Бір білсе, оны мынау биік шоқы біледі. Бірақ, оның тілі жоқ...
Кенет ту сыртымыздан: «Ә-әй!» деп айқайлаған өктем дауыс естілді. Жалт қарадық. Сонадайдан құйғытып шауып келе жатқан бір аттылы кісі көрінді.
Немере ағам қабағын шытып, не де болса тосайық дегендей ыңғай танытты. Бет-жүзі күнге күйіп, әбден тотыққан аттылы кісі таяқ тастам жер қалғанда тағы да дауыстап: «Әй, – деді. – Біздің жерді таптамай аулақ жүріңдер!». Мен біртүрлі ыңғайсызданып әрі таңырқап, аяғымыздың астындағы көк шөпке күмәндана қарадым. Ал немере ағам болса, басын шайқап, мырс ете қалды.Сөйтті де әлгі жердің қожайынына: «Ассалаумағалейкө-ө-ө-өм!» деді даусын әдеттегіден созыңқырап амандасып. «Әліксалам!» деп ол атының басын күшене тартып, әрең тежеді. «Ескі қорымға барып, Құран бағыштап қайтсақ па деп келе жатыр ек...». Әйтсе де, немере ағамның сөзі діттеген жеріне жетпей, кері қайтқандай болды. Себебі, аттылы кісі: «Ә-ә, – деп басын бір шұлғып алды да, бізге қамшысының сабымен айналма жолды нұсқады. – Анау жақпен барыңдар. Бұл – біздің жер. Күсәктіміз бар!» «Жақсы, Адеке!..».
Немере ағам сөзге келмей, маған қарап ақырын ғана басын изеп, сонадайдан қарауытып көрінген күре жолға қарай бұрылды. Әлгі жерден алыстап, оңашалау шыққанда барып: «Бұл кім?» дедім мен оған сұраулы жүзбен қарап. «Е-е, – деп ол терең тыныс алды. – Бұл – атақты Адырбай ғой. Қолындағы малы көбейгелі бері жайылымын қызғыштай қоритын болып жүр». «Немене, жаяу кісі өтсе, өрісіне шөп шықпай қала ма екен?!». «Жоғ-ә, – деді немере ағам жымиып. – Іштарлық та баяғы... Әйтпесе, есі дұрыс кісі елмен осылай сөйлесе ме екен. Адырбай өлгенде көметін адам керек емес қой дейсің бе?..». «Ал жаңағы... «күсәкті» дегені несі?». «Е-е, ол – госакті. Жерді жекеменшікке алғаны туралы берілген мемлекеттік құжат».
Мен басымды көтеріп, көк аспанға қарадым. Шайдай ашық екен. Бір шөкім бұлт ілінбепті. Көкорай көктем лебімен бусанған қара жер жас баланың еңбегіндей былқылдап жатыр. Оны табаныммен сезіп келем.
Кең даланың көкжиегі көз ұшында бұлдырайды. Мынау биік шоқы соның бір пұшпағын көтеріп тұрған секілді. Неге екені, оған қарап басымды иіп: «Апыр-ай, талай-талай заманды, талай-талай адамды көрдің-ау!» дегім келеді.
Ескі қорымға аяғымыз талып, шаршап жеттік. Немере ағам ентігіп, демін әзер алып тұрып: «Бүйте берсе, бұл жаққа келуден де қалатын шығармыз-ау», деді ренжіп.