Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің сұңғыла саясаткерлері Генри Кииссинджер, Пан Ги Мун сияқты алыптардың өзі сыйластықпен қарайтын, білімі мен білігін бағалайтын қайраткерлігін де білеміз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның Президенті ретіндегі ант беру рәсімінде елімізге инвестиция тарту мәселесін алға шығарды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шетелдік инвестицияның ықпалы зор екені сөзсіз. Айталық, қосымша қаражат өндіріс орындарының өркендеуіне, жаңадан жұмыс орындарының ашылуына, жұмысшылардың жалақысын көтеруге, оның ішінде әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға оң әсерін тигізеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесін министрлер мен әкімдердің алдына жауапты міндет ретінде белгілеп берді.
Өткенге сәл көз жүгірте қарасақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Үкіметін басқарып тұрған уақытта, яғни 1999-2002 жылдар аралығында елімізде ішкі жалпы өнімнің ең жоғары өсуі тіркелген еді. Бұл – экономист ретіндегі менің талдауым. Оның ешқандай құпиясы жоқ – шетелдік инвесторлар білікті дипломат, сұңғыла саясаткердің Қазақстан экономикасына салатын қаржылары және оның қауіпсіздігіне кепіл болатынына қапысыз сенді.
Мәселен, осының арқасында, сол уақыттары Ақтөбе облысының өзінде даңғарадай зауыттар, екпінді өндіріс орындары ашылды. Оның ішінде, Хромтау ауданында тақыр жерде мыс комбинаты іске қосылып, екі мыңдай жұмыс орны ашылды. Төл теңгемізді қолына ұстап көрмеген адамдардың зауытқа жай жұмысқа орналасып, жалақы алғандағы қуанған сәттері әлі есімде.
Мемлекет басшысы ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын, инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын кең көлемді орта қалыптастыруға уәде етті. Расында, инвестиция, іскерлік белсенділік дегеніміз халқымыздың әл-ауқатын көтерудің басты кілті.
Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сенат қабырғасында тығыз қарым-қатынаста болдым. Ойы терең, білім көкжиегі кең, білікті ұйымдастырушы тұлға ретінде Парламент Сенатының жұмысын жоғары деңгейге шығарды. Оған қоса, депутаттардың ұсыныстарын тыңдай білетін, пікір алуандығын сыйлай білетін дипломат ретінде заң шығарушы органның жұмысын жүйелей білді. Сол уақытта Төрағамыз Парламентте қабылданған заңдардың сапасына мән беріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге, ел экономикасына оң ықпал етуіне әрдайым маңыз беріп отыратын.
Міне, осы бастамаларды Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретіндегі ант беру рәсімінде жария еткен платформаларында тереңірек көрініс тапқандығы қуантты.
Айталық, жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамды жегідей жеп қана қоймай, мемлекеттің дамуына тұсау болатынын Президентіміз ұзақ ғылыми-зерттеу, талдауларға сүйене отырып жеткізді.
Әрине, бұл кешенді жұмыс болғанымен Мемлекет басшысы жемқорлық деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасының 1 қыркүйекке дейін дайын болатынын айтты. Қазір маусым айының ортасы, қыркүйек те қолсозым жерде тұр. Демек, қысқа мерзімді ауқымды істі қолға алу жемқорлық атты кеселге қарсы күресті терең түсінгендік және кезек күттірмейтін қатер екенін нақты бағалаудың көрінісі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстың қарқын алатынының белгісі.
Оған қоса, Мемлекет басшысы бюджет қаржысының тиімді әрі нағыз жанды жерлерге жұмсалуына да көңіл аударып отыр. Мысалы, елорданың айналасындағы жаяу жүргіншілер бара бермейтін жерлерге салынған тротуарларды көріп жүрсіз. Елсізде жаяу жүргіншілер жолын салып, қаржы жұмсау қандай қажеттіліктен туындады? Егер ол қаржы әлеуметтік салаға жұмсалар болса, бірқатар кезек күттірмес мәселелер шешімін тапқан болар еді. Енді Президентіміз осындай олқылықтарға жол бермеу жөнінде нұсқау беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бағыттардың қай-қайсысы да елдің көкейінде жүрген, «әттең, осы мәселе шешілсе» деген сұраныстарына сай келуі Президенттің халықтың мұң-мұқтажын терең білетіндігін айқындап берді. Ең бастысы, мәселелерді шешу жолдарын білетінін өз аузынан айтты.
Мәселен, азаматтардың барлық жерде әділдік орнатуға байланысты талабы. Әрине, әділдік – мемлекеттік құрылымға, билікке сенімнің бастауы. Мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетуде бұра тартпай, ешкімді алаламай, заңның әріптеріне сүйенген әрекеттері ұлттық қауіпсіздігімізге де әсер ететінін жақсы түсінген жөн.
Президент халықтың табыс көлемінің аз екенін, қаржы нарықтарының тұрақсыздануын, миллиондаған азаматтарымыздың несие қамытын кигендігін жақсы біледі. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтықтың ел ішінде белгілі бір деңгейде қобалжу тудырып отырғанын да сезеді. Сонымен қатар қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – экологиялық қауіп-қатер, жолдардың сапасы да азаматтарымызды алаңдатып отырғанын жақсы білетініне көз жеткіздік.
Міне, Елбасының әлеуметтік-экономикалық бастамаларына сүйене отырып, тың бағыттарды ұсыну, олардың нақты шешілу жолдарын көрсету – көреген саясаткерге тән қасиет. Бұл пікірім Қазақстанның жаңадан сайланған Президентінің ант беру рәсіміне қатысқан, ұлықтауды теледидардан көрген отандастарымыздың ойына сәйкес келеріне сенімдімін.
Президент Жарлығымен келесі жылы 175 жылдығы тойланатын Абай атамыздың мына сөзімен пікірімді түйіндегім келеді. Абайдың 37-қара сөзінде: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», депті. Олай болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндетін ұлық жобалардан бастады, ал оның оң нәтижесі де көп күттірмес.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері