• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2012

Көнеден жеткен тәбәрік

606 рет
көрсетілді

Көнеден жеткен тәбәрік

Сәрсенбі, 15 ақпан 2012 7:14

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музе­йі­­нің ұжымы еліміз Тәуелсіздік алып, дербес егеменді ел болғалы мезгіл ішінде бұған дейін бұрмаланып келген отанымыздың тарихын, соның ішінде өзіміз тұрған өлке тарихына қатысты жәйттерді жаңа тұрғыдан зерттеп, тиісті бағасын беру жолында еңбектеніп келеді.

 

Сәрсенбі, 15 ақпан 2012 7:14

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музе­йі­­нің ұжымы еліміз Тәуелсіздік алып, дербес егеменді ел болғалы мезгіл ішінде бұған дейін бұрмаланып келген отанымыздың тарихын, соның ішінде өзіміз тұрған өлке тарихына қатысты жәйттерді жаңа тұрғыдан зерттеп, тиісті бағасын беру жолында еңбектеніп келеді.

Соның арқасында Ақтөбе облыстық м­у­зейі алғашқылардың бірі болып, музей экспозициясын, музей ісін ана тілімізде сөйлет­ті. Сөйтіп, Тәуелсіздік тарихына сәйкес жаңа экспозициялық құрылым жасалды, тарихи тұлғаларымыздың өмір жолдарын анықтау үшін ізденіс жұмыстары жүргізілді және нәтижелі болды.

Кез келген музей ісінің мазмұны оның көз тартар тақырыпқа сай экспозициясы мен қор коллекциясының жоспарлы, сапалы ғы­лы­ми жұмыстарымен айқындалатыны белгі­лі. Қай музейдің болмасын оның мақтанышы – аты, заты толық зерттелген, дерегі мол жә­дігерлері десек, ондай заттар бұл музейде бар­шылық. Ол Есет батырдың (1667-1749) кіреуке сауыты, қазақ мемлекетін құрған Жәнібек ханнан тараған Сыр бойының қа­зақ­­тарының ханы Әбілғазы ұлы Арынғазы ханның (1797-1815) сауыты, Құран сөздері жазылған бағалы ыдыстар, жергілікті зер­гер­лердің қайталанбас әшекей бұйымдары, Ай­шуақ хан ұрпақтары тапсырған күміс жүзік, Әбілқайыр хан, Қаратай сұлтан ұрпақтары тапсырған кезінде екінің бірінің қолына түсе бермейтін Еуропа үлгісінде бедерлеп кестеленген шашақты мауыты перде, қос балдақ­ты жүзік т.б. болса, бұл жәдігерлердің қата­ры енді, міне, тағы бір құнды затпен толы­ғып отыр. Нақтылап айтсақ, 1934 жылы қа­зақ ұлт аспаптар оркестрін құрушылардың бірі және алғашқы дирижері Қамбар Ерғо­жа­ұлы Қаратаев – Медетовтің (1901-1937) қы­зы Бибізада Қамбарқызы және немересі Құр­манғазы атындағы консерваторияның аға оқытушысы Айжан Бердібайқызы Рах­ман­құ­ло­ва үстіміздегі жылдың сәу­ір айында Ақтөбеге арнайы келіп, ата-баба жеріне тағзым етіп, еске алу рә­сі­мін жасап, му­зейімізге неше ғасырлар­дың куәсі бол­ған күміс бел­дік тапсырды.

Бұл белдіктің ерекше­лі­гі, музей қорында сақталған ХVІІІ-ХІХ ғғ. жататын он­шақты белбеулер түріне ұқ­самайтындығы, оның 8 өт­кіз­белері табиғи асыл тастарды молынан қолданып безен­ді­ріл­гені десек, кезін­де белбеу хас шебердің қолынан, дәулетті адамның әдейі сұраны­сы­мен дайындалғаны көрініп тұр. Аса бағалы бұл жәдігер екінің бірі үшін жасалмағаны белгілі. Бұл белбеуге берісі үш ғасыр екенін айтсақ, оның арғы иесі Арынғазының аталары Хиуа хандары Қайып батыр болса, сол жердегі Орта Азия­ның Бадахшан аймағында өндірілген таспенен әшекейленген деп тұжырым жасауға болатын белбеудің астары кезінде бағалы мауытыдан дайындалғаны да байқалады.

Екінші ерекшелігі – белбеудің иесі туралы болмақ. Бибізада Қамбарқызы шеше жа­ғы­нан Арынғазының інісі Мәмбет Сұлтан­ның шөбересі. Мәмбет сұлтан Арынғазының тұсында Ақтөбе маңындағы Қаратоғай ауылында болыстық қызмет атқарған. Ол ха­лықтың есінде жақсы істерімен, жоқ-жұ­қаның жағдайын түсініп, қамқор болған, дау-дамайды әділ шешкен адам ретінде қалған. 1820 жылы хиуалықтар Арынғазының ауылын шауып, оның елу шақты жақын-жуық­тарын қамауға алған, соның ішінде Мәмбет төре де кеткен болуы мүмкін, себебі ол туралы бізге белгілі мәлімет осымен үзіледі.

Ал Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақ ханнан тараған Баймағамбет сұлтанның баласы Мәмбет төре Қобда ауданының бұрынғы атауы «15 жылдық Қазақстан» совхозының Қос­көлінде уездік басқарманың бастығы болған. Ол да «Мамбет провитель» атанған. Сондықтан күні кешеге дейін халық арасында Мәмбеттің көк үйі, төре ауылы деп аталып келген.

Аталған белбеуді Алматыда сұраушылар болғанмен, әкеміздің кіндігінің қаны тамған елінің музейінде тұрсын деп Ақтөбе облыс­тық тарихи-өлкетану музейіне әкелдік – дейді жәдігердің иелері.

2009 жылы жаз айының бірінде Қобда ау­да­нының Жиренқопа маңына Жас алаш газе­тінің журналисімен бірге іссапарда бол­ған кезімде ескі қорымдарды аралап жүріп, төре ру белгісі басылған сапалы, әдемі құй­ылған, жазулары арабша ойылып жазылған құлпы­тас­тарды көріп фотоға түсіріп алған­быз. Со­ның ішінде оқи алғанымыз Арыстан сұлтан мен оның жұбайы Мархумат Тухмыр­за­қы­зының құлпытасы, қалғандарын оқи алмадық. Тек астындағы төре таңбаларын ғана таны­дық. Ал Мәмбет төре өмірінің соң­ғы кезіне дейін осы аймақта өмір сүріпті. Ендігі айтарымыз, екі Мәмбет те Бибізада Қамбарқы­зына жақын туыс болып келеді. Бұл белдіктің бергі иелері 1937 жылдың құрбаны болған Қамбар Ерғожаұлы Қаратаев – Медетовтің отбасы болса, арғысы елден ажыратып, өмірі­нің соңына дейін патша тұтқыны болып, Ресейдің Калуга маңында сүйегі қалған Арынғазы ханның інісі Мәм­бет­тің мүлкі болуы әбден мүмкін. Әрине, бұл алғашқы пайым. Бұл баға жетпес жәдігер­дің тарихы ал­дағы уақытта одан әрі тереңдетіліп зерт­те­летіні анық.

Ш.МҰҚАШЕВА, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы қор меңгерушісі.