• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2012

Терең таным иесі

535 рет
көрсетілді

Терең таным иесі

Сейсенбі, 10 сәуір 2012 7:25

Демалыс күні болатын. Сайын інім телефон шалып, Саматбектің тасқаяқ (бильярд) қағыстыруға шақырып жатқанын хабарлады. Сәулет өнері саласында өзіндік қолтаң­ба­ла­рын қалдырып, есімдері елге кеңінен таныл­­­­ған, ерекше талант иелері осы екі азамат: Сайын Назарбекұлы мен Саматбек Бөкебай соңғы кезде қолдары босаған сәттерін пайдаланып, анда-санда мені қатарларына қосып, түрлі тақырыпта ой бөлісуді әдетке айналдырған. Бұл жолы да сондай кездесудің бірі болар деген оймен келісімімді беріп, уақытында айтылған жерге бардым.

 

Сейсенбі, 10 сәуір 2012 7:25

Демалыс күні болатын. Сайын інім телефон шалып, Саматбектің тасқаяқ (бильярд) қағыстыруға шақырып жатқанын хабарлады. Сәулет өнері саласында өзіндік қолтаң­ба­ла­рын қалдырып, есімдері елге кеңінен таныл­­­­ған, ерекше талант иелері осы екі азамат: Сайын Назарбекұлы мен Саматбек Бөкебай соңғы кезде қолдары босаған сәттерін пайдаланып, анда-санда мені қатарларына қосып, түрлі тақырыпта ой бөлісуді әдетке айналдырған. Бұл жолы да сондай кездесудің бірі болар деген оймен келісімімді беріп, уақытында айтылған жерге бардым.

Әдеттегідей емес, сырттан өзге де адамдар бар екен. Солардың ішінде бір ақсақал бірден назарымды өзіне аударды. Бұған онымен бұрын кездеспеген бейтаныстығымның сыртында, оның болмыс-бітімінің өзгелерден ерекшелігі де әсер еткен секілді. Оның тұрған тұрысы да, киім киісі де, кескін-келбеті де қасындағылардан өзгеше көрінді. Сұңғақ бойлы, қапсағай денелі кісі екен. Жасы келген егделігіне қарамастан, денесі тіп-тік. Самай­­­дан бастап, жағын жиектете әкеліп, иекке ұш­­тастырып, біркелкі тұқылдай қырыққан қып­­шақы сақалы қылаусыз әппақ, аққұба өңіне біртүрлі киелілік дарытып, иесін өзгелерден оқшаулап, дін адамына қарай бейімдеп тұрғандай. Сол сәт ол маған Қожа Ахмет Ясауиге ұқсайтындай көрінді.

Қысқа қайырым сәлемдесуден кейінгі үн­сіз­­дікті Сайын бұзды. Зерделі азамат қой, бей­таныстықтан туған тосырқау кедергісінен шы­­­ға­рып жіберу ниетімен бізді таныстыра бастады.

– Мына кісі Әнуарбек деген ағамыз, – деді. Содан соң маған қарап: – Бұрын кездес­пеген боларсыздар, Әнекең Саматбектің туған ағасы. Елден кеше келіпті, – деді.

Өз тарапымнан таныстыққа ризалық біл­діріп, ілтипат таныттым. Сайын өз кезегінде: «Мына кісі…» деп, тұрғандарға енді мені та­ныстырғалы ыңғай білдіре бастап еді, Әнекең оның алдын орады. Биязы майда сөйлейтін кісі екен.

– Бұл кісіні білеміз ғой, – деді ұяң жымиып. – Жазушылар мен ғалымдардың өздерін көріп, жүзбе-жүз таныспағанымызбен, еңбек­те­рін оқып, сырттай біліп жатамыз. Өзін бүгін бірінші көріп тұрғаныммен, Қойшекеңнің де «Алтын тамырдан» бастап, тарихи тақырыпқа жазылған біраз еңбегін қалдырмай оқып келемін. Міне, енді жүз көрісіп жатырмыз, бұған қуаныштымын.

Байқаймын, ақсақалдың өмір көрген, ор­нықты ой иесі екені байқалып тұр. Оның солай екенін нақтылай түсейін дегендей, жаңа­ғы сәтте сәл тосылып қалған Сайын інім сөзін әрі сабақтап, Әнуарбек Тәженұлының өмір жолымен таныстырып өтті.

Одан тұтқаным: Әнуар ақсақал туған ауданында қашан еңбек зейнетіне шыққанша партия-совет саласында түрлі лауазымда қызмет атқарған. Он екі жыл үзбей кәсіптік-техни­ка­лық училищенің директоры болған. Үш бір­дей жоғары оқу орнын тәмамдап, үш түрлі маман­дықты меңгерген. Сегіз рет қалалық кеңестің депутаттығына сайланған. Соңғы он сегіз жылдан бері зейнеткер. Бірақ еңбек демалысына шықтым деп қарап отырмай, осы жылдар ішінде тынбай ізденіп, Қожа Ахмет Ясауидің атақты «Диуани хикметтерін» қазақ тіліне аударып, баспадан жеке кітап етіп шығарған.

– Бұл ретте Әнекеңді аудармашы емес, зерттеуші десе де болады. Хикметтердің мән-мағынасын өз болмысында дәл жеткізсем деген мақсатпен, табан аудармай он алты жыл ізденіп, тер төккен адамды зерттеуші демегенде кім дейміз, – деп, таныстыру сөзін түйін­де­ген інісіне Әнекең сыпайы қарсылық білдіріп:

– Қайдағы зерттеушілік?!. Біздікі білсем, танысам деген ішкі рухани сұраныстың қаже­тін өтеу жолындағы аз-кем ізденіс, жай талпыныс қана ғой. Оны ғалымдық таным, ғылы­ми зерттеу деу артық болар, – деді.

Жаңа танысымның бұл ойын сыпайы­гер­ші­лік ізеті деп қабылдап, сырт адам ретінде өз п­і­кірімді білдірмек ниетінде әңгімеге аралас­тым.

– Әнеке, шынымды айтсам, қайран қалып тұрмын. Қалай дегенде де, бір кітапты ауда­ру­ға сіздің жасыңызда бақандай он алты жыл­ды арнау – үлкен ерлікке тең шаруа. Осындай бей­не­ті ауыр, азапты жұмысқа өз еркіңізбен жегілуге не себеп болды? Егер құпия болмаса, ой бө­ліс­сеңіз ғанибет болар еді, – деп өтініш жасадым.

– Мұның не құпиясы болуы мүмкін. Ақыр сіздермен танысып, әңгімелесуге келдім ғой, айтайын, – деп ол кісі әңгімесін бастады. – Ме­нің бүкіл өмірім Түркістанда, соның төңі­регінде өтіп келеді. Осында Шорнақ ауылында дүниеге келіппін. Бір жасқа тола берге­нім­де Жамбыл облысының Талас аудандық партия комитетінде қызмет істеп жүрген әкем Тә­­жен­ді «халық жауы» атандырып, Магаданға 25 жылға айдап жіберіпті. Елде қалған біздің күніміз де күн болмады. Ауыр тұрмыс бізді де ерте есейтті. Сол қаршадай күнімде-ақ мен Қо­­жа Ахмет әулиені білдім. Тарыққан, зарық­қан адамдардың арнайы барып, «Арыстан ба­б­қа түнейтінін, Қожа Ахметтен тілейтінін» көр­дім. Мен де оңашада ет жүрегім езіліп, жы­лап тұрып, Қожа Ахмет әулиенің кесене­сі­не барып, одан әкемнің айдаудан аман келуіне көмектесуін сұрап талай жалынғанмын. Сол балалық пәк тілегім періштенің құлағына шалынды ма, Қожа Ахмет әулиенің қолдауы болды ма, мен жеті жасқа келгенде әкем ақталып елге оралды.

Бірақ, өздеріңіз де білесіздер, ол заман қандай заман еді. Қасиеттіңді қадірлеп, кие­ліңді пір тұтуға мүмкіндік берді ме?!. Сөйтіп жүргенде Құдай жарылқап, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойғы арманы болған Тәуел­сіз­дікке жеттік. Әлгі Бұқар жыраудың айтқаны бар ғой: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге», деп. Қазақ текті халық қой. Қандай жағдай болса да тез есін жияды, ұлттық құндылықтарын тү­гендейді. Тәуелсіздік жылдарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы соның бір көрінісі.

Міне, осындай игі істердің нәтижесінде халқымыз бүкіл түркі жұртының ортақ қазы­насы – Қожа Ахметтің «Диуани хикметтері­мен» қайта табысты. Бірақ әртүрлі аудармамен, әртүрлі үзінділермен. Соның алғашқысы 1993 жылы «Мұраттас» баспа орталығынан шықты. Содан кейін де жеке аудармашы­лар­дың оншақ­ты нұсқасы жарық көрді. Өз басым, осылардың бәрін тауып алып, оқып шықтым. Аударма­шыларға айтар алғысым шексіз. Оларды оқу арқылы «Хикметтердің» мәңгілік ілім екеніне көзім жетті. Осы уақытқа дейін халқымыздың аса зор рухани қазынадан айырылып келгенін сезіндім. Бірақ сезіну бар да, оны танып түсіну, бойыңа дарыту бар ғой. Міне, осыған келгенде өзімнің білім өремнің таяздығын, мұндағы әрбір сөздің, оның Ясауи қолдануындағы киелі мәнін танып тұшыну үшін таным дүниемнің тапшылығын аңғар­дым. Сұрап біле қоюға қасымда ондай ғұлама тағы жоқ. Не істеу керек? Тастың сыртқы жылтырағы оның гауһар­лығын танытпайды ғой. Амалсыз өзімнің ізде­нуіме тура келді. Бұ­ған он жылдай уақытым кетті. Осыдан кейін ғана «Хикметтерді» оқығанда, оның айтпағын ептеп болса да түсіне бастадым. Осыдан кейін барып, баяғы өзім риза болып оқыған аудар­малардың ақаулары да біліне бастады. Аудар­машылардың Ясауидің інжу-маржан ойлары­ның ішіне ене алмай, тек сырт қызықтап, ақындық сарынмен кеткенін байқадым. Қожа Ахметке бірыңғай ақын деп қарау оның әулие ғұламалығына тарлық етеді. Ол – сопы. Ол «ділім айтады, қолым жазады» дегенді тегін айтпаған. Сопының жүрегімен айтатын хик­мет­тері жоғарыдан келеді. Оның: «Менің хик­меттерім пәрмені – Сұбхан», деуінің мәнісі де осында. Ал аудармашылар болса, осындай не­гізгі ой діңгегін ескермеген. Соның салдарынан Ясауи сөзі кей жерлерде басқаша мағына алған. Мысалы, «Хикметте»:

Ахир заман ғалимлары залым булди,

Хуш амад еттушилар ғалым булди,

Хакии айтган дәрушларға ғаним булди,

Ғажаб шумлиғ замандар булди, дустлар, – деген шумақ бар. Былай алғанда, тіпті, ұғы­нуға түсінікті болатын осыны тәржімешілер былай аударған:

Ақыр заман ғалымдары залым болды,

Ізгі ниетін үзбегендер ғалым болды.

Алланы айтқан дәруіштің жолы болды,

Ғажап сұмдық заман болды, достар.

Байқадыңыздар ма, ғұламаның ойын бұ­лай­ша бұрмалауға болмайды ғой. Ясауи бұл арада:

Ақыр заман ғалымдары залым болды,

Қошемет етушілер ғалым болды,

Хақты айтқан дәруіштерге қарсы болды,

Ғажап сұмдық заман болды, достар, – деп тұрған жоқ па?!. Басқаша айтқанда, Ясауи аудармашылар қолдан телігендей: «ізгі ниетін үз­бе­гендердің» емес, залым ғалымдарды қо­ше­мет­теген жағымпаздардың «ғалым» болға­нын, сондай-ақ «Алланы айтқан дәруіштің жолы бол­­ғанын» емес, Хақты айтқан дәруішке әлгі жа­­ғымпаздардың «қарсы болғанын» айтып отыр ғой. Болмаса, «Хикметтегі» түрікше бе­ріл­ген «билмишілер», «кирмишелер» деген сөз­­­дерді қазақша «білмейді», «кірмейді» дегенге жорып:

Хақ құлдары дәруіштер хақиқатты білмейді,

Хаққа ғашық болғандар, хақ жолына кірмейді, – деп аудара салған. Көрдіңіз бе, осының өзі-ақ бүкіл хикметтердің мағынасын теріс айналдырып тұр ғой.

Міне, осындайлардың бәрін көріп, білге­нен кейін жайыма қала алмадым. Қарекетсіз қалу – ұлы мұраға, асыл қазынамызға қиянат жасаудай көрінді. «Мұны мен түзетпесем, кім түзетеді, енді бұған мен құсап кім ұзақ уа­қы­тын сарп етеді», деп ойладым. Ақыры ойласа келіп, қазақ қауымына ұлы бабамыздың ақын­дығы болмаса да, сөзін, ойын өз мағынасында дәл жеткізуге еңбектеніп көрейін деп тәуе­келге бел буып, аудармаға отырдым. Оңай бол­ған жоқ. Бірақ орта жолда тоқтап та қал­мадым, аяқтап шықтым. Қалай шықты, баға­лау – халықтың еншісі. Міне, менің аударма­шылығымның бар сыры осы.

Әнекең сөзін аяқтап: «Иә, бұған не дей­сіз­дер?» дегендей, бәрімізді шола бір қарап шық­ты. Біз өз тарапымыздан қолдау, қошемет білдірдік.

«Хикметтің» ақындар аударған аудармасын мен де оқығанмын. Бірақ олардан жаңағы Әнекең айтқан олқылықтарды аңғармаппын. Оны байқау үшін де үлкен білім, мақсатты ізденіс, түпнұсқамен салыстыра талдау қажет­тігін енді түсінгендеймін. Осы сәтті пайдаланып, мен кезінде өзім оқып мағынасын түсіне алмаған «Хикметте» кездесетін, «Қал ілімі», «Һал ілімі» дегендердің не екенін, ғұламаның қолдануындағы «өлмей тұрып өлу» тіркесінің қандай мағынасы барын, сондай-ақ «шәкір», «зәкір», «зікір», «дағуа» тәріздес біраз сөздер­дің мағынасын сұрап білдім. Әнекең солардың бәріне кідірмей, байыппен, ұғынықты қара­пайым қазақы түсінікке сай жауап беріп отырды. Әр сөзі оның бұл салада жоғары деңгейге көтерілген, терең таным иесі екенін айғақтап тұрғандай еді. Мен осы аз ғана уақыттың ішінде ясауитану мектебінен өткендей болдым. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық», немесе «Жақсымен бірге болған жалғыз сәтің, жаман­ның өтіп кеткен өміріндей» дегенді дана хал­қы­мыз осындайда айтқан-ау. Тек, әттең, «Құс төресі аққу мен қаз болады, ғұмыры жақсы­лардың аз болады» деп, халық жырларында айтылғандай, өмірі өнеге осындай абзал жан­дардың ғұмырының аз болатыны қан­дай өкінішті. Ғасырлар бойы халқымыздың рухани тірегі бола білген, бүгінде мән-мағы­насы әуелгі қалпынан бір кемімеген – Ясауи хикметтері Тәуелсіз ел жастарына сол баяғы жауһар болмысымен жетсе екен деп он алты жыл бойы табандылықпен, мақсаткерлікпен тер төккен абзал азамат Әнуарбек Тәженұлы да енді арамызда жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын кешегі қызыл империяның қанқұйлы саяса­ты­ның құрбаны болған Алаш арыстарының өмір жолдарымен танысып, еңбектерін оқығаннан кейін, солардан өзімше ой түйіндеп, қойын дәптеріме:

Бақыт деген еңбегіңнің жануы,

Атақ деген ел-жұртыңның тануы.

Бұл жалғанда өлмейтұғын пенде жоқ,

Өлмеу деген артыңда із қалуы, – деп жазып қойған екем. Қарап отырсам, осы жолдар Әнуарбек Тәженұлы ақсақалға да қатысты ай­тылғандай. Иә, Әнекең еңбегі жанған, елі та­ны­ған бақытты жан. Ол өлген жоқ, артына өшпес із қалдырды. Тәуелсіз Қазақ елінің тәу­елсіз ұрпағы Қожа Ахмет Ясауи «Хикмет­те­рін» оқыған сайын оны бүгінгі қазақ тіліне құнын түсірмей, жауһардай жайнатып аудар­ған Әнуарбек Бөкебаевтың есімін де қайталай еске алатын болады. 

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ.