«Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиынға Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, құрылыс басқармасы басшысы Әбілсейт Рабаев, тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі, Ұлттық Банк бөлімшесінің басшысы Әнуар Ботанбеков, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алипов Бақтыбай және комиссия мүшелері қатысты.
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ғани Ташқараев төрағалық еткен жиында екі мәселе талқыланды. Мемлекет Басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауындағы «Әр отбасы үшін тұрғын үйді алудың жаңа мүмкіндіктері» бағытын іске асыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту,қоғамдық қабылдау орындарында партия жұмысының Регламентін сақтау туралы сөз болды.
«Баспана» АҚ ипотекалық ұйымның басшысы Қасымбек Маликов баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін айтты. Елбасының әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда, бұл бағдарлама бойынша Шымкент қаласының 340 тұрғынынан өтінім түсіп, оның 166 өтінімі мақұлданды. Сонымен қатар, бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық Банк 2018 жылғы тамызда халықтың төлеу қабілеттілігін кеңейтуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіп, Шымкент қаласында және Астана мен Алматы қалаларының қала маңындағы аймақтарында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңгеге дейін көтерілді, әкімдіктер мен құрылыс инвесторлары өткізетін жаңа тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі реттелді.
Сондай-ақ, ҚР азаматтарына «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарызды онлайн режимінде алдын ала мақұлдауды іске асыру тетігі әзірленуде. Жаңа жүйеде ипотекалық қарыздарды алуға өтініштер беру кезінде талап етілетін барлық құжаттар, анықтамалар мен есептер бойынша электрондық мұрағат қалыптастырылады және қағаз досьелерін жинау мен сақтау қажет болмайды. Өз кезегінде бұл шаралар Бағдарламаны жандандыру үшін қосымша серпін беруге және Елбасының тапсырмасын азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде іске асырылуын жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр.