық­пал жасайтын боламыз. Қазақ­стан халқы бір­тұ­тас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Деген­мен, біз күрмеуі қиын, қай­шылығы мол ал­мағайып заманда өмір сүру­деміз. Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сарапшы­лар­дың пікірінше, жаңа әлем­дік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін. Біздің міндетіміз – экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әрта­рап­тандыруды жалғастыру болып табылады», деді.

Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауының бір ерекшелігі осы әлемді шарпып келе жатқан дағдарыспен күрестің басты бағыттары мен амалдарын көрсетіп бергендігі болды. Жолдауда он міндетті алға тартқан Елбасы соның ең бірінші міндеті ретінде Үкіметке жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын биылғы жылдан бастап ел көлемінде жаппай жүзеге асыруға кірісуді тапсырды. Яғни, Жолдау қазіргі әлемді кернеп отырған күрделі проблеманы ел ішінде еңсеру мақсатын көздеп, бүкіләлемдік жағ­дай­ға орайлас жасалған. Біздің ойымызша, бұл Елбасының биылғы Жолдауының басты сипаты болып табылады.

Қазақстан экономикасының осы уақытқа де­йін­гі даму қарқыны, осы қарқындылықтан туын­даған әлеуметтік жағдайдың жылдан-жылға жақ­сара түсуі адамдардың біраз бөлігін жолдауларды оқыған кезде олардан өздерінің жеке басына жақсылық күтуге дағдыландырған еді. Қалыпта­сып қалған бұл құбылысты «Жолдаудан жылма-жылғы дәмету» деп атасақ та артық емес. Бұл жолғы Жолдауда «ана әлеу­мет­тік топтың жалақы­сын ұлғайтайық, мына әлеуметтік топтың жәр­дем­ақысын көбейтейік» дегендей, атаулы тапсырмалар болған жоқ. Оның есесіне бұл Жолдауда бүкіл қазақстандықтарға ортақ мәселелер қам­тыл­ған. Экономиканы нығайтудың, оның әлеуе­тін арттыру­дың басты жолдары көрсетілген. Ал мұның қайыры бұрынғы жолдаулардан ешбір кем болмайтындығы ақиқат.

Елбасы осыған орай Үкіметке дағдарыстың Қазақстанға тигізер әсерін елеп-екшей отырып, бірнеше нұсқалар бойынша жұмыс істеудің алдын ала сценарийлерін әзірлеуді тапсырды. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дағдарыстың Қазақ­станға қандай әсер ететіндігі бізге әзірге белгі­сіз. Мына аумалы-төкпелі заманда, бүкіл дүние дүрбелеңге түсіп тұрған шақта алдағы уақыттан бәрін де күтуге болады. Соның тек жамандығы аз, жақсылығы мол болса екен. Әрине, ол үшін ең алдымен береке-бірлік, тәртіп пен өз мем­лекетіңе деген сенім, «Сен де бір кірпіш дүние­ге, кетігін тап та бар, қалан», деп Абай атамыз айтқандай, жұртшылық болып қолға алып жатқан іске жақсы ниет қажет демекпіз.

Еуропалық дағдарыстың арты қайда апарып соғатыны әзірге белгісіз. Еуроодақ басшы­ларының қазіргі күні жасап жатқан айла-амалдары жүзеге асып, дағдарыстан сытылып кетсе жақсы-ақ. Оның жағымды әсері барлық елдерге сезілуі тиіс. Ал егер Еуропалық одақ дағда­рыс құрығынан шыға алмай, соның салдарымен осыдан ондаған жыл бұрын ғана құрылған еуроаймақ ыдырайтын болса, бұл бүкіл адам­затқа қатерлі. Онда бұл капитализмнің жалпы күйреуіне ұласуы да мүмкін. Қоғамды мұндай жағдайға әлеуметтік шиеленістер мен сілкі­ніс­тер әкеліп тірейтін болады.

Міне, осындай жағдайда бұрынғы Кеңес одағынан қалған социализмнің басты қағидат­тарын біздің елімізде сақтап қалуға қол жеткіз­ген Елбасының көрегендігіне амалсыз сүй­сі­не­сіз. Бізде қазір жалпыға ортақ білім тегін. Жо­ғары оқу орындарының жұмыстары мемле­кет­тік грант арқылы ұйымдастырылып, білім қуған жастар үшін ол да тегін болып отыр. Оны айтасыз, қазір Қазақстан жастары «Бола­шақ» бағ­дар­ламасы арқылы шет мемлекет­тер­дің ең ал­дың­ғы қатарлы оқу орындарында мемлекет күші­мен оқып жатыр. Халықтың денсаулық жағ­дайы да барған сайын жақсарып, көптеген емханалар үсті-үстіне тұрғызылуда. Спорт алаң­дары мен ғимараттары ашылуда. Көп­теген ем түрлері халық үшін тегін көрсетіледі. Міне, осы­ның барлығына біз экономикамыздың қол жет­кіз­ген жетістіктері арқылы келіп отырмыз. Эко­но­микалық қуаттылық нәтижесінде дағдарыс­тан қысылмай шығатынымызға сенім мол.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.