Елорданың төрінде Сирия Араб республикасы үкіметі мен қарулы оппозиция топтарының және кепілгер елдер – Иран, Ресей, Түркия елдерінің өкілдері, сондай-ақ бақылаушы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Иордания Хашимит корольдігінің делегациясы бас қосты. Екі күнге жалғасқан келіссөзге қатысушылар Сириядағы қазіргі ахуалды талқылап, Астана форматында бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, саяси процесті ілгерілету және елдегі гуманитарлық жағдайды жақсарту бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдарын қарастырды. Сонымен қатар аталған кездесу шеңберінде Сирия бойынша Конституциялық комиссияны құру, Астана процесіне жаңа бақылаушы мемлекеттерді қосу мәселелері назарға алынды.
Қорытынды жиында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың толғауы тоқсан Сириядағы түйіткілді жағдайдың түйінін тарқатуға бастамашы болған Астана процесін бастауға сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Сөйтіп вице-министр аталған кездесу бойынша кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесін жария етті.
Бұл мемлекеттер біріншіден Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына шәк келтірмей, БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын растады. Бұл қағидаттардың сақталуы жалпыға бірдей екені, қандай жағдай болмасын оның бұзылуына жол берілмеу керектігін атап өтті. Осы тұрғыда халықаралық құқықты, атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 497-қарарын өрескел бұзды және Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке селкеу түсірді деп сириялық Голан жоталарын Израильге қарасты деп мойындаған АҚШ әкімшілігін қатты сынға алды.
Терроризммен күрес желеуімен жаңа «шындыққа» деген талпыныстарды жоққа шығарып, Сирия шекарасының бүтіндігі мен көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігін бұзуға бағытталған сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға шешім қабылдады.
Кепілгер елдер Сирияның солтүстік-шығысына қатысты кеңестерді жалғастыруға уағдаласып, Идлиб мәселесін талқыға салды. Бұл деэскалация аймағындағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары 2018 жылдың 17 қыркүйегінде жасалған меморандум шеңберінде жалғасын табады. Мұнда алаңдаушылық тудырып тұрғаны – «Хейат Тахрир аш-Шам» террористік ұйымының аймақты бақылауға алу әрекетінің күшеюі. Сондай-ақ ДАИШ, «Жабхат ан-Нусра», «Әл-Каида» және басқа да теріс пиғылды топтарды түбегейлі жою мақсатында бірлескен жұмысты одан әрі жүргізе бермек ниетте.
Аталған ұйымдардың барлығын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік ұйым ретінде мойындаған.
Бұл келіссөз Сирия қақтығысының әскери күштердің араласуынсыз шешілетініне сендірді. Сочидегі Сирия ұлттық диалогы конгресінің шешімдеріне сәйкес үш тарап, оған қоса БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Геер Педерсенмен жан-жақты кеңесіп, Конституциялық комитетті тездетіп іске қосу туралы сөз қозғады. Осы мақсатта кеңестің келесі раундын Женевада өткізетін болып шешті.
2018 жылдың қараша, 2019 жылдың ақпан және сәуір айларында бейінді жұмыс тобының күш салғанының арқасында зорлықпен ұсталған адамдарды босату жөніндегі сәтті операциялар аталып өтті. Бұл операциялар Сирия тараптары арасында сенім орнықтырып, саяси процесті ілгерілетуде Астана келіссөзінің үлесі мен маңызын айшықтады.
Қанша жыл соғыстан көз ашпаған елдің аяқтан тұрып кетуіне үлкен көмек-қолдаудың қажет екені түсінікті және ондай көмектің алдын ала шартсыз, міндетсіз жасалғаны маңызды. Осы тұрғыда кепілгер елдер Иран, Ресей және Түркия халықаралық қоғамдастықтан, әсіресе БҰҰ мен оның гуманитарлық агенттіктерінен Сирия халқына көмек қолын созуды, инфрақұрылымын қалпына келтіруге жәрдемдесуді сұрады. Сумен, электрмен, жарықпен қамтамасыз ету, мектептер мен ауруханалар жұмысын жандандыру бірінші кезекте атқарылуы тиіс шаруа болып тұр.
Сонымен қатар босқындар мен ел ішінде көшіп жүргендердің тұрғылықты мекеніне оралуына жағдай жасау керектігі назардан тыс қалмады. Осы мәселеде Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың басқармасы және басқа мамандандырылған халықаралық ұйымдарға қоса, барлық мүдделі тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Бұған қоса келіссөзге қатысушылар Астана процесіне бақылаушы елдердің санын арттыруды талқылады. Нәтижесінде Сирияға көрші мемлекеттер – Ирак пен Ливанды Астана процесіне қосылуға шақыратын болып келісті.
Соңында осындай халықаралық маңызды кездесуді ұйымдастыруға себепші болған Қазақстан билігіне ризашылық білдіріп, Астана процесінің келесі кезеңін Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың шілдесінде өткізу туралы ұйғарым жасады.
Башар әл-ЖАФАРИ,
Сирия үкіметі делагациясының басшысы, Сирияның БҰҰ-дағы өкілі:
– Біз Нұр-Сұлтан қаласына қатарынан 12-нші рет ат басын бұрғанымызға қуаныштымыз. Астана процесінің бұл раундының нәтижесінде алдыңғы келіссөздерде қозғалған мәселелерді тағы бір нақтылып, оған қоса бірқатар оң шешім қабылданды. Соның ішінде осынау басқосуға қатысқандардың Сирияның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын мойындап, сириялық Голан жоталарына қатысты АҚШ-тың көзқарасын құптамауын ерекше атап өткім келеді.
Астана процесінің осы күнге дейінгі келіссөздерінің барлығында талқылаусыз қалмайтын тақырып – терроризммен күрес. Бүгін біз әртүрлі халықаралық тараптардың қолдауына ие ашық терроризм туралы сөз қозғадық. Шын мәнінде, бізді күйреткен қақтығыстар террористік соғыстардың салдарынан болды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі біздің елдегі терроризммен күрес жөнінде жеті қарар, соңынан тағы екі қарар қабылдады. Бұл Сирия үкіметінің Астана процесінде әрдайым білдіріп келген пікірін мақұлдайды. АҚШ-тың ДАИШ жойылды дегеніне қарамастан, Сирияда әлі терроризм қаупі бар. ДАИШ-тан қалған топтармен әлі де күрес жүріп жатыр.
Ахмад әл-ТОМА,
Сириядағы қарулы оппозиция делегациясының басшысы:
Астана процесінің бұл келіссөзіндегі басты мақсат – Сирия халқының болашағына алаңдаушылық білдіріп, елді демократиялық мемлекетке айналдыру тұрғысында нәтижеге жету. Кепілгер елдердің бірлескен мәлімдемесінің Сирия елінің тәуелсіздігіне қатысты бөлімі үлкен маңызға ие. Сондай-ақ зорлықпен ұсталғандар босату жөніндегі мәселеге мән бермей кетуге болмайды. Бұл бағыттағы іс-шаралар әлі ілгерілей түседі деп ойлаймыз.
Сонымен қатар біз Евфрат өзенінің шығысындағы жағдайдың қалыпқа келгенін, тұрғындарының оралғанын қалаймыз. Бұл аймақта террористермен күресті күшейтіп, мәселені жақын арада шешу керек. Өйткені осыдан екі ай бұрын Евфраттың шығысында полковник Ануар Хусейн опат болды. Ол бұрын осы Астана процесіне қатысқан еді. Сондықтан халықаралық қоғамдастықтардан терроризммен күрес жұмыстарын жеделдетуді сұраймыз.