• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2019

Гүлнәрдің балабақшалары

1019 рет
көрсетілді

Бүгінде балабақшаның көбейгені ата-анаға қуаныш, ал кәсіпкер үшін табыстың көзі болып тұр. Жалпы, соңғы жылдары Қарағанды облысында қарқынды түрде дами бастаған жекеменшік балабақша ашу қозғалысы өңірдегі мектеп жасына дейінгі тәрбие және оқыту ошақтарына деген сұранысты толығымен қамтамасыз етуге қауқарлы екендігін көрсетті. Мұны қарағандылық кәсіпкер келіншек Гүлнәр Смаилованың мысалынан көруге болады.

Гүлнәрдің өзі балабақша кезегінің жыл­дар бойы күттіретін мәселесін бір кісідей көрген көп балалы ана. Бес ұлы желкілдеп өсіп келеді. Екі бала­дан кейін үшем туып, олар үш жасқа келгенде балабақшадан орын таба алмай сарсаңға түскені күні кеше ғана еді. Ал қазір кәсіпкер ханым Гүлнәрдің үш бірдей жекеменшік бала­бақшасы бар.

Алғашқы балабақшаны 2015 жылы ашып, атауын «Ақмаржан» деп қойды. Бұл жобаны ол «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы бойынша іске асырды. Ара­ға бір жыл салып Майқұдық елді мекенінен «Армашка» деген бала­бақ­ша бүлдіршіндерге айқара есік ашты. Тасы өрге домалай бастағанын сезген кәсіп­кер ханымның тағы бір жылдан кейін Пришахтинск елді мекенінде «Ода­решка» атты балабақшасы тұсау кесті.

Айта кеткен жөн, бұл үш бала­бақ­­ша мемлекеттік-жекешелік әріп­­тес­­ті­гі желісі бойынша жұмыс іс­тей­­ді. Бәрі де «Даму» кәсіпкерлікті дамы­­ту қорынан алынған несиенің қара­жа­ты­мен ашылған. 

– Біздің балабақшадағы бүлдір­шін­­дер мемлекеттік тапсырыс бойынша орналастырылады. Яғни, ата-аналар төлемақының бір бөлігін – 11 мың теңге ғана төлейді. Қалған қаржыны мемлекет өз мойнына алған, – дейді Гүлнәр ханым.

Кәсіпкер келіншектің бала­бақ­ша­ла­ры 300 және 360 балаға шақталған. Бүгінде мұнда бос орын жоқтың қа­сы. Әр балабақшада 70 адамнан жұмыс істейді. Олардың бәрі де қа­таң сұрыптаудан өткен, өз ісін жан-тәнімен жақсы көретін, білімді де білік­ті мамандар. Қазірдің өзінде Гүлнәр­дің балабақшалары кеншілер астана­сындағы мектеп жасына дейінгі 66 тәрбиелеу мекемесі арасында үздік ондықтың ішіне енеді.

Гүлнәр Смаилова заман талабына сай жаңашылдықпен жұмыс істеуді алдына мақсат етіп қойған жан. Қазір­гі таңда оның балабақшаларында 12 топ жұмыс істейді. Мұнда тіл ұстартуға, шығар­машылыққа баулуға, ән мен биді үй­ретуге арналған арнайы үйірмелер қа­лыпты жұмыс іс­тей­ді. Бұдан бөлек, робот техникасы және жеңіл дизайн бойынша курстар ұйым­дас­тырылып тұрады. 

Таяуда «Одарешка» бала­бақ­ша­сын­да бүлдіршіндер арасында тұңғыш рет робот техникасы бойынша сайыс өтті. Бұл байқауға облыстың барлық мектепалды ұйымдарынан 23 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.

– Біз балалардың шығар­ма­шы­лық­пен және спортпен айналысуымен ғана шектелмейміз, – дейді Г.Смаилова. – Олардың денсаулығына да баса көңіл бөлеміз. Әр тоқсан сайын балалардың иммуни­тетін жақсарту үшін галотерапия өткізіледі. Балабақшада тұзды бөлмелер де бар. Барлық топтағы балалар тәрбиешілермен бірге тұзды бөлмелерде 15-20 минут сабақ өткізеді. 

Гүлнәр ханым бала­бақ­ша­ла­рын­да­ғы барлық бөлменің заманауи құр­ыл­ғы­лармен жабдықталғанын орын­ды мақтан етеді. Тағы бір сүйсінерлігі, мұнда білікті психологтар балалармен ғана жұмыс істеп қоймай, ата-аналарға арналған семинарлар да ұйымдастырып тұрады.

Гүлнәр ханымның арманы асқақ. Алдағы уақытта жекеменшік мектеп ашпақ ойы бар. Кәсіпкер ханымның жанданған жұмысын көріп жүрген ата-аналар да қолқа салып жүрген көрі­неді. Балаларын заманауи талап­тар­­ға сай жұмыс істейтін мектепке күні бойы қалдырып кету кімге қолай­лы емес дейсіз?! Қазіргі таңда ол бұл мәселені терең зерттеп жүр екен. «Шешінген судан тайынбас» деген, егер мемлекет тарапынан қол­дау көріп жатса, алған бетінен қайт­пайтын кәсіпкер келіншек үшін алын­бас қамал жоқ деп нық сеніммен айтуға болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ