«Бұл қазақтың баласы,
Тегінде нені көрмеген,
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болып сөйлеген.
Көсем де болған ойменен,
Бірақ соның бәрі де,
Ыдырап жатқан қазақтың,
Қоса алмады бастарын.
Бейбіт жатқан елімді,
Жаулап алып қор қылды-ау,
Көк атты келіп көлденең», деп үш ғасыр бұрын Төле би бабамыз зар қағып, болашақ ұрпағына осыдан үлгі алғын дегендей аманат толғауын айтып кетпеп пе еді. Біз егемендігіміздің ширек ғасырында ауызбіршілігіміздің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізе алдық. Меніңше, бұл хабардың да негізгі мақсаты елім деп еңіреп, халқының бірлігін ойлаған бабалардың асыл сөздерін, аманаттарын халқына жеткізуді мақсат тұтады.
Хабардың жүргізушісі журналист Қошан Мұстафаұлы сол өткен би, шешендеріміз бен хандарымыздың тұлғалық қасиеттерін, Елбасымыздың ерен еңбектерімен ұштасқандығын да тілге тиек етіп, баса көрсетеді.
Осы ретте аталған мәселелерді іске асырып, насихаттап отырған бірден-бір ақпарат құралы, бұл Қазақ радиосы екені рас. Осындағы ұлтжанды азаматтар дер едік. Мен бала кезімнен «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр» эпостық мұраларын тыңдап, Сүйінбай, Майкөт, Жамбыл бабаларымыздың жырларымен сусындап өстім. Шағын ауылымызда әр үйдегі радиолар елдегі бар жаңалықты жеткізіп тұратын еді. Біздің тарихымызды танып, өнерге ғашық болуымызға осылардың себебі көп тиді. Болашақта «Мәңгілік ел» болуға құлаш ұрып отырған елміз. Бұған қазақ халқының тарихын, бабалардан қалған дәстүрді білу өте маңызды. Меніңше, жауап беріп жатқан Қазақ радиосының «Інжу-маржан», «Терме-толғаулар» хабарының редакторы, авторы Қошан Мұстафаұлының еңбегі дер едім. Мен домбыра тартып, өлең айтып, жыр жырлап келе жатқаннан бері Қошанды жақсы білемін. Әркез радиодан хабарларын тыңдап отырамын. Бар қазақтың жоғын жоқтап, ғылыми, тарихи-танымдық жарты мыңға тарта хабар жасап, елге ұсыну кез келген адамның қолынан келе бермесе керек. Қошанның бойындағы өзінің халқына, жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі мен намысының күштілігі осыған әкеліп отыр. Ол хабар жасау барысында, көне жырлардың түп негізі қайдан шығатынын, кім орындайтынын және қай елде, қай жерде екеніне дейін ерінбей, жалықпай барып тауып, тыңдарманға ұсынып жүрген асыл азамат. Қошан мырза халық қазыналары, тарихи мұралар, бабалар дәстүрі, хандар, билер, жыраулар, біздің ұлы батырларымыздың еңбектерін, жыр-дастандарымыздың бәрін асқақтата көтеріп, радиодан насихаттады. Қарап отырсаңыз қазақ халқы, қаншама қиыншылық көрсе де, тәрбиелік мәні бар, елді, жерді сүйетін, ұлы қасиеттерін, абыз даналарымыздың аузынан шыққан асыл сөздерін ұмытқан емес. Оның дәлелі ретінде Қ.Мұстафаұлының хабарынан біраз мысалдар келтіруге болады.
Мысалы, кейіпкеріміз хабар барысында: «Сонау VІІ-VІІІ ғасырдағы Түрік қағандығының іргесі шайқала бастауы, бабаларымыздың ауызбіршілігінің бұзылуы ХVІІІ ғасырға жалғасып, халықты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырауына әкеп соқтырды. Осыбір ауыр кезеңде ғұмыр кешкен қазақтың ақылман да көреген үш биі жөнінде 1993 жылы Ордабасыда Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев былай деп тебірене сөйлеген еді» деп Елбасының тұжырымды ойларын да ұтымды пайдаланып, келесі кезекте тыңдарманды кестелі ой тұнығына батырады. Немесе: «Өткен тарихымызға көз салсақ, би-шешендеріміз мемлекет тарихында, ел тағдырында айқындалған, әлем мойындаған көркем мінез көсем, азуын айға білеген шешен, алып тұлғалар еді. «Төле тауып айтады, Қазыбек қазып айтады, Әйтеке жарып айтады» дей келе, «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деп бір түйіп тастайды.
Кезекті сөзжарысында Қошан сөзді былай төркіндетеді: «Алатаудай асқақ ойлы, ғұлама М.Х.Дулати бабамыз замандасы ел билеген Ұбайдолла хан жөнінде: «Өзі тақуа, діндар адам, оның тұсында «игілік пен әділеттілік самалы әлемді хош иіске бөледі. Ал оның алақаны-жомарттық теңізінің түбіндегі лағылды дүр тостаған сынды болатын, ақылман билері де баршылық еді» деп көп дүниені астарлап, айшықтап айтады.
Дүние жүзіндегі ең сұлу тілдің бірі біздің қазағымыздың тілі. Менің Қошанға соншалықты риза болатыным хабар жүргізуі елден ерекше, тіліміздің шұрайлылығын пайдалана біледі. Оның әр хабарда айтқан сөздері тарихқа таспаланады, бір сөзі өлмейді. Мына бір тіркестеріне тамсанбай қоймайсыз. «Бұл хабарымызды көшкен сағымдай мұнартқан, бағзы заман тарихынан қозғап, ел болуды көксеп, тебінгіні терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп, ат үстінде күн кешіп, ел бірлігінің бүтіндігіне қызмет жасаған, пейілдің мұхитынан ой мен сөздің лағыл дүрлері төгілген, ақыл-ойдың қазынасы, шабыттанса қара сөздің өзін жақұт жырға айналдыратын, «Түгел сөздің түбі бір,түп атасы Майқы би» бабаларымыздан бастау алған, дара да дана билерімізге арнасақ деп отырмыз» деуінде үлкен мән жатыр.
Шынтуайтқа келгенде, Қошан Мұстафаұлының жасап жатқаны – үлкен үлгі. Ал енді билер жөнінде хабар жасау үшін бұған үлкен батырлық керек. Өйткені бұл өте күрделі тақырып. Майқы биден бастап бүгінгі билерге дейін хабар жасау үшін құр сөз емес, оны зерттеу, оқу, терең білу керек. Тарих бұрмалағанды кешірмейді. Қоятын сұрақтарының мазмұны да, қасиеті де ғибратқа толы. Хабарына шақырған қонағы да Ақмола облысы сотының төрағасы Досжан мырза парасатты, білімді. Оның да ой-өрісі кең, сөйлеу мәнері, сөз саптауы ерекше, артық сөзі жоқ, қысқа да нұсқа сөйледі. Екеуі де өте жоғары деңгейде ілтипаттылықпен бір-бірін толықтырып отырды.
Жалпы, Қошан Мұстафаұлы бүкіл Қазақстанның, сонау Алтайдан бастап Атырауға дейін, Солтүстіктен Оңтүстікке дейін, керек десеңіз Қытай, Өзбекстанның ішінде жүрген жыраулардың өздерін тауып алып, эфирден беріп келеді. Біздің халықтық қазыналарымыз, жырауларымыз, толғауларымыз ұмыт болып, тапталып кететін бе еді, осы Қошандай азаматтар болмаса. Ел радио тыңдайды, осындай тарихи хабарларды күтеді, осыдан ләззат алады. Халық қазыналары – үлкен байлық. Ел кім, қазақ кім деген сұрақ туғанда алдымен Қ.Мұстафаұлының еңбектерін айтамыз біз. Өйткені оның барлық шығармасы тек қана еліне, жеріне, халқына арналады. Құдайға шүкір, Қошанның әлі талай шаруа бітіретініне мен өзім сенемін және ризамын.
Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты