Алматы студенттерінің заманауи талаптарға сай баспанамен қамтамасыз етілуі қала басшылығының жіті назарында. Бүгінде жоғары оқу орындарының үштен бір бөлігі орналасқан қалада 20 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж.
Осындай қажеттіліктерді назарға алған қала басшылығы таяу жылдарда қарқынды түрде жатақхана салуды жоспарлап отыр. Оның бірқатары қолданысқа беріліп, қазіргі кезде заманауи талаптарға сай жатақханалар білімге құштар студенттердің жайлы әрі қолайлы мекеніне айналған.
«Алматы студенттер альянсы» КҚ атқарушы директоры Жасұлан Қуандықтың айтуынша, қаладағы 39 жоғары оқу орнында 140 мыңнан астам студент білім алуда. Қалада оқитын әрбір студенттің арманы жатақханаға қол жеткізу. Осы мақсатта «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысы «Қалай тұрып жатырсың, студент?», «Қалың қалай, студент?» акцияларын жүйелі түрде өткізіп тұрады. «Қалай тұрып жатырсың, студент?» акциясы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе өткізіліп, жатақханаларға қатысты сараптама жасалған. «Оқу жылы басталар алдында студенттердің жатақханаларды қабылдау дайындығын тексерсек, қыс мезгілінде жылы болуын қадағалаймыз. Сонымен қатар әртүрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында кезектен тыс тексерістер жүргіземіз. Сараптама нәтижелері Алматы қаласы әкімдігіне тапсырылып, тиісті шаралар қолданылады. Бүгінде жоғары оқу орындарының базасында орналасқан 95 жатақханада 31 мың студент тұрақтаса, әлеуметтік сауалнамалар негізінде қосымша 27 мың студенттің жатақханаға мұқтаж екендігі анықталды. Былтыр 1 мың орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға беріліп, 200 орынға арналған бір жатақхана толық жөндеуден өтті», дейді Ж.Қуандық.
С.Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінде 512 орынды «Студенттер үйінің» қолданысқа берілуі көптен күткен қуанышты жағдай. Әрине, медицинаның болашақ мамандарын жатақханамен қамтамасыз ету оңай шаруа болған жоқ. Осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстырғанда студенттердің де саны айтарлықтай көбейген. Университеттің тәрбие жұмысы бойынша департамент директоры Нұржан Жолдасбайдың айтуынша, еліміздегі студенттер санының 500 мыңға жеткенін назарға алатын болсақ, олардың 41 пайызын қала сыртынан қатынап оқитын студенттер құрайды. Сырттан келіп білім алатын 5 мыңнан астам студенттің тең жартысына жуығы жатақханаға мұқтаж. «Студенттер үйі» – медициналық университтегі сегізінші жатақхана. Тоғыз қабатты екі ғимарат бастапқыда шағын отбасылық жатақхана болып жоспарланған. Барлық талаптарға сай жасақталған студенттер үйінде компьютер залы, кітапхана, арнайы асхана, оқу залы, кітап сақтау орны бар. Студенттердің интернет пайдалануға, медициналық көмек алуға да мүмкіншіліктері бар. Жатақханаға бірінші кезекте университеттің белсенді жастары мен көмекке мұқтаж студенттер орналастырылған.
Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің департамент директоры Роза Кәрібжанованың айтуынша, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін ескере отырып, аталған университет республикада бірінші болып жатақхана құрылысын пайдалануға берді. Университет басшылығы республиканың әр өңірінен келген, әсіресе ауыл жастарының сапалы кәсіби білім алуларына жағдай жасауда. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, толық емес отбасы және жетім балаларды білім үдерісіне тартуда бірқатар іс-шаралар жүзеге асып келеді.
Бүгінгі таңда жатақхана құрылысы толық аяқталған әрі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Студенттердің жан-жақты білім алулары үшін компьютерлер, жаңа қондырғылармен қамтамасыз етіліп, техникалық және ақпараттық бағытта түрлі оқу бағдарламаларын пайдалануға толық мүмкіндік қарастырылған.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ