1. Бурһан әл-Хатыб
Қазақ әдебиетінің озық үлгілерін араб тіліне аударып, жариялауда Мәскеудегі «Прогресс» баспасы жемісті іс атқарды. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесін 1966 жылы «Талақа фи-л джабал» («Тауда атылған оқ») деген атпен нашриаттап игілікті іс атқарды. 1967 жылы Мұхаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қисма ад-дусафа» деген атпен тағы да сол баспадан ұжымдық жинақта шықты. Іле-шала 1969 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы Хусейн Джуманың аударуымен «Әл-Абш» («Ымыртта») деген атпен араб оқушыларына жетті. Осындай жақсы дәстүр жалғаса берді. 1970 жылы Абайдың туғанына 125 жыл толуына, сондай-ақ 1973 жылы Алматыда өтетін Азия және Африка құрлығы жазушыларының V конференциясына орай аталған баспа кемеңгер шайырдың таңдамалы өлеңдері мен поэмаларын Мұхтар Әуезовтің жан-жақты, терең ой, үлкен парасат, аса білімпаздықпен жазған алғысөзімен басып шығарды.
1979 жылы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, З.Шашкин, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Ә.Кекілбаев, Ә.Әлімжанов, С. Мұратбеков әңгімелерінен құрастырылған «Наджум ас-суһуб» («Дала жұлдызы») атты жаңа жинақ араб оқушыларының қолына тиді. Мұнда әрбір қаламгердің өмірбаяны жайлы да қысқаша мағлұматтар берілген. Жинақтан араб оқушылары Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Мууатани» («Менің отандастарыма») атты алғысөзін де ұшыратады. Әңгімелерді аударған араб жазушысы Тариқ Масарани.1980 жылы С.Айнидің «Сафахат ан-хайати» («Менің өмірбаяным») һәм М.Әуезовтің «Талақа фи-л джабал» («Тауда атылған оқ») атты пьесасы біріктіріліп кітап боп тағы да жарияланды.
М.Әуезовтің «Абай» («Дала жұлдызы») романының араб тіліне аударылған нұсқасын мен тұңғыш рет 1986 жылы Тунистегі Аз-Зайтуна университетінде оқып жүргенде араб әдебиеті институты мен Кеңес мәдениет орталығының кітапханаларынан да көріп едім. Халқымыздың мақтанышына айналған бұл шығармаға көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісов «Мұхтар Әуезов» атты терең тебіреніс пен ізгі ойға толы алғысөз жазыпты.
Тәржімашы өз аудармасын аталған шығарманың 1983 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасы шығарған нұсқасы бойынша жасаған. 6280 данамен шыққан шығарма аудармасының көлемі 41 баспа табақ. Әлем жұртшылығы сүйіп оқитын кітапты арабша сөйлеткен Ирак жазушысы Бурһан әл-Хатыб екен. Кейін Мәскеуге оралған соң оның «Прогресс» баспасында қызмет еткенін, кейін Швецияға қоныс аударғанын білдім. Сөйтіп онымен жолығып, сұхбаттасудың реті бірден келе қоймады. Тек 1988 жылдың көктем айында ғана КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, араб тілі мен әдебиетінің маманы, әріптесім Борис Чуковтың көмегі арқасында ғана тәржімашымен танысудың реті келді.
Бурһан өз шығармашылығынан гөрі халқының қамы, ел-жұртының көкейкесті, зәру мәселесін ашына айтып, әділетсіздікке жаны күйзеле қарайтын жан көрінді. Әуелі біз Палестина халқының тарихы, араб елдерінің бірлігі, ынтымағы, Кеңес шығыстану ғылымының өрісі туралы сөз етуден әріге бара алмадық.
Бурһан «Мың бір түн» ертегілері арқылы атағы мәлім Вавилония (Бабыл) қаласы маңындағы Мусаййаб атты кішкене қыстақта 1944 жылы дүниеге келіпті. Балалық шағы әлемнің жеті кереметінің бірі – аспалы бағы бар осы Бабыл қаласында өткен. Шаһардың батыс жағын жанай ағатын Евфрат өзені өңірінде есейген ол 1961 жылы отбасымен елдің солтүстігінен тоқсан шақырым жердегі атақты Бағдад қаласына қоныс аударады. Бурһан осындағы Әл-Мустансирийа университетінің инженер-механиктер даярлайтын факультетіне түседі. Себебі ол тұста Ирактың отаршылар езгісінен құтылып, теңдікке қолы жеткен кезі болатын. Ел инженер, дәрігер және де басқа толып жатқан жоғары білімді интеллигенция өкілдеріне мұқтаж-тын. Сондықтан Бурһан жоғарыда аталған мамандықты таңдайды.
Университетті 1967 жылы ойдағыдай бітірген ол аграрлық реформа министрлігіне өз мамандығы бойынша қызметке орналасады.
Бурһан көркем шығарма жазуды әңгіме жанрынан бастаған. Тұңғыш туындыларын тек Ирак газеттері ғана емес, сонымен қатар өзге де араб елдерінің мерзімді басылымдарында жариялап отырды. Сол жылдары ол өз күшін аударма жанрында да сынап көрді. Ағылшын тілінен батысеуропалық һәм америкалық көптеген жазушылардың әңгіме, новеллаларын ана тілінде сөйлетті.
Жас жазушы 1967 жылы бұрын жазған әңгімелерін топтап «Хатауат ила әл уфк әл-баид» («Алыс көкжиектерге қадам») деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Ондағы әңгімелері әлеуметтік өткір мәселелерге арналған-тын. Қаламгер проблемаларды көтеріп қана қоймай, оны шешудің де жолын табуға тырысты. Жинақтағы туындылардың барлығы дерлік реалистік тенденцияда жазылғандығын айтқан жөн.
Бурһан «Дабаб фи дахира» («Шаңқай түстегі тұман») атты алғашқы романын 1968 жылы жариялаған. Суреткердің бұл туындысына да кіші жанрлардағы шығармалары сияқты интеллигенция өмірін арқау етеді. Оқиға романның үш кейіпкерінің тіршілігі, өмірге көзқарасы мен іс-әрекеті, айналасындағылармен қарым-қатынасы арқылы өрбиді. Рафд – социалист, ал Анис – жеке басының бақытын жоғары қойып, өз жайын, өз қамын ғана күйттейтін жан. Үшінші кейіпкер – әңгімеші. Демократиялық, алдыңғы қатарлы көзқарасының арқасында ол жоғарыда аталған кейіпкерлердің іс-әрекетіне әділ баға беріп, оқушысын өмір мәніне тереңірек ой жіберуге шақырады. Сол тұстары Ирак халқының өмірін, тіршілік-тынысын, қоғамда болып жатқан өзгерістерді шыншылдықпен суреттей білгені үшін бұл шығарманы оқушы қауымы жылы қабылдаған.
Бурһан 1969 жылы Кеңес Одағына біліктілік арттыруға жіберіледі. Кейін ол Максим Горький атындағы Бүкілдүниежүзілік әдебиет институтына түсіп, оны бітіргеннен кейін бірыңғай шығармашылықпен айналысады. Мәскеуде көптеген ақын, жазушы, әдебиет және мәдениет һәм өнер қайраткерлерімен жақын танысқан оның Кеңес елі туралы дүниетанымы да кеңейе түседі.
1973 жылы Бурһанның «Шиққа фи шари Аби Нуас» («Аби Нуас көшесіндегі пәтер») атты үшінші романы жарық көрді. Жазушы осы еңбегі арқылы Ирак халқының алпысыншы жылдардағы өмірін суреттейді. Аталмыш шығарманы әдебиет сыншылары араб дүниесіндегі тұңғыш саяси роман деп таныды.
Бейруттегі «Уайдат» баспасы 1980 жылы Бурһанның «Әл-Джиср әл-джузадж» («Шыны көпірлер») атты жаңа романын жариялады. Бұл шығармада Ирак халқының 1958 жылғы революциядан кейінгі тұрмыс-тіршілігі қамтылған. Суреткердің бұл шығармасы да революцияның алғашқы кезеңін реалистік сипатта баяндап берген тұңғыш көркем туынды.
Бурһан әсіресе сексенінші жылдары өндіре жазды. Мәселен, әзірге толық жариялана қоймаған «Әл-Фейха» («Хош иісті») романында ежелгі шаһар Бабылдың кешегісі мен бүгінін өзек етсе, «Әл-Лайал Бағдадийа» («Бағдад түндері») атты романын жастық шақ күндеріне арнайды. Алғашқы шығармасының бірнеше тараулары «Ас-Сакафа әл-джадида» («Жаңа мәдениет») журналының 1986 жылғы бірнеше санында басылып үлгерді. Әбу-Дабидің «Аруақ» («Қағаздар») журналында да тек осы жылы Бурһанның «Нуджум аз-зухр» («Талтүстегі жұлдыздар») атты романның үзінділері қатар жарияланды.
1980-жылдардан бастап Бурһан шығармашылығында тағы бір жаңа кезең басталды. Ол енді аударма өнерімен тығыз айналыса бастайды. Мәскеудегі «Прогресс», «Радуга» баспаларымен келісе отырып қаламгер Кеңес жазушыларының он үш кітабын аударыпты. Оның ішінде К.Фединнің «Алғашқы қуаныштар», Ю.Бондаревтің «Жағалау», С.Айнидің «Өсімқор», «Бұхара», сондай-ақ «Орыс жазушыларының ертегілері» һәм «Тәжік жазушыларының әңгімелері» жинағын араб тілінде сөйлеткен.
Бурһан қазақ әдебиетінің де досы. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романымен араб оқушыларын тұңғыш рет таныстырады. Бурһан аударған «Абай жолы» «Радуга» баспасының Ташкенттегі бөлімшесінде 1984 жылы басылып шықты.
Бурһан «Абай» романын араб тілінде сөйлетудің оңайға соқпағанын айтады. Бұл ретте оған оның аударма өнеріндегі мол тәжірибесі көмектескен. Оның үстіне өзі де осыған дейін қарымды қаламгер ретінде қалыптасқан-ды. Жазушы бізбен әңгімелескенде XIX ғасырдағы қазақ халқы өмірінің түздік бәдәуилер тұрмыс-тіршілігіне, сенім-нанымына етене жақындығы байқалатындығын еске алды. Сондай-ақ ол Әуезовтің қазақ жұртының өмірін реалистік шебер суреттегенін, сондықтан да араб оқушыларының «Абай» романын ерекше қызыға оқып, қуана қарсы алғандығына тоқталды.
– «Абай» романы арқылы, – дейді тәржімашы, – қазақ халқының тарихы мен тағдыры әдет-ғұрпы, сенім-нанымымен танысып, жаңа әлем, жаңа дүниемен қауышқандай әсерде боласың. «Абай» романы заңғар биікке самғаған, адам жанын сусындататын шоқтықты шығарма. Оны оқу арқылы рухани ой-дүниең кеңейіп, дүниетанымың молая түскенін сезесің. Сөйтіп М.Әуезов «Абай» романы арқылы қазақ халқын әлем мәдениетінің асқар шыңына жетелейді.
«Абай» романын аудару үстінде Бурһан кезінде осы шығарманың композициясы туралы жеке мақала да жазған екен. Тәржімашыны аса қызықтырған жайттардың бірі Әуезовтің образ сомдау тәсілі.
Қазақ әдебиетінің досы Бурһан әл-Хатыб – азаматтық позициясы айқын, рухы берік, суреткерлік парасаты терең қаламгер. Оның кейіпкерлері ұлы мақсат, асыл мұраттар үшін күресетін, әрекеті кесек жайсаң жандар. Ол – шығармашылығы сан салалы, өсу үстіндегі күрделі жазушы. Бурһанның аталып өткен, әрбір роман, баяндаулары жеке-жеке талдап, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан да біз қазақ әдебиетінде Бурһан туралы жазылып отырған мақаламыз оның тек қана шығармашылық өмірбаяны мен кейбір шығармаларына, тәржімашылық қырына ғана тоқталдық. Халқымыз «достыққа достық – қарыз іс» демей ме, ендеше біз де осы мақаламыз арқылы дос алдындағы қарызымызды аз да болса өтесек деп едік.2. Гили Абд ар-Рахман
Мәскеуде «Московские новости» атты газет Еуропаның бірнеше тілдерінде (ағылшын, француз, неміс) және араб тілінде де «Анба муску» деген атпен шығып тұрды. Соның араб тіліндегі нұсқасын үнемі оқып тұратынбыз. Онда негізінен «Московские новостиде» жарияланған дүниелер араб тіліне аударылып берілетін. Аударма болғандықтан тілі жеңіл еді. Сол газетте мен оқыған Мәскеудегі Шығыстану институтының «Азия халықтары әдебиеті бөлімінде» Музаффар Ала әл-Абд әл-Уахид атты жігіт оқыды және ол «Анба мускуде» қызмет етті. Ұмытпасам ол Мәскеудегі ГИТИС-ті бітірген-тін. Аспирантурада Ирак театрлары мен араб драматургиясын зерттеумен айналысты. Сол әріптесім бірде жанұя жағдайымен еліне, Бағдадқа баратын болды да «Анба мускудегі» қызметін уақытша атқара тұруды маған тапсырды. Редакция басшылығымен де келісіп қойған екен. Ол мені қызықтырып: Редакцияда қазақтың классик ақыны Абайдың өлеңдерін араб тіліне аударған, түбі судандық Гили Абд ар-Рахман деген ақын қызмет етеді. Одан оның Абайды аудару тәжірибесі туралы сұхбат алуға болады. Оған мен ескертіп қоямын деді де, бірнеше күннен кейін Бағдадқа ұшып кетті. Мен де газеттегі қызметке кірісіп кеттім.
Көп ұзамай Музаффар Бағдадтан оралды да қызметін қайта жалғастырды. «Анба мускуде» аз ғана уақыт болғандықтан Гили Абд ар-Рахманмен Бурһан әл-Хатыб сияқты оның Абай өлеңдерін аудару тәжірибесі туралы шешіле сұхбаттасудың реті келмеді. Әйтсе де оның өмірі мен шығармашылығы туралы аз да болса қазақ оқушыларына таныстыра кеткенді жөн көрдім.
Гили ас-Саид Абд ар-Рахман (1934ж. туылған) орта бойлы қара торы жігіт екен. Ол 1973 жылы Азия және Африка жазушыларының V конференциясына (Алматы), 1975 ж. Алматыда өткен әл-Фарабидің 1100 жылдық тойына қатысқан. Шетел ақын-жазушылары шығармаларын араб тіліне тәржімалаумен де айналысады. Ол аударған Абайдың таңдамалы өлеңдері мен дастандары 1974 жылы Мәскеудің «Прогресс» баспасынан араб тілінде жарық көрген.
Аудармашы-ақынның қазақ халқының мәдени-тарихи өмірімен жете таныстығы араб оқырмандарына Абай шығармаларының тілі жатық, мән-мағынасының, өзіндік көркемдік-идеялық дәрежесінің бұзылмай жетуіне игі ықпалын тигізген. Бұл жөнінде Египеттің «Әл-гумһурийа» («Республика»), «Әл-Маса», («Кеш»), Ирактың «Тариқ аш-Шағб» («Халық жолы») газеттері жылы лебіз білдірген.
Гили ас-Саид Абд ар-Рахман 1975 жылы Мәскеудегі Шығыстану институтында «Возникновение и развитие суданской новеллы» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі үшін жазылған диссертация қорғады. Ғылыми жетекшісі профессор Е.П.Челышев болса, ал оппоненттері Г.И.Шарбатов, Б.Я.Шифар еді.
Мәскеуде судандық біраз ақын-жазушылар тұратын. Олардың ішінде Тадж Сир әл-Хасан атты ақынды білуші едім. Ол Гилидің аудармасын оқып шыққанын айта келе, тәржіма жайлы жақсы пікір білдірді.
Мәскеуде тұратын араб қаламгерлерінің бірқатары өз елдеріндегі саяси басшылықпен келісе алмай эмиграцияға кеткен көрінеді. Олардың арасында кейін халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты болған Абд ар-Рахман әл-Хамиси де бар еді. Гили де Суданнан Мәскеуге эмиграцияға кеткен сондай қаламгер көрінді. Ол аударған Абай өлеңдеріне Тадж Сир әл-Хасаннан басқа араб елдері оқушыларының пікірлері жайлы сол жылдары «Абай және араб оқушылары» атты мақаламда айтқанмын.2017 жылы Түркияның Ыстанбұлдағы Стратегиялық зерттеулер орталығы Хартумде халықаралық конференция өткізетін болды. Хартум батысы орталық Африкадан басталатын Ақ Ніл, шығысы Эпиофиядан бастау алатын көгілдір Нілдің Хартум тұсында қосылып бір Ніл болып ағатын ортасында. Мұнда баруға құштар болғаным – Гили елінде болса, онымен тағы бір кездесу еді.
Конференция Хартумдегі халықаралық «Африка» атты университетте өтті. Оған көп ғалымдар, ақын-жазушылар, студенттер қатысты. Содан Гили жайлы сұрадым. Жазушылар Гили Абд ар-Рахманның өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеуге Суданның әскери билігімен келісе алмай кеткенін, оның талантты ақын болғанын айта келе, қаламгердің қайтыс болып кеткенін айтты. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Әбсаттар Дербісәлі, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор