Иранға халал өнімдері экспорттау бойынша ешқандай проблема болмайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлады.
Отырыс барысында депутат Дархан Мыңбай отандық тауар өндірушілер Иранға халал өнімді экспорттауға қандай деңгейде әзір екенін сұрады. «Келісімге сәйкес, тараптар техникалық регламенттерді өзара саудада кедергілер болмайтындай етіп қолдануды қамтамасыз етуі тиіс. Өздеріңіз білесіздер, Иран импортталатын ауыл шаруашылығы өніміне халал стандарттар бойынша тиісті талаптар қояды. Осыған байланысты біздің отандық өндірушілер қаншалықты осы стандарттар бойынша жұмыс істеуге дайын?» деді депутат.
Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінде Қазақстанда халал өнімдерді шығаратын өндірушілер бар екенін айта келе: «Олардың өнімдері халал стандарттарына сәйкес келеді. Сол себепті өзара саудада кедіргі болмайды», - деді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзіне қарағанда, Иранмен арада ветеринарлық-санитарлық талаптар сәйкестендірілген. «Сонымен бірге, біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесіміз. Халал өнімін экспорттау үшін арнайы сертификат қарастырылмаған. Малды жіберердің алдында Иран тарапынан ветеринар келіп, өздері бақылау жасайды. Бүгінде бізде ешқандай проблема жоқ, өткен жылы 2 200 тонна қой етін экспорттадық» деді Е. Нысанбаев. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан тауарларын Иранға экспорттау жеңілдейді.