С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте «Тұңғыш Президент Қорының облыстағы күндері» шеңберінде өткен конференция Жастар жылына арналды.
- Жастар жылы аясында Қордың сапарды сіздердің облыстан басталғанына қуаныштымыз,-деді Қордың атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов. – Өңірде энергетика, экономика, мәдениет, ғылым, өнер салалары жақсы дамып келеді. Студенттердің стартап-жобаларымен танысып, жаңашыл жастарды көрдік.
И. Роговтың айтуынша, жастар Қор жариялаған түрлі байқауларға қатысып, стипендиаттар атануда.
- Мақсат-Қор аясында өткізілетін түрлі байқауларды, жобаларды жастарға, студенттерге таныстыру. Жастарды жаңашыл жобаларға тарту,-деді Игорь Рогов.
Айтуынша, Қор жылына 100-ге жуық жобаға байқау жариялайды. Осы күнге дейін 60 жас қор жариялаған байқаулардың жеңімпаздары болып, лауреат атанған. Ал, жалпы байқаулар мен жобалардың шарттары туралы БАҚ-та және қордың сайтында presidentfoundation.kz жарияланады. Қатысу үшін электронды және жазбаша түрде өтініш беру керек.Олардың ішінде өткен жылы «Болашақтың ғалымдары» байқауының жеңімпаздары да бар.
Өткен жылы еліміздің жас ақын-жазушылары «Алтын Тобылғы» әдеби жобасына қатысты. Жыл сайын фотожұмыстар да ұсынылады. Жаңа технологияларды дамытуда да жастарға қолдау көрсетіледі. Университет ректоры Гауһар Ахметованың айтуынша, Тұңғыш Президенті Қоры талантты жастар мен дарынды студенттердің жарқ етіп көрінуіне жол ашты. 2010 жылдан бастап университеттің 15-оқытушысы мен 17-і студентті Қор жобаларына қатысып лауреттар атаныпты. Солардың бірі Сәулет және құрылыс факультетінің қауымдастырылған профессоры, аға қызметкер Әлия Алдонғарова 2016 жылы Қор сыйлығының лауреаты атанып, ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін медаль алған.
- Менің жобам гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне, дамбаларды, су сақтау қоймаларын бекітуге арналған,- дейді Әлия Алдонғарова. – Жобаны кез келген су айдындары мен көлдер бар жерде қолдануға болады. Жапонияда зерттеу жүргіздім. Біздің жастар өз идеясын таныстырудан қорықпауы тиіс.
Кездесуде Қор жанындағы «Мемлекетті тілді дамыту» қорының директоры Азат Шәуеев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттары және латын әліпбиіне көшу жөнінде баяндады.
- Біз Елбасы тапсырмасына сәйкес интернет жобалар, мобильді қосымшалар жасаймыз, - дейді Азат Шәуеев. - Жастарға патриоттық тәрбие беретін, мемлекеттік тілді, әдебиетті, ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған жобалар бар. Еліміздегі «СӨЙЛЕ.KZ» онлайн курсын аштық. Облыс әкімі Болат Бақауов Тұңғыш Президент Қорының өкілдерімен кездесті.
Айтуынша, өңірде 165 мыңнан астам жас бар. Түлектерін жұмыспен қамтитын колледждер білім беруде. Биыл 7 жоғарғы оқу орыны мен колледж студенттеріне жатақхана салынады. Сонымен бірге, «Серпін 2050» бағдарламасы аясында оқуға 1677 студент келді. Ал, облыс орталығындағы №8 лицейдің түлегі Қуат Есенов қазір Google-дың Калифорниядағы бас офисінде қызмет етеді.
«Назарбаев зияткерлік мектебінің» оқушысы Ислам Сүлеймен болса, өңірдің қасиетті жерлері туралы бағдарламаны таныстырып Оңтүстік Кореяда үздік атанды. Кездесу соңында Игорь Рогов Қордың атынана облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығына компьютерлік құралдар алу үшін 3 миллион теңгелік сертификат табыс етті. Енді басқа өңірлерде де Тұңғыш Президент Қорының күндерін өткізу жалғасады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген: Валерий Бугаев