• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2012

Рахманқұл Бердібай

1511 рет
көрсетілді

Рахманқұл Бердібай

Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:31

Қазақ әдебиеттану ғылы­мы орны толмас қазаға ұшы­рады. 85 жасқа қараған ша­ғын­да көрнекті ғалым, қа­рым­ды қайраткер, еліміздің Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның академигі Рахманқұл Бердібай дүние салды.

Р.Бердібай 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы Түркістан ауданының Көкіш ауылында өмірге келген. Түркістан пе­да­гогикалық училищесін бі­ті­ріп, Қызылорда педаго­ги­калық институты мен Қазақ Мемлекеттік универ­си­те­тін­де оқыған.

 

Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:31

Қазақ әдебиеттану ғылы­мы орны толмас қазаға ұшы­рады. 85 жасқа қараған ша­ғын­да көрнекті ғалым, қа­рым­ды қайраткер, еліміздің Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның академигі Рахманқұл Бердібай дүние салды.

Р.Бердібай 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы Түркістан ауданының Көкіш ауылында өмірге келген. Түркістан пе­да­гогикалық училищесін бі­ті­ріп, Қызылорда педаго­ги­калық институты мен Қазақ Мемлекеттік универ­си­те­тін­де оқыған.

Еңбек жолын Оңтүстік өңіріндегі Ащысай орта мек­тебінде мұғалім болып бастап, Мақтаарал, Ильич, Фрун­зе аудандарында орта мек­теп­тер­дің директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы қыз­мет­терін атқарды. Кейіннен Алматыға келіп, «Қазақ әде­биеті» газетінде әдеби қыз­мет­кер, бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Қа­зақ кеңес энциклопедиясы Бас редакциясында жауапты хатшы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының фольклор бөлімінде меңгеруші болып жемісті еңбек етті. Өмірінің соңына дейін Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінде профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет жасады.

Р.Бердібай 34 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры міндетін қоғам­дық негізде атқарды. 1961 жылы «Қазіргі қазақ рома­нын­дағы сюжет проблемасы» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылы «Қазақ романдарының негізгі теориялық проблемалары» бойынша докторлық диссертация қорғады.

Әдебиетке өлеңмен келген ол елуінші жылдары әдебиет сыншысы ретінде танылды. Ғалым қазақ әдебиеттану ғы­лымының түрлі мәселелеріне арналған 32 кітап, 1200 мақала жазды. «Әдебиет және өмір», «Роман және заман», «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы», «Дәстүр тағылымы», «Аңыз­дан романға», «Ғасыр­лар толғауы», «Қазақ тарихи романы», «Биік парыз», «Замана сазы», «Мұхтар шыңы» секілді монографиялары мен кітаптары көпшілікке жол тартты.

Р.Бердібай дәуірдің жазушы шығармашылығына тигі­зер әсері, сюжет пен мінез, замандас бейнесі, жанр сипаттары жайлы терең толғамды тұжы­рым­дар жасап, мақа­ла­лар жазды. Ғалымның «Сар­қыл­мас қа­зына», «Кәусар бұ­лақ», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Қазақ түркі эпос­тары­ның мәселе­лері» сияқты күрделі зертте­у­лері қазақ хал­қы­ның аса бай эпостық мұра­сының мәселе­лерін зерттеуге ар­налды. Ол «Қазақ тарихи жыр­ларының мәселелері», «Фольклор шын­ды­ғы», «Қа­зақ фолькло­рис­ти­касының тарихы», «Қазақ фольклорының поэ­тикасы», «Қазақ фольк­лоры­ның типологиясы» секілді ір­гелі акаде­мия­лық зерттеу­лер­дің жазылуына жетекшілік жасады, осы зерттеулердің негізгі тарауларын жазысты.

Туысқан түркі халық­тары­ның әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған «Гүлстан­ның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы» кітаптары жарық көрді. Ұлтжанды ғалымның «Ел боламыз десек» атты кітабында халқымыздың алдында тұрған ұлы мұраттар руханият аясында батыл көтерілді.

Р.Бердібай – біршама халықаралық академиялардың академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы, Махмұд Қашқари атындағы халықаралық, «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлықтарының иегері. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Өмірде сыпайы қалпынан айнымаған, өресі биік ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтын шын сүйген қайраткер тұлғаның асыл бейнесі ел жадында әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Ұлттың адал ұлы

Мен онымен кеше ғана (2 сәуірде) сөйлескен едім. Хал-жағдайын сұрап, «Алматыға келе аласың ба, менің сәлем хатымды алдың ба» деп сұрадым (туған күніме шақырғаным ғой). Ол: «Мен жүрістен қалып қойдым, жеделхат жібердім» деді. Бүгін, міне, қайғылы хабар алып отырмын.

Біз Рахманқұлмен бір жылдың төлі, саналы ғұмы­ры­мызды бірге өткізіп, бір терінің пұшпағын илеген дос адамдармыз. Сол достар мен замандастар ортасында Рахман­құл­дың орны қашанда биік еді.

Тағдыр оған өзгеше ұлтшылдық мінез, қажымас қайрат, өжеттік, кең дарын дарытқан. Ол сыншылық, ғалымдық, ұс­таздық, публицистік еңбектерінің бәрінде де ұлтына, қазағына қызмет етті. Өткен ғасырдың 50-жылдары «жылымық» саясатын пайдаланып, қазақ әдебиетінің бетінде ойын кернеп жүрген ұлт дәстүрі мен оны жаңғырту жөніндегі идеяларын ашық айтқан сол еді. Ол біздің дәуіріміздің бірінші ұлтшылы атанды. Біреулер оны «Ахмет идеяларын жаңартушы» деп жазды. Сол үшін таяқ та жеді. Бірақ ол бұл ойларынан ешқашан бас тартқан емес. Фольклорды, ескі әдебиетті зерттей жүріп, сол арқылы қазақтың ұлттық дәстүрлерін, түркі халықтары әдеби, тарихи байланыстары жайлы үзбей жазып өтті.

Кеңес әдебиеті сынында, әдебиет тарихын зерттеуде ол бұ­рын­ғы және бүгінгі әдеби құбылыстардың байланысына көңіл ау­дарды, көркемдік ізденістерді қолдады. Қазақтың тарихи романын тиянақты зерттеді. Оның еңбектері қазақ әдебиеттану ғы­лымының жарқын беттерін құрайды. Кешігіп болса да еңбегі бағаланып, ақсақал әдебиетшінің мәртебе­сіне ие болған еді.

Қош досым, жаның жәннатта болсын. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның ұлттық идеясы тарихында сенің орның айрықша бағаланар. Ұлтыңа адал қызмет еткенің ұмытылмас.

Серік ҚИРАБАЕВ, академик.

 

Қош, жан дос!

Өртеңге шыққан ұрпақтан қалған үшеудің бірі едің, Раман! 85 жылдығыңды тойламай Сен де аттандың-ау. «Декабрьские мальчишки» Зейнолла, Нығметтер дем алып жатқан мәңгілік баққа. Бұл дүниеге, ел-жұртқа қарыздар болған жоқсың. Со­ның өзі біле-білгенге үлкен абырой. Тәубе!

Сонау 60-жылдары Мырзабек Дүйсенов үшеуміз «Три мушкетера» болып қол ұстасып жүргенде М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қа­ра­таевтар басқарған 6 кітаптан, 3 томнан тұратын «Қазақ әде­биетінің тарихын» жазу тұсында азамат-ғалымды­ғы­мы­з­ды танытқан сәттер еріксіз ойға оралып отыр. Одан кейін де талай ірі де игілікті істердің басында жүргенің белгілі.

Әсіресе, 1956 жылы «қазақ тілі мен қазақ мектептерінің тағдыры туралы» «Қазақ әдебиеті» газетінде мәселе көтер­геніңде Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Коми­те­ті­нің жанындағы Партия тарихы институтының сегіз ғылыми қызметкерін ұйымдастырып, сені қостап, 1956 жылы 10 желтоқсанда партия қаулысына ілігіп едік қой. Соны желеу еткен сол кездегі партиялық газеттер өздерінің редакциялық мақалаларымен дуылдатқаны біздің достық ниетімізді бұрынғыдан да нығайта түсірген еді. Мына қазаң бізді мәңгілікке ажыратқанмен, ниетіміздің бірлігіне қылау түсіре алмайды.

Алматыға соңғы жолы келгеніңде бақиласқанымыздың соңы сен үшін мынадай болғанда, мен үшін де жеңіл болмай тұр. Дәрігерлердің «қамқорлығына» көшкеннен бері жүріп-тұру арманға айналды. Топырақ сала алмасам, өк­пелеме. Алдың жарық, артың кеніш болсын, жан досым Раман.

Жан досың  Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор.

 

Қазақтың бір бәйтерегі

Ардақты Рахаңның бақилық бол­ғанын есту әріптестері үшін ауыр тиді. Онымен ұзақ жылдар бірге қызмет істеп, әдебиеттану, фольклортану ғы­лым­да­ры­ның небір түйінді мәсе­ле­лерін ор­тақ­та­са талқылап, айтулы-айтулы еңбектер жазып едік. Рахманқұл Бердібаев дегенде ұлтының тағдыры мен руханияты үшін ыстығына күйіп, суығына тоңған күрес­кер азамат еске түседі. ХХ ғасыр­дың 50 жылдары қа­зақ тілінің мемле­кеттік мәр­тебесін көтеру керек деп респуб­ликаға үндеу салған еді, сол үшін біраз қуғын да көрген болатын. Көп жылдар бойы «Халық уни­верситетін» басқарып, хал­қымыздың асыл жауһарларын жұртшы­лыққа насихаттап, еліне ерен еңбек сіңірген азаматымыз еді. Ол барынша әділ болатын, өзі өте еңбекқор және басқа­лардан да осыны талап ететін. Қазақтың тағы бір бәйтерегі құлады. Қош, асыл аға, қадірлі әріптес! Жаның жәннатта болғай!

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,  академик.

Зиялылар зердесінде

Рахманқұл құрдас, менің байқауымша, қазақ әдебиеті және оның ғылыми ойлы­лы­ғы әрқашан да ауқымды көрсету мен талдау арқылы ерекшеленеді. Қазақ поэ­зия­сының тереңдігі оның ұлттық әдет-ғұрыпты барынша сипаттай білуінде жатыр. Осындай интеллектуалдық салада Сіз алдыңғы қатардағы ойшылдардың бірісіз.

Шыңғыс АЙТМАТОВ.

* * *

Әлі есімде, маған Орталық Комитетке хатшы болып сайланысымен арада он күн өтпей жатып, Қазақстан Жазушылар одағының пленумында сөй­леу­ге тура келген еді. Рахманқұл Бердібай сол кездесуде зиялы қауымнан бірін­ші болып Наурыз мейрамын атап өту жөнінде мәселе қойған болатын.

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ.

* * *

Рахаң – қазақ мәдениетінің көгіне өте ерте шығып, ерте марқайған азамат, көш бастар аға болғанына не заман! Рахаң-ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, алыс­қа талмай шабатын хас дүлдүл. Ол энцик­ло­педиялық білімді жан.

Манаш ҚОЗЫБАЕВ.

* * *

Кемел әдебиет зерттеушісі, ғалым, толымды сыншы Рахманқұл Бердібай­дың айрықша екі қасиеті бар деп біле­мін. Бірінші қасиеті – ұлтжандылығы, айта берсең, түркіжандылығы. Ғалым­ның бар мақсаты – бүкіл түркі дүние­сінің баласын қайтсем біріктіремін, жет­піс жыл бойы жауыз саясат әдейі алшақ­тат­тырып жіберген түркі халық­тарын қайт­сем жақындастырамын, ежелгі тамыры бір, біртекті тілдерді бір-біріне қайтсем кіріктіремін деген ұлы идеяны жүзеге асыру. Бұл – Рахманқұл шығарма­лары­ның үзілмес өзегі. Екінші қасиеті – ға­лым­ның ізденімпаздығы.

Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ.

* * *

Не істемесін, мейлі мақала жазсын, кітап шығарсын, халық универ­си­теті­нің жұмысына аралассын, аудиторияда, ғылы­ми мәжілісте, радиода сөйлесін, мәртебелі мекемелерге ұсыныс түсірсін, ең ақыры дастарқан үстінде кеңес құр­сын, – бәрібір түптеп келгенде, Рах­ман­құл Бердібайдың барлық қалам­гер­лік әлеуметтік әрекетінің алтын өзегі, құлақ күйі біреу: ол – ұлт қамы, азаттық идеясы, еркіндік сарыны.

Рымғали НҰРҒАЛИ.

* * *

Деде Қорқыт, Ахмет Яссауи аманатын арқалағандай болып, түрік дүниесі бірлігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтар арасында көрнекті ғалым Рахманқұл Бердібайдың жөні бөлек. Біз Рахманқұл Бердібайды сындарлы ғалым, үлкен тұлға тұтып, ай­рық­ша қадірлейміз. Қазақ жеріндегі кешелі-бүг­інгі фольклор мен халық ауыз әде­биетінен бастап, Ұлы Түркі­станда қа­лып­тасқан мәдениет пен талғам бірлігі­нің жемісіне қол жеткізген Рах­ман­құл Бердібай түрік бірлігінің үніне айнал­ған асқақ тұлға. Рахманқұл Берді­бай – бүгінгі Деде Қорқытымыз.

Шериф АҚТАШ, түрік ғалымы.

* * *

Әрбір сөзі ертегі,

Көне дана оғыздай.

Көкірегі шер толы,

Қара шанақ қобыздай…

Ойға толы әр күні-ай,

Бойында бар тектілік.

Рахманқұл Бердібай,

Көк бөрілі көк түрік.

Темірхан МЕДЕТБЕК.

 

Бір өзі – халық университеті

Заман көшіп барады, заманмен адам көшіп барады. Дәуір көшіп барады, дәуірмен тәуір көшіп барады.

Рахманқұл Бердібай! Бұл – бір кісінің аты ғана емес, отарсызданудың ұраны, алтынның сынығы, жақсының көзі де еді.

1990 жылы ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтына жұмысқа қабылдан­ғанымда сондағы көнекөздер: «Бізде Мұхтар Әуезовтің өзі отырған үстел бар» деді. Ескі жиһаз біткен күресінге лақтырылғанда, Рахаң М.Әуезов үсте­лін аттай қалап, өз кабинетіне алыпты…

50-жылдары ұлтшылдығы үшін «Қа­зақ әдебиеті» газетінен жұмыстан қуыл­ған Рахманқұл Бердібай 70-жыл­дар­дың басында Алматы зиялыларын дүр еткізіп серпілткен «Халық универ­ситеті» атты ұлттық-рухани жобаны дү­ниеге алып келді. Ол – кеңес тұсын­дағы отаншылдық пен елшілдіктің елеулі қайнары болды.

Әр аптада – бір жаңалық, әр жұ­мада – зиялы жұрт пен жастарды жұ­мыл­дырған рухани күш-жігер. М.О.Әуезов музей-үйінің акт-залында ине шаншыр орын қалмайтын. Қаптал толы – иін тірескен жастар, тіпті жұ­мысшы жастар. Рахаң жарықтық қо­ңыр дауысын созып тақырып пен дәрісшіні таныстырады. Содан жаңа әлем басталады. Алаштың ары оянады, тәуелсіздіктің лебі еседі. Әлқисса, бұл оқиға Қазақстан азатты­ғы­нан 10-15 жыл бұрын болып жатқан-ды.

Елшіл Р.Бердібай қазақтың қай қа­ласына, ауданына, ауылына барсын үш жұмысты қатар атқаратын: біріншісі, халық алдында сөйлеу; екіншісі, білім немесе мәдениет ордасына соғып, дидарласу; үшіншісі, жергілікті БАҚ-қа шығу. Осы «халыққа шығуының» бәрін ол руханият сұранымы мен талабына қарай құратын.

Рахаң – зерттеу арнасын бүгінгі әде­биеттен фольклортануға тез әрі тиімді бұрған біртуар ғалым. Ол кісінің ел әдебиетін елдік мінберге айналдыруы – феномен дерлік құбылыс.

Алаш зиялыларын ақтап, өз тұғы­рына қондыруда да академик Р.Берді­бай жүйелі, парасатты жұмыстар атқарды.

90-жылдары Тәуелсіздіктің буымен «Халық университетіне» аз адам жиналатын үрдіс шықты (мен соңғы ғалым-хатшыларының бірі едім). Сонда 500 түгенше дәрісін ашқан Рахаң марқұм: «Қазір әл-Фараби тіріліп, дәріс оқуға келсе де, осынша адам жиналады, бас­тай берейік…» дейтін.

Содан академик ағамыз қасиетті Түркістанға қоныс аударды. Бұл сапары да отаншылдықтан туған шешім еді.

2000 жылдары Р.Бердібай Астанаға бір­неше мәрте келді, конферен­ция­лар­ға қа­тысып, әлгі үш бағытты жоспарын жү­зе­ге асырды. Сол жолы академик: «Астана – басты орда, оның мәртебесі мен айбаты – ұлттың келбеті» деп аталы сөз айтқан-ды.

Енді бүгін марқұмның иманына саламаттылық тілеп, халқына «Рах­манқұл Бердібай – ұлт зиялылығы мен ғылыми қайраткерлігінің бір аты» деп сеніммен айта алады екенбіз. Шүкір етейік, ағайын!..

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, профессор.

 

Асыл қасиеті қалады

Рахманқұл Бердібай қазақ әдебиеті мен өнерінің, ғылымы мен мәдениеті­нің дамуына, қоғамдық сананың жаң­ғыруына аса зор еңбек сіңірген ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз еді. Марқұмның ғылыми-зерттеу салалары көп қырлы, көп салалы болды. Тілімізден діл­і­міз­ге, халық ауыз әдебиетінен қазіргі әде­биетке, көне эпостан кемел эпопеяға, Түркістаннан тұтас түркі әлеміне дейінгі аралықта Рахаң қалам тербеген іргелі ғылыми мәселелер­дің ұланғайыр кең әлемін көзбен шолып шығудың өзі оңай емес. Ғалымның сол ғажайып әлемінің биігінде жарық төгіп тұрған ұлттық мұрат пен ұлттық идея, ұлт мүддесі туралы ойларында ұрпақтан ұр­паққа жететін асыл қасиеті қалды.

Рахманқұл Бердібай ХХ ғасырдың екінші жартысында қырық жылға жуық уақыт бойы М.Әуезовтің әдеби-мемо­риал­ды музей-үйінің жанында жұмыс жасаған халық университетінің ректоры бола жүріп, ұлттық ойымызды оятуға, халықтың мәдени мұрасын насихаттауға аса зор еңбек сіңірді. Сол университетте өткен бес жүзден астам сабақтың бірін Әлкей Марғұлан жүр­гіз­гені есімде. Лектор сабағының соңы­на қарай М.Әуезов туралы ойын жинақтап келе жатып, еңкілдеп жылап жіберген еді. Сабақты жүргізіп отыр­ған Рахаң үндемеді, басын алдындағы қағазынан көтермеді. Қатты толқып отырғанын іштей сездік. Рахаң дүние­ден өтті деген хабарды естігенде, менің көз алдыма осы сурет, сондағы жарықтық Әлекеңнің кірпі­гінен үзіліп түскен жас келді.

Рахманқұл Бердібай жақсы адам еді. Алла рахым етсін, марқұмның рухына бағыштадық осы қоштасу сөзімізді.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Алматы.

 

Замандасым, сырласым

Ол қашан көзі жұмылғанша қолы­нан қаламын тастаған жоқ. Қоғамның күрделі мәселелерін көтеріп, оны бұ­қаралық ақпарат құралдарында жариялап жатты. Солардың бірі – қазір біз жаппай мерекелейтін наурыз мейрамы. Кешегі солақай кеңестік заман­ның өзінде ұлттық мерекемізді тойлау жө­нін­де мәселе көтеріп, жұрттың назарын аударған осы Рахманқұл еді. Сол үшін қуғын да көрді. Партиялық тұр­ғыдан жазаланды да. Бірақ соның бірде біріне мойымай, наурыз мейрамын той­лауға күнделікті өмірімізде қол­дану­ға дәнекер болды. Егер тәуел­сіз Қазақ елі бүгінде наурызды мерекелеп, баяғы дәстүрімізді қайтарып алсақ, онда Рахаңның еңбегі зор деп айтуға толық құқылымыз.

Мұнымен қоса менің өз басым көтеріп жүрген жер мәселелеріне қолдау көрсеткен бірінші азамат та, оқымысты да осы Рахманқұл. Отар­шы­лық жылдарында 45 миллион десятинадан астам нулы алқаптан айырыл­ғаны­мыз туралы «Қазақ қасі­реті» деген тақырыппен 5 кітап жа­з­ғанмын. Мұны қазақ ғалымдары арасында бі­рінші болып түсініп, қолдау көрсет­кен Рахманқұлдың еңбегін қалай ұмы­тайын. Ол өзінің отбасында болатын жақсылықтардан да қал­дырмай, сыйлап, ерекше ілтипат көрсететін. Бұған кейбір оқы­мыс­тылар қайран қалып: «Осы сенің Рахманқұлмен қандай жақындығын бар, нағашылы-жиенді ме, әлде достық жағдайларың бар ма?» деп сұрайтын еді. Оған мен: «Академиктер мен қазақ оқымыстылары арасында жер мәселесін бірінші болып түсінген Рахманқұл. Сондықтан да ол мені ерекше бағалап, ілтипат көрсе­теді», деп жауап беретінмін.

Ажал арамыздан осындай аяулы азаматымызды алып кетті. Ендігі айтар тілек – иманы жолдас, топырағы торқа бол­сын. Бүгін қайғылы хабарды есті­ген соң, артта қалған отбасына, туған-туысқандарына, ел-жұртына көңіл айтқаннан басқа амал қалмай тұр.

Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы.