– «Егемен Қазақстанда» жарияланған Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласын оқыдыңыз ба?
– Не жайлы?
– Ол мақалада көтерілген өте өзекті өткір мәселені бірер сөзбен айтып жеткізу қиын. Дұрысы өзіңіз оқып шығыңыз.– Қашан жарияланды ол мақала?
– Сәуір айының тоғызыншы жұлдызында.
– Жол жүріп кетіп оқи алмадым, енді оқимын.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ел газеті «Егеменде» «Министр мінбері» айдарымен жарияланған «Қарыз тәуелділігі рухани тәуелділікке апарады» атты көлемді мақаласын оқи бастадым.
Әр ұлттың қай кезеңде болсын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саламатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп жетілдіру – аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Демек, біздер ұрпақ алдындағы борышымызды өтей отырып, олардың болашағын бұлыңғыр емес, жарқын ету үшін, келесі бір қадам – мойындарына ешқандай қарыз қалдырмауға тиістіміз! – деп басталған мақала көптің көкейінде жүрген ойды тап басып, анық та қанық айтқан. Аталған мақала бүгінгі күннің келелі проблемаларын кеңінен толғап, толымды ой айтумен, оқырманды ойландырумен, ойлантып қана қоймай қоғамның қатерлі дерті – «қарыз» дейтін қамыттан ұлт келешегі жас ұрпақты сақтау жайлы ордалы ой, оралымды ұсыныстарымен де құнды.
«Осы күні қарыз мәселесі еліміздегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Расында, қарыздың қай түрі де оңай емес. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллион теңге қарыз екен. Сонда жан басына шаққанда әр қазақстандық орта есеппен 900 мың теңгеден аса (!) берешек деген сөз. Мейлі автокөлік алуға, мейлі кәсіп ашуға болсын, әйтеуір банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмаған азаматты табу қиын бүгінде... Ең сорақысы, біз «қарызға» өмір сүруге әбден бой алдырдық – соңғы бір жылда халықтың қарыз алу қарқыны 15 пайызға артқан», деп жазыпты автор.
Міне, проблеманың көкесі! Осы «қарыздың» залал, зардабы жайлы айтылған ой да алшы түсер асықтай көкейге қона кетеді.Тәуелді болатыны бір бөлек, адам өз талап-тілегінің құлы деген сөз. Яғни, бір сәттік тілектің жетегімен ұзақ уақытқа, кейде тіпті өмірлік борышкерлік қамытын мойнына кигенін сезбей қалады. Мұндай адам өз арман-мақсаттары үшін емес, мойнындағы қарызын өтеу үшін жанталасып жұмыс істейді. Сонда қаржылық-материалдық тәуелділік адамды моральдық-психологиялық тәуелділікке ұрындырады.
Бізде ипотекалық қана емес, тұтынушылық несиенің өзі «кешірілмейтінін», әкеден балаға немесе марқұмның отбасына қалдырылатынын көріп жүрміз. Сонда біздің бүгін тұтынушылық несие алу туралы шешіміміз күні ертең баламыздың өміріне тікелей әсер етуі мүмкін екенін неге ойламаймыз?» деген сөз де көпті ойландыратын өте орынды сауал! Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласы терең ой, тебіренген сезім, өзекті де өткір мәселелерге орай айтылған ордалы ой, ұтымды, ұшқыр ұсыныс.
Біздің мемлекетімізді жегі құрттай жеп жатқан аса қатерлі дерт – коррупция. Қазақтың үлкен соры – мақтаншақтық. Бос мақтан үшін қарызға белшесінен батып жатқан Қазақстан халқы ұлттық жағынан екшесе жүз пайыз қазақ болатынына өз басым кәміл сенемін.Іс ашу, бизнес үшін емес, бір рет жайылатын дастарқан үшін, тіпті шетелдік көлік алу, шетелге демалысқа бару үшін қарыз алу – барып тұрған даңғаза даңғойлық, мақтаншақтық. Мақалада бұл жайлы да өте жақсы айтылған.
«Ең бастысы – қарыз тәуелділігі рухани психологиялық тәуелділікке алып барады. Біз осыны ескеруден қалып барамыз!
Егер бұл мәселені жете ойланып, жіті зерттемесек, қоғамды ішінен ірітетін әлеуметтік дертке айналу қаупі өте зор», дейді автор. Келіспеске әдіңіз жоқ. Автор өз ойын ұлы Абай сөзімен көмкеріп, дәйекті деректермен кестелеген мақаланың тағы бір тартымды тұсы – автор «қарыз» проблемасына орай ұлылар айтқан ойлармен өз сөзінің өтімділігін арттыра түскен. Бір ғана мысал:
«Виктор Гюго бұл мәселені жете талдап, былай деген: «Қарыз – құлдықтың басы, тіпті құлдықтан да жаман, себебі қарыз беруші құлиеленушіден де сорақы: ол сіздің тәніңізге ғана емес, сіздің абырой-беделіңізге де иелік етеді және орайы келгенде абыройыңызды айрандай төге салады». Рас қой. Көптің көкейінде жүрген ойды өтімді етіп келістіріп керемет кермиық, көркем айтқан мақаланың тобықтай түйіні.
Психологтар үнемі қарызға белшесінен батып жүретін адамдарды араққа не есірткіге тәуелді адамдармен теңестіреді. Яғни, өз қаржылық әлеуетін есепке алмай, несиеге өмір сүретін адам өзінің шын жағдайын көрмейді, қиялындағы иллюзия әлемінде өмір сүреді. Бұл орайда «несиеге тәуелділік» деген термин шығарсақ та болады. Көбіне мұндай адамдар дәл қазір «қалап тұрған» затына қол жеткізбесе, өмірі тоқтап қалатындай не бар қызығынан айрылатындай күй кешеді. Олар үшін дәл қазіргі сәттегі қалауын жүзеге асыру маңызды. Ал оның салдарын ойлауға қабілеті жетпейді. Ең сорақысы, «несиеге тәуелді» адамдар өзгелер бұларға әлдене тиіс сияқты сезінеді, яғни отбасы, туыстары, көршісі, мемлекет... бұларға көмек қолын созып, қарыз бере тұрса деген тілек. Олар қарыз алудан қорықпайтыны сияқты, үсті-үстіне қарыз сұраудан ұялмайды.
Бірақ мұндай күрес жолына түсу үшін адамға әуелі психологиялық және рухани бостандық қажет. Басқаның қажеттілігін өтеу үшін күндіз-түні жұмыс істейтін, өзгеге тәуелділіктен түні бойы ұйықтамайтын адамда ақыл-ой, сана бостандығы қайдан болсын? Қарап тұрсақ, адам болу – еркін болу – бақытты болу бір-біріне тығыз байланысты құбылыстар екен. Ендеше, пендешілік осалдықтан, несиеден, тұтынушылық құлдықтан құтылайық!
Түйін айтсақ, ел газеті «Егемен» Арыстанбек Мұхамедиұлының «Қарыз тәуелділігі рухани тәуелділікке апарады» атты мақаласы арқылы өте өзекті, өткір проблема көтеріп, көптің көкейіндегі ойды айтып отыр.Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты