2015 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, шын мәніндегі ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы музей ашылған-ды. Отыз жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек еткен оқу ордасында, өзі маңдай терін төгіп жұмыс істеген жерде ірге көтерген музейдің ерекшелігі, еліміздегі ұстаз құрметіне ашылған тұңғыш педагогикалық музей болуында еді.
Жыл сайын 500-ден астам мұғалім келетін
Музей жұмысын бастаған кезде сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев нысанды жабдықтауға 2 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырса, білім басқармасының кейінгі басшысы Айжан Садықова музейге музей жетекшісі және экскурсия жүргізушісі деген екі штат бөлуге көмектесті. Содан не керек, жұмыс қыз-қыз қайнап жатқан күндердің бірінде төтенше тексеру келіп, мұның соңы штаттың қысқарып, музейдің қарапайым оқу-кабинетіне айналуына әкеп соғыпты. Музейдің бар болғаны екі жыл ғана қызмет атқарып, жұмысын тоқтатқанын жақында аталған мектепте өткен шараның біріне барған кезімізде естіп, білдік.
«Қазір елімізде Елбасының өзі бас болып, ұстаз мәртебесін көтеру жайы қоғамда қызу талқыланып жатқанда республикадағы тұңғыш педагогикалық музейдің осылай әрі-сәрі күй кешіп тұрғаны жанымызға батады. Қанипа Бітібаеваның көзі тірісінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жылына 500-ден астам мұғалім келіп, ол кісінің тәжірибесімен танысып, ақыл-кеңес сұрайтын. Қазір музей ресми түрде жұмыс істемесе де, «ұлағатты ұстаздың еңбек еткен шаңырағын көрейік» деп тұлғаға тағзым ете келетін жұрт қатары аз емес. Облыстық білім басқармасы, «Шығыс», «Дарын», қосымша білім беру орталықтары сырттан қонақ келсе, «Бітібаеваның зертханасын, музейін көрсетеміз» деп ауыз толтыра айтып, әуелі осында бастап әкеледі. Ел қайдан білсін?! Музей жұмыс істейді екен деп ойлап келеді. Қазір бұл жай ғана кабинет. Десек те біз ұстаз есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырып жатырмыз. Осы ретте «Қанипатану» авторлық бағдарламасы жазылғанын, ұлт жанашырының әдістеме саласындағы жаңашыл идеялары мен соңында қалған мол мұрасын сақтау, қорғау, дәлелді түрде иелік ету үшін мұрагерлік құқық алынып, арнайы мөрі жасалғанын сүйіншілеп айтқым келеді. Ұстаз атындағы зертхана филиалдарының саны да жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Көзі тірісінде 9 зертхана болса, қазіргі таңда оның саны 16-ға жетті. Республикалық зертхана халықаралық ЮНЕСКО клубының атағын алды. Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық еңбектері орыс тіліне аударылуда. «Қанипа әлемі» атты 3D журнал шығару ойымызда бар. Музей-кабинет республикалық инновациялық-педагогикалық фестивалінде 3-орынды иеленді. Жоспар көп, атқарылар жұмыс ауқымды. Сондықтан музей қайта ашылса, арнайы штат бөлінсе жақсы-ақ болар еді», дейді Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева.
«Таңды «мектеп» деп атырып, түнді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Осы 45 минуттарда өмірімнің ең сәулелі, ең бақытты сәттері жатыр. Осы 45 минуттарда иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келіп жататын маңдайға жазылған тағдырым да жатыр екен. 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім» деп толғаныпты дәуірдің дара ұстазы өзінің «Егіз өрім» атты кітабында. Мектеп ішіндегі Қанипа Бітібаеваның музей-кабинетіне аяқ бассаңыз, «45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешкен» дара тұлғаның ең сәулелі, ең бақытты сәттерін көз алдыңыздан өткергендей боласыз. Расында, бұған дейін музей ретінде жұмыс істеп, бүгінде оқу кабинеті болып тұрған жерді ешкім оқу кабинеті деп ойламайтыны анық. «Ұстаздар падишасы жаңа ғана бір жаққа шығып кеткендей, міне-міне, кіріп келетіндей әсер етеді» деп бір әріптесіміз жазғандай, бұл жерде әйгілі ұстаздың аялы алақанының табы қалған, күні-түні көз ілмей, «жүрек майының шамын жаға отырып» (С.Торайғыров) жазған құнды дүниелері көп. Тұлғаның жұмыс үстелі, онда жатқан дәптердің ашық парақтары, қаламы мен көзілдірігі шынында да батыр мінезді ұстаз маңғаздана басып кіріп келетіндей әсер қалдырады.
1555 жәдігер, 8 мыңға жуық дидактикалық материал бар
Музейдің бұрынғы жетекшісі, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Сағиеваның айтуынша, оқу кабинеті «Аңызға бастар қайнарлар», «Ұстаздық еткен жалықпас», «Ғалымның хаты өлмейді» деген үш бөлімнен тұрады.
«Мұндағы бір үлкен, екі кіші экспозиция бөлмесінде ұзын саны 1555 жәдігер бар. Ұстаздың өз қолымен жазған сабақ жоспарлары, дәріс барысында пайдаланған көрнекілік құралдары, қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған 8 мыңға жуық дидактикалық материалдары, 100-ден астам ғылыми мақалалары, электронды оқулықтары, алғашқы монографиясы, қолжазбалары, жазған өлеңдері, афоризмдері, 41 кітабының 27-сі осында сақтаулы. Біртуар тұлғаның әр жылдары алған түрлі марапаттары, киген киімдері, тұтынған заттарының бәрін осы жерден көруге болады. Халықаралық мәртебеге көтерілген ұстаздың атаулы ғылыми-әдістемелік зертханасы, оның филиалдары жайындағы мәліметтер, атаулы мектебі мен авторлық сыныбы туралы құжаттар да осы залдан орын алған», дейді ол.
Музейдің оқу кабинетіне айналғанына өңірдегі зиялы қауым өкілдері де алаңдаулы. «Осы музейдің ашылу салтанатына өзім де қатысып едім. Қанипа Бітібаеваның педагогикалық музейі ашылғанда ұстаздардың барлығы қуанды. Ол кісінің атаулы зертханасының филиалдары, оқу кабинеттері облысты қойып, республиканың көптеген өңірлерінде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Оқушылар арасындағы дәстүрлі Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиада енді халықаралық деңгейде өтеді деп жоспарлануда. Сонау Кеңес заманында Мәскеуге барғанында «менің ең нашар оқушыларым Пушкинді жатқа білгенде, Мәскеудің ең үздік оқушылары Абайдың кім екенін білмейді» деп қасқайып сөйлеген қайсар тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ол кісінің құрметіне мектеп ішінен музей ғана емес, Оралдағы Қадыр Мырзалиев орталығы секілді жеке орталық ашып қойса да, артықтық етпес еді. Сондықтан облыстық білім басқармасы бұл мәселені назарға алып, тиісті шешім шығарар деп ойлаймыз», дейді ұстаздың шәкірті, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН