Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының модераторлығымен болған дөңгелек үстел жұмысына Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері Сейітқали Дүйсен, Құндызай Ерімбетова, Жабай Қалиев, Қанат Еңсенов, Бауыржан Ыдырысов және өзге де қоғам белсенділері, сәкентанушы ғалымдар мен жастар қатысты.
– Қаймағы бұзылмаған қасиетті ортада өскен, бесігінен өнеге көрген, өнердің уызын емген сұлу Сәкен, сырлы Сәкен, сырбаз Сәкен, сұңқар Сәкен, ақын әрі композитор Сәкен қанқұйлы заманда сан қилы тағдыр кеше жүріп, туған халқына, өз қолымен құрысқан Кеңес өкіметіне жан-тәнімен адал қызмет етті. Сәкеннің дүние есігін ашқанына биыл – 125 жыл. Осы орайда ардақты тұлғаның ел үшін істеген елеулі еңбектерін қайта жаңғыртып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Әдебиет пен өнерде өлшеусіз іс тындырған тау тұлғаның тағылымы бүгінгі жастарға өнеге болуы тиіс, – деді Несіпбек Айтұлы.
ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы ұлт-азаттық идеясының көрнекті өкілі жөнінде баяндама жасаған Мемлекет тарихы институты Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев «Алашорда» қайраткерлері мен большевиктер жағында мемлекет ісіне араласқан азаматтардың іс-әрекетіне қатысты сыни ой-пікірлердің біржақты болмауы тиіс екенін айтты.
– Сәкен заманында Құдай берген талантымен жарқырай көрініп, өзі армандаған қазақты қалай биікке шығарамын деген мақсатты жалау етті. Мәдени революцияға белсене араласты, сауатсыздық мектебінде дәріс берді. Ақын шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейкесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатады. Ол – бүгінгі жаңа өмірдің жалынды жаршысы болған тарихи мәңгі құбылыс, – деді ғалым.
Сондай-ақ қазақ-кеңес әдебиетінің негізін салған, идеялық жағынан берік қалыптасуына еңбек сіңірген қайраткер, ақын Сәкеннің өмір жолы, қоғамдық қызметтері турасында терең әңгіме қозғалды. Қазақ халқының келешегі жолындағы күреске толы күрделі кезеңде күш-жігерін, бар өмірін арнаған қайраткерлердің бірі – Сәкен Сейфуллиннің есімі қайта жаңғырып, ғылыми зерттеулердің нысанына айналды. Тұлғаның мемлекеттік-саяси қызметі мен өзі өмір сүрген қоғамның талабы біртұтас қарастырылып, қайраткердің өмір жолындағы тарихи құбылыстарға баға берілді. Ардақты ақынның дүбірлі мерейтойы аясында Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды алыптарға арналған «Үш арыс» бұрышы ашылып, аяулы тұлғалардың фарфордан жасалған мүсіндері қойылды. Одан бөлек, музей қызметкерлерінің салтанатты мерейтойға арнайы дайындаған «Үш бәйтерек» кітабы қалың көпшілік назарына ұсынылып отыр.