Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының ұйытқы болуымен латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін үйренуге арналған 32 сериялы анимациялық «Әліпби QAZ – жануарлар» мультфильмі жарыққа шықты.
32 анимациялық сериядан тұратын мультфильм 32 әріпті тез үйренуге арналған. Әр әріпке жануарлар атауы мен түрлі сөздер мысал ретінде алынған. Мәселен, «А» әрпін бассаңыз мультфильм кейіпкері ретінде арыстан шығады. Оқушы назарына үш минут көлемінде шағын мультфильм ұсынылып, көптеген мағлұматтардан хабардар етеді. Бұл балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына аса тиімді.
Бір айта кетерлігі, «Әліпби QAZ – жануарлар» кәдімгі мобильді қосымша. Кез келген азамат оны өз ұялы телефонына жүктеп пайдалана алады. Жоба авторлары ойын жинағы арқылы балалар латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін көңілді әрі тез үйреніп, сөздерді құрастыруға жылдам бейімделетінін айтады. Көмекші оқу құралы негізгі екі ойыннан тұрады. Оның алғашқысы Әліпби – «Жануарлар» деп аталған. Балалар ойын ырғағына ілесіп барлық әріптер мен әріп реттілігін жаттап алады әрі сол арқылы жануарлардың атауын латын қарпінде тани бастайды. Ал лото әліпби – «Жануарлар» бөлімінде балдырғандар алғашқы ойында алған білім мен дағдыларды пысықтайды. Баланың байқампаздығы мен логикасын, бейнелі ойлауын дамытатын жеңіл ойын түрі беріледі. Ата-ана ойын ережелерін алдымен өзі үйреніп, кейін балаға сөздердің мағынасы мен ережелерін түсінуге көмектесуі қажет. Жинақтың ішінде: ойын алаңы, карточкалар, лотоға арналған карталар, ойын ережелері бар.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ