Экологиялық күн тәртібіндегі шешуші ұйым болып саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы мүшелері 2015 жылы желтоқсанда Киото хаттамасының орнын басатын Париж келісімін қабылдады. Климаттық дипломатияның негіздерін ту еткен Қазақстан әлемнің өзге елдері сияқты климат бойынша Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылдың деңгейімен салыстырғанда 15%-ға шартсыз қысқарту, сондай-ақ 25% мөлшерінде халықаралық қолдау тапқан жағдайда шартты түрде қысқартуды мәлімдеген болатын.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқанын адамзаттың тіршілігі бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы негізінде нақтылы қадамдар жасалып келеді.
БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімінің және «жасыл» экономика қағидаттарының іске асуына Қазақстанның белсенді қолдау көрсетіп отырғаны ЖЭК жобалары мен жасыл инвестициялар нарығын дамытудағы оң өзгерістерден анық байқалып отыр.
Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2012 жылдан бастап елімізде электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде 2 есеге артса, 2017 жылы 1 пайызға жеткен. Бұл ретте қуаттылығы 50 МВт болатын Қазақстан аумағындағы алғашқы ірі күн электр стансасы саналатын «Бурное» КЭС жобасы сәтті іске асырылды деп айта аламыз. Жамбыл облысында орналасқан Орталық Азиядағы ірі күн электр стансасының монокристалды тақталары жылына шамамен 72 млн КВт/сағ өндіреді. Бұл іс жүзінде 35 мың жеке үй шаруашылығын қамтамасыз етеді деген сөз.
Ал Ерейментау қаласында іске қосылған ел тарихындағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі бүгінде ел игілігіне қызмет етіп тұр.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын жаңартылған энергия көзімен қамтамасыз ету міндеті жүктелген нысан Қазақстанның географиялық орналасуы мен орасан мол жел ресурстарын игеру тұрғысынан бірқатар артықшылықтарды көрсетіп берді.
Сол тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануға бағытталған жобаларды дамыту бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы іске асырылып жатқан кешенді шаралар жаңғыртылатын энергия көздерін пайдаланудағы әлеуетіміздің зор екенін айқындайды. Бұған өңірдегі 3 жел және 1 күн электр стансасының құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқаны дәлел.
2009 жылы елімізде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң қабылданды, ал кейінірек 2010 жылғы 19 наурыздағы Президенттің Жарлығымен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін нысандарды орналастыру жоспарын әзірлеу мен оларды дамытуды қамтамасыз ету тапсырылды. Қабылданған Заңда және заңға тәуелді актілерде мемлекет тарапынан қолдау тетіктерінің, сондай-ақ уақтылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесінде елімізде экономикалық, əлеуметтік жəне экологиялық үш компоненттің басын біріктіретін тұрақты дамудың моделі қалыптасты. Мысалы, мемлекет тіркелген тарифтер немесе аукциондық бағалар бойынша ЖЭК электр энергиясының барлық көлемін кепілді сатып алу, ЖЭК электр энергиясын тасымалдау үшін ақы төлеуден босату, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес инвестициялық преференциялар түрінде қолдау көрсетеді. Заңнамалық деңгейде электр энергиясы нарығына қол жеткізу бойынша белгіленген кепілдіктерді бастапқы кезеңде тіркелген тарифті енгізу есебінен жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар үшін бірқатар қолайлы жағдай жасалған. Бұл тарапта Қазақстандағы ЖЭК саласындағы барлық жобалар инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ үнемді жобаларды таңдауда ЖЭК саласындағы технологиялардың қарқынды дамуы мен бәсекеге қабілетті іріктеуді өткізу үшін аукциондық сауда-саттық тетігі қысқа уақытта тиісті мүмкіндіктерді көрсетіп берді. Мұндай механизм қазір әлемнің шамамен 70-ке жуық елінде іске асырылып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық модернизация идеялары әсіресе Германия, Франция, ҚХР, Нидерланд Корольдігі сынды елдерде белсенді түрде алға басып келеді. Мысалы, Қытай Халық Республикасы 2017 жылы 85 көмір электр стансаларының құрылысын тоқтату туралы жариялады. Яғни, ірі үш қала – Бейжіңде, Шанхайда және Гуанчжоуда жаңа көмір стансаларын салуға толық тыйым салынды. Сол сияқты ЕО-да жетекші рөл атқаруға ұмтылатын Нидерландыда 2030 жылға қарай көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары біртіндеп жабылады деп болжануда. Ал Германия «Энергетикалық бұрылысты» – көмірсутегі және атом энергетикасынан біртіндеп бас тартуға бағдарланған мақсатты бағытын іске асыруға кірісті. Аталған елдердің басым бөлігінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту белгілі бір мемлекеттік саяси, заңнамалық және тікелей қаржылық қолдаумен жүзеге асырылып келеді. Жыл өткен сайын климаттық дипломатияның ықпал ету саласы кеңейе түскенін ескерсек, Еуроодақ мемлекеттерінің кешенді іс-шаралары мен озық тәжірибесін зерттеп-зерделей отырып, басшылыққа алу арқылы аталған саладағы бірқатар нарықтық тетіктерді реттеуге болатынын көрсетті.
Орта мерзімді перспективада тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін баламалы энергия көздерін дамыту Қазақстанның ұлттық стратегиялық басымдығына айналды. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес 2020 жылға қарай электр энергиясының жалпы көлемінде ЖЭК үлесін 3%-ға жеткізу жоспарланған. Дегенмен, жаңартылатын энергетиканың негізгі мәселесі – маусымдық және климаттық тұрақсыздығы болып отыр. Осыған байланысты электр энергиясын жеткілікті көлемде жинақтау мүмкін еместігі Қазақстанда электр энергиясына тәуелді 70 пайыз өндірістік компаниялар үшін өте маңызды болып қала бермек. Ал тау-кен өндіру және өнеркәсіп секторларынан кейін елдегі электр энергиясының көлемі бойынша үшінші тұтынушысы болып табылатын тұрғын үй секторы үшін орны бөлек. Бұл ретте энергетикалық тапшылық басқа энергия көздерімен реттелуі немесе өтелуі тиіс деп санаймын.
Қазір климаттың беталысы үлкен қарқынмен өзгеріп жатқаны рас, сондықтан оның алдын алу мақсатында ғаламдық жылыну процесінде дәстүрлі энергетиканың үлесін азайтуға әлем болып шындап кірісті. Ауа райының күрт өзгеруінен қатты жауын-шашын (қалың қар және нөсер жаңбыр), қалыпсыз құрғақшылық, мұздықтардың азаюы, су тасқыны, топан су, көшкін, сел, дауыл, шаң мен тұз дауылдары сияқты төтенше ауа райы жағдайлары мен табиғи апаттардың саны көбеюде. Сондықтан әлемдік ауқымдағы экологиялық мәселелер бойынша ұжымдық шешімдер қолайлы қоршаған орта, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және адам өмірі мен денсаулығы, экономика, бизнес үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі параметрлерін үнемі іздеуде. Сарапшылардың айтуынша, климаттық жағдайлардың өзгеруінен әуелі экономика салалары, оның ішінде ауыл шаруашылығы үлкен шығындарға ұшырауы ықтимал. Егістік алқаптары мен шабындықтар азайып, дәнді дақылдардың өнімділігі төмендеуі елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне де қауіп төндіретінін жекелеген жағдайлар көрсетіп отыр.
Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайынғы орташа температура әр он жыл сайын 0,34 градусқа артып барады. Бұл ретте Қазақстан өз экономикасын мұнай мен газға толығымен артып қоймай, əртараптандыруға бет алып, тұрақты дамуға қолайлы жағдай жасауға барынша күш салып келеді. Сондықтан да жаңартылатын ресурстар мен энергия көздерін пайдалану саласындағы бәсекеге қабілетті ғылыми және инновациялық технологияларды құру бойынша зерттеулер жүргізу осы саладағы басым міндеттерге айналып отыр.
Дүйсенғазы МУСИН,
Парламент Сенатының депутаты