• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2012

Сәтбаев санасқан саңлақ

447 рет
көрсетілді

Сәтбаев санасқан саңлақ

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:06

Мақаланың басты кейіпкері Сағид Рауфович Рафиковпен менің алғашқы таныстығым сонау студент кезімде басталды. Талабым мен талантымнан үміт күткен ұлағатты ұстазым, сол кез­дегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситеті (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті деп аталады) химия факуль­теті­нің деканы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов үшінші курста оқып жүрген мені: «Сенің ендігі тәлім алатын жерің осы» деп Химия ғылымдары институтының табалдырығынан аттатқан еді.

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:06

Мақаланың басты кейіпкері Сағид Рауфович Рафиковпен менің алғашқы таныстығым сонау студент кезімде басталды. Талабым мен талантымнан үміт күткен ұлағатты ұстазым, сол кез­дегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситеті (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті деп аталады) химия факуль­теті­нің деканы, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжанов үшінші курста оқып жүрген мені: «Сенің ендігі тәлім алатын жерің осы» деп Химия ғылымдары институтының табалдырығынан аттатқан еді. Сол кездегі институт директоры, академик Әбікен Бектұров бастапқыда салқын қабақ танытса да, кейіннен зертханада қызмет істеп, ғылыми ізденістер жүргізуіме жол ашқан болатын. Ионалмастырғыш шайырлар зертханасына келгенімде менімен: «Зертхана жетекшісі Михаил Владимирович Виттих пен аға ғылыми қызметкер Ф.Т.Шостак» деп танысқан қарт кісі­лер әуелі бұдан былай отыратын орынымды көр­сетті де содан соң: «Зертханамыз жаңадан ашыл­ған, бастығымыз – академик Сағид Рафиков. Ол кісі қазір Мәскеуде, екі аптадан соң келеді. Ал мыналар тотығып-тотықсызданатын полимер­лер­ді алу тәсілдері жөніндегі сол кісінің тапсырмасы. Осы жұмысты шұғыл бастап, аяқтауың керек. Мынау қажетті әдебиеттер» дегенді айтып, өз істерімен айналысып кетті.

Жаспыз, алда не күтіп тұрғаны жайлы көп ойлай бермейміз. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмасам деймін. Сөйтіп институт қабырғасындағы, оның ішінде өзімнің бүкіл ғылым-ғұмырымдағы меке­нім­де алған алғашқы тапсырманы орындауға шұғыл кірістім. Әуелі «қажетті әдебиеттер» тізі­мін­дегі ғылыми кітаптарды ақтарып, біршама уа­қыт шығындадым. Содан соң одан түйген­дерім­ді қағазға түсірдім. Не керек, екі апта бойы «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей» мұрыннан шаншылып еңбек еттім. Жиған-тергенімді жүйе­леген ал­ғашқы «есебімді» Михаил Владимирович қария­ға тапсырдым. Иықтан біраз ауыр жүк түскендей болғанымен көңіл күпті. Өйткені «есебімнің» өзім жүзін әлі көрмеген, атағы жер жарған үлкен ғалымның қолына түсетінін біліп жүрмін.

Сағид Рауфович келе салысымен іске кірі­сіп­ті. Байырғы қызметкерлерінің жұмысымен толық таныса алды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін, мені шақырды. Түріме бажайлап қарап алған соң: «Ал жігітім, қалай, қазақша сөйлесеміз бе?» дей­ді. Жүзінен мейірім шуағы төгіледі. Менің қы­сылып тұрғанымды байқаған соң әңгімені осылайша жайдары бастаса керек. Ол туған жерімді, әке-шешемнің немен айналысатынын, қай мектепте оқығанымды, осы уақытқа дейін таңдаған мамандығым бойынша не істей алғанымды ег­жей-тегжейлі сұрады. Ауылдың, ауылдық­тар­дың жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Бұрын­нан таныс, алды кең ақылман ағамен сөйлесіп отырғандай күй кештім. Кескін-келбеті қазаққа келіңкіремегенімен сөз мақамында бір іркілу жоқ. Өзінің айтуынша әкесі татар, анасы башқұрт екен. Орыс мектебін бітірген. Сөйтіп, бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас түркінің үш ұлты­ның тел қозысындай болып кетіпті. Кейінгі ұзақ аралас-құраластығымызда бастапқы осы кез­десудегі осы тұжырымымның дұрыстығы іс жү­зін­де дәлелденіп жүрді. Олай дейтінім, қазақтың ұлттық химия ғылымының жеке тармақтарының бастауында тұрған көрнекті ғалымдар Б.А. Жұ­банов, Б.В.Суворов, Г.П.Гладышев, Е.Е.Ерғожин, Е.М.Шайхутдинов, Д.Х. Сембаев, Е.А.Бектұров, Ю.Б.Монаков, Г.В.Леплянин, Ж.Ж.Баярстанова, И.А.Архипова және басқалар осы ұлағатты ұстаздың тәлімін алғандар.

Биыл туғанына 100 жыл толатын әлемдік дең­гейдегі ғұлама ғалым Сағид Рауфович Рафиков Ресей Федерациясына қарасты Башқұрт АКСР-індегі Қаишев ауылында дүниеге келген. Сол кез­дің тұрмыс-тіршілігіне орай болашақтың көр­нек­ті ғалымы еңбекке ерте араласады. Бас­тап­қыда колхозшы болған ол кейіннен Башқұртстан мен Татарстан Республикаларының кәсіпорын­дарын­да қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. 1932 жылы «жұмысшы факультетін» бітір­ген соң Қазан институтына оқуға түсіп, онда сол кездің КСРО Ғылым академиясының атақты академик химигі А.Е.Арбузовтан дәріс алады. Қазан химия-технология институтын ойдағыдай тәмамда­ған соң осындағы зауытқа орналасады. Өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен жас жігіт болашағын ғылыммен байланыстыруды жөн санап, Мәскеуге келіп, 1938 жылы КСРО Ғылым академиясына қарасты Органикалық химия институтындағы полимерлер саласынан тұңғыш аспиранттардың бірі болады. Мұнда табаны күректей 10 жыл қа­тарынан әйгілі ғалым, академик П.П. Шо­ры­гиннің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізген талантты азамат соғыс басталатын жылы кандидаттық диссертациясын ойдағы­дай қорғайды. Еңбекке жаны құмар, ісіне ыж­дағатты зерек те алғыр жас КСРО-ның талай зауыттарында өз жаңалықтарын өндіріске енгізуге тікелей қатынасады. Ол ойлап тапқан желімдер мен аязға төзімді синтетикалық каучуктер сол кездің халық шаруашылығын дамытуға ерекше серпін берген жаңалық еді. 1948 жылы тындырымды ғалым докторлық диссертациясын ойда­ғы­дай қорғап шығады. Ол тұңғыш рет Кеңес Ода­ғын­да полимерлердің физика-химиялық қа­сиет­тері тақырыбында монографиясын жариялайды.

Сағид Рауфовичтің Қазақстан ғылымын да­мы­туға үлес қосуы ұлттық ғылымымыздың негі­зін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көреген­дігі нәтижесінде мүмкін болады. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылуын қамтамасыз етіп, оның тұңғыш президенті болып тағайын­дал­ған Қанекеңнің сенім артып, арқа сүйейтін ғалым­дар шоғыры ол кезде Қазақстанда жоқтың қасы болатын. Ұлы Отан соғысы салдарынан Киевтен, Минскіден, Ленинград пен Мәс­кеу­ден эвакуацияланып келіп, Қазақстанда жұ­мыс істеген зиялылар бұл кезде топ-тобымен ба­йырғы мекендеріне қай­тып кеткен болатын. Оның үстіне химия саласында ғылым көкжиегіне шыққан Сағид Рауфович Қане­кеңді өз талантымен тәнті қылса керек. Сөй­тіп, қа­зақ­тың ұлттық ғылымының негізін қалаушы Қа­ныш Иман­тай­ұлы Сәтбаев Рафиковты Қазақ­стан­ға шақырады. Қазақ дегенде онсыз да бүйрегі бұрып тұратын ол Қанекеңнің ұсынысына бірден келісе кете­ді. Әуелі мұнай-химия зертханасын ұйым­дас­ты­ру­дан бастаған ғалым Қаз КСР Ғылым академиясына қарасты Химия ғылымдары институтында жо­ғары молекулалы қосылыстар, мұнай химиясы, мұ­най химиясының синтезі, өндірістік катализаторлар деп аталатын ғылыми салалардың негізін қалады.

Сағид Рауфовичтің қызметі бізде болса да Мәс­кеуден қол үзген жоқ. Білгенін таланттарға үйретуден жалықпады. Мәселен, С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ ауылшаруашылық институтында, сондай-ақ, Мәс­кеудің Д.И.Менделеев атындағы Химия технология институтында бір мезгілде дәріс оқып жүрді. Ал ғылыми зерттеу жұмыстарын КСРО Ғы­лым академиясына қарасты Элемен­тор­га­ни­калық институтында да жалғастырды. Бұл бұл ма, 1954-1956 жылдар аралығында Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Ғылым академиясы президиумында кеңес­ші­лік қызмет атқарып, онда да талай шәкірт тәр­биелеп шықты. С.Р.Рафиковтың білімі мен таланты, еңбекқорлығы қытайлық ғалымдар арасында да сый-сияпатқа ие болды. Кейіннен көр­нек­ті ғалым Чехославакияның және басқа мемле­кет­тер­дің полимерлік химия ғылымының дамуына қамқорлық жасады.

Табиғатында еңбекқор, ізденгіш, талантты, зерделі ғалым жалпы алғанда КСРО-дағы химия ғылымының дамуында еңбегі орасан зор болды. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін оның артында қал­ған ғылыми еңбектерінің саны 900-ден астам еке­нін айту да жеткілікті. Ал егер ол тәрбиелеген шәкірттерді және олардың еңбектерін ескерсек, ұлағатты ұстаздың, көрнекті ғалымның, тамаша адамның кейінгі ұрпаққа беріп кеткен мұрасы есептеуі мүмкін емес мол дүние екенін байқай­мыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бір ғана біз­дің Қазақстанда 18-20 көрнекті ғалымның осы кісіге шәкірт болуының өзі неге тұрады! Қазіргі Қазақ елінің мұнай-газ химиясы, жоғары мо­ле­кулалы қосылыстар химиясы немесе полимерлер химиясы, ионалмастырғыш шайырлар мен мембраналар деп аталатын бірнеше сала бойынша Сағид Рауфовичтің Қазақстан үшін қандай жақ­сылық жасап кеткенін байқауға болатын шығар.

Тамаша ұстазбен алғашқы кездесуден алған әсер бүкіл ғылым-ғұмырымда ол кісімен толық түсіністік жағдайында көрініс тапты дей аламын. Аспирант кезімде зерттеп жүрген тақырыбыма байланысты «есеп» жаздыртты. Оны егжей-тег­жейлі оқып шыққан ұстазым мені дереу Мәс­кеу­ге шақы­р­тып алды да «мынауың бітейін деп тұр­ған тамаша іс екен» деген баға беріп, кей тұс­тар­ды әлі де зерделеуге кеңес айтты. Ұстаздың тапсырмасын бұлжыт­пай орындадым да жаңа есеп жаздым. «Еділ, мынауың тамаша ғылыми мақала болып шыққан екен. Осыны «Успехи химии» журналына ұсын» деген кеңес берді. «Ертеден таныс және академиктерден басқаның мақаласын баспайтын бұл журнал менің алғашқы зерттеу нәтижелерім жайлы жазған есебімді шығара қояр ма екен?» деген күдікпен мақаланы журнал редакциясына апарып бердім. Міне, қызық. Көп ұзамай мақалам жарық көрді. Бұл Қазақстан ғылымы үшін «төңкерісті» жағдай болып шықты. Біріншіден, журналға қазақ авторлардан мақа­ла­сы жарияланған тұңғыш ғалым болдым. «Ғалым» деген атағым жоқ, бар болғаны ас­пирантпын. Екіншіден, мақала одақтық қана емес, әлемдік ғалымдардың назарын аударған екен. Ма­қа­лама үн қосып, өзімді «бірге жұмыс істеуге» ша­қыр­ған ұсыныс хаттарды, басқаны былай қой­ғанда, қарқынды дамуымен әлемді тәнті етіп келе жатқан Жапония ғалымдарынан да алдым. Ең қызығы сол – мақала жарияланған соң бір қор­жын журналды көтеріп ұстазымның Алматыға келмесі бар ма?! Менің мақаламды мұндағы ғы­лы­ми ортаға және өзінің шәкірттеріне «сенсация» деп қуаныш­пен таныстырған ұстазым «Еділ­дің ғылыми сам­ғауы басталды» дегенді кесіп айтты. Мінекей, қара­пайымдық пен өзгенің жетістігіне қуана білушілік адам баласын дәл осы Сағид Рауфовичтегідей үлкен сезім ретінде осылайша көрініс тауып жатса, бәлкім қазіргі тірлігіміз бұдан да жақсы болар ма еді, қайтер еді?!

Ол үнемі «Шәкіртсіз ұстаз – тұл, ұстаз – бәй­те­рек, шәкірт – бұтақ» дегенді қайталап жүруші еді. Шәкіртіне туған әкесіндей қамқорлық жасау дәл осы Сағид Рауфовичтің туа біткен қасиет­тері­нің бірі екенін өмірлік аралас-құраластықта толық сезінгендеймін. Ол жақсыны алыстан көре біле­тін бір ерекше жан еді. Кейіннен ғылыми атақ­тар­ды қорғаған соң Мәскеу, Ленинград секілді қалаларда оқып жүрген қазақ жастарынан назарына іліккендерін әкеліп біздерге: «Енді мыналарды ғылымға баулыңдар» деп жүретін. Ақыры ғылыми ізденістер барысында ұстаздың бізге әкеліп теліген жастары кейін шын мәнінде сенімді ақтап, жақсы ғалым болып шықты.

Табиғатында зерек, жастайынан көзге түскен жанды КСРО-ның ғылыми элитасы толығымен сыйлайтын. Көрнекті ғалым-ұстаз өз өмірі мен қызметінде «ұлық болсаң – кішік бол» деген ұстанымның үлгісіндей еді. Шәкірттеріне әкедей қамқор бола алған ол қарапайым қызметкерлерге де ізетті болды. Өзі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін Мәскеудің үлкен ғылыми зерттеу орталықтарындағы қарапайым адамдардың өзі ол кісімен емен-жарқын сөйлесетінін талай көрдім. Ал бізге келген шағында институттағы әрбір адаммен ілтипатты сәлемдесіп, денсаулығын, тіршілік-тынысын сұрастырып жататын.

Ол өзін де, өзгені де аямайтын ерекше талапшыл болды. Мұны мен өз өмірімде талай рет сезіндім. Зертханадағы ғылыми ізденістерімді қаншалықты қимасам да партия менен «лауазымды тұлға» жасағысы келгенін жастай сезіндім. Институтта зертхана меңгерушісі болып жүрген шағымда ҚазМУ химфагына профессор, кафедра меңгерушісі қызметіне шақырды. Химия фа­культетінің деканы өзімнің ұлық ұстазым Батырбек Ахметұлы Бірімжанов болатын. Сондықтан да ғылыми ізденістерімді жалғастыруыма кедергі бола қоймайтынын түсінген Сағид Рауфович Рафиков қанша қынжылса да: «Жарайды, бірақ ғылымнан қол үзіп қалып жүрме» дегенді қада­ғалап айтты. Көп ұзамай мені декандыққа ұсын­ды. Батырбек Ахметұлының «уәждеріне» Сағид Рауфовичтің пікірлерін қарсы қойып, безбеннің екі басын салыстыру қажеттігі туындады. Бұл кезде Батырбек Ахметұлы маған былай деген еді: «Еділ, өз орныма сені ұсынып отырған өзіммін. Мен сенің сөздің тура мағынасында ғалым еке­нің­ді білемін. Сондықтан ғылымдағы өз салаңды өркендету үшін осы жерден оған бейім шәкірттер іздестіріп табуың керек. Мұнымен өзің айна­лыспасаң, кім айналысады?». Сағид Рауфович Батырбек Ахметұлының бұл сөзіне тоқтағандай болды. Ақыры декандыққа келісім беріп, ол жұ­мысты да біраз атқардым ғой. Сөйтіп жүр­генде университеттің бірінші проректорлығына ұсын­ды. «Ат-тонымды ала қаштым». Оның үстіне ұстазым Сағид Рауфович бұл хабарды естіген соң мынадай сөз айтты да телефон тұтқасын тастай салды: «Сен, бірінші проректор түгіл ректор болсаң да қойшыдан қай жерің артық?! Онда да сол қойшының кебін киесің. Осыны түсін. Сенің жолың ғылымда, осыны ұмытпа». Ардақты ұс­тазымның қатты ашуланғанын бірден түсіндім. Түсінгенімді мұндағы ұстазым Батырбек Ахмет­ұлына айтқанымда ол кісі былай деді: «Сағид Рауфовичтің ренжуі дұрыс. Десек те, сен ғылыми ізденісті мүлде тастамайсың ғой. Оны жалғас­тыруыңа толық құқылысың. Оның үстіне партияны өзіңе қарсы қойып алма».

Иә, ол кездің биі де, соты да партия еді. Пар­тияның айтқанына көніп, айдағанына жүруге тиіссің. Бұл жағынан Кеңес Одағының алғашқы теперіштерін абақтыда көрген Батырбек Ахмет­ұлы ерекше сақ еді. Екі ұстазымның арасындағы барлық айырмашылық дәл осы «партия» деген ұғымнан анық байқалатын. Партияның тепері­ші­нен гөрі жақсылығын өз өмірінде көбірек сезін­ген Сағид Рауфович «еркіндеу» болатын. Ал Батырбек Ахметұлында партияға қатысты «көнбіс­тік» басым еді. Сондықтан да «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған партияның жұмсаған жеріне баруыма тура келді. Мұны естіген Сағид Рауфович қанша жерден іштей қынжылса да бауыр басып қалған шәкіртін мүлде түңілдіріп алмайын деді ме, кім білсін, көп ұзамай үйге телефон шалып, былай деді: «Иә, Еділ, жаңалықтарыңды естідім. Қуанды деп ойлап жүрме. Десек те, ескертерім, ғылымнан ажыраушы болма. Сенің орның ғылымда». Ұлағатты ұстаз, қамқор әке кейпінде болған осынау жан­ның осы сөзі әлі күнге дейін құлағымнан кет­пейді. Бұл маған ғана емес бүкіл қазақ ғылы­мы­на, қазақ ғылымының болашағына жаны шын ашы­ған адамның ақжарма тілегі еді. Жалпы алғанда, бүгінгідей әлеммен күш теңестіре алатын иықты қазақ химия ғылымының тұлғала­нуын­да асыл ұстаздың осынау ұстанымы, өсиет­тей аманат сөзі үлкен қызмет атқарды десем, бұл тек қана ақиқатқа тура қарағандық деп ұғынылса екен. Олай дейтінім, Сағид Рафиков менің 1986 жылы республикадағы ең үлкен білім ордасы – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетіне ректор болғаным туралы хабарды есті­ген­де де бұған қуанбайтынын өзіме ашық айтқан жалғыз адам болды. Бар болғаны: «Ғылымды өгейсітіп жүрме» деді. Менің қабілетімді, бол­мыс-бітімімді шын таныған, қазақ ғылымына шын жаны ашыған адам ғана осылай дей алса керек.

КСРО-да «қайта құру», «демократия» деген сөздер үстемдік еткен 1988 жылы лауазымды қызметтерге баламалы сайлау дейтін дәстүрге айналды. Химия ғылымдары институтының директоры, академик Болат Ахметұлы Жұбановқа бұл кезде жоғары жақтан: «академияның ғылыми хатшысы және институт директоры деген екі қызметіңнің біреуін ғана қала, таңдау өзіңде» деген екен. Болат Ахметұлы Академияның ғылыми хатшысы қызметін таңдапты да институт дирек­торлығынан босатуға өтінішін беріпті. Осыны жанашыр, жаны жайсаң Болат аға маған айтты. Мен еш ойланбастан институт директорлығына сайлауға түсуге өтініш бердім. Сөйтсем, ректор­лықтан босатуды сұраған өтінішті де тапсыруым керек екен. «Сайланбай қалсам, қайтемін?» деп жүрексінбей-ақ бұрынғы қызметімнен босатуын өтінген өтінішті бірден жазып бердім. Сөйтіп, басым көпшілік дауыспен баламалы сайлауда жеңіп шығып, Химия ғылымдары институтына директор болдым. Мұны естіген ұстазым қуанышын жасыра алмай үйге телефон шалып, құттықтап алғысын үйіп-төкті, балаша қуанды. Бұл нағыз риясыз қуаныш еді. Қазіргі биіктен қарасам, үл­кен жүректі, ұлағатты ұстаз бір менің ғылымға қайта оралғаныма ғана қуанбапты, бүкіл қазақ ғылымының болашағы үшін қуанған екен. Ғұла­малар ғана осылай қуана алатын шығар.

Сағид Рауфович Рафиков біз қазір ғылым деп тұтастықта қарап жүрген ұғымымыздың өзін екіге бөліп қарастырушы еді. Ол кісі үшін жо­ғары оқу орындарында дәріс оқитын доктор­лардың өзі қызметі бойынша ғылым жасаумен айналысып жүрген жандар емес, бар болғаны білім берушілер ретінде саналатын. Ғалым деп ол кісі тек қана ғылыми-зерттеу орталық­тарын­дағы зертханаларда жұмыс істей­тін­дерді атайтын. Сон­дық­тан да ғылымға, ғалымға ерекше қызға­ныш­пен қарайтын. Ғылым қуған ғалымдардың білім ордаларына кетуіне наразы болатын. Әсіресе үміт күткен шәкірттерінің институт зертханалардан аластамауын қалау­шы еді. Ұстазым менің өмірімдегі жаңалықты ести сала, көп кідірмей Алматыға да ұшып жетті. Ұстазды бір топ шәкірттері әуежай­дан қарсы алдық. Мені бауырына басқан алып жүректі ұстазым: «Енді қазақ химия ғылымының өлмейтініне сеніммен өмір сүре аламын» деп сол кездегі өз өлшемімен бұл сенімді көтере аламын ба, алмаймын ба деп тұрғаныма қарамастан ар­қама арта салғандай болды. Ұстазымыз өзі қыз­мет еткен институтта әрбір шәкіртінің зертханасында болып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, ақыл-кеңес берумен болды. Бұл тұста ол 77 жасқа толған шағы болатын. КСРО Ғылым акаде­мия­сының Башқұртстан филиалы Президиу­мы­ның төрағасы, Уфадағы Химия институтының директоры еді. Сондай ауқымды жұмысына, ұлғайған жасына қарамастан ғалым Алматыға жедел жетіп, біздің ортамызда болуы нағыз үлкен жүректі азаматтың қолынан ғана келетін іс екенін айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Бұл кездері өзіміз де талайға ұстаз болып үлгіргенбіз, бірақ Сағид Рауфович Рафиковтың мектебінен өткен шәкірттері Б.Жұбанов, Б.Суворов, Ә.Бектұров, Е.Шайхутдинов, Д.Сембаев, Ж.Баярстанова, И.Архипова баршамыз тамаша ұстазымызды ортаға алып, баяғы кезіміздей ақыл-кеңес сұраудан жалыққан жоқпыз. Ал ол кісі болса былай деді: «Сендер, әрқайсың қазақ химия ғылымында бір-бір сала мектептің негізін қала­ған­дарсыңдар. Енді сендердің де шәкірттерің бар. Шәкірттеріңнің алды ғылым докторы. Демек, көп іс тындырдыңдар. Бірақ, қазақ ғылымы осымен шектелмеуі тиіс. Ол әлемдік ғылыммен бірге алға қадам басуы үшін, ұлтқа толыққанды қызмет етуі үшін ұлттық ғылым жастармен толығып тұруы тиіс. Бұл үзілмейтін процеске айналғанда ғана ғылым өзінің тура мағына­сында алға басады. Енді шәкірттеріңнің шәкірт­тері болуына назар аударыңдар».

Ұлағатты ұстаз лауазымды қызметтерде жүр­ген шәкірттеріне, яғни біздерге соңғы өсиетін айт­қандай болды. Қазір қарап отырсам, біздің бәй­терегіміз бізді өзінің бұтақтары санап, сол бұтақтардың жапырағы көбейіп, олардың да дербес бұтақтарға айналуын қалаған екен ғой. Турасын айтқанда, ол қазақтың ұлттық ғылымы сол бәйтеректей мол бұтақты, сансыз жапырақты алып бәйтерекке, мыңжылдықтарда мызғымай­тын, уақыттар тезіне төтеп бере алатын мықты құбылысқа айналсын депті ғой. Ұлы жүректі тұлғалар ғана осындай адал тілегін ашық айтады.

Сағид Рауфович Рафиков – сөз жоқ әлемдік, оның ішінде қазақ химия ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан алып тұлға. Академик А.Н.Несмеяновтың ұсынысы бойынша 1954 жылы С.Р.Рафиковке КСРО Ғылым академиясы Элементорганикалық қосылыстар институтында полимерлерді зерттейтін зертхананы ұйымдасты­ру және басқару тапсырылғанын жоғарыда айт­тық. Мұнда ол полимерлердің физикалық, хи­мия­лық қасиеттерін анықтайтын ғылыми-әдіс­темелік жұмыстарды жүргізіп, олардың ескіруі мен тұрақтану процесін, сондай-ақ қызықты тео­риялық және маңызды практикалық нәти­желерге жеткізетін сополимерлер синтезін, химиялық әдіспен өзгерту саласында жүйелі зерттеулер бас­тады. Оның бұл бастауы іргелі бір «ғылыми мектептің» негізі болып шықты.

С.Р.Рафиков Б.В.Суворовпен және басқа да шәкірттерімен жүргізген терең ғылыми зерттеу­лерінің нәтижесінде жаңа тотығу аммонолизі реакциясын ашып, никотин қышқылын өндірудің жаңа технологиясын жасап, Швейцарияның «Лонза» фирмасымен лицензиялық келісімге отырып, 38 елде бұл әдісті патенттеп, қазіргі кезде Оңтүстік Қытайда біздің технология бойынша зауыт салынуда.

С.Р.Рафиков пен Г.П.Гладышевтің винилді мономерлердің полимерленуін терең зерттеудің нәтижесінде Кеңес Одағында тұңғыш рет қалың органикалық шыны алудың технологиясы жасалып, Челябі зауытында өндіріске енді.

Ұстазымыздың тікелей жетекшілігімен біз ионалмастырғыш шайырлар мен мембраналар негізінде электродиализдік тұзды суды тұщы­лан­дыратын қондырғылар жасап, Алматы элект­ро­механикалық зауытында іске қостық. Бұл еңбегіміз 1982 жылы Ғылым мен техника сала­сын­дағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

С.Р.Рафиков, Б.А.Жұбанов, К.М.Гибов бірле­се отырып отта жанбайтын полимерлік лактар­дың жаңа технологиясын ашып, өндіріске енгіз­гені үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Мұнайдан бөліп алынған жоғары молекула­лық қосылыстардың негізінде құбырларды коррозиядан сақтайтын «Пластобит» полимерлерін алып іске қосқаны үшін ұстазымыз С.Р.Рафиков пен шәкірттері КСРО Министрлер кеңесінің ғылым саласындағы сыйлығымен марапатталды.

С.Р.Рафиков Б.А. Цетлинмен бірлесе отырып газ күйіндегі мономерлерді реакциялық иницир­леу­дің көмегімен полимерлердің және басқа күйдегі органикалық емес заттардың беттерінде полимерлеу арқылы органоминералдық сополи­мер­лерді алудың жаңа жолын ашты. Г.Н. Челно­кованың катысуымен оксиэтилендіру, оксиаминдендіру, тотық­ты фосфорландыру реакцияларын, Арбузов реакциясын, т.б. пайдалана отырып, бірқатар арзан кар­боцепті полимерлердің (полиэтилен, поливинилхлорид, поливинилді спирт, т.б.) химиялық өзгеру­лерін зерттеді. Оның нәти­жесінде беттік белсенді заттарды, коагуляттарды және құрамында фосфор бар иономерлерді алудың әдісі табылды.

Дәл осы жылдары С.Р.Рафиков, Г.Н. Челноковамен, И.А.Архиповамен, И.В.Журавлевамен бір­ле­сіп теориялық маңызы үлкен термототықтыру дес­т­рукциясының кинетикасы мен механизімі, сондай-ақ полиамидтердің, полиэфирлердің, поли­и­мидтер­дің, полиорганосилоксандардың және бас­қа да полимерлердің радиациялық және фото­хи­мия­лық ескіруін зерттеді. Жылудың, жарық­тың, оттегі­нің, ылғалдың, иондаушы сәулелердің әсерінен олар­дың ескіру процесінде болып тұ­ратын табиғи реак­циялардың механизмін жүйелі зерттеудің нәтиже­сін­де С.Р.Рафиков полимер­лерді тұрақтан­дыру­дың ыстыққа төзімділікті, жо­ғары температурада балқи­тын олардың ыстыққа төзімділігін шұғыл арт­тыруға мүмкіндік беретін жаңа принципін ұсынды. Оны дәйекті түрде қолдану «өзін-өзі» ыстықтың және жарықтың әсерінен қорғайтын жоғары молекулалы қосы­лыстарды синтездеудің ашылуына алып келді. Мінекей, осылайша бірінен бірі бастау алған үлкен ғылыми мектеп Сағид Рауфовичтің Қаныш Сәтбаевтың шақыртуы бойынша Қазақ­станға келіп мұнай химиясы зертханасын ашуы арқылы тақы­рыбын байытып, өрісін кеңейтіп қана қоймай, тұтастай ұлттың жаңа ғылымы қалып­тасуына негіз болып қаланады.

С.Р.Рафиковтың ғылыми дарыны мен ұйым­дастырушылық қабілеті әсіресе КСРО Ғылым академиясы Башқұрт филиалының төрағасы болып тұрған кезінде (1967-1984 жылдар) айқын танылды. Бұл ғылым ордасы оның басшы­лы­ғымен ірі ғылыми және үйлестіруші орталыққа айналып, осы аймақта ғылымды дамытудың жаңа кезеңі бас­талды. Соның нәтижесінде мұнда ғы­лым­ның жаңа салалары – математика, физика, мұнай хи­мия­­сы, поли­мерлер химиясы, молеку­лалық биология мен генетика, аймақтық экономика дамыды. Ол КСРО Ғылым академиясы мен Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңа ғылыми зертханалар, жоғары молекулалық қосылыстар бөлімін ұйым­дас­тырып, ҚазМУ-де жоғары моле­кулалық қосы­лыс­тар химиясы кафедрасын ашуға атсалысып, халықар­а­лық дәрежедегі ғылыми зерттеулерді жүргізді.

Отанымыз ғалымның еңбегін жоғары баға­лады. Кеңес және Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі үшін, қоғамдық, ғылыми-ұйымдас­ты­ру­шылық жә­не ұстаздық зор қызметі үшін Сағид Рауфович Рафиков Қазақ КСР Ғылым академия­сының акаде­мигі, КСРО Ғылым академиясының корреспон­дент-мүшесі болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапатталды.

С.Р.Рафиков 7-ші шақырылған Башқұрт авто­но­миялық КСР Жоғарғы кеңесінің (1968), 8, 9, 10-шы шақырылған КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты, Ұлт­тар кеңесінің ғылым мен техника жөніндегі ко­миссияның хатшысы (1970-1984) болып сайланған.

Абай айтқандай, «артында өшпейтұғын із қалдырған» мұндай алып тұлға қазақ халқымен мәңгі бірге жасай береді дегім келеді. Бұл күндері Ұлт Көшбасшының тікелей тапсырмасы бойынша 10 жыл мерзімге арналған индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы ерекше екпінмен жүріп жатыр. Осындай жалпы ұлттық маңыздағы ұлан-ғайыр іске Сағид Рауфович Рафиков негізін қалаған ғылым мектебі, сол мектептің талантты шәкірттері, Отанымыздың көр­некті ғалымдары өз үлестерін қосып жатыр деп мақ­танышпен айта аламыз. Иә, Сағид Рауфович өзі о дүниелік болса да ол жасап беріп кеткен қазақтың ұлттық химия ғылымы еліміздің өркен­деуінде шешуші қызмет атқара бермек.

Еділ ЕРҒОЖИН, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты АҚ бас директоры.