Білікті кадр – мемлекеттік қызметтің беделі
Мемлекеттік саясат саласында қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында «орталық-өңір» қағидаты бойынша орын ауыстыру практикасы күшейтіліп жатыр. Яғни, жоғары мемлекеттік органдардың қызметкерлері өңірлерге тәжірибе алу үшін жіберіледі. Өйткені мемлекеттік қызметшілерді кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша министрліктер мен комитеттер аппараттарында өңірлерде жұмыс тәжірибесі бар кадрлар жеткіліксіз екені анықталған. Бұдан өңірлік деңгейде іске асырылатын саясатты әзірлеуде аймақтарда қызмет еткен кадрлардың қадірі артқанын байқауға болады. Сондықтан кейінгі кездері өңірден орталыққа қызмет бабымен алға жылжыған мемлекеттік қызметшілер қатары арта түскен. Санмен дәйек келтірсек, 2017 жылға қарағанда 2018 жылы орталыққа ауысқандардың үлесі 32 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 5 186 маманнан 6 826-ға дейін көбейген. Олардың ішінде төменгі лауазымнан жоғары лауазымға көтерілгендердің салмағы басым. Бұл ішкі конкурс қорытындылары бойынша тағайындалған адамдардың жалпы санының 62,7 пайызын құрады.
Білікті кадр – қоғамның кез келген саласын дамыту мақсатында мемлекеттік қызметті тиімді ұйымдастырудың кепілі. Өңір тәжірибесіне қоса, мамандарды кәсібилендірудің маңызды бөлігі – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдары базасындағы кадр даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі. Елбасы жүктеген тапсырманы орындау үшін саяси қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы және «А» корпусының лауазымына тағайындалғандарға арналған арнайы қайта даярлау курстары дайындалды. 2018 жылы жобалық менеджмент бағытында 5 000-ға жуық қызметкер оқытылды. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында 3239 мемлекеттік қызметші қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтті.
Елбасы Жолдауында үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тартудың маңызды екені көрсетілген. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «тез жалдау» тетігін іске қосты. Бұл құралды пайдалана отырып, мемлекеттік органдар Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша конкурстан тыс негізде тәжірибелі және креативті мамандарды тағайындай алады.
Жалпы, қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі тұрақты, 92 пайызының жоғары білімі бар. 2017 жылмен салыстырғанда былтыр «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының үлесі 13 пайызға, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектері 3 пайызға өскен.
Оңтайландыру жұмыс тиімділігін арттырады
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің негізгі міндеттерінің бірі – еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің тиімділігін зерделеу. Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған жұмыс тобы қанатқақты жобаны одан әрі жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеп, мемлекеттік органдар жаңа жүйе бойынша төлемді қаржыландыру көздерін айқындауды жалғастыруда. Бүгінде бюджетке түсетін жүктемені азайту жолдары белгіленді. Оның бірі мемлекеттік мүлікті тиімді және ұтымды пайдалану болса, енді бірі ведомстволық бағынышты ұйымдарды оңтайландыру. Бұл жұмыстар Үкімет бекіткен Мемлекеттік органдардың штаттық саны мен шығыстарын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бірінші кезекте қайталанатын функцияларды алып тастау, басшылық құрамын қысқарту, жекелеген бөлімшелерді орталықтандыру тұрғысынан басқару құрылымдары қайта қаралады. 2018 жылы үш әкімдікте – Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы және Ақмола облысында трансформациялау жүргізілді. Бұл шаралар елорда әкімдігіне шамамен 22,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік беріп, Ақмола облысында басшылық лауазымдар мен атқарушы қызметтердің арақатынасы екі есе қысқарды, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінде персоналды басқарудың орталықтандырылған қызметі құрылды және 6 басқарма таратылды.
Тиімсіз шығындарды оңтайландыру есебінен үнемделген қаражат қызметшілердің еңбекақысын көтеруге бағытталады. Бұл жаңа жүйе еңбекақыны көбейтуді ғана емес, жұмыс тиімділігін арттыруды көздейді.
Бүгінгі таңда бюджеттен қаржыландырылатын белгілі бір жұмыс түрлері, атап айтқанда жолдарды жөндеу, көшелерді тазалау, жылу, электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және тағы басқа халықтың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бірақ оларда мемлекеттік қызмет мәртебесі жоқ. Осыған байланысты «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды қайта қарап, «қоғамдық маңызы бар қызметтер» ұғымын енгізу ұсынылды.
Әдеп кодексінің талаптары қатаң сақталуы керек
Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызметінде тұрақтылық және ауысудың төмен деңгейі байқалады. Соңғы екі жыл ішінде кадрлардың кету көрсеткіші 6,2 пайызды құрайды, ал теріс себептер бойынша ауысу 4,6 пайызға қысқарды. Теріс себептер демекші, мемлекеттік қызметші азаматтармен тең қарым-қатынаста болуы, кез келген жағдайдан жол таба білуі, өз сезімін басқара білуі керек. Мамандардың Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы қатаң бақыланады.
Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Мадина Наурызбек 2018 жылы Әдеп жөніндегі комиссияның бес отырысы, биыл бір отырысы өткізіліп, онда 18 мәселе қаралғанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде Әдеп кодексін бұзғаны үшін төрт қызметшіге ескерту, үш қызметшіге қатаң сөгіс жарияланды және бір қызметші лауазымынан босатылған. Олардың атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы, бірақ жол берген олқы тұстары басқаға сабақ болуы керек. Мысалы, Парламент Сенаты аппаратының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің меңгерушісі өзіне бағынышты қызметкерлерге тіл тигізіп, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратқаны үшін қызметінен босатылған. Сондай-ақ Әділет министрлігінің екі қызметкерінің тәртібі қаралып, министрліктің тәртіптік комиссиясы отырысының барысына заңсыз араласқаны үшін жауапкершілікке тартылған. Ал биыл Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары қоғамдық орындарда масаң күйде көзге түсіп, оған қатаң сөгіс берілген.
Әр мемлекеттік қызметші өзін мемлекеттің айнасы ретінде сезініп, Әдеп кодексінің талаптарын қашанда назарда ұстағаны жөн. Өйткені маманның өз ісін жете меңгеруімен қатар, адалдық, әділдік, қарапайымдылық, байсалдылық сияқты қасиеттерімен беделі жиналып, тұлғасы қалыптасады.