• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Мамыр, 2019

Ене мен келін

1858 рет
көрсетілді

Атырау облысы Махамбет ауданының тумасы Әділбек Ізғалиевпен жастық шағымыздың қызығын бірге көрген едік. Алматы қаласындағы қызықты күндерде екеуміз бажа боламыз деген ой қаперімізге де кірмеген секілді. Арада бірталай уақыт өткенде сүйген жары Алтынайға қосылып, келіншегі жеті қыз және екі ұл тауып, ардақты ана атанған, өзі зейнет жасына шыққан бажамның үйінде жолығып, аңызға бергісіз қызықты оқиғаларды құлағымыз естіп, айран-асыр болғанымыз рас.

Бес қыздың арасында жалғыз өс­кен Әділбек үйленуге бел байлап, ол ойын анасына айтқанда жарынан ерте айырылған ана байғұс қатты қуанса керек. Мұны білген соң Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұратын қыздың үйіне баласын ертіп өзі аттанады. Құда түсіп келіпті деген хабарды естіген ауыл адамдары мен ағайындары арасынан бір-екі кісі «Аулыңызда алдымыздан өтуге арнайы келетін еркек кіндікті болмады ма?», деп базына білдірсе керек. Сон­да Әділбектің анасы Бәтима апай: «Сіздер секілді сақалды шалдар біздің елден де табылады. Алайда, олардың айтар сөзін мен де айта аламын. Болашақ келінімнің туып-өскен жерін көруге өзім арнайы келдім. Жас-жастың тілегі бір болса, соларға батамызды беріп, сауабын алайық!», дейді.

Қыз жағы келісімге келеді. Сөйтіп ұза­тып әкелген келін босағадан аттасымен-ақ көп ұзамай Әділбекті әскер қатарына шақырады. Ол кезде әскерде қызмет ету мерзімі екі жыл. Сол жылдары төркінін сағынған келінін енесі бірнеше мәрте өзі ертіп апарады. Тұңғыш немересіне «Балам әскерден аман келсін!» деген ізгі тілек­пен ырым қылып Бейбіткүл деген есім береді. Бейбіткүлден кейін Мереке, Бақ­тыгүл, Бибігүл, Ардақ, Гауһар және Ақболған есімді қыздар дүниеге келеді. Алты­найдың енесі болса «Саған қыз беруге Алла ұялмаса, бала көтергенге сен де ұялма. Құдайдың берген жемісін тере бер, туа бер!»,  деп ақыл қосады. Алты­най келін болып түскенде 58 жасқа кел­ген ана 73 жасында фәниден бақиға көшеді.

Содан сегізінші балаға аяғы ауыр бол­ған келін «Үнемі қыз туа беретін бол­дым, енді бойыма біткен сәбиді алдыртып тас­тайын» деген шешімге келіп, күйе­уін де көндіріп, ауруханаға келеді. Ал­ғашқы күні енесінің туған ағасы Бей­сенбай деген кісінің үйіне қонады. Түнде түс көреді. Түсіне енесі кіреді. «Үстінде ақ көйлек, басында ақ жаулық, таң сібірлеп атқан мезгілде енем алдымнан шығып келе жатыр екен», дейді Алтынай.

– Әй, Алтынай! Бері кел! – деп мені шақырды.

– Мама, мен қорқамын! Сіз өліп қал­ған жоқсыз ба? – деймін.

– Ой, мен саған тіс салдыруға келіп тұрмын! – дейді енем.

– Ол не қылған тіс? Қай жерде сал­­ды­­рамын? – деп кері қарай шегін­шек­теймін.

– Қорықпа! Әй, міне, тіс! – деп ол екі бірдей жарқыраған алтын тісті алақа­ныма тастай салды.

– Аузыңа салып көр, дәл келе ме екен?! Базарда тіс салатын жеке жер бар, соған барамыз, – деп қояды.

Аузыма салып едім, екі тіс те екі езу арасына жабысып қалды. Тіпті тартсам да алынбайды.

Оянып кетсем, түсім екен, Көрген түсім­­ді жеңгеме айттым. Ол кісінің де есі­мі Алтынай еді. Ол түсімді жақсы­лық­қа жорыды және бірден кесімді сөзін айтты.

– Сөзді қой, тез жинал, үйіңе қайт! Баланы алдырам дегенді ұмыт. Сенің енең тегін кісі емес, Алланың беретін сыйын күт! – деді.

Сөйтіп жүріп босанатын күн де келді. Аман-есен босанып, есімді енді жиып жат­сам, Ермек деген бас дәрігер бас­қар­ған бірнеше дәрігер сау етіп кіріп келді.

– Сүйінші! Перзентті болдыңыз. Сіз­ді құттықтауға келдік! – деді.

Көзім­нен жас бұрқ ете қалды.

– Тағы да қыз шығар. Оған несіне қуанайын? – деппін.

– Жоқ, апай! Олай демеңіз. Сіз өмірге сол­дат әкелдіңіз! – деді дәрігер.

Мен ол сөзге де сенбей, алдамаңдар,  деп жатсам, медбике баланы алып келді.

– Екіншісі қайда? – деп сұрасам керек. Олар аң-таң. «Не айтып тұр?» дегендей бетіме қарайды. Менің ойымда бая­ғы көрген түсім. Егіз бала болса керек деген дәме.

Сол маңайдағы Еңбекшіл, Ақ­жа­йық, Ортақшыл деген қатарлас жат­қан ауылдарға сүйінші хабар тез тарады. Енемнің тағы бір ағасы елге қадір­лі Жұ­мабай деген кісі еді. Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысып, от пен оқты кешіп келген ардагер. Жақсы хабарды естігенде «Бұл ғаламат болды ғой!»,  деп мәз болыпты. Сол кісі ұлымыздың атын Ғаламат деп қойды.

Расында да, барлығы бір Алланың қолында екен. Кенже балам да ұл болды. Енемнің түсімде айтқаны өңімде дәл келді. Бекмақсат атанған кенжеміз де үйленіп, немере сүйгізді, – деп Алтынай көзіне жас алды.

Енді жеті қыздан, Гүлсара мен Ди­нара есімді келіндерінен ата-анасы ондаған немере және жиендерін сүйіп отыр. Ғаламат ата-анасымен бір шаңы­рақтың астында бірге тұрады. Би-Бәтима, Нұр-Ғайша және Рашида есімді үш балдырған желкілдеп өсіп келеді. Келін де ене топырағынан деген шындыққа саяды. Айы-күні жетіп отыр­ған келіннің келесі перзенті ұл болады деген хабардан барлығы да құлақ­танып алыпты. Баяғы заман емес, УЗИ деген осы заманғы технология бәрін алдын ала айтып қойса керек. Ал Бекмағамбеттің шаңырағында атасы мен әжесіне қолқанат болған Немат пен Айзере жүгіріп жүр.

– Тағы бір қызықты айтайын, – дейді Алтынай. Енеміз өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып жүрген кезінде қыздарын түгел шақыртып алды. «Менің жасым келіп қалды, енді жылтырақ тағып баратын жер де азайды, өзімнің де әуестігім басылды», – деп жинаған алтын және күміс бұйымдарын, тіпті білегі мен саусақтарына салып жүрген білезік пен сақиналарын, құлағындағы сырғасына дейін қыздарына таратып берді. «Апа-ау, маған ешнәрсе сыйламадыңыз ғой!»,  деп наз айттым.

– Қарағым-ай! Бұл бұйымдарды өзімдей болмаса да көзімдей көрсін деп әдейі бердім. Ал сенің жеті қызың ертең-ақ өзіңді үлде мен бүлдеге бөлейді. Олар­дың саған сыйлаған сақина, білезік­терін салуға тіпті қолыңдағы он саусағың да жетпей қалады, – деді.

«Енеміздің айтқаны айнымай келді. Сондықтан да оның көзі тірісінде айтқан әр сөзін сағынышпен еске аламын!», дейді келіні. Шынында да ене мен келін арасындағы сыйластық кейінгі ұрпаққа да жұғысты болды.

Бір кеште айтылған осы әңгімені мен де қағазға қаз қалпында түсіруге тырыс­тым. Бүгінгі қыздар да ертең ана атанады, олар да біреуге келін болса, кейін өздері келін түсіреді. Осындай ақылды енелер көп болса, келіндер олардың тілін алса, еліміз айрандай ұйып отырар еді.

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

жазушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры