• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2012

Сақшылар, сот және дерек

358 рет
көрсетілді

Сақшылар, сот және дерек

Жұма, 6 сәуір 2012 7:54

Ресми мәліметтер бойынша, 2011 жыл­дың 16 желтоқсанында Жаңаөзен қа­ла­сының «Ынтымақ» алаңында Қазақ­стан­ның 20 жылдық тәуелсіздігін тойлау кезін­де, жергілікті уақыт бойынша сағат шамамен 11:30-да жаппай тәртіпсіздік басталып кетті. Көліктер аударылып, өртеліп, араға түскен тәртіп сақшыларына бүлікшілер лап қойды.

 

Жұма, 6 сәуір 2012 7:54

Ресми мәліметтер бойынша, 2011 жыл­дың 16 желтоқсанында Жаңаөзен қа­ла­сының «Ынтымақ» алаңында Қазақ­стан­ның 20 жылдық тәуелсіздігін тойлау кезін­де, жергілікті уақыт бойынша сағат шамамен 11:30-да жаппай тәртіпсіздік басталып кетті. Көліктер аударылып, өртеліп, араға түскен тәртіп сақшыларына бүлікшілер лап қойды.

Артынан олар қалалық әкімдікті басып алып, оны жағып жіберді. Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» АҚ кеңсесі де өртелді. Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, арасында жеке құрылыстар да бар, бар­лығы 46 ғимарат бүлінген. Шабуылдаушылар өрт сөндіру көліктеріне жол бермеген көрінеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 17 желтоқсанын­дағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында полицейлер өздерінің қызметтік міндет­терін адал атқарғанын және заң аясында әрекет еткенін атап өтті. Президент, сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздікке қатысу­шы­лар қаруды тартып алу мақсатында полицияға шабуыл жасағанын айтты. Бұған қоса Мемлекет басшысы тыныштық пен қауіпсіздікті бұзушылар заң бойынша қатаң жазадан құтылмайтынын да ескертті.

Қазақстандық полиция әрекеті халық­аралық ұйымдар назарынан да тыс қалма­ды. 2011 жылдың 17 желтоқсанында «Хью­ман Райтс Вотч» халықаралық құқық қор­ғау ұйымы Жаңаөзен қаласындағы тәртіпті орнықтыруда Қазақстан құқық қорғау органдарын адам құқын сақтауға шақырды. ЕҚЫҰ төрағасы, Литваның сыртқы істер министрі Аудронюс Аджубалис Жаңаөзен­дегі оқиғаға алаңдаушылық білдірді. Ішкі сая­сат бойынша Еуроодақтың жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон уайымдаушылық танытты. Еуропарламенттің 47 депутаты Жаңаөзен оқиғасы бойынша ашық та нақты тергеу жүргізуді талап етіп хат жолдады.

Еліміздің Ішкі істер министрі 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласында жаппай тәртіпсіздік кезінде атуға кім бұйрық берді деген сауалға ешкім де ондай бұйрықты бермегенін айтып жауап қайтарды. Бұған қоса осы ведомство басшысы егер қажет­тілік туындаса біз де қару қолданатын боламыз, біз әуелі топты тыныштандыруға мүмкіндік беретін тәсілді қолданамыз, егер олар полицейлерді өлтіретін болса, кешіріңіздер, біз қару қолданамыз, деді.

2011 жылдың 27 желтоқсанында Бас прокуратура полицияның қару қолданғаны салдарынан адам өлімі дерегі бойынша ҚК 308-бабы, 4-бөлігінің «б» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

2012 жылдың 25 қаңтарында Қазақ­станның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Жаңаөзен полициясы өз­дерінің тергеуге алынған әріптестерін қол­дағандарын жеткізді. Олар егер қамауға алынған полицейлер сотталатын болса, онда қайталанған мұндай акцияларда поли­цияның қаланы қорғауға ешқандай ынтасы болмайтындығын, өйткені бәрінің отбасы, бала-шағасы бар екендігін, сондықтан еш­кім де темір торға қамалғысы кел­мейтінін білдірді.

4 ақпанда ІІМ бес қызметкерге Бас прокуратура Жаңаөзендегі жаппай тәртіп­сіздік кезінде өкілеттіліктерін асыра қол­данғандары үшін қылмыстық іс қозға­ға­нын хабарлады. Қазіргі уақытта олар үй қамауында отыр. Полицейлер қаңтардың 20-сында ұсталып, одан соң соттың санкциясымен үй қамағына алмастырылған.

15 наурызда Жаңаөзен қаласының полициясы атына өш алу мақсатында жазыл­ған хат түскені белгілі болды. Онда Маң­ғыстау облыстық ІІД хабарлағандай, егер олар айыптаушылар жағында сотқа қаты­сатын болса өздеріне де, отбасыларына қатер келетіні айтылған. Аталған осы дерек Маңғыстау облысының ІІД арыз және ақпарат есеп кітабына тіркелген. Мұндай хатты таратқан деген күдікпен 2011 жылы 16 желтоқсанда тұтқынға алынған мұ­найшының зайыбы Т.Ерғазева ұсталған.

Полиция өз міндетін атқарып, бейбіт халықты, әкімшілік ғимаратты қорғады. Оларда басқа таңдау болған жоқ. Тәртіп сақ­шылары өшіккен топтың жолын бөгеу­ге тиіс еді. Оның үстіне желіде көрсе­тіл­ген бейнероликтерде бүлікшілер атыс қаруымен жа­рақтанғаны анық байқалады. Бұл атыс бір­жақты жүргізілді дегенді жоқ­қа шығарады.

2011 жылы полицияға үлкен қысым жасалды. Тіпті оларға қарсы ашық қарсы­лық жарияланды: 2011 жылы бейбіт тұр­ғын­дардың өмірін қорғаған 15 тәртіп сақ­шысы қаза тапты. Жаңаөзен қала­сында ашын­ған топ полицияның қарсылығына қарама­ды. Олардың бірі аяусыз соққыға жығылды.

Ашу алда, ақыл артта дегендей, ашуға бой алдырған топ құқық қорғау қыз­мет­керлеріне үлкен қысым жасады. Өйткені, полицейлер қарусыз тұрған. Жаңаөзен қала­сының ҚІІБ бастығының орынбасары ауыр соққы алып, ес-түссіз аурухана түсті. Ал өзінің жолдасын біреу о дүниеге аттан­дыру­дың аз-ақ алдында қалса, ол не істер еді?

Жаңаөзен қаласындағы тәртіпсіздіктер салдарынан 16 адам қайтыс болды. Дегенмен, Бас про­куратураның мәліметі бойынша, олардың кейбіреулерінің өлімі құқық­тық тәртіпті қорғау органдарының әрекет­терімен байланысты емес. Мәселен, қаза тапқан лицей оқытушысы Атаберген Дүй­секеновтің әкесі өзінің ұлы тәрбие­лену­шілерін мере­келік шараларға алып шық­қаны үшін бұ­зақылар өлтіргенін хабар­лаған. Ал мәйіті «Сулпак» дүкенінде та­был­ған Нұрлан Мұ­налбаевтың өлімінің себебі жоғары тем­ператураның әсері екен.

Осылайша, тергеумен адамдардың қаза болуының әрбір фактісі бойынша, оның ішінде қылмыстың жолын кесуге қажетті шаралардың шегінен шыға отырып та­бель­дік қару қолданған полиция қызмет­керлері әрекеттерінің заңсыздығы туралы хабарлар бойынша да деректер анықталып, құқық­тық баға берілген. Бұл орайда Бас прокуратура 2011 жылдың 27 желтоқ­санында полиция қызметкерлерінің қару­ды адамдарға қарай ату нәтижесінде өлім­ге соқтыру дерегі бойынша Қылмыстық Кодекстің 308-бабы 4-бөлігінің «б» тар­мағымен қылмыстық іс қозғаған. Шы­найы­лықты қамтамасыз ету мақсатында осы іс арнайы прокурордың басшылы­ғын­дағы топпен тергелуде. Қазіргі уақытта іс бойынша бірқатар қажетті сот сараптамалары таға­йындалды. Оның жұмысына Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың басқаруы­мен қо­ғамдық комиссия тартылды. Комиссия мүше­лерінің қалалық мүрдеханаға, уақыт­ша ұстау абақтысына баруы және қыл­мыстық іс бойынша ұсталған тұл­ғалармен кездесуі қамтамасыз етілді.

Қала тұрғындарын заңсыз ұстауға және оларға тыйым салынған тергеу әдістерін қолдануға қатысты шағымдарды қарау мақсатында бөлек комиссия құрылды. Оның құрамына прокуратура және басқа құқық қорғау органдары қызметкер­лері­мен қатар еңбек ардагерлері, қаланың ақсақалдары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде және одан кейін ұсталған адам­дардың туыстары енді.

Комиссия мүшелеріне қамауға алын­ғандардың және әкімшілік тәртіппен ұс­тал­ғандардың тізімдері ұсынылды, олармен уақытша ұстау абақтысына, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған кабыл­да­ғышқа бару жүзеге асырылды. Сөйтіп, комиссия мүшелері ұсталғандармен әңгіме­лесті, оларды ұстау жағдайын жеке өздері көріп, денсаулықтары дұрыс екендігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, комиссия мүшелері қалалық ІІБ-ның шаруашылық ауласын, гараждарын және қалалық аурухананың жертөлесі мен мүрдеханасын қарап шық­ты. Бұл шара комиссия мүшелеріне адамдарды заңсыз ұстау, оларды қорлау және өлтіру туралы қауесеттердің негізсіздігіне көз жеткізулері үшін қажет болды.

Жаңаөзен оқиғасына дейін Тараз қала­сындағы трагедия елді дүр сілкіндіргені белгілі. Онда жанкешті-терроршы 7 адам­ның өмірін қиды, арасында 5 құқық қорғау қызметкері болды. Демек, полицияның сақтануы тегін емес, өйткені жоғары­дағы­дай жанкешті-лаңкестің жаппай тәртіп­сіздікті тудырғандардың арасында жүруі әбден мүмкін ғой.

Егер полиция бүліншіліктің алдын алмағанда, Жаңаөзен қирап, талан-таражға түсер еді. Сондықтан да қалаға кіргізілген полициялық күшейту және енгізілген ко­менданттық сағат өзінің тиімділігін көрсетті.

Полицияның басты мақсаты қоғамдық тәртіпті қорғау болып табылады. Егер оларды соттайтын болса, онда қазақ­стан­дық полицейлерде расында қоғамдық тыныштықты сақтау қажет пе еді деген күдік пайда болады.

Демек, полицейлерге қарсы жағымсыз пікірлерді қалыптастырып жатқан оппо­зициялық басылымдар, полицияның шектен шыққандығы туралы арыздардың көбі дәлелденбеді. Жаңаөзен қаласының коменданты А.Қабылов жұртшылықтан кімде-кім полицияның заң бұзушылығы туралы білсе, өзіне тікелей хабарласуын сұрады. Оған бірақ ешкім де мұндай арыздармен келген жоқ. Ақыр аяғында Бас прокуратура да полицейлердің атына түскен қорлау, зорлау, қинау туралы арыздардың дәлел­ден­бегенін, айғақтың болмағанын хабарлады.

Бас прокуратура өткен жылдың 16 желтоқсанында елі­міз­дің Жаңаөзен қала­сында орын алған оқиғаға байланысты тергеу әлі жалғасуда екенін хабарлады. Тер­геу барысында орын алған оқиғалар­дың себептері мен жағдайларын анықтау үшін түпкілікті шаралар қабыл­дан­ған. Соның бірі ретінде анықталғаны, тәртіп­сіздік кезінде атыс қаруынан 12 адам қаза тауып, 2 адамның өлімі алған дене жара­қаты салдарынан, 1 адам «Сулпак» сауда үйін тонау кезінде алған күйіктен көз жұмса, ал тағы 1 адамның бытырамен жа­ра­қаттанып мерт болуы жаппай тәртіпсіз­діктермен байланысты емес екендігі айтылды.

Жалпы тергеу барысында 2 277 куәнің айғақтары қаралып, 200-ден астам түрлі сот сараптамалары жүргізілген. Қосымша куәлерді, яғни оқиғаларды көрген адамдарды анықтау үшін қаланың орталық алаңы аймағындағы үйлерді жеке-жеке аралау жүргізіліп, нәтижесі бойынша 1 128 адамнан жауап алынған. Сөйтіп, жоғары­дағы орын алған оқиғалардың тізбесін қалыптастыру мақсатында куәлер айғағы, бейнетүсірілімдер мен басқа материал­дар­дың негізінде жаппай тәртіпсіздіктер қатысушылары мен полиция қызметкер­лерінің жинақталу және жүріп-тұру орын­дарының сызбалары дайындалған.

Осы куәлердің айғақтарымен расталған бейнетүсірілімдер тәртіпсіздіктердің ұйым­дастырушылары мен белсенді қатысушы­ларын анықтауға мүмкіндік берген. Соның арқасында 7 ұйымдастырушы мен тәртіп­сіздік пен тонауға қатысқандардың 36 белсенді мүшесі анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың 29-ы қамауда, қалған 14-іне ешқайда кетпеу туралы бұлтарпау шарасы қолданылған.

Халықаралық тәжірибеге сай көптеген дамыған демократиялық елдерде соттарда суретке, бейне, дауыс жазуға тыйым са­лын­ған. Және мұндай шешім шынайы ақ­паратқа қол жеткізуде азаматтың құқын бұзған болып табылмайды. Мұндай тәжі­рибе Ұлыбритания, АҚШ, Австрия, Италия, Франция, Түркия, Польша және т.б. елдерде баршылық.

Венгрияда 1998 жылы шыққан «Қыл­мыстық процессуалдық заңына» сәйкес сот талқылауы қашанда ашық жүргізіледі. Сот алқасының төрағасы іс жүргізу қағида­ларына сәйкес соттың қауіпсіздігі мен оның мәртебесін қамтамасыз ету мақсатында қа­тысушылардың санын реттей алады.

Сонымен қатар, сот талқылауы барысында тыңдаушы ретінде 14 жасқа толма­ғандар қатыстырылмайды және 18 жасқа толғандардың сотқа қатысу-қатыспауын сот төрағасы өзі шешеді.

Сот өз құзыреті шегінде немесе про­курордың, айыпкердің, жәбірлену­шінің, сон­дай-ақ куәгердің өтінішімен бұқараны сот барысынан толықтай немесе оның белгілі бір бөлігінен сот шешімімен шет­тетеді. Бұл жабық сот барысының себеп­тері этикалық себеп, процеске қатысу­шының кәмелетке толмауы, куәгер мен басқа да қатысушы­ларды қорғау мен құпиялықтың сақталуы болып табылады. Бір айта кетерлігі, қоғам­дық өмірде маңы­зы зор Жаңаөзен оқиғасына ұқсас жағ­дайлар Мажарстанның жаңа тарихында әлі тіркелмеген көрінеді.

Францияда бұқаралық ақпарат құрал­дарының сот орындарымен заңдылық түрінде ешқандай ықпалдасу тәртібі жоқ. Сондай-ақ онда БАҚ әрқашанда тәуелсіз және өз ой-пікірлерін тиісті бағыттар бойынша ғана жеткізеді. Аталған ой-пікірлер сот талқылауына ешқандай ықпал етпейді, олар тек қаралатын мәселені қоғамның назарына жеткізуді ұстанады.

АҚШ-та федералдық соттардағы қыл­мыстық іс бойынша сот төрелігін көрсету немесе суретке түсіруге тыйым салынған. Сондай-ақ, АҚШ-тың аймақтық соттарында да, мейлі азаматтық немесе қылмыстық іс болсын, сот төрелігін жазуға да, көрсетуге де болмайды.

Онда Ұлыбританиядағы секілді азамат­тық іс бойынша ғана бейне жазуды жүр­гізуге арналған қанатқақты жоба жүзеге асқан. БАҚ-қа залдағы камераға қарсылық танытуға толықтай құқы бар сот отыры­сындағы қос тараптың келісімі арқылы судья­ның жеке қарауы бойынша ғана рұқ­сат етіледі. БАҚ-қа рұқсат берудің мұндай тәртібі Италияда да бар. Сондай-ақ, Австрияда сот залына мүдделі жандардың бәрі жіберіледі, бірақ сот төрелігі кезінде бейне, дауыс жазуға, суретке түсіруге жол берілмейді. Мұндай амал Түркия мен Қытайда және Болгарияда да бар.

Ендеше халықаралық тәжірибелерді саралай келгенде айтарымыз, суретке түсіру, бейне, дауыс жазу сотқа қысым көрсету мүмкіндігін жояды. Ал Жаңаөзендегі сот процесінде суретке түсіру, дауыс, бейне жазуға тыйым салу сот тарапынан дұрыс қабылданған шешім және істі ашық, жан-жақты, шынайы қарау тұрғысына сай келеді. Соттың қабылдаған шешімі тек біздің қылмысты-процессуалдық заңымыз­ға ғана емес, сондай-ақ демократиялық елдердің тәжірибесінде қолданылатын ха­лықаралық-құқықтық нормалар талаптарына түгелдей сай келетініне жоғарыдағы мысалдар айғақ бола алады.

Ақпарат көздерінің деректері негізінде дайындалды.