Бүгін Астана қаласының Нұр-Сұлтан атану құрметіне және Жастар жылына орай Түркістан облысының жастары елордаға 1000 түп қызғалдақ гүлін сыйға тартты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қызғалдақтың Отаны – Түркістан төрінде өскен әсем гүлдер елорданың «Ботаникалық бағына» отырғызылады. Қазақ даласының көркі - қызғалдақтарды түркістандық жастар «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қызғалдақ фестивалінде тарту етті.
Мұндай ерекше сыйлық жасаудағы мақсат – тарихы тереңде жатқан қызғалдақтың мәнін көпшілікке жеткізу. Себебі, қазақ даласына көрік берген қызғалдақты ата-бабамыз жұмақ гүліне балаған. Сәуір айының соңында гүлдеп, 15 күн ғана "өмір сүретін" қызғалдақ қазақтар үшін Наурыздың символы болып саналады.
Жалпы, қазақ даласында қызғалдақ гүлінің 32 түрі кездеседі. Оның 12-сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстан «Қызғалдақтың отаны» атанған. Ғалымдар дәлелдегендей, аталмыш гүл қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралған. Түркістан өңірінде көптеп кездесетін қызғалдақтың бейнесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар даласындағы ортағасырлық қыштардан да көрініс береді. Әзірет сұлтан кесенесіндегі әйгілі тайқазанда да қызғалдақ бейнеленген. Көне наным бойынша, қызғалдақ сөзінің мағынасы – Аллаға және адамға деген махаббат. Тіпті оның сұлулығына қызыққан халық «патшалар гүлі» деп те атаған. Айта кетейік, 2018 жылдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл-жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу Түркістан өңірінде дәстүрге айналған. Елорданы нәзіктік пен сұлулыққа толтыруға ниеттенген түркістандық жастар бірегей сыйдың Нұр-Сұлтандықтарға ұнайтынына сенімді.