«Бізде әлемдік әдебиетпен иық тіресе алатын шығармалар бар, жазылды» дегенді аға буын жиі айтады. Сол әдеби шығармаларды әлемге таныту үшін, жас буын не істей алады, оларда қандай мүмкіндіктер бар? Бұл сұрақтың бүгін ғана көтеріліп отырмағаны және белгілі. Ақындар мен жазушылардан басқа жұртқа түкке керегі жоқтай көрінетін әдебиеттің қазіргі таңда жанашыры аз, жаналғышы көп сияқты сезіледі. Ол өкінішке қарай, солай да...
Жазушы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері Есболат Айдабосынның айтуынша, жастар деп отырғанымыз жас қаламгерлер болса, олар ештеңе істей алмайды. Істеуге міндетті де емес. «Жалпы бір шығармашылық иесі өзге біреудің шығармасын насихаттап, әлемге танытады дегенге сенбеймін. Мұны арнайы әдеби агенттер немесе мемлекет қолға алу керек. Онда да жұмыс жүйелі түрде жүріп, әрбір қадамы ойластырылғаны жөн», дейді Е.Айдабосын.
Расымен де мұның бәрі әрине, бір жылда бола салатын дүние емес, кемінде 3-4 жылдық жұмыс жоспарын қажет ететіні белгілі. Сонда ғана «қазақ әдебиетін шетелге таныту» жобасы өзінің нәтижесін береді. «Әйтпесе кітапты аударып, тұсаукесерін жасап қана қоя салсақ, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала береді. Істелінген істің бәрі науқаншылдық болады, қыруар қаржы желге ұшады», дейді жазушы Есболат.
Ал әдебиет сыншысы, философия докторы Арай Жүндібаеваның пікірінше, кез келген жас – жаңа буынның генерациясы, яғни бүгінгіні келешекке жеткізуші. Қай мамандықтың иесі атанса да, төл әдебиетінің белгілі шығармаларын, авторларын білуі қажет. Әлемдік коммуникациялық мәдениетте өзінің тарихы, ұлттық онтогенезіндегі фенотиптік бірегей ерекшеліктері туралы, көркем шығармалар туралы әңгімелеп бере алса, біріншіден, ол адамның өз абыройы, екіншіден, осы арқылы ұлт мерейі арта түседі.
«Болашақ зияткер ұрпақтың сана интерьері стилін қалыптастыруда әдебиеттің рөлі, ұлттық келбетін жетілдіруде төл әдебиеттің алатын орны зор. Ал әдебиет саласына әлемдік деңгейде ат салысуды ниет еткен жастар, әдеби архетип туралы білімдерін үнемі жетілдіруі, әлем халықтарының тілін меңгеруі, әлем халықтары әдебиетімен сусындауы, К.Букер, Х.Борхес, Ж.Польти т.б. тарапынан ұсынылған әлемдік теориялық сюжеттік жіктеулер мен ұғымдарды меңгере жүріп, әдеби сынның ара-жігін ажырата білуге машықтанулары керек», дейді Шәкәрім атындағы университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі А.Жүндібаева.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Қайсар Қауымбек Қазақстан Жазушылар одағының бастамашылдығымен, қазақтың жас қаламгерлеріне шетелмен әдеби қарым-қатынасты жандандыратын орталықтар, баспалар ашылса деп армандайтынын айтады. «Аға буын айтса қателеспейтін шығар, аға буын әлемдік классиканы орыс тілінде жақсы оқыды. Етене таныс болды. Оның үстіне бір кездері әлем әдебиетіндегі нағыз классикалық кезеңнің қайнаған ортасында орыс қаламгерлері тұрды. Біздің аға буын сол әдебиетті өз тілінде оқып, түсіне алды. Бұл бір жағынан қазақ қаламгерлерінің бағы. Екінші жағынан, коммунистік идеологияның шеңберінде қалып, талай қаламгеріміз бауырын жаза алмай өз-өзін жоғалтып алды. Қазір анда-санда шет тіліне шығарма аударылатын орай бола қалса, ең алдымен қай шығарманы аудару керек деп емес, кімді аудару керек дегеннен бастаймыз. Бүгінге дейінгі жазылған дүниелерге таныс-тамырлықтан ада, әділ көзқараспен қарай алатын жастар керек. Сосын, осындай жастарға топтасқан ұйым не академиялық орталық болса немесе қаржымен мемлекеттік деңгейде қамтамасыз етілетін болса қазақ әдебиетінде ілгерілеу мен ізденістер басталады», дейді Қ.Қауымбек.
Жалпы, бүгінгі әдебиеттегі жастар бағын да, бабын да сынайтын үлкен алаңның бар екенін, ол әлем әдебиетінің төрі болып тұрғанын анық ұғынуы керек. Жас қаламгерлердің ең басты ойы да, арманы да әлемге, әлемдік әдебиеттің деңгейінде ойлану ғана қалғандай. Өйткені бүгінгі қазақ әдебиеті көз алдымыздағы тар шеңбердің ішінде, оқырманы жоқ өлі әдебиетке айналып бара жатқаны ақиқат, сол шеңберді бұзып шығу тек жастардың қолында сияқты көрінеді.
Айжамал КӘДІРБЕК