• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Маусым, 2019

Қарапайым халыққа назар көбірек аударылды

489 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қызметіне кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі өте мағыналы болды деп санаймын. Оның жеке адамның пікірі мен ұсынысына көңіл аудару керектігі жөнінде айтқан ойы меніңше өте дұрыс. «Әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең бас­ты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз», деді ол өзінің сөзінде.

Әрбір қоғам жеке адамдардан тұрады. Егер қоғамның іргесі берік, қазығы мықты, діңгегі сенімді болсын десек – әрбір қоғам мүшесінің пікірі мен ұсынысы ескерілуі керек. Жасыратыны жоқ, бізде кейде жеке адамдар түгілі халқымыз сайлаған депутаттарымыздың да орынды пікірлері мен ұсыныстары жерде қалып жатады. Ал жеке адам­дардың пікірі көбіне көзге ілінбейді. Осының өзі өкпе-реніштің тууына себеп болады. Президенттің осы мәселеге бірден назар аударғаны – халықтың жоқ-жітігін білетіндігін көрсеткендей болды.

Сонымен бірге Президент ашық және әділ жұмыс істейтіндігін айтты. Барлық дамыған қоғамдарда Президенттің іс-әрекеті ашық, халыққа белгілі болып отырады. Осы­ның өзі Президентке деген сенімді тудырады. Ал керісінше болып, көптеген істер халықтың сыртынан, жабық түрде жасалса, ондай мемлекеттің іргесі сөгіл­мей қоймайды. Қаншама халық­қа жағатын ұрандарды жалау­латқанымен кешегі Кеңес өкіметі қарапайым халықтың мүддесін аяққа басатын шешімдерді жасырын жасап жатты. Соның ішінде, дәл өзімізге қатыстысын айтатын болсақ, ұлт тілінде оқытатын мектептерді біртіндеп азайтып, халықтың тек орыс тілінде сөйлеуіне жол ашты. Осының өзі халықтың ашу-ызасын тудыратын еді. Билікке деген сенім де жоғалған. Ал оның зардабын біз күні бүгінге дейін тартып келеміз. Әлі күнге өзінің ана тілінде сөйлей алмайтын замандастарымыз және олардан үлгі алған жастар көп. Сондықтан халықтың мүддесі еш­қашан аяққа басылмай, барлық ше­шімдер мен қабылданатын қау­лы­лар, іс-әрекеттер ашық болуы керек.

Президент өзінің саяси тұғыр­намасы туралы қозғағанда Елбасы Н.Назарбаев қолға алған істерді жалғастыратынын айтты. Соның ішінде аса мұқтаж жандарға көмек­тесуді бірінші кезекте сөз етті. Бұл да халқымыздың қанатын қайырып тұрған өткір мәселенің бірі екені рас. Бір кезде халық санын көбейтейік деген ұран көтеріліп, соның әсері болуы керек, алтын құрсақты келін­деріміз көбейіп қалған еді. Өкінішке қарай үкімет оларға тиімді көмек беру жағын қарастырмаған екен. Көршіміз Ресейде «Ана капиталы» деген бағ­дарлама қабыл­данып, бірнеше жылдан кейін көп балалы аналардың бәрі тұрғын үйге қол жеткізіп жатыр. Осындай қарымды әлеуметтік бағдарлама 18 миллион ғана халқы бар бізде қабылданбағанына ішімізден өкініш білдіріп жүретін едік. Ең қиыны, көп балалы келіндеріміз балаларының жасы өскен сайын тұрмыс ауыртпалығына ұшырап жатыр. Президент аса мұқтаж жан­дарға көмек көрсетуді жоспарлаймын дегенде нақ осындай отбасыларына көмек қолын созатын шығар деген үміттеміз. Жалпы байқағаным, Президенттің сөзінің нәрі – жеке адамдардың, қарапайым халықтың мұң-зарына көбірек назар аударуда болған сияқты. Осы айтылған сөздер орындалса – халық оны үнемі қолдайтын болады.

Президенттің сөзіндегі тағы бір ұнаған жері – биліктің адамдардың жоқ-жітігіне құлақ асуын талап етуі болды. «Билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асуға, пробле­маларды жергілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беріп тұруға міндетті», деді ол. Бұл да халықтың көптен бергі шеші­мін таппай келе жатқан бір мұңы еді. Жергілікті жердегі билік орындары жеке адамның мәселесін шешуге, оған түсіністікпен қарауға үнемі енжарлық танытып, адамдарды сабылтып елдің астанасына жіберетінін де көзіміз көріп жүр. Әрбір шенеунік тек өзіне сөз келмеуін ойлап, бас­тарына жауап­кершілік алғысы келмейді. Соның кесірінен алыс аудандардан сүйретіліп, Нұр-Сұлтан қаласына келуге мәжбүр болатын адамдар саны көп. Бұл әсіресе, оралман ағайындарға қатысты. Жергілікті жердегі шенеуніктер, әсіресе солар­дың мәселесін шешуде көбіне самар­қаулық танытады. Кейбір жаны ашитындары ғана ақыл беріп, «сен мәселеңді прокуратураға бер, сонда олар бізге орындалсын деген бұйрық береді, ол болмаса мен мәселені шеше алмаймын» деп қарап отырады екен. Сөйтіп, қолда тұрған мәселені бір қиындарға сілтеп тастайды. Президент шенеуніктің осындай енжарлығын жоятын болса, ол халқымызға өте пайдалы болар еді.

«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл – қоғам­дағы өзара сенімге, жалпы мемле­кетіміздің қауіпсіздігіне қатер төнді­­ретін құбылыс. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», деді Президент. Бұл да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы сыбайлас жемқорлықтың кесірінен кейбір жастарымыздың бойында алдағы күнге деген сенім азайы­п, «шетелге кетсем» деген ойдың же­тегінде жүргенін де білеміз. Ешқан­дай әділетке қол жеткізе алмайтын болса – адам солай ойлауға да мәжбүр болады, әрине. Ал бұл елдің болашағы жоқ дегенге саятын аса қауіпті үрдіс. Сондықтан Президенттің оған қарсы күресті жүйелі жүргізетін боламыз дегені өте дұрыс шешім деп санаймын.

Әрине, айтылған мәселелердің бәрі орынды. Біз тек өзімізге, әсіресе өткір көрінгендерін атап өттік. Мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың өзінің алға қойған жос­парларын іске асыратынынан үміт­тімін. Өйткені ол – өте тәжі­рибелі, білікті басшы.

 

Еркін КӘСЕНОВ,

М.Горький атындағы Нұр-Сұлтан қаласы орыс академиялық драма театрының директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері