• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

Маңғыстаулық кәсіпкерлер сауалнама қорытындысымен келіспейтіндіктерін айтты

587 рет
көрсетілді

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Қарасаев Нұрбек Қарасайұлы көптеген кәсіпкерлер Стратегиялық зерттеулер орталығының өңірдегі мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық рейтингісі туралы мәліметімен келіспейді дейді. Көптеген бизнесмендер өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласып, бұл сауалнамаға қатыспағандарын айтқан.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметінің негізгі бір қыры кәсіпкерлердің құқығын қорғау болып табылады. Сондықтан, бізге кәсіпкерлер тарапынан келетін арыз-шағымдар мен ұсыныс-пікірлердің көбі мемлекеттік органдардың қызметіне байланысты болады. Мұның өзі біз бүгін айтып отырған сараптама қортындысының кемшін тұстары бар екенін дәлелдейді. Өйткені, пара беретін, кәсібін оңай әрі тез дамыта қойғысы келетіндер ешқашан ұсыныс, сын пікірлер айтпайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2018 жылдың қортындысы бойынша мемлекеттік органдармен тығыз жұмыстың нәтижесінде арыз-шағымдарды шешу біршама жақсарды. Бұл да оң көрсеткіш. Ал, жаңағы айтқан кәсіпкерлердің құқығын қорғауға байланысты бөлінген қаражат көлемі бізде 2,2 млрд теңге. Республика бойынша біздің облыс осы көрсеткіш бойынша үшінші орында тұрмыз. Сондай-ақ бізге келіп түсетін арыз-шағымдар 13,8  пайызға төмендеген.

Бүгінгі тақырыпқа келетін болсақ, көптеген кәсіп иелері бұл сауалнамаға қатыспағандықтарын, сырттай баға беру арқылы өңір кәсіпкерлерінің құқығын бұзып отыр деген шағымдар түскеннен кейін мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік пен прокуратурамен байланыстық. Олардың ақпараттарына сүйенсек сыбайлас жемқорлықпен қатысты сұрақтар он үш пайызға төмендеп отыр. Біздің кәсіпкерлер палатасының мәліметі мен мемлекеттік органдардың мәліметі сәйкес келіп отыр. Сондықтан біздің есебіміз бойынша мына жүргізілген сараптама біржақты болған сияқты. Сондай-ақ ақпаратта барлық мемлекеттік органдардың алатын пара көлемі 300 мың теңге деп көрсетілген. Мұның өзі сауалнаманың деңгейінің қандай екенін көрсетеді, деді Н.Қарасайұлы.

Маңғыстау облысында өз ісін жүргізушілерге барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік бағдарламалар бизнесті нөлден бастап құруға және оны лайықты жүргізіп, дамытуға көмектеседі. Мысалы, "Нұр Капитал" бағдарламасы кәсіпкерге тек 1 пайызбен несие алуға көмектеседі. Бұл теңдессіз бағдарлама. Оның тіпті ТМД елдерінде де аналогы жоқ. Екінші деңгейлі банктерге сомасы 3 млрд. теңгеге 200-ден астам жоба ұсынылды, 1 млрд, 230 млн.теңге сомасына 65 жоба іске асырылған.. Соның нәтижесінде 575 жұмыс орны құрылған.

Естеріңізге сала кетейік, Стратегиялық зерттеулер орталығы Қазақстан бойынша 4 мың кәсіпкер қатысқан әлеуметтік сауалнама мәліметтерін жариялады. Онда 20 мемлекеттік органның жұмысы бағаланған. Сауалнама Алматы, Қызылорда, БҚО және Маңғыстау облыстарындағы мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары екенін көрсеткен.