Астық экспорты ұлғайды
Министр былтыр 20,3 млн тонна астық жиналып, 11, 7 млн тоннасы экспортталғанын айтты. Бұл 2017 жылғы деңгейден 33%-ға көп.
– Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту мақсатында өткен жылы 1 132 гектар, оның ішінде Алматы облысында – 432, Жамбыл облысында – 200, Түркістан облысында 500 гектар жерге аталған үлгідегі бақ өсіріле бастады. 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, жалпы өсімдік шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 3, 2%-ға ұлғайып, 2,4 трлн теңгеге жетті, – деді сала басшысы.
Министр мал шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстарды да тізбеледі.
– «Сыбаға» жеңілдетілген несие есебінен 6 айдың ішінде 600-ден астам отбасылық ет фермасы несие алып, бағдарламаның игілігін көруде. Нәтижесінде былтыр ет экспорты 18,7 мың, оның ішінде сыртқа саудалаған сиыр етінің көлемі 4,7 мың тоннаны құрап, 2017 жылдың деңгейінен 3 есеге асты, – дейді С.Омаров.
Бұған қоса министр сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 2018 жылы 25 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілгенін баяндады. Жалпы қуаты 6 мың бастан асатын бұл фермалардың 7-еуі өнеркәсіптік, 18-і отбасылық ферма. Тек ұйымдастырылған шаруашылықтардың өзінде 1,5 млн тонна сүт өндірілген-ді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артық.
Шетелдік нарыққа шығу мақсатында Израиль, Түркия, Кувейт, Оман, Жапония және Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден басқа Еуроодақ елдерімен де келіссөз жүргізу жоспарлануда. Осы орайда Қытай тарапымен 2018 жылы экспортқа бағдарланған қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын импорттық талаптарды келісу жөніндегі жол картасына қол қойылғанын айта кетейік.
Былтырғы жылдың жалпы кестесіне сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,5%-ға және тамақ өнімдерінің мөлшері 1,6%-ға жоғарылап, аграрлық сектордың негізгі капиталына салынған инвестиция – 14,2%-ға және тамақ өнімдерін өндіруге құйылған инвестициялар 27,3%-ға жеткен екен.
Апатты 41 су қоймасы жөнделді
– Сондай-ақ су, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, жер ресурстары саласындағы қызметтің қорытындыларына тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Су шаруашылығы саласында төтенше жағдайлар туындауының алдын алу және су қоймаларының қауіпсіз жұмыс істеуі үшін қол жеткізу мақсатында апатты жағдайдағы 41 су қоймасын қайта жөндеу көзделген. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында 2 нысан қалпына келтірілді. Бұл су шаруашылығы объектілерінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге, суармалы жерлерді сумен қамтуды жақсартуға, суды тасымалдау кезінде орын алатын су шығынын қысқартуға мүмкіндік берді. Апатты жағдайдағы 6 су қоймасын жаңғырту биыл аяқталады. 5 нысанға қатысты құрылыс жұмыстары басталып, қалған 21 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. 3 гидротехникалық құрылыс жайды қайта жөндеу және ерекше апатты жағдайдағы 1 нысанды күрделі жөндеу бітуге жақын. Бұл Батыс Қазақстан облысында халық саны 61 мың адамды құрайтын 16 ауылдық елді мекенге су жеткізуге, 100 мың бас қойға немесе 25 мың бас ірі қара малға арналған 180 мың гектар жайылымдарды суландыруға қосымша су шаруашылығы инфрақұрылымын құруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл Қызылорда облысында 48,5 мың, Түркістан облысында 5 мың, Жамбыл облысында 6,8 мың гектар алқаптағы суармалы жерлерді сумен жабдықтауға жол ашты. Биыл 10 гидротехникалық құрылыс жайды жаңғырту жоспарда бар. Республиканың 7 облысында (Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстары) жаңа 22 су қоймасын салуға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жалғасып жатыр, – деді С.Омаров. Ол орманды алқапты молайту мақсатында 10 мың гектарға дейін жасыл аймақты өсіру көзделгенін жеткізді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін өркендетуде Шығыс Қазақстанда «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Жетісу өңірінде «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылып, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтарының алаңы 24, 7 млн гектарға немесе ел ауданының 9 пайызына жетіпті.
Киік ату тоқтамай тұр
Балық шаруашылығына келсек, 2018 жылы салалық кәсіпорындар 3400 тонна тауарлық балық өсірген. Ал 2017 жылы оның көлемі 2700 тонна деңгейінде болған. 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 мың тоннаға дейін көтеріледі деп болжануда.
2017 жылы елдегі киік саны 152 мың бас болса, былтыр 215 мыңға жетіп, өсім 41%-ды көрсеткен. Ал қазіргі есеп бойынша киік саны 350 мыңнан асады. Ведомство басшысы киіктерді ату фактілері тоқтамай тұрғанын мәлімдеді. 2018 жылы 77 браконьерлік оқиға анықталып, 500 киіктің мүйізі тәркіленген. Министрлік Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, браконьерлікке қарсы жедел іс-шаралар жоспарын әзірлепті.
Министр елде мақсатты түрде игерілмей жатқан 7,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері (оның ішінде егістік – 2 млн гектар, жайылымдар – 5,5 млн гектар) анықталғанына да ерекше тоқталды. Сол себепті 3,7 млн гектар мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, 0,7 млн гектарды айналымға қосу ісі пысықталып жатыр.
– «ҚазАгроның» еншілес компаниялары арқылы қаржыландырудың жалпы көлемі 400 млрд теңгені құрады. Бұл холдингтің тәжірибесінде әлі болып көрмеген көлем. Осының 96%-ы несие мен лизингке жұмсалды. Шамамен 20 мың несие берілді. Бұл орайда кредиттердің 98%-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тағайындалғанын айта кету керек. 1 мамырдағы жағдай бойынша саланы қолдауға 141 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Тек «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде өткен жылы шағын несие беруге 44,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл шағын несие беруге 44,7 млрд теңге көзделіп отыр. Бүгінге дейін 7, 7 млрд теңгеге 1 749 микрокредит беріліп, 1 851 адам еңбекпен қамтылды, – деді министр.
10 міндетті жүзеге асыру көзделді
Енді биылғы 5 айдағы агросектордың әлеуетіне көз жүгіртелік. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3, 7%-ға жетіп, тамақ өнімдерін өндіру 1, 2%-ға және сусындар өндіру 18, 9%-ға өсіпті. Салаға инвестиция тарту бойынша жақсы өсім бар. Мәселен, 5 ай ішінде 124, 3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы динамикадан 52, 2%-ға еселенген. Өткізу нарықтарын кеңейтудің есебінен экспорттау көлемі 11, 2%-ға ұлғайған.
– Көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін 60 млрд теңге көлемінде қаражат аударылды. Сол бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2012 өтінім түсіп, оның 1912-сі 55,9 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Қалған қаражат егін жинау жұмыстарына бағытталатын болады. Бұдан басқа «ҚазАгро» холдингінің қаражаты есебінен 10,1 млрд теңгеге 269 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші несие алды. Жалпы көктемгі дала жұмыстары 19 млн гектарды қамтыды. Оның ішінде дәнді дақылдар 14,5 млн гектарды, майлы дақылдар 2,7 млн гектарды, көкөніс-бақша дақылдары және картоп 458,3 мың гектарды, азықтық дақылдар 1,2 млн гектарды, техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) 144 мың гектарды құрады, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
С.Омаровтың айтуынша, министрлік мемлекеттік қолдаудың тиімділігін еселеуде 10 міндетті жүзеге асыруды қолға алмақ. Мұның қатарында ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану, ветеринарлық қызмет пен бақылаудың тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді сақтандыру, қаржыландырудың қолжетімділігі, шикізатты өңдеуді дамыту, суармалы жерлерді реттеу, білім кешенін арттыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, топырақтың жай-күйін жақсарту және әртараптандыру, сондай-ақ субсидиялау базасын қайта қарау сынды мәселелерге ден қойылмақ. Аталған міндетті министрлік назарда ұстап, 2021 жылға дейін орындамақ ниетте.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»