• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2012

Мұрағат деректері Әйтеке би ұрпақтары туралы не дейді?

1799 рет
көрсетілді

Мұрағат деректері Әйтеке би ұрпақтары туралы не дейді?

Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 7:39

Атақты Болпыш бидің балалары Әжібай мен Арал алыстан ат арытып бүгінгі Өзбекстан жеріндегі Нұрата төңірегін жайлаған төртқара Жалаңтөс батырдың немере інісі Әйтеке бидің ақ батасын алуға келгенде, қазақ кемеңгері: «Ел жайы – ер азаматтың күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын киелі ұғым. Бұл қазақ нені бастан кешпеді, қазақ болғалы. Өткен – ереуіл, қалған – салауат деумен күн артынан ай, ай артынан жылдар өткізумен, талай қайырма мәуе­сі күйсе де, тамыры аман келе жатқан жер бетінде екі халық болса бірі – қазақ, бір халық болса – өзі екенін мен ежіктемей-ақ өздеріңізге мәлім. Сонда оның тамырын сақтаған – әуелі бір Алла тағала, сосын мына өздерің секілді сенімді сайыпқыран жампоздар.

Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 7:39

Атақты Болпыш бидің балалары Әжібай мен Арал алыстан ат арытып бүгінгі Өзбекстан жеріндегі Нұрата төңірегін жайлаған төртқара Жалаңтөс батырдың немере інісі Әйтеке бидің ақ батасын алуға келгенде, қазақ кемеңгері: «Ел жайы – ер азаматтың күндіз есінен, түнде түсінен шықпайтын киелі ұғым. Бұл қазақ нені бастан кешпеді, қазақ болғалы. Өткен – ереуіл, қалған – салауат деумен күн артынан ай, ай артынан жылдар өткізумен, талай қайырма мәуе­сі күйсе де, тамыры аман келе жатқан жер бетінде екі халық болса бірі – қазақ, бір халық болса – өзі екенін мен ежіктемей-ақ өздеріңізге мәлім. Сонда оның тамырын сақтаған – әуелі бір Алла тағала, сосын мына өздерің секілді сенімді сайыпқыран жампоздар. Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды, тұлпар ерді сақтайды, ер елді сақтайды. Елді сақтар ерлер аман болғай», – деп елінің ертеңіне сеніммен қа­ра­ған екен. Міне, осы Әйтеке биден бата алған асыл ұрпақ ата-баба сенімін ақтауға барын салды. Тарих соқпағы бұралаң жолдарда олар­ды сынға салды, шыңдады. Оның дана­лы­ғын сезінген Әжібай да, Арал да ұрпақтарына өздері алған батаны аманаттады.

XVIII ғасыр­дағы Ресей мұрағаттары дерек­тері Әжібай мен Аралдың Қазақ елінің қоғам­дық-саяси өмі­рін­де белді рөл атқарғанын ай­ғақ­тайды. Орынбор шенеуніктері Әбілқайыр, Әбіл­мәмбет хандар және Нұралы, Абылай, Барақ, Ерәлі сұл­тандар, Есет батырлармен бірге әр­дайым олар­дың тұрғылықты мекендері туралы ақпараттар жинап отырған (РИССМ, 122 қ., 1747, 122/1 т., 3 іс, 268 п.; КРО 1, С. 369). Өз бауырларымен бір­ге Ембі өзенінің ар жағын­дағы Көктөбеде көшіп қонған Әжібай бидің Орын­бор губернаторы И.Неплюевке 1747 жылы 10 шілдеде жол­да­ған хаты мұрағатта сақталған (КРО 1, С. 339). Әжібай би­дің тағы бір бауыры Ал­тай батыр есімі 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбіл­қа­йыр­дың қабыл­дауында болған ағылшын сурет­шісі Джон Кэстль еңбе­гін­де аталады (Кэстль Джон. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайт­қан сапар туралы. – Алматы, 1996, 32 б.). Алтай батыр аға­лары атынан 1742 жылы қазақ пен қалмақ арасында бір ұрпаққа дейін, яғни сол кездегі «ең­бек­теген бала еңкейген кәрі болғанға дейін» соғыс ашпау туралы бітім жасауға қаты­сып, Әбілқайыр ханды қолдаған (РИССМ. 122 қ., 1742, 122/1 т., 4 іс, 50-57 п.; КРО 1, С. 201).

Әйтекеден Өтебас, Жалтыр, Қонысбай ту­ған. Шежірешілер бұл тізімге Тоғанды да (кей­біреулер Құрыс дейді) қосып, Өтебасты бәйбі­шеден, ал қалғандарын әмеңгерлік жолмен алған қайтыс болған ағасының әйелінен таратады («Аңыз адам» № 24, желтоқсан, 2011). Өкі­нішке қарай, Тоған жөнінде мұрағат дерек­терін­де ештеңе айтылмайды. Сонымен бірге, Әйтеке бидің кенже қызы Шақшақ Жәнібекке тұр­мыс­қа шыққан екен. Орыс мұрағаты дерек­терінде Әйтеке би ұрпақтарының есімі алғаш рет 1748 жылы тамыздағы Әбілқайыр хан өлімі­нен ке­йін атала бастайды. Хан өлімін анық­тауға бар­ған аудармашы Я.Гуляев қазан айы басында «Төртқара руынан Әйтеке би балалары Жалтыр мен Қонысбай» Батыр сұлтан ауылына кел­гендігін айтса, Кіші жүзде сол сәтте болған казак атаманы Смайл молда Абдрезяков та атал­ған ауылда төртқара руынан Қаратоқа, Қоныс­бай билердің, Жалтырдың, Мырзагелді батыр­дың, Дәулет бидің болған­ды­ғын Орынборға жеткізеді (КРО 1, С. 430, 433). Яғни, Әйтеке би балалары атақоныстан қашық емес Арал теңі­зінің оңтүстік-батыс бағытында көшіп қонып, Хиуа ханы Қайыппен, оның сол маңда тұрақ­таған әкесі Батыр сұлтанмен тығыз араласқан. Өтебай, Жалтыр мен Қонысбайлар аға ретінде Қаратоқа бидің айналасында бол­ған. Қаратоқа би төртқара Сейітқұлдан тараған ұрпақтар атынан Я.Гуляевке: «Батыр сұлтан­ның баласы Қайыптың Хиуада хан болғаны­ның өзі оған (сұлтанға) жарайды. Ал хан сайлау, сайламау біздің шаруамыз», деп ашық айт­қан. Сонымен бірге, 1748 жылы 23 қыркүйекте Әбіл­қайыр хан­ның күйеу баласы Жәнібек сұл­тан Барақ сұл­тан­ның өзінің болашақ тағдырын төрт­қара Қара­тоқа, Қаракесек Қозанай, Мамет ата­лық, баға­налы найман Өтебай билерге тап­сыр­ғанын және билердің шешіміне көнетіндігін естіген (РИССМ. 122 қ., 1748, 122/1 т., 4 іс, 357 п.; 8 іс, 34 п.). Мұның барлығы Қаратоқа бидің төрт­қара руы ғана емес, барлық қазақ рулары алдында үлкен сенімге ие болғандығын дәлелдейді.

Орыс шенеуніктері Батыр сұлтанның соңғы жылдардағы тұрғылықты мекені Ұлы жүзбен шектесіп жатыр деп көрсетеді. Бұл жерде қазақ рулары мен Қайып хан, Батыр сұлтан, т.б. Әбіл­қайырдың Ресеймен қарым-қатынасына сенім­сіз­дік танытып, орыс патшасының әрбір қадамы­на күдікпен қарағанын көреміз. Ол 1748 жылы 15 қазанда Батыр сұлтанның хан сайлануынан анық көрінді. Жәнібек тархан шөме­кей, шекті, қарасақал руларының билерін төрт­қара руы қазақтары арасында жүрген Батыр сұлтанның жанынан кездестірген.

Сонымен Әйтеке би балалары Өтебас, Жалтыр, Қонысбай, немере ағалары Қаратоқа, т.б. 1748 жылы 2 қазанда Ырғыз өзенінің сол жақ тармағындағы Қайыңды өзені жағалауында өткен Нұралы сұлтанды хан сайлау рәсіміне бармайды. Мұның өзін олардың Ресей аралас­қан хан сайлауына ашық қарсылығын білдірсе керек. Бірақ төртқара руынан Құдайназар, Дәулет, Апай, Болат, Тілеубет билер Нұралыға барып қайтады (РФ ОрОММ 3 қ., 1 т., 18 іс, 177 п.). Көп ұзамай елдің оңтүстігінде Кіші жүздің екінші ханы Батыр сұлтан ақ киізге көтеріліп, хан сайланады. С.Абдрезяковтың айтуынша 1748 жылы 15 қазанда Әлімұлдарының шекті, шөмекей, қарасақал, төртқара руларының 20 белгілі би, батыры Батыр сұлтанды өздерінің ханы ретінде мойындаған. Кейін Нұралы ханға келген қазақтар «Батырдың хандыққа өзінің өтініші бойынша сайланғандығын және одан ешқандай қауіп-қатер болмайтындығын» ха­бар­лаған (РФ ОрОММ 3 қ., 1 т., 18 іс, 311-312 пп.). Бұл жайды зерттеген орыс зерттеушілері де оңтүстіктегі хан сайлауын «Ресейге қар­сылық» ретінде түсіндіреді (Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. – СПб., 1865, С. 12; Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. Т – 1, СПб., 1903, С. 57). Қа­ра­то­қа би 1748 жылдың аяғында Барақ сұл­тан­ның мәселесін қараған билер сотына қаты­са­ды. Сот құн төлете отырып, Барақты ақтап алады. Бұл арада соттың Батыр иелігіндегі жерде өтуі және сот мүшелерінің Батыр, Барақ иелігінде көшіп- қонуы да белгілі дәреже ықпал етсе керек.

Батырдың хан сайлануы, Барақ сұлтанның ақталуы сырт көзге қазақ қоғамындағы шие­леніс­тің басталуы болып көрінгенімен, оның арты ішкі бірлікті бұзатындай талас-тартысқа ұласпады. 1749 жылғы 11-25 шілдеде Орынбор қаласында өткен орыс-қазақ келіссөзіне белгілі сұлтан, би-батырлар түгелге жуық жиналды. Кездесуде Нұралы хан бастауымен Ерәлі, Қожахмет, Айшуақ сұлтандар, Есет, Жәнібек тархандар, Серке батыр, төртқара Қаратоқа би, т.б. көрінеді. Келіссөз барысында Қаратоқа би екі қайта сөз алып Орынбор губернаторы И.Неплюевке Әбілқайыр ханның орнына Нұралы­ның сайлануын және оны Ресейдің мойын­да­ғанын құптап, екі жақты өзара пайда үшін сауда-саттықтың еркін дамуына қолдау көр­се­тетінін жеткізген. Кездесу барысында Батыр хан қарамағында шекті Төлеміс бай басқа­ра­тын 500, шөмекей Бөбек би басқаратын 200, төртқара Қонысбай би басқаратын 300 түтін бар екендігі белгілі болды (КРО 1, С. 462, 463, 472).

Қаратоқа би 1749 жылы 3 тамызда Батыр ханмен бірге Әбілқайыр ханның асына қатыс­қан. Капитан А.Яковлевтің айтуынша асқа Кіші, Орта жүзден 200-ге тарта белгілі тұлға­лар болған. Жәнібек, Есет тархандармен бірге төртқара руынан Құдаш би, Дәулет би, Құтылымбет би, Сары молла, Момын би, кете руынан Алыбай жасауыл, Алтай, Арал батырлар, алаша руынан Байсақ би, Тілеу би, Бабатай би, адай руынан Мырзатай батырлар Барақ сұлтанды іздеп табу, Әбілқайыр ханның қалмақ әйелінен туған қызын Жоңғар ханына қалың­дыққа беру, тұтқындар алмасу мәселелерін арнайы талқылаған (РИССМ. 122 қ., 122/1 т., 1749, 4 іс, 245-248 пп.). Сонымен бірге, А.Яковлев шекті руы қазақтарының Нұралыны «аға хан» деп атауға келіскенін атап өтеді.

Дегенмен бұл кездесулерге Әйтеке би балалары бармаған. Олар немере ағалары Қаратоқа би, Құдаш билерді жіберіп өздері оңтүстікте қалған.

1750 жылы 18 қаңтарда Нұралы хан И.Неплюевке жолдаған хатында төртқара руының Сейітқұл бөлімінің сауда-саттықта өзіндік орын­дары бар екендігін ашық жазып, кей жағ­дай­да оларға өз билігінің жетпей қала­тын­дығын да мойындайды (КРО 1, С. 490).

XVIII ғасырдың екінші жартысында оңтүс­тіктегі төртқара руы қазақтары шамамен 3000 түтінге жеткен. Өтебас би, Жалтыр би, Қоныс­бай би және Қонысбайдың балалары Қара­кө­бек би, Есекене мырза Қайып хан балалары Сейіт, Шомқара, Ескендірмен бірге Сырдария бойындағы Бұрлыбас елді мекенінде тұрақ­таған (РМКАМ 10 қ., 3 т., 585 іс, 44 п.). Әйтеке би балалары, немерелері бұл кезеңде алдымен Батыр ханға, ол 1771 жылы қайтыс болғаннан кейін Хиуадан Сырдария бойындағы өз иелігіне оралған Қайып ханға бағынады. Сонымен бірге олар Кіші жүздің оңтүстігіндегі кей­бір қазақ руларын басқарған Ерәлі сұлтанмен де сенімді қарым-қатынас орнатқан.

1776 жылы 25 маусымда Нұралы хан Орынбор губернаторы И.А.Рейнсдропқа хат жолдап, өзінің қыстан кейін ел аралап, табын және тама руларындағы Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш немесе Жанкөрмес, Көктемір (есімдері өзге-өзге болғанымен бәрі бір адам) бастаған қозғалыс­ты анықтауға күш салғандығын хабарлайды. Ерәлі сұлтанның ханға жазылған хатында төрт­қара руынан Өтебас, Қаракөбек билерді жібер­гендігі айтылған. Хан: «Досалы сұлтан мен Жетіру қазақтарын адастырып жүрген Көзкөр­мес деп жүргеніміз әйел адам, оны өлтіріп, үйін өртейін деп барсам, ол Ерәлі сұлтан иелігіндегі Қиыл өзені бойына көшіп кетіпті», деп хабарлайды (РФ ОрОММ. 3 қ., 1 т., 153 іс, 123-126 пп.; Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. А., Ғылым, 2001, 118 б.). Хаттан белгілі бол­ғандай Өтебас, Қаракөбек билер ханмен бірге ел ішіндегі орыс тұтқындарын босатумен бірге, Көзкөрмес қозғалысын, сауда-саттық мә­селелерін талқыға салған. Осыдан кейін Ерәлі сұлтан, төртқара билері өз малдарын Бұхара, Хиуа, басқа да Азия елдеріне саудаға шығару туралы келісімге келген.

1776 жылы қыркүйек айында Ерәлі сұл­танға хан атынан Сырым батыр келген. Сырым сұлтан қол астындағы билермен кездесіп, шек­ті руы қазақтары тоқтатқан орыс керуені мен оның адамдарын іздестірген (РФ ОРОММ, 3 қ., 1 т., 153 іс, 171, 268-274 пп.). Біздіңше, осы жолы Сырым Әйтеке би ұрпақтарымен де кездес­кен. Сөйтіп Өтебас би өзінің немере інісі Қара­көбекті Нұралы хан төңірегіндегі билермен таныстырып, ел ісіне араластыруға кірісті. Қара­көбектің осы жолғы Сырым батырмен бірге ма­ңызды мәселелерді шешуге талпынысы өзара сенім мен достыққа ұласады. Араға уа­қыт сала Қаракөбек Сырым бастаған ұлт-азат­тық қозға­лыстың негізгі тұлғаларының біріне айналды. Ол немере ағасы Өтебаспен бірге Кіші жүздегі би, батыр, старшындардың 1785 жылғы шілде­дегі жиналысына қатысқан. Жиналыс жайылым мәселесін шешу, Жайық бо­йын­дағы казак-орыс әскерлерінің озбырлығын тоқтату сияқты күрделі күн тәртібін талқылап, Нұралы ханның өз билігі мен халық сенімінен айрылғандығын атап өтіп, оны орнынан босату туралы бір ортақ пікірге тоқтады. Содан Кіші жүздегі 25 рудың 21-нің атақты би, батырлары қол қойып, хатты орыс патшасы ІІ Екатеринаға жолдайды (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Москва-Ленинград, 1940. С. 53). Төрт­қара руынан Өтебас, Қаракөбек билер, Телбай баҺадүрлер ел ішінде беделді шек­ті Сегіз­бай, кете Көккөз, шеркеш Тұрмам­бет, Жар­қын, ысық Қаратау, адай Атағозы, беріш Қара, Саржала, масқар Дөкен, байбақты Сырым, жағалбайлы Тотай батырлармен бірігеді. Қазақ рулары қа­лыптасқан жағдайда оңтүстік­тегі Батыр ханның ұлы Қайыпқа үміт артып, оның хан тағына отыру мүмкіндігін көтере бас­тайды. Әрине оның сенімді үгітшілері негізі­нен шекті, төртқара ру­ларының беделді билері болатын. Олар Қайып­тың ата-бабасының қазақ­тың бас ханы болған­ды­ғын, оның тегінің парсы елімен, Хиуа, Бұ­харалармен байланысын еске­ріп, Ресейдің саясатына айтарлықтай байлаулы еместігін түсін­ді. Бұл уақытта Қайып ханның Қаракөбек би­дің иелігінде екендігі анықталды. Оны Сырым батырға Ақсақал Барбы мекенінен келген бауыры Дос хабарлайды. Дос 1785 жылы 2 қазанда Қаракөбек бидің Қайып ханды тұтастай отбасымен, ағайындарымен бірге өз жанына көші­ріп алып, қазақ билері мен батырларынан хабар күтіп отырғанын жеткізеді ( Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж.). Тарих ғ. к. дәрежесін алу үшін дайын­даған диссертациясы. Орал 2008, 69 б.).

Сонымен Кіші жүзді ұзақ жылдар бойы басқарған, соңғы жылдары елімен байланысын үзген Нұралы ханды ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сырым батыр да Қайып Батырұлына сеніммен қарайды. Бұл саясат жүзеге асса Әбілқайыр өлімінен кейін екіге бөлінген хандық қайта бірігетін еді. 1785 жылы Орта жүзде болған капитан И.Г.Андреев өз жазбасында: «Алшын болысында айрықша хан Қайып бар. Ол Нұралы, Уәли хандардан еш кем емес. 12000 шаңырақты басқарып, Сырдария өзені бойында көшіп қонады», деп жазады (Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков. – Алматы, 1998, С. 118). Ал 1786 жылы 9 наурызда Сырым бастаған Халық Кеңесі­не куә болған ахун М.Хұсайнов пен адъютант М.Черкасский Әбдіжәлел қожадан Қайыптың бұрын Хиуаны басқарғандығын, 16 жылдан бұрын Кіші жүзге оралғандығын, қазір Ұлы Борсықта мекендейтіндігін естиді (РМӘТМ. 52 қ., 1/194 т., 367 іс, 102 п.). Кеңеске қатысқан би, батырлар, барлығы 1000 жуық елдің игі жақ­сылары Қайыпқа үміт артады.

Шамамен 1786 жылдың маусымында (РИССМ 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 27-28 пп.) Сырым Ерәлі сұлтан иелігіне күшпен әкетілді деген хабар тарайды. Мұрағат дерек­тері Сырымды Есім сұлтанның төртқара руының биі Қаракөбек ауылына ертіп келген­дігін айғақтайды. Сырымтанушы М.П.Вят­кин бұл жағдайды ескере отырып, Қаракөбек би Ерәлі сұлтанды қолдап, еш негізсіз Сырымды ауылында ұстап, батырға дұшпандық көз­қа­раста болды деп түйіндейді (Вяткин М.П. Батыр Срым. Москва – Ленинград, 1947, С.232).

Орынбор обер коменданты Я.М. Зен­бу­ла­тов­тың орыс әкімшілігіне жазған хатында да Ерәлі сұлтанның шекті Сарытай биге, төртқара руының басшысы Өтебасқа Сырымды ешқайда жібермеу­ді тапсырғаны, бірақ Қаракөбек пен Басықара­ның келісіп Сырымды босатып жібергені жазыл­ған (РФ ОрОММ. 5 қ., 1 т., 29 іс, 331-338 пп.).

Мұның барлығы Сырым батырдың Әйтеке би ұрпақтарымен сенімді қарым-қатынаста бол­ғандығын дәлелдейді. Бұған қоса дәл осы кезеңде, 1787 жылы жазда Қаракөбек бидің немере бауыры Орынбордағы сауда үйіне оң­түс­тіктен керуен бастап келеді. О.А.Игельстром онымен жеке кездесіп, Қаракөбекке хат жол­да­ған. Нәтижесінде Сырым батыр оңтүстіктен Жа­йық бойына қайтып келеді (Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.) С. 114-115).

Содан 1787 жылы 14 қыркүйекте Сырым, Сегізбай, Саржала, Көккөз, Атағозы, Қара­кө­бек, Бөдене, Қаратау, Сопыра, Дөнен барлығы 18 би қол қойып, О.А.Игельстромнан Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды талап етеді. Нәтижесінде Айшуақ елге оралды (РИССМ. 122 қ., 122/3 т., 1786-1787, 12 іс, 50-51 пп.). Хатқа назар аударсақ қол қоюшылар арасында төртқара Басықара бидің де есімі кездеседі. Ол – Қаракөбек бидің немере бауыры, атасы Сейітқұлдың үшінші баласы Төлес­тен тарайтын ұрпақ. 1787 жылғы қыркүйекке дейін Қаракөбектің есімі үнемі немере ағасы Өтебас бимен бірге аталса, бұдан әрі оның жанынан Басықара биді байқаймыз.

Осы кезеңде патша шенеуніктері Кіші жүзде хандық басқаруды жоюдың бастапқы ша­ра­лары ретінде Байұлы, Әлімұлы және Жеті­ру бірлестіктерінде 3 расправа құрып, бір­тін­деп ел билігіндегі сұлтандарды ығыстыра бас­тайды. О.А.Игельстром расправаның қыз­меті жанданбай тұрған кезде билікті бас стар­шын­дарға жүктейді. Әлімұлдарына Сарытай, Қара­көбек, Мұратбек билер, Байұлдарына Сырым, Қаратау билер, Жетіруға Тіленші, Жанболат батырлар басшылыққа ұсынылды. Елді бас­қарудағы өзгерістерге қарамастан қазақ рулары патша реформасын, яғни қазақтың дәс­түрлі басқару жүйесін жойып, жаңа орыс­тық басқару енгізуге ашық қарсылық танытты. Билер Қайыпты хан сайлау жоспарларын жалғас­тыра берді. Мұны ескерген патша үкіметі Сырым батырға, Қаракөбек биге тархандық атақ беріп, оларды өз саясатын қолдаушылар қа­тары­на қосуды көздейді. Алдымен, 1787 жылы 19 қарашасында Сырым батырға тархандық атақ берілсе, 1789 жылы наурыз айында Қара­көбек биге арнайы грамота жіберілді. Тар­хан­дық грамота мәтінінде: «Қазақтың Кіші Ор­да­сының Әлімұлы руының старшыны Қаракөбек бидің бізге адал қызметімен берілгендігі үшін, оның балалары мен ұрпақтарына тархандық атақ берілді. Қырғыз-қазақ сұлтандары мен би-батырлары және барлық қырғыз-қазақ жауын­герлері мен қарапайым халқы Қаракөбек биге берілген тархандық атақты танып, құрмет тұ­тып, сыйлауларын және барлық хаттарда есімі­не тархан шенін тіркеп жазуды бұйырамын. Қаракөбек бидің және оның балалары мен ұрпақтарының біздің ықыласымызды сезініп, бізге адал қызметімен берілгендіктерін дәлел­дейтін қызметтерін және қайырымды істерін мәңгі жалғастыра беретіндіктеріне сеніп, Қара­көбек биге осы тархандық грамотаны тарту еттік» делінген. (Вяткин М.П. Батыр Срым. С. 258; КРО-1,С.132-133). Патша сыйлаған тар­хан­дық атаққа билер масаттанбай, керісінше оның шекара бойындағы кейбір мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақ-орыс қатынасындағы күр­делі мәселелерді шешуге ұмтылды. 1790 жылы 2 тамызда Қаракөбек тархан мен төртқара Жантөреұлы Шұбар би Ресей Сыртқы істер коллегиясының мүшесі А.А.Безбородкоға: «Атаман Д.Донсков басқаратын казак-орыстар әйел­дерді өлтірді, кейбіреулерінің ішін жарып, балаларын суырып алып, бастарын шапты», деп ашына хат жолдады (Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. 162 б.).

1794 жылы 10 маусымда Ерәлі хан қайтыс болғаннан кейін 1795 жылы 17 қыркүйекте Есім сұлтан хан сайланған кезеңдегі тарихи оқи­ға­ларда Әйтеке би ұрпақтарынан осы кезде елге беделді Қаракөбектен басқа оның інісі Басы­қара, Боранбай, Өтебас би баласы Жанас есім­дері аталады. Жаңа жағдайда Есім Әйтеке би ұрпақтарының сеніміне ие болуды көздейді. Сол үшін сұлтан 1794 жылы 10 қыркүйекте Шақ­ға­зыұлы Абылай сұлтанды Әбілғазы мен Қара­көбекке жіберіп, «Ресеймен татуластырам» деген уәде береді (РФ ОрОММ 5 қ., 1 т., 53 іс, 131 п.). Ал Жанас Өтебасұлы 1794 жылы 18 маусымда Орынбор экспедициясына Мұрат­бек Айбасов, Қараша Қалыбеков, Базарбай Құдайбер­генов­тер­мен бірге Есімді хан сайлау қажет деп хат жолдайды (РФ ОрОММ 5 қ., 1 т., 58 іс, 16-17, 49 пп.).

Мұндай жағдайда Сырым мен Қаракөбек билер бауырлары байбақты Қойсары мен төрт­қара Боранбайды қайта-қайта Есімге жі­беріп, оны ел ортасында өтетін жалпы қазақ­тық кеңеске шақырған. Бұл жайды Есімнің өзі 1794 жылы 17 қазанда А.А.Пеутлингке хабарлаған (ҚРОММ 4 қ., 1 т., 190 іс, 1-5 пп.).

Есім хан сайланғаннан кейін Ресей бағытын ұстанып, ел ортасындағы кеңестерге бармай қояды. Өзара келісім үшін жасалған қадамдар сәтсіз аяқталып, оның соңы 1797 жылы 27 наурызда Есім ханның өлтірілуіне әкеп соғады.

Сонымен Әйтеке би ұрпақтары XVIII ға­сыр­да ел алдына жарқырай шығып, қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігімен көрінді. Ресей саясат­керл­ері оларды қазақтың қамқоры ре­тін­де таныды. Өтебас, Қаракөбек, Боранбай би­лердің, олар­дың бауыры Басықараның ел ішін­дегі беделін үнемі есепке алып, назардан тыс қалдырмады. Әсіресе, Әйтеке бидің немересі Қаракөбектің Ордада аса беделді екендігіне, тіпті Айшуақ ханға қарағанда халық алдында Қаракөбектің сөзі өтімділігіне куә болды. XVIII ғасырдың соңғы 50 жылын саралаған Орынбордың әскери губернаторы Н.Н.Бах­метев орыс патшасы І Александрға: «Ордада шекті, төртқара, шөмекей рулары өз ер­кін­дігімен, әрі көптігімен көзге түседі. Олардың басшылары Қаракөбек, Жанназар билер Сырдария, Қуаңдария бойларында, Ембі, Елек өзен­дері­нің жоғары жақтарында көшіп-қонады. Оларды 10 мың әскери күшпен бағындыру қажет», деп хабарлайды.

Кейін Қаракөбек бидің ХІХ ғасырдың басында Әбілғазы хан, Шерғазы сұлтан, шекті Жанназар, Жанұзақ, өз бауырлары Есекене, Басықара, Жанас, Манас, Боранбай, олардан басқа төрт­қа­раның Құламан бөлімінен Қара Алтай, Сары Алтай, Ақтүн бөлімінен Ақбұт, Ал­тай билермен бірге көшіп-қонатыны анық­талды. Бұған қоса 1805 жылы 25 маусымдағы мүфти М.Хұ­сайынов­тың жазбасы арқылы төрт­қара руының үлкен 4 бөлімге, ал олардың 41 бөлімшелерге бөліне­тін­дігін, солардың ішін­де Қаракөбек тархан мен оның інісі Есекене (қайтыс болған) билердің бар­лық отбасылары, балалары, немере, шөбере­лерін қосқанда 100 түтіннен асатындығы белгілі болды ((Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). С.195, 222, 227). ХІХ ғасыр басында Қара­көбек би Қайып хан әулетімен құданда­ла­сып, Шерғазы сұлтанды өзіне күйеу бала етеді (РФ ОрОММ. 6 қ., 10 т., 278 іс, 9 п.).

Әйтеке би ұрпақтары туралы құнды деректерді 1803 жылы 23 шілдеде Орынбордан Бұхараға шығып, кейін 30 қыркүйекте қайта оралған поручик Я.П.Гавердовский қалдырды. Ол сапар барысында Қаракөбек, Басықара, Боранбай билермен кездескен. 1803 жылы 12 тамызда Басықара ауылына келіп, қонақ болған поручик: «Бізді киіз үйден қашықтау жерден бидің балалары күтіп алып, аттарымызды жетектеп үй алдында күтіп тұрған Басықараға әкелді. Би көңілденіп, әрқайсымызды аттан түсіріп, қонақжайлық танытты. Киіз үйге қым­бат кілем төселген. Бәріміз отырған соң, би өзі қымыз құйып, балалары арқылы бізге берді»,  деп жазған. Орыс елшісі Қаракөбек ауылына 14 тамызда келген. Осында Я.П.Гавердовский төртқара руының шығу тегі туралы естіп, оны жазбаға түсірген. Би ауылында орыс керуенінің Бұхараға жетуі туралы кеңес болып, оны Қара­көбек бидің өзі жүргізген. Поручик төртқара руының Қаракөбек биге бағынатындығына көзі жеткізіп, әрі оның отбасында 100-ге дейін адам бар екендігін анықтайды. Бұған қоса: «Қара­көбек – бізге кездескен қазақтар ішінен ең дәулеттісі. Оның 2000-дай жылқысы, 10000-дай қойы басқа да малдары бар. Оның киіз үйі керуен тауарларына толы», деп сипаттайды (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. V том. – Алматы, 2007. С.72, 82, 194, 209).

Мұның барлығы Әйтеке бидің ұрпақтары мен бауырларының қалың қазақтан оза шығып, еліне қызмет жасағандығын дәлелдейді. Би, батыр, мырза атанған олар халқымен бірге кө­шіп-қонды, қиын қыстау жаугершілік заманда ауыртпалықты елімен бірге көріп, одан шығар жолды бірге іздеді. Ел азаттығы үшін Сырым көтерілген тұста оның жанынан табылып, қазақ-орыс қатынасының шиеленіскен жылдары қауіп-қатерге қарамастан ел игілігі үшін Орынбор-Бұхара керуен жолдарын өз мойындарына алып, оңтүстіктегі Хиуа, Бұхара хан­дық­тарымен, ал ел ішіндегі түрлі мәселелерді Әбіл­қайыр, Батыр хандар ұрпақтарымен бір­лесе шешіп отырған.

Әбілсейіт МҰҚТАР, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Орал.

Суретті салған Николай АШТЕМА.