• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2012

Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым

4536 рет
көрсетілді

Тіл тарихын зерттеген кемел ғалым

Сенбі, 18 ақпан 2012 7:46

Мархабат Томановтың “Қазақ тілі тарихи грамматикасының мә­селелері” (1974), “Түбірлердің дамуы туралы мәселеге” (1974), “Үс­теулердің тарихынан” (1975), “Тарихи грамматика мәсе­ле­лері” (1975 ж. екінші авторы – Т. Қор­дабаев), “Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері” (1963), “Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)”, “Махмуд Қаш­ғари түркі тілде­рінің фонетикалық құ­ры­лымы туралы” (1971), “Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдаланудың принциптері туралы” (1976), “Көне түркі жазба ес­керт­кіш­тері – қазақ тілі морфо­ло­гиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады” (1977) сияқты туындыларының әр­қай­сысы өз алдына бір күр­делі мәселенің ауыр жүгін арқалап тұр.

Сенбі, 18 ақпан 2012 7:46

Мархабат Томановтың “Қазақ тілі тарихи грамматикасының мә­селелері” (1974), “Түбірлердің дамуы туралы мәселеге” (1974), “Үс­теулердің тарихынан” (1975), “Тарихи грамматика мәсе­ле­лері” (1975 ж. екінші авторы – Т. Қор­дабаев), “Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері” (1963), “Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)”, “Махмуд Қаш­ғари түркі тілде­рінің фонетикалық құ­ры­лымы туралы” (1971), “Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдаланудың принциптері туралы” (1976), “Көне түркі жазба ес­керт­кіш­тері – қазақ тілі морфо­ло­гиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады” (1977) сияқты туындыларының әр­қай­сысы өз алдына бір күр­делі мәселенің ауыр жүгін арқалап тұр. “Қазақ лек­си­ко­графиясының алғашқы нұс­қа­сы” (1968) деп аталатын тарихи сөз­діктануға ар­нап жазған мақа­ла­сынан бастап, М.Томанов орыс­ша-қазақша сөздіктерді құрас­ты­руға атсалысты. Олар­дың ішінде екі тілді құ­ры­лыс, архитектура, физика, астрология, заң, педагогика, психология салаларына арнал­ған салалық терминдер сөздігі бар. Көптеген терминдік сөз­дік­терге алғысөздер жазып, басылып шығуына мұрындық болды.

Бүгінгі Қазақ сөзінің тарихи қа­лып­тасып, мағыналық, тұлға­лық және қызметтік тұрғыдан дамуы, ең алдымен тіл құрамын­дағы есім сөздер мен қи­мыл мәнді атаулардың жіктелуімен байла­нысты. Осы жіктелудің ең негізгі себебін анықтаған Мархабат аға­мыз “фонетикалық ұқсас негіз­дер­дің тарихи дамуы барысында жа­салған” деп бағамдайды. Сондық­тан да бір-біріне ұқ­сас сөздер ежелгі заманда дербес, бір-бірінен бөлек сөздер болмаған, тек контекст құрамында ғана бір-бірінен ерекшеленген синтаксистік элементтер болған дейді. Ғалым есім түбірлердің табиғатын анықтап қана қоймай, олардың даму жүйе­сін, грамматикалық категорияла­ры­ның қалыптасу жолдарын да түсіндіріп береді.

М.Томанов алтаистикада, түр­кі ті­лін­де қалыптасқан ғылыми ой­ларға, тұжырымдарға сүйене оты­рып, бірінші рет қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазды. Бұл күні бүгінге дейін бірегей еңбек әрі дара оқулық ретінде танылып отыр.

Мархабат Томанов сондай-ақ, түркі тілдерінің салыстырмалы грам­матикасын жазып, түркіта­ну­ға үлкен үлес қосты. Ежелгі де­рек­терді кешенді, жан-жақты салыстыра зерттеу арқылы түркі тілдерінің фонетикалық және мор­фо­ло­гиялық құрылысының бас­ты ерекш­е­лік­терін ашып көр­сет­ті. Түркі тіл­дері­нің негізгі жү­йелілік ерекшеліктерін анықтап, оларға тән ортақ белгілерді көр­сетіп берді. Әлеуметтік, эконо­ми­ка­лық, тарихи ерекшеліктеріне сәй­кес қа­зіргі түркі халық­та­ры­ның тарихи эт­но­генездік тұр­ғы­дан әр диалектіде сөй­ле­ген тайпалардан құралғанын ескере отырып, әдеби тілді қалыптастырған не­гізгі арнаны тауып, тілдегі бас­ты заңдылықтарды анықтады. Соң­ғы мың жарым жыл бойында түркі халықтары басқа халық­тар­мен жиі қарым-қаты­насқа түсіп, өте кең көлемді мекенді жайлап, түркі тектес емес тайпалардың тілдерін ассимиляциялап, түркілік сипат бергенін дәлелдеді.

Қазақ тілі – түркі тілдер то­бындағы біршама жас тіл ретінде де таныла бас­тағаны белгілі. Оның дамудың күрделі процес­терінен өткен өзіндік грамма­ти­калық құрылымы, қалыптасу тарихы бар тіл екеніне қарамастан, Кеңес зама­нын­дағы түркітану ғы­лымының аса бі­лімпазы саналған үлкен, беделді ғалым С.Малов қазақ тілін ең жас тіл­дердің қата­рына жатқызады. Қай кезде де беделді ғалымдардың айтқан пікі­рі­не қарсы дау айтып, жаңа көз­қарас біл­діру оңай бол­маған ғой. Қазақ тілінің өзге түркі тілдерінің қай-­қайсысымен са­л­ыстырғанда да, бастау бұлағы – ор­тақ, даму жолы – бір, сон­дық­тан оның кейін шыққан жас тіл бола алмай­тын­дығын терең ғы­лыми пайымдаулармен, тарихи деректермен дә­лел­деген ғалым да М.Томанов еді. Тіліміздегі сөз басында қатаң дыбыстардың мол айтылатынын тілге тиек еткен ғалым, қатаң дыбыстардың тарихи көне процесс екенін алға ұстай отырып, қазақ тілі жас тіл деген ғылыми пікірге дау айтады. С.Маловтың пікіріне қосыла алмайтынын жасырмай, ойын былайша тұ­жы­рымдайды: “…қазақ тілінде ұяң­дар мен қатаңдардың арақатына­сы да шамалас, рт, лт, нт тәрізді көне дыбыс тіркестері де екі буынды сөздер құ­ра­мында сақтал­ған. Бірақ бұл соңғы ерек­шеліктер қа­зақ тілінің де пә­лен­дей жаңа емес, оның қалыптаса бас­тауы да сол көне дәуір­лерде бол­­­ған­ды­ғы­ның дә­ле­лі бола алады”.

Профессор М.Томанов көне түр­кі ескерткіштерін тек лингвис­тикалық тұрғы­дан ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге әдеби де, тарихи да, археологиялық та мұра ретінде қарастыруды жақтайды. Қазіргі зерттеу жұмыстарында бұл мәселе осындай күрделі аспектіде жан-­жақты әрі кешен­ді түр­де қа­растырылуда. Мәсе­лен, Х-­ХV ­ға­сыр­ларда жазылған зерт­теу­лерді жүйелеу барысында ғалым мынадай пайымдаулар айтады: “Бұл заманда қа­зақтың бай ауыз әдебиеті туды, ав­тор­лық әдебиет – жазба әдебиет пайда бола бастады”. Яки, ғалым жазба әдебиет пен ауыз әдебиетін қатар қарастыра отырып, олардың орны мен өзіндік ерек­ше­ліктерін үнемі айқындап отырады.

Мұндай ойлар кейінгі зерттеу­ші­лердің фольклорға қатысты өзде­рінің қатынасын қалыптастыруға итерме­лей­ді, жетелейді. Ауызекі тілде жасалған туындылар да тіл тарихын анықтауда өзіндік мәнге ие болады. Ғалымның тіл та­ри­хына қатыс­ты жазғандары білім көк­жие­гінің кең­ді­гін, арналы білігін танытады. Қазақ тіліндегі, көне не орта түрік тіліндегі сөздер мен сөзтұл­ға­ларды ғана сөйлетіп қоймай, тілдік деректерді ареальдық бағытта, алтаис­ти­калық деңгейде салыстыра, сал­ғас­тыра зерттеді.

М.Томанов М.Қашқаридың “Дивани лұғат-­ит түрк” атты ең­бегін ауызекі сөй­леу тілінің жи­на­ғы ретінде көр­сетеді. Біздің пайымдауымызша, бұл берілген дұ­рыс баға еді. Өйткені, Қашқари ең­бегінде берілетін мысалдар ретін­де алы­­натын мақалдар мен мәтел­дер, аңыз­­дар ауызекі сөйлеу тілі­нің бірлік­тері екені анық. Ғалым М.Қашқари еңбегін терең зерттеу арқылы мынадай тұжырым айтады: “Қашқари кітабында берілген қыпшақ материалдары бүгінгі қазақ тілі­нің алғашқы сипатын танытады”. Өз кезі үшін бұл өте батыл пікір болатын.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, халық­ара­лық түрко­ло­гия комитетінің мү­ш­е­сі болған М.То­мановтың ғылыми еңбектері сан-са­ла­лы, жан-жақты. Егер санамалап көр­сетер болсақ, ол қалам тартпаған тіл білімінің саласы жоқтың қасы. Сірә, бұл ғалымның қарымдылығы, білі­мі­нің тереңдігі болса керек. Және бұл өз кезеңінде ғылымда туындап жатқан сан түрлі қажет­ті­лік­тердің үдесінен шығу­ды көздеген еңбек­қорлық екені анық. Иә, бұл ғы­лым­ға деген, қазақ тіліне деген шексіз құрметтен туындаса керек. Ғалым артына қазіргі қазақ тілінің син­таксисі, стилистикасы, морфология­сы, қазақ әдеби тілі, диалектологиясы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы, ежелгі жазба мұ­рағаттар тілі, тарихи фонетика, түркі тіл­дерінің салыстырмалы грамматикасы сияқты күрделі мә­селелер жөнінде терең теориялық мәні бар үлкен-үлкен ғылыми ең­бектер қал­дырды. Құны атан тү­йе­ге бергісіз сүбе­лі ғылыми туындылар бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі­нің мемлекеттік тілі саналатын қа­зақ тілінің бола­шақтағы ғылы­ми-­­теориялық тұр­ғы­­дан дамуына да талай уақыт қыз­­мет ете берері даусыз.

Анар САЛҚЫНБАЙ, Әл-­Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.