• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2012

Түркілік мұраның түгендеушісі

529 рет
көрсетілді

Түркілік мұраның түгендеушісі

Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:46

Зайырлы қоғамда әлмисақтан бері ға­лымның орны бөлек болған. Ғалым қо­ғам тынысын, онда орын алған әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. құбылыстарды көре отырып, бақылап, соларға баға беріп, қоғам дамуының бо­ла­шағын бағамдайтын әулиелік қасиет танытқан. Сондықтан, ғалымның кітабы – тарихтың тәжірибесі, бүгіннің тынысы, болашақтың бағыты. Біз бүгін көне заманда жасаған тарихи тұлғаларымызды еске алғанымызда, ең алдымен, ғалым­дары­мызды атаймыз.

Сәрсенбі, 4 сәуір 2012 7:46

Зайырлы қоғамда әлмисақтан бері ға­лымның орны бөлек болған. Ғалым қо­ғам тынысын, онда орын алған әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. құбылыстарды көре отырып, бақылап, соларға баға беріп, қоғам дамуының бо­ла­шағын бағамдайтын әулиелік қасиет танытқан. Сондықтан, ғалымның кітабы – тарихтың тәжірибесі, бүгіннің тынысы, болашақтың бағыты. Біз бүгін көне заманда жасаған тарихи тұлғаларымызды еске алғанымызда, ең алдымен, ғалым­дары­мызды атаймыз. Өйткені, ғалымын ұлықтаған, оның сөзіне, жазғанына мән берген қоғамның болашағы баянды, ғұ­мы­ры ұзақ болған. Қазақ қоғамында ға­лым адам деп кез келген оқыған, хат та­ны­ған кісіні атай бермеген. Ғалым деген құрметті есіммен жазғаны мен жасағаны ел игілігін арттырған, ашқан ғылыми жа­ңа­лығы қоғам қажеттілігін өтеген, ең бас­тысы, сөзі уәлі, өзі қадірлі, еңбегі бағалы зиялы кісіні атаған. «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген кемең­гер Абайдың дана сөзіндегі ғалым­ның мағы­насы – кең ұғым. Мұндағы ға­лым атауы – біздің бүгін айтып жүрген ғалым деген сөзіміздің мазмұнынан терең түсінік.

Немат Келімбетов – сондай сирек са­нат­қа жататын нағыз мағынасындағы ға­лым адам. Немат ағамыздың қазақ әде­биет­тану ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі зор. Ғалымның қазақ әдебиеті тари­хы­ның мезгілдік жағынан тереңдеуіне, ке­ңістік жағынан кеңеюіне, жаңа есімдер­мен, жаңа шығармалармен молаюына орасан еңбек сіңіргенін зиялы қауым жақсы біледі. Ол өзінің «Шәді ақын» (1974), «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Түркі халықтары әдебиеті» (1986), «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті» (1989), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Қазақ әдебиеті бас­таулары» (1998), «Ежелгі түркі поэ­зия­сы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жал­ғастығы» (1998), «Көркемдік дәстүр жал­ғастығы» (2000), «Ежелгі дәуір әде­биеті (Қазақ әдебиеті бастаулары)» (2005), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) кі­тап­тарында қазақ әдебиеттану ғылымы­ның аса күрделі, бірақ бағасы жоғары, бәсі биік саласы – сыры ашылмаған әде­биет тарихының құпияларын зерттеуге құлшыныс жасады. Иә, құлшыныс деп отырғанымыз – бұл теңіздей терең та­қы­рыпты бір емес, тұтас бір халықтың мамандары сан уақыт зерттесе де, тауыса ал­майды. Ал Немат аға­мыз­дың осы саланы зерттеудегі тарихи орны – оның ал­ғашқылардың бірі болып ай­тылмай жат­қан, ғылыми айналымға енбеген, оқу­лық­тарға кірмеген ежелгі төл­тума рухани мұралары­мыз­ды біздің тарихымызбен са­бақтас­ты­рып, олар­­ды әдеби, мәдени жәді­герлеріміз деп дәлел­де­гендігі.

Қазақ топырағында ежелгі әдебиет тарихын зерттеу­ші­лер есімі көрсетілгенде, ең алдымен, ардақты ғалым Бей­сенбай Кенжебаевтың аты аталады. Әдебиет тарихы бойынша зерттеу концепциясын қалыптастырып, Х.Сүйін­шә­лиев, З.Ахметов, М.Жолдасбеков, М.Ма­ға­уин, А.Қыраубаева, Р.Нұрғали, Қ.Өмір­әлиев, А.Еспембетов сынды белгілі әде­биет­­тану­шы ғалымдар шоғырын тәр­бие­леген Б.Кен­жебаевтың қазақ әдебиеттану ғылы­мы­ның дамуына қосқан үлесін М.Әуезов­тің қазақ әде­биеті­нің өркендеуіне қосқан сал­ма­ғымен салыс­тыруға болады. М.Әуезов қазақ көркем прозасын қандай биікке көтеріп кетсе, Б.Кенжебаев қазақ әде­биетінің тарихын зерттеу саласын да сол деңгейге жеткізді. Бірі көркем, бірі ғы­лыми мектеп қалып­тас­тырып, ұлттық дең­гейде заңғар тұлға­ларға айналды. Б.Кен­жебаев­тың жолын жалғаған, ісін дамытқан талантты шәкірт­терінің бірі – Н.Келім­бетов. Ұстазы жақ­сының ұстамы жақсы дегендей, Н.Ке­лім­бетов өз зерттеу­лерінде ұс­тазы Б.Кен­же­баевтың көз­қарастарына адал­ды­ғын танытып, оның әдебиет тарихын тану концепциясына берік болды.

Осы орайда тарихқа шегініс жасап, Б.Кенжебаевтың ғалымдық және азамат­тық тұлғасын танытатын нақты мысал келтірсек. Кеңестер Одағы коммунистік партиясының әйгілі ХХ съезінен кейін жеке басқа табынушылық сыналып, тарихты тануға, ондағы оқиғаларға таптық қана емес, әділ баға беруге мүмкіндік ту­ған өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында қазақ әдебиеттанушылары арасында пікірталастар орын алғаны белгілі. Ол дау-дамай, негізінен, қазақ әдебиеті тарихы қай заманнан басталады, әдеби мұраны қандай ұстаныммен бағалаймыз деген мәселелер төңірегінде болды. Әде­биет­тің идеологиялық сипатына баса назар аударған Қ.Жұмалиев бастаған ға­лым­дар қазақ жазба әдебиетінің тарихын орыс халқымен әлеуметтік-экономикалық тығыз байланыс басталған ХVІІІ ғасыр­дан әрі тереңдетуге қарсы болды. Осы тұста Б.Кенжебаев батылдық танытып, жыраулар мұрасы, ортағасырлық түркі ескерткіштері, ежелгі түркілер заманын­дағы әдеби жәдігерліктер де қазақ жазба әдебиетінің тарихы болып есептеледі деген концепцияны дәлелдеуге бел байлады. Ақыры заман өзі ақиқатты айқындап, аяулы ғалым Б.Кенжебаевтың ұстанымы дұрыс болғандығын танытты.

Н.Келімбетов ұстазы аманат еткен күрделі тақырыпты терең зерттеп, таласы көп қиын сауалдардан қаймықпай, ашыл­ған, дәлелденген рухани мұраларды алға тартып, қазақ әдебиетінің V ғасырдан ХV ғасырға дейінгі мың жылдық тарихын оқулыққа енгізіп, сол қымбат кітапты жоғары оқу орындарының студенттеріне ұсынды. 1986 жылы «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» деген атпен алғаш баспа көрген бұл еңбек 1991 жылдан бастап «Ежелгі дәуір әдебиеті» деген оқулық болып, еліміздің филология мамандық­тарын­да міндетті оқытылатын пәндердің біріне айналды. Осы жердің өзінде сим­волдық мән жатқанын аңғаруға болады. Кітап оқырман қолына тиген 1986 жы­лы қазақ халқының рухани оянуын әйгі­лей­тін Желтоқсан көтерілісі тарихта орын алса, еліміз 1991 жылы ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін жариялады. Н.Ке­лім­бетовтің өмірлік мұратын айқын­дай­тын осы монографиясы мен оқулығы қазақ халқын ежелгі түркі бабаларының азат рухымен байланыстырып, одан сүйінші сұрағандай әсер етеді.

Биікте – Көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

Отырып, түркі халқының

Ел-жұртын қалыптастырған.

Төрт Бұрыштың бәрі дұшпан екен.

Сарбаздарымен аттанып,

Төрт бұрыштағы халықты

Көп алған, бәрін бейбіт еткен, иелік еткен.

Бастыны еңкейткен,

Тізеліні бүктірген.

 

Н.Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әде­биеті» атты оқулығына енген осы отты жолдарды оқып бой түзеген тәуелсіз мем­лекеттің жас ұрпағы сол тәуелсіздіктің ба­ға­сы мен қадірін де мүлде басқаша түсінді. Отаршылдық езгіде үш ғасыр бойы күн кешкен, мың өліп, мың тірілген қазақ халқының шөгіп қалған ұлттық рухын, патриоттық сана-сезімін, елдік, аза­маттық намысын оятатын бірден-бір күш ата-баба өсиеті, отты поэзия тілімен жеткен аманаты екендігін кәміл түсінген Немат Келімбетов өз оқулығы арқылы жа­ңа­дан шаңырақ көтерген тәуелсіз Қазақ мемлекетінің жас буынын тәрбие­леп жатты. Оқулықтың ішіндегі алуан түрлі жаңа есімдер, мол деректер жастарға таным­дық материал болатыны өз алдына, ең бастысы – оның жолдарынан азаттық рухы айқын аңғарылды. Сондықтан біз қазір кешегі өткен тәуелсіз жиырма жылдың ішінде Қазақстан Респуб­ликасының тәуел­­сіздігін нығайтуға Н.Ке­лім­бетовтің «Ежел­гі дәуір әдебиеті» атты оқулығы да өз дәре­жесінде үлкен үлесін қосты деп батыл айта аламыз.

Алмас қылыш қын түбінде жатпайды дейді қазақ. Әуелгі алған мамандығы экономист, кейін журналист болса да, Немат Келімбетов қазақ халқының түп негізі саналатын арғы заманда жасаған даңқты Көк Түріктерінің көркем дүниесіне, Орта ғасырдағы әдеби мұраға деген қызығу­шы­лығын, сол бағыттағы ізденісін еш тоқ­татқан жоқ. Ол шетелдік және отан­дық түр­к­олог ғалымдардың зерттеулеріне сү­йе­ніп, оларға жаңаша талдау жасап, ежелгі әдебиет тарихын іштей дәуірлеп, сол рухани қазынаны, талай жылғы қа­жырлы жұ­мысты студент ұғымына ла­йық­тап оқу­лыққа енгізді. Бұл – шын мә­нін­де рухани тарихымызда ерлік ретінде жоғары ба­ға­лануға тиіс. Н.Келімбетов мойнына ар­тыл­ған тарихи жүкті абыроймен көтере білді. Ол жүк – халықтың рухын оятқан, өзі­нің көркем мұра тарихына жаңаша қарауға жағдай туғызған, ата-баба мирасымен көр­кемдік дәстүр жалғас­тығын жасаған «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулық еді.

Тәуелсіздік қазақ халқына аңсаған дербес мемлекетін ғана берген жоқ. Ол, ең алдымен, санада бұққан азат ойды, азат рухты, еркіндікті ашық айтуға, анық жазуға, сол арқылы қай салада болсын жаңа ізденістер жасауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік, әсіресе, ой-пікірлері бұғауда болған, айтатын сөзін, жазатын кітабын бере алмай келген гуманитарлық сала­да­ғы ғалымдарға мол мүмкіндік әкелді.

Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісінде жаңа ашылған мүмкіндіктерді ал­ғаш­қылардың бірі болып пайдаланып, әрі үлкен жауапкершілікті мойнына алып, тағы да маңызды шаруаны Немат Келім­бетов қолға алды. Бір кезде дау туғызған, бүгінде әбден дәлелденген Орхон жазу­ларындағы әдеби мұра қазақ көркемсөзі­нің бастауы ретінде оқулықтарда оқы­ты­лып келді. Алайда, қазақпен тамырлас көрші өзбек, әзербайжан т.б. түркі халық­тары өздерінің әдебиетін одан да терең дәуірлерден бастап, сол тұжырымдаманы оқу орындарында көпшілікке ұсынып жатыр. Оның үстіне, қазақ халқының тарихы дегенде оның құрамында болған рулар мен тайпалардың аттарын, өмір сүрген мекені мен мезгілін, аралас-құралас бол­ған көршілерін, жасап қалдырған мате­риал­дық, рухани мұрасын шетелдің, өзі­міз­дің әйгілі тарихшыларымыз зерттеп, көп сұрақтың басын ашып дәлелдеп жатыр. Ал қазақ әдебиеттану ғылымында көне дәуірдегі халықтардың, тайпалар мен рулардың әдеби, рухани мұрасы болды ма, жоқ па деген сұрақты қоюға, соны зерттеуге, зерттеу нәтижесін мектеп, жо­ғары оқу орнының оқулығына енгізуге талпыныс көп бола қоймады. Еңбектер жоқ емес, бар. Дегенмен, жүйелі зерттеу, жан-жақты тиянақты талдаулар жетпей жатты. Бұл орайда, профессор Немат Ке­лімбетов өзінің «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Көр­кем­дік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті (Қазақ әдебиеті бастаулары)» атты еңбектерімен зерттелмеген соны салаға түрен салып, үлкен істің бас­тау­шысы болды. Осы кітаптардың нәти­же­сін­де қазақ әдебиеті Ғұндар мен Сақ­тар дәуірлерінде өмірге келген рухани мұра­ла­рмен молайып, оның тарихы мың жылға тереңдеді. Қазақ әдебиетінің бас­таулары «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Еділ батыр», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандарында жатқандығын дәлелдеген Н.Келімбетов өз зерттеуі арқылы қазақ әдебиеттануына ғана емес, тұтас түрко­ло­гия ғылымына үлкен олжа салды, ең бас­тысы – қазақтың рухани, әдеби мұрасы жиырма жеті ғасырды құрайтынын айғақ­тайтын осы дерек арқылы қазақ халқы үлкен бай рухани қазынаның мұрагері болғандығын сезінді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен ашылып, Астана қаласында жемісті жұмыс істеп жатқан Түркі академиясы түркі халықтарының өркениеті, олардың өткені мен бүгіні жайлы ғылыми зерттеулерге, халықаралық деңгейде үл­кен ізденістерге үйлестіруші, басқару­шы қызмет атқарып отыр. Біздің мақсатымыз – өзіміздің төл тарихымызға терең үңіліп, оны бүгінгі заманның, болашағымыздың мүддесі тұрғысынан әділ бағалау. Еуропацентризм үстемдік еткен түркология ғы­лымының тынысын кеңейтіп, жаңа ба­ғыт­та, жаңа сипатта зерттеулер жүргізу. Арамызда жүрген, өмірден озған өзі­міздің көрнекті түркітану­шыларымыздың еңбектерін назарда ұстап, солардың зерттеу бағытындағы ұстанымдарын басшы­лық­қа алу. Немат Келімбетов сынды түр­кі­лердің өз ішінен шыққан ғалымдардың түркология бағытындағы зерттеулерінің құндылығын жас ұрпаққа насихаттап, ол еңбектердің өз уақытында үлкен қызмет атқарғандығын, қазірде зәрулігін, бола­шақ­та өміршеңдігін көрсету – біздің асыл мұраттарымыздың бірі.

Қазақ халқы, оның Отаны – Қазақстан мемлекеті өмір сүргенде, халықтың ба­қытты, мемлекеттің баянды болуына зор еңбек еткен Немат Келімбетов сынды қа­дірлі ғалымның ардақты аты өшпейді, еңбектері мәңгі жасайды.

Шәкір ЫБЫРАЕВ, Түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор.