• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2012

Әке мен бала

614 рет
көрсетілді

Әке мен бала

Сейсенбі, 24 сәуір 2012 6:55

Абайдың көп әке баласы жас кезінде басынан құс ұшыр­май пәрмәнә болып жүріп, есей­генде суық тартатыны қа­лай деген маз­мұндағы сөзі бар. Рас, мұнысы несі екен? Шама-шарқымызша осы­ған біз де бір ой жүгіртіп көрелік. Хакімнің бізге қалдырған сауалы шығар.

Біз айтпақ болып отырған әке мен бала ортасындағы диалогтың көбі былай болады:

 

Сейсенбі, 24 сәуір 2012 6:55

Абайдың көп әке баласы жас кезінде басынан құс ұшыр­май пәрмәнә болып жүріп, есей­генде суық тартатыны қа­лай деген маз­мұндағы сөзі бар. Рас, мұнысы несі екен? Шама-шарқымызша осы­ған біз де бір ой жүгіртіп көрелік. Хакімнің бізге қалдырған сауалы шығар.

Біз айтпақ болып отырған әке мен бала ортасындағы диалогтың көбі былай болады:

– Сен бардың ба әлгі жерге?

– Иә, бардым.

– Не қылып жатыр екен?

– Не қылушы еді, жатыр баяғы.

– Жоқ енді айтсайшы, не істеп жатыр?

– Айтатын несі бар, жүр де ел қатарлы.

– М м м…

Болды. Осыдан ұзамайды. Бір-бірінің көкірегіне ендірмей кері теуіп тұрған бір нәрсе бар. Екеуі де жеңе алмайды. Ма­хаб­батқа салып әке бұзғысы ке­леді, ақылға салып бала бұз­ғысы келеді, бұза алмайды. Аса бір тәуекелмен әлгі пер­­­­­дені бі­реуі бұзса да, көкірек кеңіс­ті­гінде екеуінің жолдары қи­ыс­пай, бір-бірінің кеудесінен тұ­рақ таба алмай, қашып шы­ғады. Неге?

Ақылман Абайға қайта соға­лық­шы. Ол кісі балаларымен өте етене болған. Әсіресе, Әбдірах­ма­нының ішкі сыр-си­па­тын ішек қырындысына дей­ін біліп, таң­да­нып, риза болады. Асырып сөз айтпайтын Абайдың бір мақ­тан­ғаны осы Әбдірахманы шығар. Ор­та­ла­рын­да таусылмайтын сырлар жа­тыпты. Кейде әңгімелері күн­­нің батысы, таңның атысына қарамай жалғасады екен. Ал, Мағашымен арадағы сүйіспен­ші­лігі тіпті ерекше. Мағаш бір жақ­қа шықса «әкем сағынып қалады» деп үш күннен асырмай қайтып оралады екен. Шынымен Мағаш үш күннен ке­шіксе, жарықтық Абай: «Мені Мағаш бұлай зарық­тырмауы керек еді», деп аттылы жолау­шының бәрінен үміттеніп, төбе басынан түспей отырып алады дейді. Бұл баласымен де күн­діз-түні әңгімелері бітпейді екен. Мұның сыры неде?

Алдымен мынаған тоқта­лай­­ық. Біз сөз етіп отырған келеңсіз жағдайдың түпкі се­бебі не? Неге әкеден бала ойы өзге болады?

Бұл «заманы басқаның» ке­сі­рі­нен екен. Әкенің жүрген жолы мен баланың жүрген жо­лының екі басқа болғанды­ғы­нан екен. Әке көрген салт б­а­лаға келгенде бас­қаша болып өзгеріп кеткендігінен екен. Әке­нің кезіндегі құнды­лық­тар ба­­­ланың дәуіріне келгенде түк­ке жарамай қалатындығынан болса керек. Оны қорғаштаған әке ес­кіліктің жоқтаушысы, жа­рат­паған бала жаңалықтың жақ­тау­шысы болып жолдары екі айырыла кетеді екен. Тіпті еке­­уі­не де ортақ бір дәстүр уақытқа байланысты өзге­ше­леніп кете­­тіндігінен сияқты. Ен­ді екеуінің ойы қалай түй­іссін, пікірлері қалай бір жерден шығып, әре­кеттері қайдан ұқсасын?

Жә, сонда Абай заманы мен Мағаштың уақытында бұндай өзгерістер болмады ма? Өзінен-өзі сұрақ туады. Әрі өте орынды сұрақ. Әрине, болды. Оны алдымен Абайдың өзі айтты. Айтқанда да, біз құсап бұра­лаң­датпай, тайға басқан таңбадай бадырайтып тұ­рап, ақиқатымен айтты. «Заман соқ­қан жел…» «Алла өзгермес, адам­дар күнде өзгерер…» Немесе: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек», деді. Сөйтті де, мәңгі өзгермес Құранға жүгінді. Ал Құранда адами өмір сүрудің уа­қыт­қа тәуелсіз ортақ өлшемі бекі­тілген. Абай соны іздеді. Тапты да. Сөйтсе, Құ­нанбайға парыз етіл­ген намаз, бір үтірі өзгер­мес­тен Абайға да міндет етіліпті. Абайға парыз болған ораза Әб­ді­рахман мен Мағашқа да айныма­ған қалпында жүкте­ліпті. Енді «заманы басқа» болса да Құ­нан­бай мен Абайдың, Абай мен Әбді­рахманның ойлары бір нүк­теде тоғысып, өздері бір әрекетті қай­таламағанда қайтпек?! Енді олар­дың қайғы-мұңы да, қуаныш-жұбанышы да ортақ болмай қай­т­сін? Енді олардың бірінің істеген ісі біріне түсінікті болады. Әкесі топ алдында өзін ғайбаттан тиып сөйлеп отырғандығының себебін баласы біліп отырады. Баласының басқалармен қа­­рым-қатынасының өзгелер бай­қай бермейтін кейбір тұстарын әкесі аңғарып, себебін ол да іштей түйіп отырады. Өйт­кені, сауап қандай істен, күнә нендей әрекеттен болатыны жайында екеуі ортақ ұғымда. Бір-біріне деген махаббаты жүректерінің терең түк­пі­рінен тамыр тартады. Бірін-бірі рухани толық­тырушы деуге болады.

Бұл бір ғана Абай емес, мұ­сылманшылықтың мағынасын шын түсініп, берік ұстанған әрбір қазақтың басында болған жай. Әрі бұл махаббат ана мен бала­ның, аға мен інінің, әпке мен қа­рындастың бәріне ортақ. Біз тү­сі­нікке жеңіл болмағы үшін Абай мен балаларын алға тартып айт­тық.

Сөйтіп, белінен шыққан әке­мен, құрсағында жаралған анамен, бір кіндіктен өрген аға-іні, әпке-қарындаспен рухани дос­тық орната алмай, әрқайсымыз бір жалғыз болып, бір ғана келетін қамшының сабындай қысқа ғұмырды жұмбақ қылып өткізеді екенбіз. Әке – баланы, бала – ананы, аға – іні-қа­рын­дасты, іні – аға-әпкені жүрек түкпіріндегі туыстық махаббатпен қандыра алмай кезек-ке­зегімен қара жерге сіңе береді, сіңе береді екен… Бірін-бірі жер қойнына тапсырып тұрғанда тірісінде оған жеткізе алмаған, қалай жеткізудің мәнін білме­ген махаббат енді өкінішке ай­налмақ. Өзің көрге кіргенше кө­кірегіңде шемен болып қа­тып, шер болып байланып жүрмек.

Аллатағала Исламды адам­ның екі дүниедегі бақыты үшін жі­берді. Бәріне бірдей жарайтын, өзгермейтін һәм махаб­батқа бө­лей­тін ортақ суат, мәң­гілік құн­дылық осы. Лә илләһа иллә Алла деп кәлимаға тіл келтірген әр қазақ, соны ақыл­мен түсініп, жүрекпен бекітсе, бір-біріне махаббат қылмаққа керек! Сонда ғана әкенің ойы балаға жарамды бол­мақ! Сөй­тіп, әлмисақтан мұ­сыл­ман болған ата-баба тағы­лы­мына да тамыр жібере аламыз.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.