• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Президент 14 Сәуір, 2019

Қ.Тоқаев: Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты өзара іс-қимылы - ортаазиялық аймақтың тұрақты дамуының маңызды факторы

1341 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «УзА» ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегі, қол жеткізілген нәтижелері жайында айтып берді деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің арқасында елдеріміздің  қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан мен Өзбекстан алдында бүгінгі күні қандай ортақ мақсаттар мен міндеттер бар? 

- Қазақстан мен Өзбекстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ күрделі кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетіп, табыстарына шынайы қуанып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Біз мығым әрі екі жаққа да тиімді қарым-қатынас орнаттық. Оған бір мақсат - екі елдің гүлденуі негіз болып отыр. Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёев жетекші рөл атқарды. Ұлт көшбасшысы жақын көршілермен қарым-қатынасты дамытуға әрдайым айрықша назар аударып келеді. Сондықтан сіздердің елдеріңіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыт санатына кіреді. Біз халықтарымызды одан ары жақындата түсу бағдарын жалғастыратын боламыз. 

Қазіргі уақыттағы басты міндет - сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және шекара маңы ынтымақтастығын тереңдету. Біздің мемлекеттеріміз бұл салаларда зор мүмкіндікке ие. Екі елдің Үкіметтерінің алдына 2020 жылға қарай өзара сауда көлемін 5 млрд долларға дейін жеткізу міндеті жүктелген. 

Инвестициялық саладағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, бірлескен өндірісті дамытудағы жемісті әрі үдемелі ынтымақтастықтың қолда бар мысалдары екі жақтың да экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге ұмтылысына жауап бере алады. 

Көліктік-транзиттік саладағы серіктестікке зор келешек бар. Теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де транзиттік инфрақұрылымды жетілдіру және өзге елдермен көліктік кооперацияны дамыту бірінші кезекті міндет саналады. Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде нығайтуы өзара сенімге негізделген. Барлығымыз үшін де ортақ терроризм, діни экстремизм, қару-жарақтың заңсыз саудасы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон мен есірткі тасымалы сынды өңірлік проблемаларға тап боламыз. Өңіріміздегі қауіпсіздік тәуекелін күшейте түсетін Ауғанстандағы ахуал да айтарлықтай алаңдаушылық туындатады.  Мұның барлығы да бізден жүйелі, келісілген, алдын алу шараларын талап етеді. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан қазірден-ақ екі елдің құқық қорғау органдарымен арнайы қызметтерінің арасындағы байланыстарды жолға қоюда.  Су проблематикасы бойынша да ынтымақтастық мәселесі айрықша маңызға ие. Су қатынастарының барлық бағыттары бойынша жұмыс топтарының отырыстарын, өңірдегі өзге де серіктестермен тығыз үйлестіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізетіндігіміз қуантады.

Біз  дәстүрлі түрде мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан ары нығайтуға баса назар аударамыз және мұны екі елдің де халқы оң қабылдайды. Қазақстан мен Өзбекстан арасында сындарлы диалог жолымен шешілмеуі мүмкін емес мәселелердің іс жүзінде жоқтығы үлгі боларлық жайт. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас екіжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді моделі және бүкіл ортаазиялық өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен нық дамуының маңызды факторы саналады. Меніңше, Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің алдында тұрған ұқсас мақсаттар мен міндеттер біздің кең ауқымды ынтымақтастығымызды одан ары дамыту үшін қуатты ынталандырушы қызметін атқарады. 

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Шавкат Мирзиёевты жылы достық қатынас байланыстыратындығы белгілі. Ал өзіңіздің Өзбекстан басшысымен байланысыңыз қалай қалыптасты? 

- Шавкат Миромонұлы Қазақстан Президенті лауазымына кіріскен кезімде бірінші құттықтаған Мемлекет басшыларының қатарында болды. Жылы сөздері  үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзбек көшбасшысының Елбасымыздың атына айтылған ізгі тілегі де біздің елге деген терең құрметінің дәлелі деп санаймын. Президент Шавкат  Мирзиёев  Өзбекстанда ауқымды өзгерістерді жүзеге асыру және елдеріңізді заманауи, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруда тарихи миссияны өзіне алып отыр.   

Оның мемлекеттік басқару жүйесін біртіндеп жетілдіру, экономика мен қаржы секторын ырықтандыру,  өзбек халқы өмірінің барлық саласын жаңғырту бағытынан бұлжымауы нағыз қызығушылық пен шынайы құрмет тудырады. 

Шавкат Миромонұлы өзінің бүкіл энергиясын, білімі мен тәжірибесін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге арнайтындығына кездесуіміз барысында көз жеткіздім. 2017 жылы Қазақстан Парламенті Сенатының делегациясын басқарып, Ташкентке сапармен келгенімде айтарлықтай толыққанды әңгімелесу болды.  Жеке өз басым Өзбекстан басшысының елді дамытудың барлық негізгі бағыттарындағы стратегиялық тәсілдерін, өңірдегі және әлемдегі ахуалды терең түсіне білуін қадір тұтамын. Онымен екіжақты дамудың барлық мәселелерінде көзқарасымыз ортақ. Бұл өте маңызды. Біздің арамызда орын алған сенімді әрі тұрақты байланыстар бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын одан ары тереңдете түсуге септігін тигізеріне сенімім мол.

- Қазақстандағы Өзбекстан жылының қорытындысына сәйкес қандай нәтижелерді атауға болады? 

- Осынау атаулы оқиғаны өткізу туралы шешім екіжақты қарым-қатынас жылнамасының жарқын бетіне айналды. Қазақстандағы Өзбекстан жылы өте жоғары деңгейде өтті. Біздің елімізде  ғылым, мәдениет, білім адамдары, мекемелері, кәсіпкерлік құрылымдар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және нығайтуға септігін тигізген 200-ден астам іс-шара  ұйымдастырылды. Бірінші қазақстандық-өзбекстандық өңіраралық ынтымақтастық форумы табысты өткізілді. Оның қорытындысында екі елдің өңіраралық байланыстарын одан ары дамытуды көздейтін маңызды құжаттарға қол қойылды. 

Мұндай форматтағы ынтымақтастық шекаралас облыстардың өзара іс-қимылының артуында маңызды факторға  айналып, бизнестің екі елдің нарығына шығуын жеделдететіндігіне, екіжақты сауданы айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімім мол. Мәселен, өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 50 пайызға ұлғайып, 3 млрд долларды құрады. Екі мемлекеттің бір-біріне жақындай түсуін халықтың  жігерлене қабылдап отырғандығын баса айтқым келеді. Сондықтан бауырлас елге менің алғашқы мемлекеттік сапарымның Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар. 

- Ал Өзбекстандағы Қазақстан жылынан не күтесіз?

- Ең алдымен Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өтетін шараларға өзбекстандықтардың көптеп қатысып, жылы пікір білдіретіндігіне үміттенеміз. Біз үшін Өзбекстанның әрбір тұрғыны осынау ұлан-ғайыр оқиғадан өзіне қажетті дүниені алып,  жүректерінде Қазақстанның бір бөлшегін мәңгі сақтауы өте маңызды. Сондықтан біз Қазақстан жылы бағдарламасын барысынша сан алуан әрі мазмұнды жасауға тарыстық. Егер бизнесмендер мен саясаткерлерге бизнес-форумдар және конференциялар айрықша қызықты болса, студенттерге білім көрмелері қарастырылған. Бұған қоса, көптеген мәдени, спорттық және туристік шаралар жоспарланған. Қазақстан жылының географиялық қамтуына ерекше мән беріледі. Іс-шаралар Өзбекстанның барлық өңірінде өтетін болады. Осылайша біз өңіраралық кооперацияны күшейтуге, адами байланыстарды нығайтуға үміт артамыз. 

Сауда, шекара маңы ынтымақтастығы, туризм, көлік және мәдениет салаларындағы бұған дейін халыққа жария етілген бастамалар мен жобалар бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады. Сонымен қатар біздің бақылау-өткізу бекеттерімізді жаңғыртуды аяқтауға ниеттіміз. Бұл мемлекеттік шекараны кесіп өту уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз - заманауи шекаралық және кедендік инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл қарапайым азаматтарға, бизнеске қажет. Бұған қоса, мұндай жұмыс біздің елдеріміздің туристік әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді. Бір сөзбен айтқанда, Өзбекстанмен экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық бағытында жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Мұның барлығы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың жаңа көпірін салуға мүмкіндік береді. Жақын көрші - ниеттес көрші" («Ён қўшним - жон қўшним») деген өзбек мақалы бар. Өзбекстандағы Қазақстан жылы біздің халқымыздың арасындағы көп ғасырлық достық әрі тату көршілік дәнекерін нығатуға қызмет ететіндігіне түбегейлі сенімдімін. 

- 1990 жылдардан бастап саясаттанушылар Орталық Азиядағы факторлар жайында жазып келеді. Бұл ретте Бжезинскийдің және басқалардың жазғандарын еске түсірсек те жеткілікті. Сіз әлемдік саясаттағы Орталық Азияны қалай елестететсіз? 

- Шындығында да Тәуелсіздік алған жылдары көптеген сарапшылар мен байқаушылар Орталық Азия дамуы теріс сценариймен жүретіндігін болжаған еді.  Бізді ыдырап, лаңкестік қатердің артатындығын, қандай да бір "халифаттың" құрылатындығын, ішкі жанжал өршіп, экономикалық және әлеуметтік күйреудің орын алатындығын долбарлады. Бірақ Орталық Азияның "балқанданатындығына" қатысты болжам жүзеге асқан жоқ. Егеменді даму жылдарындағы Орталық Азияның әр мемлекетінің сындарлы ұстамы мен шешімі өңірдегі тұрақтылықты сақтап қалуға мүмкіндік беріп, ұзақмерзімді  қарышты дамудың мығым іргетасын қалады. 

Бүгінде Орталық Азия өз қалыптасуының жаңа кезеңін бастан кешіруде. Мемлекетаралық ынтымақтастық нығайту, өзекті мәселелердің барлық спектрі бойынша өзара қолайлы шешімдерін шынайы іздеу тенденциясы байқалады. Бұл үшін ең бастысы өңірдің барлық көшбасшыларының саяси ерік-жігері, тату көршілік және өзара мүдделік ұстанымы негізінде ынтымақтастықты дамытуға дайындық бар. 2018 жылдың наурызында Қазақстанның елордасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші консультативтік кездесуі өтті. Бұл оқиға өңірлік ынтымақтастықтың  жаңа кезеңіне айналғаны асыра айтқандық емес. Кездесу барысында бесжақты ынтымақтастықтың базалық басымдықтары айқындалып, келешекке жоспарлар түзілді. Орталық Азия елдері арасындағы саяси диалог деңгейі айтарлықтай көтерілді, өңірішілік және халықаралық күнтәртіптегі мәселелердің басым бөлігі бойынша ұстанымдардың жақындығы немесе сәйкестігі нақтыланды. 

Ынтымақтастықтың жаңа динамикасы қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Орталық Азияда тауар айналымы айтарлықтай артты, авиа, автомобиль және темір жол бағдарлары ашылды. Өткізу бекеттерді жаңғыртылып, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірішілік экономикалық байланыстар нығайып, су ресурстары мен экологияны тиімді пайдалану мәселелері бірге шешілуде. 

Аймақтану мен кооперация тенденциясы  қазіргі әлем дамуының ажырамас бөлігі саналады. Тіпті ірі және бақуатты елдердің өзі серіктестерімен тығыз өзара іс-қимылды жолға қояды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын және орта мемлекеттерге ынтымақтастықтың тиімді тұғырнамасын құру және кооперациялық байланыстарды кеңейту өмірлік қажеттілік. Онсыз ұзақмерзімді және тұрақты даму мүмкін емес. Бұл ретте біздің елдеріміздің табиғи жақындасуын қандай да бір "блоктық менталь" арнасында түсіндіруге болмайды. Орталық Азиядағы қазіргі оң процестер бізге ғана тиімді емес, сонымен бірге өңірдің дәстүрлі серіктестерінің мүддесіне де сай келеді. Қазақстан мүдделік танытқан мемлекеттердің кез келгенімен ынтымақтастықтың барлық формасы үшін ашық. 

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет!