Конференция барысында Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен жастар тәрбиесіне терең тоқталды. Жастар тәрбиесі – болашағымыздың іргелі кепілі. Өткенімізді жаңғыртып, тарихымызды ұмытпай, қолда барды қадірлеп, аялай білу қоғамымыздағы әрбір азаматтың парызы болуы керек. Қоғамды қадірлеу әр адамның өз қадамынан басталады. Әркім еңбек етіп, өз саласымен сауатты айналысуды машыққа айналдыруы шарт. Орыстың белгілі жазушысы, драматург М.Булгаковтың сөзімен айтсақ: «...әркім өз ісімен тікелей айналысқанда қирау өз-өзінен жоғалады». Қоғамды алдыға қозғайтын тек еңбек. Ал алаңсыз еңбек ету үшін сенім қажет. Қоғамның кредосы – әркімнің өз ұстанымына деген сенімі болуы қажет. Мемлекетке, тұлғаға, қоғамға деген сенім. Тұлға мен қоғам арасындағы сенім. Сенім қайдан туады, қалай қалыптасады десек, оның негізі: Шәкәрім «Үш анығында» айтып кеткен – «Ұждан». «Үш анығында» Шәкәрім бабамыз айтады: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл-көзімен көреді. ...Ұждан дегеніміз: ынсап, әділет, мейірім».
Адамнан ынсап кеткенде теңдессіз құндылықтар: еркіндік пен тыныштықтың қадірін сезінбеу басталады. Бұл – Абай айтқан, толық адам тәрбиелеудің өзегі. Абай 29-қара сөзінде: «...Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» дейді. Бүгінгі күннің тілімен айтсақ, «қара басының қамын ойлап», хайп жасап, лайк жинауды мәртебе санаудың несі абырой, несі мұрат? Қоғамның бетұстары бола алатын, темірқазығы ретінде жол сілтей алар адамға ақыл керек. Ой мен ақыл бірлігі – ертең де іргелі ел болуды өз ұрпағына тілейтін саналы азаматтың қадамы, ең басты кепілі.
Адамның ерекше сипаты – интеллект. Ғылымда интеллектінің менталдық, эмоционалдық, әлеуметтік, физикалық бес түрі бар. Олардың басын біріктіруші рухани интеллект. Елбасымыз 1991 жылы «біздің дамуымызда ерекше өз жолымыз бар» деген. 2019 жылдың 19 наурызында Тұңғыш Президентіміздің ел алдында қабылдаған тарихи шешімі – Ұлы дала демократиясының тағы бір жарқын көрінісі. Бұл жол – рухани интеллектісі жоғары ұрпақ тәрбиелеу жолы. Интеллигенция қоғам алдында рухани адамгершіліктің жауапкершілігін алуы қажет. Ел алдында сөзі өтетін интеллигенция өкілдері халықтың ойын тұрақтандыруға атсалысуы шарт. Адамда, қоғамда өзін өзі бағалау индексі бар. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Қазіргі қоғамның күрделі проблемасы осы: индекстің құлдырауы. Демек, әр адам өз бағасын білсе, ол қоғамның да, мемлекеттің де қадірін терең сезінеді.
Тарихи қазақтың бойында бар қоғамның иммунитетін көтеру рухани жаңғырудың гуманитарлық саласындағы инновациясы болып отыр. Ақсақалдар институты, қазақ даласының демократиясы, кішінің үлкенге құрметі, үлкеннің кішіге ізеті болған. Осы тарихи иммунитетімізді қалыпқа келтіруіміз қажет. Тағы бір айта кететін жағдай: бүгінгі таңда халқына орынсыз сын айтушылар көбейді. Елге сын айту үшін халықтық ой-сана биігінен қарап үйрену керек. Ол үшін Дулат, Абай, Шәкәрім сияқты хакімдік пен данышпандық деңгейіне жету шарт.
Татулық пен бейбітшіліктің қадірін кез келген бағалай білмесе, бұл қоғам «тұмау тиген қоғамға да» айналып кетуі ғажап емес. «Тұмауды кетіру» үшін есік пен терезені ашпай, асқындырмай, уақытында дертімізге дауа табуымыз керек. Одан емделудің бір ғана жолы, бір ғана дәруі бар: бұл – білім, мәдениет, ағарту саласы.
Бүгінгі күні әлемдік тренд – «өмір бойы білім алу». Ал осы ойлардың шешімі ше? Белгілі бір істің жай-жапсарын халыққа жеткізуіміз үшін жаңа коммуникация құралдары қажет. Бұл – әлеуметтік желілер емес, бұл – еркін пікір алмасу алаңдары. Адам мен адамның түсінісуі, жарқын жүзбен мәмілеге келуі. Кез келген идеялармен бөлісуі. Ортаға салу, дұрыс-кемдігін талқылау алаңдары. Бұл алаңдар нәтижелі жұмыс жасауы үшін азаматтық қоғамның деңгейін, құқықтық, мәдени, білім сапасын көтеруіміз керек.
Бүгінгі қоғамда жаңаша көзқарасты қалыптастыруымыз керек. Жаңаша көзқарас – жаңа проблеманы табу емес, байқала бастаған проблема болса, оны шешудің тиімді жолдарын табу. Бұл – ағартушылық жолы.
Конференция барысында Елбасымыздың ақыл мен ой туралы сөздерін естіп, елімізге жаңа ағартушы тұлғалар қажет деп есептедік. Адам өмірінде, қоғамда пайда болатын кез келген сыртқы-ішкі жағымды, жағымсыз факторларға төтеп беруі үшін кез келген тұлға өмір бойы тәрбие алуы керек. Ақыл жинауы шарт.
Ал ақыл мен тәрбиенің бастауы, ағартушылық жұмыстың негізі: пәлсапа жағынан, ақыл-ой, тәрбие жағынан, бұл – Абай, Шәкәрім сынды тұлғаларымыздың еңбектері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы». Ал экономика, саяси, тарихи, әлеуметтік салалары негізін Тұңғыш Президентіміздің осы салалардағы еңбектері арқылы жеткізуіміз керек.
Бүгінгі таңда мемлекет болып қалыптасудан бастап, тәуелсіздіктің стратегиялық тарихы туралы талданып көрсетілген Елбасымыздың 100-ге жуық еңбектерінің, ақыл-ойларының қоры бар. Осы ғылыми жұмысты қор ретінде жинақтап, бірнеше ғылыми институттар атқаратын істі қолға алып, қарқынды да, нәтижелі жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков. Бұл қолданбалы материал бүгінгі күні білім саласының жаңа мүмкіншілігі. Олай болса, Тұңғыш Президентіміздің көп салаларды қамтитын еңбектері ғылыми бағыттардың методологиясы бола алады. Бұл оқу орындарында жаңа білім беру бағдарламаларына енгізілуі керек.
Түркі әлемінің алтын бесігі Алтайда мыңдаған жылдар бұрын айтылған, тасқа қашалғандай ұлағатты пәлсапалық сөз бар: «Жарық ой, жарық сөз, жарық іс, жарық өмір». Осы жарықтарға жетудің жолы – ағартушылық жолдың негізі – Елбасының өмір жолы. «Қазақстан жолымен бірге келе жатқан Назарбаев жолы». Бұл – тәуелсіз Қазақ елінің кез келген жасына жол көрсететін іргелі жол. Осы тұста басты миссиясы ағартушылық болатын университет – қоғамның кіндігі. Бұл миссия аясында университеттер әлеуметтік жауапкершілік алуы маңызды. Қоғам тұтастануының алтын көпірі де – университет. Олай болса, білім саласы халық пен келешек арасындағы білім көпірі болуы шарт.
Мейір ЕСКЕНДІРОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім университетінің ректоры
СЕМЕЙ