• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2012

Сан мен санат сыналар сәт

293 рет
көрсетілді

Сан мен санат сыналар сәт

Сенбі, 21 сәуір 2012 7:51

Мектептен қолына аттестат алған түлектің жүрегі аттай тулап, жүзі бал-бұл жа­нып шығатыны есте шығар. Аттестат оның он жылғы ой еңбегінің, дене және рухани жетілуінің әділ бағасы, оң нә­тижесі ретінде қабылданады. Аттестат делінетін осы құ­жатта пәндер бойынша ғана емес, сонымен бірге дене тәр­биесі мен тәртібі үшін де бағалар қойылады.

 

Сенбі, 21 сәуір 2012 7:51

Мектептен қолына аттестат алған түлектің жүрегі аттай тулап, жүзі бал-бұл жа­нып шығатыны есте шығар. Аттестат оның он жылғы ой еңбегінің, дене және рухани жетілуінің әділ бағасы, оң нә­тижесі ретінде қабылданады. Аттестат делінетін осы құ­жатта пәндер бойынша ғана емес, сонымен бірге дене тәр­биесі мен тәртібі үшін де бағалар қойылады.

Енді міне, Елбасының Жар­лығы бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері де сынақтан өтіп, өз біліктіліктері мен рухани тазалы­ғының әділ бағасын алуға дайындалуда.

Ал аттестаттау (фр. аttes­ta­tion, лат. attestātio – куәлік, бекіту) – біліктілікті, білім мен машықтар деңгейін, сондай-ақ талаптарға сәйкестікті ай­қын­дау, пікір, мінездеме беру деген ұғымды білдіреді. Аттестаттау нәтижесінде алын­ған құжат аттестат аталады. Ұйымның қыз­метіне қатысты жүргізілген аттестаттау бары­сын­да қызмет­кер­дің дайын­дық деңгейі, шеберлігі, біліктілігі тексеріледі.

Құқық қорғау орган­да­ры­ның қызмет майданы негізінен қылмыстылықпен күрес өрісінде жүреді. Бұл майдан ерекше қызықтарға да, айрық­ша қатерлерге де толы. Сон­дық­тан да болар осы орган­дар­ды күштік институттар деп танимыз. Алайда бұл тек сыртқы көрініс, үстірт бейне. Әрине, бұл салада қызмет істеу үшін мықты денсаулық, темірдей жүйке, арнайы біліктілік керектігі рас. Дегенмен, құқық қорғау саласы ең ал­дымен гуманитарлық, тәрбие­лік сала. Бұл саладағы қыздар мен әйелдердің үлесінің ар­туы, осы майданның жапсарлас азаматтық салалармен әріп­тестікте болуы, тіпті тікелей өз ішінде көптеген аза­мат­тық қызметкерге жұмыс істетуі бұл саланы бірыңғай күштік институт деудің негізсіздігін айғақтайды. Шынды­ғын­да ол нәзік сала. Биік ин­теллектуалдық майдан. Адам та­биғатындағы түрлі құштар­лық­тардың жағымсыз жақ­та­рын жеңу үшін талмай арпа­лы­сатын рухани күрес алаңы.

Ресми мәліметтерге сенсек, 1993 жылы Қазақстанда 206 мыңнан аса қылмыс тіркелсе, қазіргі кезде 120 мың шамасында көрінеді. Алайда қыл­мыстылықтың абсолют және салыстырмалы ресми көрсет­кіш­терінің төмендеу үрдісі әлеуметтің де, мамандардың да тарапынан сенімге ие емес. Бұл ресми тұрғыдан да мой­ын­далуда. Осы мойындау қо­ғам­дық және жеке-дара құ­қық­тық сананың өскенін, қо­ғам­ның ашықтық режімде өмір сүруге көшкенін айғақтайды.

Қылмыcтылықпен күрес­тің шетелдік тәжірибесін саралау қызметкерлердің дене және әскери дайындығын шың­дау аса қажетті, бірақ, жеткіліксіз деген пайым жасатады. Заманауи жағдайлардағы қыл­мыстылықпен күрес тек жоғары кәсіптік біліктілікке, интеллектуалдық жігерге, жетілген икемді әдіснамаға, шебер үйлескен стратегия мен так­тикаға ғана сүйенбейді. Қыз­меттің осы бір қиын са­ласында жүрген қызметкердің де тұтастай алғанда бүкіл құқық қорғау институтының да рухани-гуманитарлық әлеуе­тін ашу маңызды болып табыла­ды. Құқық қорғау саласы қоғамның тәрбие, білім, ғы­лым, денсаулық сақтау, басқа да азаматтық бейбіт инсти­тут­тарымен үнемі өзара әре­кеттестікте, берік сенімді қоян-қолтық бірлестікте да­муы тиіс. Ол үшін осы саланың гума­нитарлық, адамдық-рухани әлеуе­ті мейлінше ашылуы, өрбуіне жағдай жасау керек. Тек сонда ғана қоғам инс­ти­туттары мен мемлекеттік органдар арасында риясыз сенім орнауға алғышарттар жаса­ла­ды. Дамыған елдердің құқық қорғау органдарының табы­сы­ның іргетасы жоғары кә­сіптілік пен қоғамның оларға деген сеніміне негізделеді десек қателеспейміз.

Алдыңғы жылдары құқық қорғау саласының сұраныс­та­рын қанағаттандыру үшін қа­жетті материалдық-техни­ка­лық қаржы-қаражат бөлініп келді. Қызметкерлердің әске­ри әрі кәсіптік дайындығына қойылар талап та күшейтілді, оны нығайтуға тиісті жағ­дай­лар да жасалды, жасала да бер­мек. Мұны сала қызмет­кер­лерінің өздері де мойын­дай­ды. Дегенмен, алмақтың да салмағы бар. Алғанның қа­рымын қайтарар кез болады. Құқық қорғау органдарының да қоғамға берері мол болуы тиіс. Кім қандай деңгейге көтерілді? Кім тоқыраудан шыға алмай жүр?

Сынақтан өту жаһандану жағдайындағы талаптарға тө­теп беру үшін қажет. Кез келген салада тиісті ретімен, кейде кезектен тыс аттестаттаудан өтіп тұру – замана тала­бы. Аттестаттау тек қоғам мен мемлекеттің мақсат-мұ­раттарына жетудің өскелең қажеттілігін өтеу үшін емес, адамның өзінің үйреніп қал­ған сүрлеуден шықпайтын сезімнен жұрдай робот болып кетуінен сақтайтын құқықтық тетік. Ғылымның болжауын­ша, роботтың өзі қайсыбір сезімдерді білдіре алуы керек. Ал біз адамбыз ғой. Сондық­тан, кез келген салада, әсіресе адам тағдырына араласатын құқық қорғау саласында адам­дық факторларға – психоло­гиялық, рухани аспектілерге аса ерекше мән беріледі. Тәрбиемен тығыз байланысты қылмыстылықпен күрес май­данында бұл факторлар келешекте бұдан да артық мән мен маңызға ие болады.

Адам өз қызметін шаршамай, қажымай көңілмен ат­қа­руы тиіс. Ол үшін оған арты­ла­тын жүк шамадан тыс бол­мауы керек. Жалақысы қыз­ме­тінің ауырлығына, күрделі­лігіне, тартымдылығына, зиян­ды-зиянсыздығына бай­ла­ныс­ты лайықты да то­лым­ды бол­мақ. Құқықтық мәртебесі, қызметтік кепілдіктері тиісінше нақтыланса, әлеуметтік бе­делі де өспек. Аттестаттау ба­рысында қалыпты жұмыс режімі сақталады. Сынақтан өт­пе­ген қызметкерлердің адам­дық қадірі, ар-намысы, құқықтары мен бостандықтары, қыз­мет­тік кепілдіктері бұзылмайды. Денсаулығының, кәсіптік даяр­лығының төмендігіне байла­ныс­ты аттестаттаудан өтпе­ген­дерге психологиялық кө­мек, рухани демеу жасалады. Олар өз қарым-қабілеттеріне қарай басқа жұмыстарға ауыс­тырылады. Денсаулығы мық­ты, біліктілігі бекем кезде олар­дың осы салада аянбай қыз­мет еткені ескеріледі. Сы­нақтан біз осындай нәтиже­лерді күтеміз.

Сынақтан өту әрқашан адал, ашық, таза жолмен жүруді біл­діреді. Онсыз сынақ сынақ емес. Таңдаған мамандығына ынтасы суынған, атқарып жүрген қызметіне қызы­ғу­шы­лығы төмендеген, сөйтіп санда бар, санатта жоқ болып жүргендер, лауазымдық ман­сапты Отанға қызмет атқару мүмкіндігі ретінде емес, қал­та қампайту амалы деп тү­сі­нетіндер айқындалуы тиіс. Шынтуайтында, осы салаға кездейсоқ, ішкі құштарлық­сыз келген адамдар өз қабі­лет-қарымына орай басқаша таңдау жасауы, өз ісінің шеберлеріне жол беруі керек.

Сынақтан өтпеген жағ­дай­да, белгілі бір қолайсыз­дық­тар тууы, материалдық проблемалар, психологиялық, рухани қожыраулар болуы мүм­кін. Алайда сынақтан өтпеуді трагедия, жолы кесілу деуге болмайды. Сынақтан өтпеу өшу дегенді білдірмейді. Бұл басқа санатқа өту мүмкіндігін береді. Адам өмірінің барлық кезеңінде әркімнің ақыл-ой қабілеті, дене саулығы жас­тық шағындай сақтала бермейтіні мәлім. Сондықтан осы көрсеткіштердің өзгеруі, қызмет тәжірибесі, біліктілік дәрежесі ескеріліп, осы са­ла­ның ішінде өзге деңгейдегі не жапсарлас салаларда басқа бағ­дардағы қызметке ауыс­ты­рылуы күтіледі. Немесе осы салада қызмет істеу ресурсы таусылғанын сезген адам өз қа­лауымен өзіне қолайлы бас­қа бір мүмкіндікті таңдауы тиіс. Мамандықтан шықп­ай­мын деп, адамдықтан шығып кетуден сақтасын! Сонымен қатар, кәсіптік біліктілігі өс­кен, адамдық қасиеттері тоз­ба­ған қызметкерлер жоғары­латылуы тиіс.

Кезектен тыс аттестаттаудан қоғам осыны күтеді.

Болат СЫЗДЫҚ, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағанды «Болашақ» университетінің профессоры, «Руханият» қылмыстанымдық ғылыми-зерттеулер орталығының жетекшісі.

Қарағанды.