28-, 30-тармақтардағы ескертулерге қарсымын. Ұр да жық, ас та төк, бас қосу, ат салысу, т.с. сияқты тіркестердің фразеологиялық тіркес екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал фразеологиялық тіркестің ұйысуына қарай заңдылықтары бар. Соның ішінде фразеологиялық тұтастықтар сөздің аналогі бола алады, мысалы: төбе шашы тік тұру, ақ түйенің қарны жарылу, жанды шүберекке түю, т.с.с. тіркестер сөздің орнына жүре береді. Ас та төк, ұр да жық, у да шу дегендер де осы сияқты. Бұл – дәлелденген заңдылықтар. Сонда фразеологиялық тұтастықты, идиомаларды ақтүйеніңқарныжарылды, төбешашытіктұрды, жанын шүбереккетүйді деп бірге жазуымыз керек пе?! Ал дефиспен жазылу мәселесіне келсек, мұндағы қағида сол, дефис, екі сөздің арасында (ал мына тіркес үш сөзден тұрады) аналогиялық және антитезалық қатынас болғанда, қойылуға тиісті. «Атау сөз қызметіне көшкені» деп отырғанына себеп – бір денотатты бейнелейді дегені деп ұқтық. Сөйлемдердің де номинативтік қызмет атқара алатынын ескерсек, олардың да кейде бір денотатты беретінін ескерсек, сөйлемді де бос аралықсыз жазбақпыз ба?
Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.
(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)
Сондықтан мұндай тіркестер сөзжасамның ықпалына түскенде бірігіп жазуға келеді, мысалы ұрдажықтық, атақоныстық, атсалысушылық, атүстілік деген сияқты, ал басқаша тұрғыда бұлар бөлек жазылуға тиісті.
Жалпы лексикаланған фразеологизм деген терминнің өзі алогизмге ұрынып тұрғанын қалай ғана көрмей тұрмыз?!
Айналып келгенде, тіліміздің шынайы табиғатын сақтау керек, жасандылықтан аулақ болған абзал. Сонда кейін грамматологтердің де жұмысын жеңілдетеміз.
Ал мына жұртшылықтың шет тілдерден кірген сөздерді жазуға байланысты Орфографиялық жұмыс тобын кінәлауын әділетсіздік деп санаймын. Жұмыс тобы жазарман тобырдың дегеніне көнуге мәжбүр болып отыр. Екіншіден, осында сөйлегендердің сөзі әліпбиді өзгертуге келіп сайып жатыр. Оған Орфографиялық жұмыс тобының құзыреті жетпейді.
Жантас ЖАҚЫПОВ,
филология ғылымдарының докторы