Соңғы екі-үш ай көлемінде елімізде бой көрсеткен саяси жағдай Қазақстанның осы бағытта дамуға бейім екенін көрсетті. Президенттіктен үміткер болған тұлғалардың да сайлауалды бағдарламалары негізінен осы тұғырнамадан тірек тапқан. Өйткені қалың жұртшылық әділдік пен дамуды қалайды.
Орталық сайлау комиссиясы «есептеп жатырмыз, қайта санап жатырмыз» деп көп сипақтатуға жол бермей, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындыларын бірден жариялады. Ресми деректер бойынша 70,96 % дауысқа ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Сайлаудың әділ, ашық әрі заң талаптарына сай өткендігін ТМД, ШЫҰ байқаушылар миссиясы шегелеп айтты. Ал ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы өз ескертпелерін айтқанмен, Еуроодақ сайлауды теріске шығарған жоқ, қайта алдағы уақытта да Қазақстандағы реформаларға қолдау жасап, өзара байланыстарды одан әрі дамытуға әзірлігін білдірді. Өз кезегінде жаңадан сайланған Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастықтың жалғаса беретінін мәлімдеді.
Осы орайда айтар болсақ, «майшаммен қарап, тырнақ астынан кір іздегендер» болмаса, бұл сайлаудың Конституция мен заңнама қағидаттары шеңберінде өткеніне дауласа кету қиын. Барды бар, жоқты жоқ деп айту да өркениеттіліктің белгісі.
Озған кандидаттан басқа үміткерлердің барлығының жинаған дауыстары 30 пайызға жуықтайды. Тіпті бірлі-жарым сайлау ережелерінен ауытқушылық орын алды-мыс дей қалғанның өзінде бұл сайлау қорытындысына айта қаларлықтай өзгеріс енгізбейді. Бір жарым миллиондай халықтың қолдауына ие болған Әміржан Қосанов Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент болып сайлануымен құттықтады, демек сайлау қорытындыларын мойындады деген сөз. Осы саяси додада екінші орын алған аталмыш саясаткердің және өзге де үміткерлердің бағдарламаларында айтылған көкейкесті мәселелерді биліктің алдағы уақытта ескеруі керек болады.
Сонымен кімді сайладық? Қазақстан халқы орнықты, салмақты саясат жүргізе алатын тұлғаны таңдады деп білемін. Президент өзге елдердің басшыларымен қай тұрғыдан болса да теңдей дәрежеде сөйлесе алатын, еліміздің лайықты өкілі бола алатын білімді де тәжірибелі танымал тұлға болуы керек десек, біз таңдау жасауда қателескен жоқпыз деп ойлаймын. Қ. Тоқаев мұхиттың арғы жағы-бергі жағы, алыс-жақын шетелдерге беймәлім тұлға емес. Көптеген шет мемлекеттердің басшылары оны жақсы біледі. Мұның өзі Қазақ елінің халықаралық қарым-қатынастарына оң сипат туғыза алады. Бұл жай ақиқат емес.
Ел ішіндегі көптеген проблемалық мәселелерді «митингішілдікпен» шеше алмаймыз. Сөз бостандығы митингте ғана емес. Қайта шынайы ой мен сөз бостандығы дегеніміз билік пен қоғам арасындағы өркениетті пікір алысу, Қ. Тоқаев ұсынып отырғандай диалог форматында түсінісу, ұсыныс айта білу мен тыңдай білу, уәжді жауаптарға тоқтау және көкейге қонымды ұсыныстарды басшылыққа алу болса керек. Біз сөз жүзінде емес, іс жүзінде елде тыныштық, татулық, бақуаттылық, даму болуын қаласақ, осы қағидатты ұстанғанымыз ләзім. Бізге қандай да бір өзге жұртқа орынсыз еліктеуімізді доғарып, әр нәрсеге саналық биіктен, өркениеттілік деңгейден қарауымыз керек шығар.
Бүгінде бәтуасыз уәделер мен ұзақ сөздердің ешкімге керегі жоқ. Бұдан да жақсы тұрмысты қаласақ, бізге керегі – пәрменді іс пен нақты нәтиже.
Қазақстан демократиялық даму жолында келеді. Ал демократия дегеніміз – ең әуелі заңның баршаға ортақтығы. Конституцияға сәйкес Президент осыған кепілдік береді. Бірақ бәрін Мемлекет басшысы жасап береді екен деген қате түсінік болмауы керек. Қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіпке бас иген құл болмайды. Ендеше заңнан, жалпыға бірдей тәртіптен ауытқымау ұлттық болмысымызда орныққан қасиет екенін таныта білуіміз қажет.
Ал өз кезегінде, қай заманда да ел басқарған ұлықтың өз міндетін мінсіз атқаруы, айтқан сөзінде тұруы оның тұлғасын биіктете беретіні әмбеге аян. Біз жасаған таңдау ертеңгі күнге берік сенім ұялатады.
Кеңесбек Демеш,
қоғам және мәдениет қайраткері,
«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері