Депутаттар таратылып, «Халық кеңесі» газеті жабылған күннің ертеңіне, сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев осында қызмет істеген журналистерден бастап, техникалық қызметкерлерге дейін түгелдей жұмысқа орналастырды. Мейрамбек Төлепберген, Талғат Сүйінбай, Самат Мұса, Жаңаберген Тойбазар бар, «Егемен Қазақстанның» табалдырығын аттадық. Газеттің басшысы Нұрлан Оразалин бізді жылы қабылдап, ұжыммен таныстырды.
Редакцияның қайнап жатқан қазанына түстік те кеттік. Журналистер көпшіл халық қой, жатсына қойған жоқ. Әйтсе де сынай қарайтындар аз болмағаны рас. Мамадияр Жақып, Аян Нысаналин, Әділ Дүйсенбек секілді аға ұрпақ, майталман журналистермен бірге жұмыс істеудің өзі бір ғанибет. Алдыңда көпті көрген ақсақалдардың жүргенінің өзі жастар үшін үлкен тәрбие мектебі. Соларға қарап өсесің, үйренесің, олардың айтары да, берері де көп. Аян ағаның терең біліміне тәнті боласың, Мамадияр ағаның еңбекқорлығы мен жастарға деген ерекше қамқорлығына риза болып, Әділ ағаның ақсүйек мінезі мен мәдениетіне таңғаласың. Өмір жолында көптеген адаммен жолығасың, солардың арасында көңіліңнің түкпірінен орын алатын жандар да аз болмайды. Рысбек Сәрсенбайұлы, Жанат Елшібек, марқұм Марат Аққұл, Жамалдын Ахметов, Күлтай апай, Әсем, Шынар – бұлардың бәрі менің әрқашан сыйластықпен еске алатын әріптестерім.
Мен жұмыс істеген жылдары газетке Нұрлан Оразалиннен кейін Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов басшылық етті. Журналистиканың барлық сатысынан өтіп келген олардың қай-қайсысы да бұрынғы алыптардың соңғы өкілдері секілді көрінеді де тұрады. Уәлихан Қалижан – Уәкең білікті басшы ретінде де, адамгершілігі жоғары азамат ретінде де әрқайсымыздың көңілімізден жылы орын алды.Оның бастықсынып, қызметкерлеріне жоғарыдан қарағанын байқаған емеспіз. Кіммен болса да тең сөйлесіп, қолынан келсе көмегін аямайтын. Сондай үлкен көмегін көргендердің бірі – менмін. Ондай жақсылықты кей жағдайларда туғаның да жасай алмайтын еді. Уәкең басшы ретінде оқырмандардың газет бетінен қандай мақалаларды күтетінін сараптап, соған орай елге қажетті мәселелерді ауылдағы, қаладағы өмірден өрбіте отырып жазу керектігін жиі еске салып, әр журналиске жеке-жеке тапсырма жүктейтін. Нәтижесінде, біздің біріміз қаладағы жұмыссыз жастардың проблемасын мәселе етіп көтерсек, біріміз ауылдағы шаруа тірлігінің тынысын тарылтып тұрған нақты қандай мәселелер екендігін зерттеуге кірісетінбіз. Осылай ойдан ой туындап, басқа да келелі мәселелер тармақталып жататын.
Менің әр басшыға мінездеме бермек ойым жоқ. Әйтсе де, өмір маңдайға тұлғалы азаматтар басшылық еткен басылымда қызмет етуді жазған екен, өз ойымды кезінде жеткізе айта алмаған рахметімді айтқым келген.
Сауытбек Абдрахманов – Сәкеңнің Елбасы сапарлары туралы жазған сараптама-мақалаларын оқыған сайын, мен «Ресми мақалаларды да осылай құлпыртып беруге болады екен-ау» деп шеберлігіне, білімділігіне тамсанатынмын. Елбасы барған әр мемлекет туралы бай мәлімет, танымдық ақпарат, көтеріліп отырған мәселенің қатпарлы сырлары Қазақстан Президентінің алып мемлекеттер басшыларымен жүргізген келіссөздерінің шешімімен үйлестіріле берілген репортаждар мен сараптамаларды оқып шыққан сайын әрі көркем әрі деректі фильм көріп шыққандай әсерге бөленесің. Менің ойымша Елбасы сапарларын дәл осындай әсерлі жазып, оның мағынасын жан-жақты ашып бере алған елімізде екі-ақ журналист болды. Біріншісі – Сауытбек Абдрахманов, екіншісі – Лев Тараков. Бұл енді – менің пікірім.
Ержұман Смайылмен университетті бірге бітірдік. Сол студенттік жылдарда да оның еңбекқорлығында шек жоқ болатын. Соның арқасында Лениндік стипендиат болды. Семестр тақағанда ғана жанталасатын біздер Пушкин кітапханасына қай уақытта бармайық, Ержұманды көретінбіз. Таппай жүрген кітабымыздың қай қатарда, нешінші сөреде тұрғанына дейін айтып беріп, кейбір білмеген тақырыбымызды талдап тұрып түсіндіруден жалықпаушы еді. «Егеменде» оның сол еңбекқорлығы өз апогейінен асып кетті-ау. Өзгелерден де соны талап етті. Оның мінезі де, еңбекқорлығы да сирек кездесетін құбылыс еді. Сол үшін де оны журналистер қауымы «Ер-аға» деп сыйлады.
Жалпы, «Егемен Қазақстан» газеті журналист үшін үлкен мектеп. Классицизм дегеніміз – көркем шығармашылықтың стилі мен бағыты десек, идеясы – мемлекет мүддесі мен оның заңы үшін қызмет жасаудың маңызды екендігін нықтайтын ақыл-ойдың сезім мен эмоциядан жоғары тұруын қамтамасыз етуге құрылуы тиіс екен. Олай болса «Егемен Қазақстан» осындай классикалық басылым.
«Егеменде» он шақты жылдай жұмыс істедім. Сол жылдардың мен үшін ең бір жақсы кезең болғанын араға біраз уақыт салып түсіндім. Себебі ол өмірімдегі есею, оң мен солды ажырата білу, ұмытылып кеткен бала кездегі армандарымның орындалу жылдары болды. Армандарым демекші, алтыншы-жетінші сыныптарда оқып жүрген кезімде «мектепті бітіргеннен кейін журналист болып, әлемді араласам» деп қиялға бататынмын. Өзімнің Америкада, Египеттегі пирамидалардың арасында жүргенімді елестететінмін. Өмірде ғажайыптар болатынына, армандардың ерте ме, кеш пе орындалатынына көзімді «Егемен Қазақстан» жеткізді.
1999 жылы Американың Луизиана штатының Жаңа Орлеан қаласындағы қонақүйдің 12-қабатынан түнгі қаланың көркін тамашалап тұрып, ойыма бала кездегі арманым сап ете түсті. Америкада тұрғаныма сенбейтін секілдімін. Әлдеқашан ұмыт болған балалық қиялдың араға ұзақ жылдар салып, жүзеге асқанына қайран қалдым. Одан кейін де журналистік сапарлармен өзім армандаған талай шет мемлекетте болып, олардың мәдениетімен, тарихымен таныстым. Осының бәрі еліміздің егемендігінің, «Егемен Қазақстанның» арқасында екенін ішімнен сан қайталап, мерейім өсетін.
Менің бірге жұмыс істеген әріптестерім – Жұмагүл Солтиева, Мейрамбек Төлепберген, Гүлзейнеп Сәдірқызы, марқұм Әзиз Алдаберген, Айнаш Есали, Саясат Бейісбай, Қарашаш Тоқсанбай, Серік Жұмабек, т.б. журналистердің отыз жылдан бері жазған мақалаларын жинақтаса, тәуелсіз еліміздің тәй-тәй басқан алғашқы қадамдары мен қалыптасу кезеңдерінің тарихын құрастырып шығуға болады.
Экономика бөлімінің тілшісі болғандықтан мемлекетіміздің осы сала бойынша келелі-келелі мәселелеріне арналған үлкен форумдар мен жиындарға қатысып, жедел репортаждар, сараптамалар жазған жылдарымды бүгінде сағына аңсаймын. Инвестфорумдар, медиафорумдарға газеттің Алматыдағы бөлімшесінен Мейрамбек Төлепберген екеуміз қатысып, таңертең кеткеннен, редакцияға кешке бір-ақ оралып, компьютерге отыратынбыз. Жанталасып енді жазуға кіріскенімізге 15 минут өтпей жатып, алдымыздағы телефон шар еткен кезде, жүрек зырқ етуші еді. Әдеттегідей Ер-ағаң екенін, тұтқаны алмай-ақ түсініп қоясың. Ар жақтан «Нөмір күтіп тұр ғой, тездетпейсіңдер ме?» деген дауыс естіледі. Осы дауыстың арқасында ойымызды редакцияға жеткенше жинақтап, неден бастап, немен қорытындылайтынымызды айқындап, материалды жедел берудің шебері болып алдық десек артық болмас.
Қазір жүріп өткен жылдарымызға көз салсақ, газеттегі жұмысымыздың арқасында еліміздің тәуелсіздік алғалы бергі барлық кезеңінен оқырмандарға ақпарат беріп, сол кездегі жас мемлекетіміздің бүгінгі деңгейге жетуге дейінгі бастан өткерген небір қиыншылықтары мен жетістіктерінің куәсі болғанымызды, сөйтіп елімізбен бірге өзіміздің де өсіп, кемелденгенімізді байқар едік.
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА