«Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезі сыртқы және ішкі жағдайдың жанданған тұсымен пара-пар келді. Сыртқы экономикалық ахуалдың күрделеніп, кірістердің объективті төмендеуі халықтың әлеуметтік күтілімдері өскен уақытта тұрақтылыққа кері әсерін тигізбей қоймады.
Шынтуайтында, партия съезі азаматтарды әлеуметтік қолдаудың соңғы уақытта ауқымы жағынан теңдессіз бағдарламасын тудырған қуатты тұғырнамасы бола білді.
Бүгінгі таңда Қазақстан бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаға бөлінетініне қарамастан, елімізде бұл салада мемлекеттің рөлін одан әрі күшейте түскен нақты сұраныстар қалыптасты. Бұл, әсіресе, көп балалы отбасыларды қорғауда нақты көрініс тауып отыр.
Сонымен қатар мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қосымша қаржы қарастырып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы адами капиталдың сапалы өсуін қамтамасыз етіп, білім деңгейі мен өмір сүру ұзақтығының артуына ықпал етуі тиіс. Бұдан бұрын Үкіметтегі әлеуметтік сала басшылығы, вице-министр, Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басшылары толығымен қайта тағайындалды. Аталмыш кадрлық өзгерістер ескі қателіктерге ұрынбай, серпінді жұмыстарды жаңа парақтан бастауға мүмкіндік береді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға бөлінген мемлекеттік қаржылық қолдаудың артуы масылдық ниетті туғызбауы тиіс, керісінше әлеуметтік саясат мейлінше теңгерімді болуы керек деді. Бұдан Президент ұсынған бастамалар саясиланбағанын әрі терең ойластырылғанын түсінуге болады. Осылайша, кезекті съезд сайлауалды қадам емес, еліміздің кешенді дамуының ұзақмерзімді нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған шынайы әлеуметтік саясат екені сөзсіз.
Тұтастай алғанда, мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде жаңа Үкіметтің алдағы жұмыстарының басты мақсат-міндеттерін айқындап берді. Бұған дейін Президент Жолдауында көрініс тапқан әлеуметтік бастамалар мен «Нұр Отан» съезінде қабылданған жаңа міндеттер Қазақстан дамуының алдағы 5 жылдағы басым бағыттары болары күмәнсіз.
Ержан Салтыбаев,
Әлемдік экономика және саясат институтының директоры